06 Мамыр, Дүйсенбі

Жаңалықтар

Еліміздің мектептерінде Дене шынықтыру пәнінен республикалық пәндік олимпиада өтеді


ҚР Оқу-ағарту министрілігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы «Дене шынықтыру» пәні бойынша мектеп оқушыларының республикалық олимпиадасы өтетіні туралы хабарлайды.

Пәндік олимпиада үш кезеңде өтеді:

Бірінші кезең – аудандық, 2023 жылдың қыркүйек айында аудандық білім бөлімдері өткізеді.

Екінші кезең – облыстық (қалалық). Облыстық кезеңді 2023 жылдың
5 қазанына дейін Астана, Алматы және Шымкент қалаларының облыстық білім басқармалары өткізеді.

Үшінші кезең – республикалық, 2023 жылдың 23-27 қазанында Алматы қаласында өтеді. Дәстүр бойынша еліміздің мектеп оқушылары арасында дене шынықтыру пәні бойынша олимпиада үшінші рет өткізілмек.

«Мұндай іс -шараны республикалық деңгейде өткізу білім алушыларды спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырады, сондай-ақ оқушылардың дене тәрбиесін қалыптастыруға үлкен әсер етеді», -деді ҰҒПДТО директоры Сағдат Садықов.

Олимпиадаға жалпы білім беретін мектептердің, гимназиялар мен лицейлердің 5-6, 7-8 сынып оқушылары, «Дене шынықтыру» пәні бойынша олимпиаданың екінші кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысады.