16 Шілде, Сейсенбі

Жаңалықтар

Абай облысының мұғалімдері зағип жандарға арналған «Электрондық жетекші» таяқшасын ойлап тапты


Абай облысындағы Аягөз ауданының мұғалімдері Алтынай Ыбраева, Арайлым Ысқақова, Айжан Қуандықова мен Данияр Надырбаев көру қабілеті бұзылған адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған пайдалы өнім ойлап тапты.

Құрылғы «Электрондық жетекші» деп аталады. Ол күнделікті өмірде қауіпсіз қозғалыс пен сенімділікті қамтамасыз етеді және әртүрлі жарақат алудан сақтайды. Бұл - көру қабілеті бұзылған адамдардың күнделікті жүріп-тұруына көмектесетін инновациялық құрылғы.

«Бірінші кезекте біз оны Arduino мен ультра жұқа сенсордың арасында байланыс болатындай етіп сымдармен қостық. Ол жолдағы кедергілерді көруге мүмкіндік береді. Біз қоңыраулы датчикті қосып, ол дыбыс шығарады. Қуат алу үшін батарея қажет болды. Біз Arduino пайдалана отырыр, C++ тілінде бағдарлама жаздық. Компьютерді USB кабелінің көмегімен жасалған машинаға қосып, жазылған бағдарламаны электронды жетекшіге жүктедік», - дейді жоба авторлары.

Таяқшадағы датчик пайдаланушының жолындағы кедергілерді алдын ала анықтап, оларға соқтығысуына жол бермейді. Заманауи таяқшаның басқа да мүмкіндіктері бар, мысалы, кірістірілген арнайы қоңыраулы датчик арқылы дыбыстық нұсқаулар беріледі, сондай-ақ пайдаланушыға қажетті орынды табуға көмектесетін мобильді қосымшалары бар. Сонымен қатар, қоршаған ортадағы әртүрлі нысандарды және басқа да маңызды тетіктерді анықтауға көмектесетін компьютерлік көру технологиясы да қарастырылған.