23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

Арыздар осылай оқылды






Көріп қойғандай қап-қара қасты, қалың қабағы түксиген, көзі сәл шадырлау біткен, бүйрек бетті, қара кісі резина кәсіпшілік артелінің клубына кіргенде отырғандар оған ығысыңқырап жол берді де, ол жиналыс басқарушылар столына жеткенше ала көзімен шығарып салды.

— Әне, председатель келді,— деді жұмысшы Әлім, істес жолдасы Николайды түртіп қалып,— бұл жолы не ойлап келді екен.

— Әрине, бүгін ол,— деді Әлімге күлімсірей қарап Николай,— «өзіңнің қалауың бойынша қызметтен шығарамын» деп айқайлай қоймас. Нақ осы жолы басқа бір амалын сайлап келген болар.

Аяғын кердең басқан дөң жауырын, қырыс мойын жаңағы кісі стол басына барысымен қоңырауды алып мен келдім, көрдіңдер ме дегендей сылдыр еткізіп қойды. Сонан соң жан-жағын тегіс бір шолып алды да, резина кәсіпшілік артелінің коллективінің жиналысын ашық деп жариялады. Күн тәртібінде қаралатын бір мәселе болды. Еңбек тәртібі. Мұны естігенде зал іші тегіс қозғалысын, отырғандар күбірлесіп сөйлеп кетті. Халықтың жуан ортасында отырған, күнге күйіп тотыққан, мығым денелі жас жігіт қолын созып, жиналыс басқарушыдан рұқсат алды да, орнынан атып тұрды. Ол сөзді бастай берді де, тамағын бір кенеп қойып сөйлеп кетті.

— Осындай кең талқылауды керек ететін мәселе жұмыс уақытындағы жарты сағат үзілісте қалай аяқталмақ. Қашан да болса осындай кең мәселені тар уақытқа әкеліп саламыз да жұрттың пікірін тыңдай алмаймыз. Өндірістік кеңес те, коллективтің жиналысы да жұмыс уақытында өткізіледі? Бұл қалай?

Осы кезде стол басында отырған артель председателімін түсі өзгеріп сала берді де, жуан қарнын орнынан зорға көтеріп, столдың ернеуінен ұстап әрең тұрып:

— Қашан да болса, Әлім, сен елге іріткі саласын, біздің кемшілігімізді неге сен көргішсің. Жоқ сенің екі-үш норма орындайтын екпінді жұмысшы екеніңді айтқанымызға жазықтымыз ба?—деп қызараңдады председатель.

Шынында председатель бұл жерде Әлімнің екі-үш норма орындайтынын айтқысы келген жоқ еді, оны отырғандар председатель Айқайбаевтан гөрі жақсы білетін. Оның айтқысы келгені «сені екпінді етіп жүрген өзіміз, мына біз, бітіріп жүрген ештемең жоқ» дегісі келіп еді, өзі болдырып келе жатқан аттың алдынан әp кез келіп, тоқтап қалғандай мұғалақ тілі құрғыр шындықты айтты да, аржағын жеткізе алмай титықтап тұрды да қалды. Айқайбаевтың сөзі Әлімді үркіте алмады, ол айтатынын тегіс іркілмей айтып шықты.

— Кемшілікті бүгіп қала алмаймын, оны көрген жерде айтпау коммунистік арыма сыймайды. Жұмыс уақытында жиналыс жасау дұрыс емес,—деп Әлім сөзін аяқтап кідіріңкіреп орнына отырды. Тұс-тұстан «дұрыс, дұрыс» деген дауыстар естілді. «Жиналыс кешке қалсын деген ұсыныстар естіліп, ол сөзсіз орындалды. Aйқайбаевтың қабағы қарс жабылып кетті.

Сонымен жалғыз өзі бір жақ болған қыңыр кісіні қырық кісі жеңді. Терісіне сыймай ашуланып, тырс-тырс етіп Айқайбаев қалды. «Мұның өзі бастықтың арын төгу», әдейі істеліп отырған нәрсе, менің кемшілігімді неге Әлім ғана көреді, кемшілікті көргіш болудың өзі де күмәнді нәрсе, мен қазір партия ұйымына арыз беремін, кезексіз жиналыс шақырып Әлімнің тәртіпсіздік ісін қараңыз» деп күйінді Айқайбаев.

— Сабыр етіңіз, Айқайбаев жолдас, несіне сонша таусыла сөйлейсіз,—дейді партия ұйымының секретарь! Петров.

Жиналыстың кейінге қалуының Айқайбаевтың шиқанының аузын жұлып отырған жайы бар, оның да өзінше жеке басына байланысты ойы болатын. Қазір қалт еткенде жиналысты өткізіп жіберіп, кешке колхоздағы туғанының үйіне кыдырып кетпек еді. Оның үстіне сәт-сәттің арасымен коллективтің жиналысын жасамады деген сөзден де құтылып қалмақ еді және тығыз-таяңда жасалған жиналыста ешкім сын да айта қоймайды. Мінеки «үйдегі ойды базардағы нарық бұзар» деп ой салған жерден шықпады. Я, бастық дейміз, осы бастығымыздың басы жұмысты қалай істейді, деп жұмысшылардың айтатын сөзі жанға қалай батады десеңізші. Бастық болған соң айтқаныңның болмай қалғаны да жақсы емес қой. Бәрінен де бұл жиналыстың болмай қалғандығының Айқайбаевқа өтіп бара жатқан бір жағы бар. Танертең үйден шығарда қосағы қатты тапсырып еді. Қайтсең де қайтып кел, колхоздағы Қапандардікіне қыдырамыз деген болатын ол. Жиналыс кешке қалады деп Айқайбаев ойлап па! Коллектив қолымда ғой, деп уәдені бере салған Айқайбаевты ығыстырып, жанын шымшылап тұрған осы әйелі берген тығыз тапсырма. Әйтпесе Әлім-Сәліміңді тыңдасын ба, олар Айқайбаевтың бақайынан да келмейді. Жүре тыңдап жүре бермес пе еді. «Ауруда шаншу жаман, сөзде қаңқу жаман» дегендей жанында отырып мыжыңдай берсе, көресіні әйелден көрерсің. Сондықтан да Айқайбаев сияқты ағаларыңыз алдымен әйелінің көңілін аулап, сонымен ақылдасып, қоғамдық іске сонан соң барып оралады.

Жиналыс болса кешке қалды. Кызмет аяғы жақындап келеді. Жиналысқа дейін үйге барып келу керек.

Алаңсыз-ақ үйге барайын десе аюдай ақырып әйелі отыр. Өзі жұмыс істемейтін, қоғамдық талқы көрмеген, іші пысып отырған әйел оның ырқына болып, дегеніне көне қоя ма? Барысымен-ақ екі аяғын бір етікке тығады, Сондықтан қайтсе де бір айла табу керек. Егер жиналыс бар еді десе, оны неге кеше өткізбедің коллектив өз қолында ғой, басын істемей қалған ғой, ә, дейді. Ал артельде шаруам бар десе, онда одан да пәле. Сегіз сағат жұмысты істеп келдің, енді қандай шаруа. Шамасы онда сенің бір қимасың қалып отырған ғой деп шатақ салады. Енді не істеу керек? Ендеше мұндай жерде актерлік қабілеттен де құр алақан болмау керек. Жүйкесі жұлынып, жаны шаршап, әбден ашуланып, ызаға булыққан адамның түрін көрсетіп бару керек. Сонда ғана ол кешке кеткенде шаруамен кетті деп ойлайды.

Айқайбаев қабағын қарс жауып, түйіле үйіне келді. Әйелі буынып-түйініп тек машинаға отыруы ғана қалып күтіп тұр екен. «Кетеміз бе?» деуі-ақ мұң екен, әйелін Айқайбаев қатты жекіп тастады. Ол да әншейіндегідей әдетінше бірдеңе дей берін еді, ерінің ашуды үдетіп бара жатқанын көріп жым болды.

Бір рольді жақсы ойнап шықтым деді Айқайбаев үйінен шыға беріп өзіне өзі. Ал осы жиналыста да бір роль ойнап көрейін, бұл қалай шығар екен.

Кешке қарай жиналысқа Айқайбаев қабағы ашылып, күлген болып келді. Жиналысты ол едәуір жайдары болғaн жүзбен ашты. Өзі сыпыртып сұйық баяндама жасады. Күн тәртібінде қаралып отырған «тәртіп» мәселесі болғандықтан ол Әлімнің бағанағы «тәртіпсіздігін» де айта өтті. Бастыққа елдің көзінше сын айту — бұл бастықтың қарауындағылары алдында кәдірін түсіреді. Әлімді мен сыпайылап айтып тұрмын, әйтпесе ол қызметте ұстап болмайтын адам деп те кетті баяндамасының бір жерінде.

Сөзді бригадир Николай алғанда Айқайбаев орнынан ұшып тұрып, сөзді басқа сөйлейтіндерге беру керек деп еді, жиналысты басқарып отырған Петров оны басып қойды.

— Жанадан жасалған екі балонды сіз колхоздағы туысқаныңызға беріп жібердіңіз...— дейді Николай.

Бағанадан бері ашуланып, бедірейіп отырған Айқайбаев Николайдың сөзін естігенде орнынан тұрып, түсін өзгертіп, күлген болып, түлкі бұлаңға салып кетті.

Николай, мені сынаушы тағы басқа жолдастар, дейді oл бір қолын шошайтып, екі көзін сығырайта, екі езуі құлағына жеткенше күлген болып,— мені сынау арқылы қалалық кәсіпшілік одағының председателі. Исак Хаимовичті сынап отырғандарыңызды ұмытпаңыздар. Өйткені мен барлық істі алдын ала сол кісімен келісіп аламын.

Жұмысшылар бұдан кейін де сынауын қойған жоқ. Қайдан қойсын. Сорайып көрініп тұрған кемшілікті қалай жасырып қалсын. Озаттар әдісін кең қолдануға көмектеспейді, сынға құлақ аспайды,— деді олар. Айқайбаев шыдамнан шығып, булығып тағы бірдемелер айтпақ болды.

— Мен қарапайым адаммын, сондықтан да өзі туралы көп айтқанды ұнатпаймын,— дейді ол, бар даусымен гүрілдеп.— Мен осы артельді басқарып жүргенде мына, Николай мен Әлім, екеуін де партада мұрындарыңды қайта-қайта тартып пысылдап отыратын балалар едіңдер. Сынаймын деп менің жасымның үлкен екенін ұмытып кеттіңдер. Ұят бұларың сендердің, ұят...

Айқайбаев резина кәсіпшілік артелінде председатель болып жүріп жатқанда оның сынға қысым жасаушы екенін дәлелдейтін бірнеше арыздар қалалық кәсіпшілік одағына түсіп жатты. Артынша-ақ Айқайбаев Исак Хаимовичке орынбасар болып келді.

Ай артынан айлар өтіп жатты...

Артельден оп-оңай құтылып, әрі қызмет жағынан жоғарылап кеткен Айқайбаев көз еті өсіп, ешкімге жауап бермеуге айналды. Бірлі-жарымды шағым айта келгендерді қабылдамай жіберген кездері де болған.

— Арыз айтушыларды білем мен, тек бастықтарың туралы айтасыңдар,— дейтін ол.

Қыстың бір әдемі кеші болатын. Кеш алдында ұйқтап тұрған Айқайбаев қызарған көзін уқалап сыртқа шықты. Оның көзі есіктің алдында сырғанақ теуіп, ойнап жүрген екі балаға түсті. Мұның бірі өзінің он бір жасар ұлы Жарас еді де, екіншісі көршісінің қызы, ол да сол шамалас, Хадиша еді.

Баланың ойыны қызық қой. Біраз ойнаса аздан кейін екеуі біріне бірі өкпелеп ауыздары томпайысып қалады. Тап-тату, ойнап жүрген екі бала сырғанақтың кезегіне таласып қалды. Жарас кішкентай Хадишаны итеріп жіберіп жығып қойды.

— Папаңа айтамын,— деді Хадиша аузын томпайтып, үстінің қарын қағып жатып.

— Айтпасаң аттан сал. Сенің арызыңнан басқа да менің папамның шкафында жарым жылдан бері қаралмай жатқан құшақ-құшақ арыздар бар,— деді Жарас.

Сыртынан мұны естіп тұрған әкесі шыдай алмай баласын қолынан алып үйіне жетектей жөнелді.

— Саған кім үйретті мұны!—дейді әкесі баласына тұнжырап.

— Папа, оны сізді білетіндердің бәрі айтады. Мен үйлеріне барғанда Коляның папасы да, Болаттың мамасы да, оны Валяның, Темірдің мамасы да айтқан.

Айқайбаев «өз әкеңді өзің» деп баласына бірдеме айтқысы келді де, ештеме түсінбейтін жас балаға сөйлеп қайтем дегендей, орнынан тұрып екі қолымен екі құлағын басып, үйдің ішінде біраз сенделіп жүрді. Сонан соң жалғыз өзі теңселіп сөйлеп кетті.

— Балаларға дейін біліп алған, балаларға қарашы. Менің бұл қылығым мына кішкентай баламның да алдынан шығады екен. Әй, бұдан да өлгеннің... Жо-жоқ. Өлмеу керек, жөндеу керек. Мен жөндегеніммен сынға қысым жасаушы деген атақ менен қала ма? Қалмаса да мен өз ісімді жөндеймін. Мен енді Исак Хаимовичтің ондай теріс сындар дегенін естімеймін. Мейлі енді, сыпай берсін. Мен тек сол теріс әдеттерімді жөндей беремін.

Сонан соң ол жалма-жан киінді де, үйден шығып тура кеңсеге келді. Ол столының кілтін ашып қағаздарға ұзақ үңіліп, отырып қалды.

1953