03 Мамыр, Жұма

Жаңалықтар

Түркістанда ұлттық құрылтай аясында өткен кездесуде білім беру жүйесін дамыту мәселелері талқыланды


Еліміздің рухани астанасында өтетін Ұлттық құрылтай аясында «Білім және ғылым» жұмыс секциясының отырысы өтті. Оған ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты.

Кездесуде мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру, оның ішінде ауыл мектептерін дамыту, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, білім беру сапасын арттыру және басқа да мәселелер қаралды.

«Министрлік білім беру сапасын арттыру бойынша бірқатар шаралар қабылдауда. Маңызды міндеттердің бірі — білім беру ұйымдарын жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету және білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсарту. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мықты кадрларды іріктеу және даярлау жөніндегі бағдарлама әзірленуде. Жоғары білікті педагогтер базасын және мектеп директорларының кадрлық резервін құру жоспарлануда. Биыл 1-ші қыркүйектен бастап мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту ұйымдарындағы педагогтердің жалақысы 30%-ға көтеріледі. Колледж студенттерінің стипендиясы 50%-ға арттырылды, келесі жылы бұл көрсеткіш 100%-ға жеткізіледі.  Ауыл мектептерін дамыту, заманауи жабдықтармен жарақтандыру және ауыл педагогтерінің құзыретін арттыру жөніндегі бағдарлама әзірленуде. Жаңа оқу жылында ауыл оқушыларына арналған республикалық олимпиада іске қосылады», — деді Ғани Бейсембаев.

Жұмыс секциясы барысында қатысушылар өз ұсыныстарын білдіріп, пікір алмасты. Айта кетейік, Ұлттық құрылтай отырысы 17 маусымда Түркістан қаласында өтеді.