23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

«Айрик»






Сіздер қалай десеңіздер олай деңіздер, менің бүкіл өміріме із қалдырған бір ғана кино бар. Киноны әркім әртүрлі қабылдайды. «Ой маған пәлен деген кино былай әсер етті, оны көргенде жүрегім шаншып, көзімнен сорам ақты» дейтіндердің бәріне де кино менің жаныма батқандай жоқ шығар дер едім. Талай бәйге, талай жүлде алған кинолардың аты миымнан магнитофон лентасынан өшірілген әтеш дауысты әншінің үніндей сып-сипалама кетіп жатады. Қараңғы түнде аспанды тіліп өтіп, қайта жоқ болған найзағайдай мен үшін ол кинолар қасқағым бірдеме сияқты. Осы заманда не көп, кино көп, қайсысы құрғыр есте қалып, қайсысы ұмытылды деріңіз бар ма?

Бірақ киноның, онда ойнайтын актерлердің аты-жөні, тіпті қаһармандар ролін ойнаған артистің туған жылын, көзінің үлкенін-кішісін, ернінің жұқалығы мен қалыңдығын, оның сүюге ебедейлі-ебедейсіздігін хатқа жазғандай тізіп жүретін қыздар қаншама?! Тіпті сонау бір жылы, мамыр мен маусымда жүрген киноны санап, атын атап, жіліктен бөліп тастайтындарды қайтерсің. О тоба, ондайларды көргенде япырмай басының қуыс-қуысы көп екен-ау дейтінмін де қоятынмын.

— Ол киноны көре алмап едім,— дегенімде оны маған үлкен бір қылмыс етіп тақпаса да, осының мәдениеті қай шамада екен деп адырая, алая қарағандарды талай көргенмін. Бірақ сорлы басым киноның, актердің атын білмеуді өзіме мін деп бір санасамшы. Ақыры соның кесірі жүзін басқанда тайқы маңдайға келіп сарт ете түскен кетпеннің басындай қауындай басымды қақ айыра жаздағанда бір-ақ білгендей болдым.

Осы жақында кино жұлдыздарына көп жүлде белгілеп, соның бірін тапсыру бақыты (бірақ мен үшін сор болды) маған тимесі бар ма? Қомпиып, желке шашымды дүрдитіп, әлі көзім үйрене қоймаған әдемі мүйіз көзілдірігімді салып, барымды киіп, бақанымды қолыма ұстап дегендей жүлде тапсырушылар арасынан орын алдым.

Көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен болған жезтаңдайлар тақылдап, аузы-аузына жұқпай кетіп жатыр. Қырып кетпей немене деп кеуіп басылып мен де отырмын. Па шіркін, сөз кезегі бір келсінші, алып келіп бір жөнелейін, бір сом беріп жырлатып, мың сом беріп қойғыза алмайтынның керін келтірейін!

Мекемемізде жүлдені кімге беру керектігі ұзақ сөз болды. Бізде де актерлердің жасын, жынысын, аяқ-қолын, бет-аузын айдан анық білетіндер баршылық екен. Кім білген, оқыған адамға дауа бар ма, «ол сиыр жылы «сыптығыр» деген кино жасаған деп» жеті-ата, жеті-пұстысына дейін тегіс әңгімелеп тастайтындар сөйлеп кеткенде аузымды ашып, көзімді жұмдым. Сөйтіп айызымыз қанғанша айтысып, жүз жыртысып, бет пердемізді үзісіп, пыш-пышсыз ашық кетістік. Ағымыздан айрандай ақтарылып дұрысына шештік. Біздің таңдауымыз Армения актері Мкртчяннің талайына түсті. «Ау, не береміз?» десті отырғандар.

— Ат мінгізейік!—деді киножанды жігіт Базкен. Қазақ жоралғысына бастап отырса керек.

— Апыр-ау, оны тау асып, теңіз басып жеткізуі қиын болар, біздің малды ел екенімізді, малды одан аямай- тыпымызды өзі де біледі ғой. Жаңаша келейік.

— Қобыз сыйлайық,— деген біреуіне басқалары жабыла кетті.

— Қойшы, қобызыңды зарлатпай!

— Ендеше,— деп көп ойланудан кейін Зекен,— күміс бақыраш тартайық. Жері де, қаны да ыстық адамдар, біздің бақырашқа су құйып шөлмектегі шарабын салып суытып, сусындарын қандырып отырсын!

Бәрі де дуылдап, дұрыс-дұрыс деп кеу-кеулеп кетісті. Сонымен «қойшыны құдай атарда шопан атаға таяғы тиедінің» кері келіп, бұл күміс бақырашты күміс көмей актерға тапсыру құрметі маған берілді.

— Е, несі бар, құдай берген сөзді аяйын ба, төгіп-төгіп жіберіп қайтпаймын ба? Береріміз бақыраш болса да, Батыраш өлтірген Ақанның Құлагеріндей құндап-бұлдап берейін,— дегенмін...

Енді міне, кезек маған да келді. Нақ осы жерде ойым-ойға, санам-санға бөлініп жүріп бермесі бар ма? Бағанадан бері артта отырып білмеппін, микрофонный алдына шыға келген маған үш мың адамның алты мың көзі өңменімнен қадалмасы бар ма? Осынша көз күнде қадалғанда актер байқұстардың жаны қалай шыдайды екен. Тіпті бағанадан бері алдыңғыларға қарамай ала-бөтен маған тесіліп барады бәрі. Қандай әдемі түрлі-түрлі көздер десеңізші, наркес көздер, тұнжыр қара көздер, шегір көз, көк көз, көген көздер... Тіпті анау бір оныншы қатарда отырған қыздың көзі мойылдай екен. Мына бір шалбар киген әйелдің ағайға арта салған жалаңаш қолын қара, саусағының ұшынан қаны тамып тұрғандай...

— Я,— дедім мен даусымды кенеп қойып,— сонымен біз Мкртчянға көркем суретті...

Қап, пәлі! Киноның аты көмейіме кептеліп қалды, тіліме түссеші қане? Апыр-ау, әлігі ойнаған киноның аты қандай еді? Қазақтың бір сөзіне ұқсас еді ғой. Басыңыздан осындай бір секундтарды кешіргендеріңіз бар ма? Бір оншақты секундта бүкіл қазақ сөзінің бәрін теріп шықтым. Атау, ілік, барыс, табыс... Бәр-бәрін. Алты мың көз қадалып барады. Киноның аты қалай еді? Айтып жіберетіндерің бар ма, ағайын деп жалынышпен қарадым. Қайдан болсын, бәрінің аңдығаны мен. Қазақ сөзіне ұқсас еді, ә? «Қисық!» Жоқ. «Қиғаш!» Жоқ ол да емес. «Бәлек!» Тіпті де олай емес. Япыр-ай, актерлер неге суфлерді жақтайды дейді десем осы көзден қорқады екен ғой. Енді қайттім? Ал ер болсаң армян сөзін тауып ал! Біздің «тыныштық» деген киномыздың атын қанша армян біледі екен, ә?—деп те ойлап кеттім арасында.— «Екі аша ма еді, әлде?». Не керек, Чеховтың «Жылқы аттас» деген әңгімесінің кейіпкерінше сөз санап тұрмын.

Жалма-жан қалтама қолымды салып, бір бет қағазымды алып шықтым. Бетіне қарап жібергенімде бәрі сайрап жүріп берді. Таба алмай тұрған қазақ сөзім «Айрик» екені Қап, пәлі, «Айрик» киносы деп жібердім. Не керек, кештеу болды. О л кезде талай адам-ақ менің ішімді кептіріп жатыр еді. Егер бес жол жазуды зуылдатып оқып шықсам ғой. Онда кім не білуші еді. Шіркін сырбаз жігіт Балбақ болып шыға беретін едім. «Білеміннің» білгізбей соққанын көрдіңіз бе?!

Жоқ жоқ атай көрмеңіз! Осының өзі жақсы да болды. Өйткені бір киноның аты есімде қалды. Ол менің миыма да, маңдайыма да жазылып қалды. Оны енді ұмыта алар ма екенмін. Кино аттарын жаттап жүрермін деген қорытындыға келдім. Бірақ оның бәрі маған «Айриктей» әсер етеді дейсіз бе? «Айрик», «Айрик», «Айрик!».

1973