23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

Қайтесіз, мәдениет дағы...






Сіз мәдениетті қалай түсінсеңіз, олай түсініңіз. Мен білетін кейбіреулердің түсінігі сіздердің түсінігіңізден мүлдем өзгеше. Мәдениеттің де мәдениеті болады екен. «Әкесін сабағанды көріп едік, бірақ арбаға байлап қойып сабағанды көрген жоқ едік» деген екен біреу. Сол айтқандай сіз білмейтін мәдениеттің талай түрі бар. Мысалы менің көршім Қоңқай қалтасында дипломы, иегінің астында шоқпардай қылып байлаған галстугы, қатқан костюмі, қатырма жағасы бар адам. Баз бірде танауы астына қырбық мұрт қоятыны да болады. Шалбарының қыры да қатып тұрады. Артық жоткерінбейді, жұрт ішінде кекіреймейді, түкіргіштен басқа жерге түкірмейді. Бір жаман жері оның үйінен шешесі кетіп қалды. Өйткені жас басып кәрі қылып, ақ жүзін сары қылып жетімнен жеткізген ұлына қарайлап жүріп, көп жәбірге шыдап-ақ бакты. Қоңқайдың келіншегі Көлкеш оған күн көрсетпеді. Отырса опақ, тұрса сопақ болды. «Мен сізді жек көремін» деп ашып айтты. «Өзімнің мамам бар, сізді мама демеймін» дегенді де талай естіртті. Ішкі сырын бүкпей сыртына ашық шығарып айтқаны да дұрыс шығар, әкесі өлгенді де естіртеді, содан киын дейсіз бе. Бірақ кемпір байқұс келін жек көретіндей ештеме істеген жоқ еді, бар жазығы отымен кіріп, күлімен шықты, балаларын үйректің балапанындай бақты. Бір оңашасын тауып шеккен жапасын үмітпен баласына жеткізіп еді, баласының жауабы қысқа болды.

— Мен оған сені жақсы көр деп айта алмаймын. Ол оның өзінің жұмысы.

Әйеліне ескертпе жасау деген немене ол? Жабайылық емес пе? Қайтесіз бұл да мәдениет.

Қоңқай қонаққа баруды жақсы көреді. Ондай кезде ол көл-көсір мол адам. Ұрттап ішіп, шайқап төгуді ұнатады. Ауылға барғанда төрт қабаттап көрпе салғызып, қос жастық қойып шынтақтап, көсіліп тастап жатып, қызыл ірімшік, ақ сары ежігей, сағырданған сары құртты сары майға батырып жеп, түйіле-қабына ет асағанды тәуір көреді. Артық ішпесе де, аз ішпейді. Үйге келген қонаққа «тамақ ішпеді» деп ренжіп жүретін көп қазақтың біреуі оған әлі «арағым ішілмей қалды, тамағым желінбей қалды» деп өкпе білдіріп көрген жоқ. Бір жақсы жері Қоңқайдың келіншегі Көлкеш те табиғатында бір енеден туғандай, басқасы болмаса да қонаққа бару, жұрттың тамағын жеу жөнінен тура Қоңқайдың өзіне тартқан. Не керек, ол жағына келгенде ол қарынның жанындағы местей. Оларға таныстарының, туыстарының есігі ашық. Бірақ біреу-міреу келіп қоймау үшін олар жарым түнге дейін үйінде жоқ. Есіктері тарс жабық. Қайтесіз, қонаққа бару оларша мәдениеттілік болғанмен қонақ қабылдау мәдениетсіздік.

Сол ерлі-зайыптылар үйіне бір күні ауылдан ағасы Аңғалбай келген. Бас-аяғы сағыммен астасатын қаланың ұзын көшелерін жаяу аралаған Аңғалбай шөлдеп-ақ жетіп еді. Бірақ ауылдың барлық жай-жапсарын кең әңгімелесіп сұраған Қоңқаймен Көлкеш үйінен оған тамақ татырмады. «Ауылдағыдай ағыл-тегіл ағып жатқан» дүние бар ма, есігінің алдында мөңіреп тұрған бұзаулы сиыр, маңырап тұрған қозылы қой бар ма, «Жалақыға қарап отырған жандар» екенін ағасы білмейді дейсің бе, шай беріп қайтсін. Тілі аузына сыймай бара жатқан соң Аңғалбай су тұратын жерді сұрап, екі шөңке қара су ішіп тынды. Бір тәуір жері Қоңқай ағасының су ішкеніне қатты көңіл бөлді.

Су суық па екен? Мөлдір, салқын су сусыныңды қандырды емес пе?!— деді. Ағасы басын изеді де, шығып кетті. Бірақ ағасы бұларға шешек шыққан екен деп ұқты. Өйткені ауылда тек шешекпен ауырып жатқан адамы бар үй ғана тамақ бермейді ғой.

Кім біледі, Қоңқайлардыкі де дұрыс шығар. Бір жақтан артық келіп жатқан бірдеме бар дейсіз бе, тиындап келетін ақшаны, сомдап шашар болар ма? Ә, етті айтасыз ба, ет туралы жалпы сөз қозғауға болмас. Космос заманында екі сағатсыз піспейтін етті қайнатып отыруға адамның тағаты жете ме? Ал босқа шай беріп біреуді баптап отыру деген ескінің сарқыншағы болып кетер. Қайтесіз, шай беру деген де осы жағына келгенде мәдениетке жатпаса керек?

Көлкеш сәнмен киінеді. Ол сән ауылға қонаққа барғанда айқындала түседі. Ойынтасы анарынан келіп, етегі бөксесін соғып тұрған көйлек әсіресе жерге отырғанда екі тізесін сорайтып, жарқыратып жібереді. Қайын-қайнаға, абысын-ажын мырс-мырс күледі. Тек мұндай көйлек кигенді құдай түрегелтсе де еңкейте көрмесін... Бірақ одан қысылып жатқан Көлкеш жоқ артына тартса алдына, алдына тартса артына жетпейтін көйлекті созғылап-созғылап қойып отыра береді. Қатты созғылауға тағы болмайды. Онда мыжылып қырыс-тырыс болады. Айдалған жердей қырыс-тырыс, сөлбірейген ұзын көйлек кию мәдениетсіздікке саяды. Сәннен қалған соң ұят емес пе?! Тақымнан шыққан көйлекті мода қылған Көлкеш емес. Ал модадан артта қалуға болмайды. Қайтесіз...

Қоңқайдың үлкен қызы Анжелика биыл он жетіге келді. Сейсенбі күні он сегізге толса, сәрсенбі күні күйеуге кетуге дайын отыр. Бір күні Қоңқай жұмыстан келгенде қызы үйге жігіт ертіп келді де әкесіне:

— Папа, мынау менің еркегім!—демесі бар ма? Ондағы айтпағы «мынау болашақ күйеу балаңыз» демек екен. Әдемілеп тұруға уақыт бар ма?! Космос заманы! Төтесінен кеткен ғой. Мәдениеттілерміз дейтін көрінеді олар да, қайтерсіз!

Қоңқайдың қызынын тойы жақындағанда үйге Робинзон сияқты жабайыға айналған біреу кіріп келді. Шашы арқасын жауып, сақалы белбуарына түсіп тұрған адамға Қоңқай үңіле де, түңіле де қарасын. Қаба сақалдың тілі оралымсыздау ма, әлде өзінің ыдысында бары сол ма, болашақ атасына төтесінен қоя берді:

— Анжеликаны мен қатын!..— Miнe керек болса! Біле келсек, амал нешік, бұл да Анжеликаның тағы бір еркегі болып шықты. Тойы болғанша тұқыл иекті тастай беріп, колға мол ілігетін қаба сақалдан қарындасың қатты ұстаған екен. Сақалы жұлынбаған әйтеуір! Қайтерсіз, бәрі сыя беретін мәдениет бар емес пе?!

Кейде жұлар ма еді, осыларды деп ойлайсыз. Бірақ ол мәдениеттілікке жата ма, әлде мүлт кетіп жүреміз бе? Ойламауға бола ма? Қайтесіз, мәдениет дағы!..

1970