23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

Өткен күннің белгісі жоқ






Теміртектің де өз дегені, өз жоспары бар. Біреуге ақыл бермесе, ешкімнен ақыл сұрамайды. Тіпті барын киіп, бақанын қолына алып шыққанда одан сылқым жігіт жоқ. Сақал-мұртын қыруды, самай шашын қиғаштап қиғызуды, әсіресе уақытысымен тамақ ішуді ол ешқашан ұмытқан емес. Онжылдық бітірісімен университеттің тарих факультетіне арыз беріп, әкім болсам деді. Бірақ амал нешік, көңіл көктемінің шырқы бұзылып, емтихан тапсырғанда ақпанның бораны соққандай жағдай өзгеріп сала берді. Теміртек «Молшылық» колхозына қайта оралды.

Июль, августы қойшы, ол екі ай, әйтеуір, он жылдық бітірді, одан жоғары оқу орнына түсемін деп арыз берді, конкурстан өте алмай қалды,— осындай себеп-сылтаумен өтіп кетті ғой. Бірақ август аяқталып, сентябрь орталанғанда да Теміртек бос жүре берді, жүре берді.

...Күндегі әдетінше күндізгі сағат он екіні соқтырып түрегелген Теміртектің әлі де ұйқысы қанбай қалыпты. Ол қой қатығын ішкен адамдай, манаурап көшеге шықты. Көшеде көзіне ешкімді іліктіре алмай тұрғанда, қорасының ішінде шаруасын жайғастырып жүрген көршісі Атабай қарт көрінді. Еріккен Теміртек ерінсе де соның жанына келді:

— Малға деген шөбіңіз ғой, оның өзін дұрыстап көктемгі жаңбыр өтпестей етіп жинай алмапсыз, шөпті аз алыпсыз еңбекті аз істегенсіз ғой,— деп Теміртек өзінің білгірлігін бір байқатып тастамақ болды. Қарт бұл сөзге ақысын жібере қойған жоқ, реті келген соң шымшып қалды:

— Жастың да.жапырып жатқаны белгілі ғой, жиырмаға келсек те жаспыз деп жүре беретіндеріміз де бар ғой. Өзің неге боссың?

— Жаздай жар құлағым жастыққа тимей емтихан тапсырдым, енді дем алып жүрмін,—деді Теміртек.

— Жең екен,— деді Атабай.

Арада сентябрь өтіп, октябрь айының боз қырауы түсе бастағанда да Теміртектің демалысы созыла берді. Ерте жатып, кеш тұрған кісіге күн дегеніңіздің ұзақтығы білінбей, тез-ақ зымырап өте береді екен. Ыңырана ұйықтап, манаурай тұратын Теміртектің ұйқысы осы кездерде тәуліктің жиырма сағатын соғып` жүрді. Әрине, ұйқы жағынан жарыс өткізілген болса, оның бірінші орынын да, чемпиондығын да Теміртек жеңіп алып, жүлдені жанға билетпеген болар еді.

Осы бір боз қыраулы күні де Теміртек түстен кейін тұрып еді. Көшеге шықса еш адам көзіне түсе қоймайды. «Осы біздің, ауылдың адамы-ақ ауылда тұрмайды екен, бәрі де кыдырып кете береді» деп ойлады ол: Айналып соғып, тапқаны Атабай қарт болды. Ол жанына келген Теміртекке бір бүйірден сұрақты қойып қалды:

— Теміртек, жұмыс істеп жүрмісің?

Бұл сұрақ Теміртекті ойландырып тастады.

Міне қызық Оқу деген оңай ма екен! Он жыл оқығанда он ай дем алмай. Осылар қалай оқуды бағаламайды. Әй, осы надандық-ай, оның инемен құдық қазғандай екенін бір ойлау керек емес пе! Атабай инемен құдық қазып көрсінші, қанша жыл қазар екен. Ал мен он жылда... Анау айларда дем алғаны — емтихан тапсырған күндері үшін, ал мынау болса он жыл оқығаны үшін. Бұларды шатастырып алмау керек қой, оның әр демалысының орны бар.

Осындай ой орманына сүрініп кеткен Теміртек қартқа маңызданып жауап берді:

— Дем алып жүрмін, он жыл оқыдым...

— Жамал мен Жанбай да он жыл оқыған,— деді қарт басқа сөз қоспай.

Тағы бір күні Атабай қарт Теміртекке жолыға кетті. Бұл ноябрь айының алғашқы аптасы еді. Бұл кезде Теміртек август, сентябрь, октябрь айларында дем алғаны үшін демалып жүрген болатын. -

— Я, Теміртек, жұмыс қалай?—деп сұрады, Атабай одан.

— Қалайым сұрайсыз, оқу деген оңай емес, он жыл оқып тракторист болмақпын ба?! Мен он жыл оқып, қойшылықты қалайтын Жанбай емеспін.

Ол Жанбай екеуінің арасында жер мен көктей айырма бар екенін айтты. Ол — Жанбай, ал бұл болса — Теміртек. Тіпті басқасын қойғанда жоғары оқу орнына арыз бергенде де бұл басқа факультетке бермей тарих факультетіне арыз берді ғой, мұнын өзі Теміртектің Жанбайдан жар бойы биік екенін көрсетпей ме?!

Осы мақтанның бәрін тыңдап тұрған Атабай қарт оған бір ауыз сөз айтты:

— Я, я, көрініп тұр, Жанбай екеуіңнің аранда жер мен көктей айырма бар!..

Оның мысқылын басқаша жорыған Теміртек Атекеңе сөз бермей тағы сөйлеп кетті:

— Білем, білем, клубта тұрған қабырға газетін, ондағы Жанбайдың мақаласын оқығансыз ғой, олар менің жақсы ұйқтап, жай тұрғанымды көре алмайды. Олар бар ғой, менің осы жақсы дем алып жүрген орныма таласып жүр.

Қарт осы жерге келгенде күліп жіберді:

— Мүмкін, олар жиырмаға келгенше сенің шешеңнің мойнынан түспей жатқаныңды көре алмайтын шығар... Аз жүрген жоқсың, өткен күннің белгісі жоқ...

Атекең кете барды. Қарт сөзі қатты батқан Теміртек кешке қарай колхоз клубына келді. Теміртек келгенде жастар бір мәселе жөнінен қызу таласып жатыр еді. Онысын бітіріп, олар енді жаңа жылды қайда, кіммен қарсы алуды әңгімелесті. Ақыры не керек, осы жерде тұрғандардан Теміртектен басқа қалғаны жоқ бәрі де бір дастарханда, бір үйде болуға келісті. Ал Теміртек сопайып жалғыз қалды. Өзінің жалғыз қалғандығына қорынған, әрі басқалардың бірлігін байқаған Теміртектің ішін бір нәрсе жегідей жеп, алап-жалап жібергендей болды, іші күйіп, әлде неден сусап кетті. Ол шыдай алмай жастардың жанына барып:

— Жаңа жылды мен де сендермен қарсы алайын,— деді ол. Жастар оған мейірімділікпен қарасты.

— Бірақ сен бізбен бірге бола алмайсың,— деді оған Жанбай, басқаларға қулана қарап алып.— Біз жаңа жылды мал отарында қарсы аламыз.

— Қой бағу менің де қолымнан келеді, мен де сендей он жыл оқығам,— деді Теміртек.

...Міне жаңа жыл сағаты соғуға санаулы уақыт қалды. Бұл кезде жастар дастархан басына отырып та қалған. Осы күні жұмыстан кешірек келген Теміртек:

— Сендермен бірге болуға рұқсат на?— деді.Рұқсат бермес бұрын жолдастары оны бір қажап алды:

— Сен он жыл оқығансың ғой...

— Мен бос жүрген уақытымды ұмытып та кеттім, өткен күннің белгісі жоқ,— деді де Теміртек күліп, дастархан шетіне отыра кетті.

— Жамалда өткен күннің белгісі бар,— деді Жанбай,— ол он жыл оқығанын өндірісте көрсетті, сүтті көп сауғаны үшін сыйлыққа радиоқабылдағыш алды.

1956