Әдебиет
Қара мысық қайда?
Торғын егіннен бесінде қайтты. Қайтарда денесі тітіркеніп еді, енді үйге келісімен іші-бауырын бүрістіріп, әлдене бүріп барады. Тіпті аяқ-қолын жазудан қалып, төсекте арі-бері домалай береді. Торғын қарақұрт тиген түйенің осылай домалағанын талай көрген еді, енді ол домалау алыс емес, өзі де шытыр жеген өгіздей аунақшып жатыр.
— О, тоба! Мұндай да дерт болады екен! Енді қайттім. Күлкірне жасап басайын,— деп Торғын тұра жүгіріп, қоз араласқан қоламтаны ескі темір табаққа салып, қолдың майы сүртіле-сүртіле сауыс болып, мүңкіп кеткен ескі орамалға орап әкеліп, ішіне басып көрді. Оның дауасы түспеді. Іш қояр емес, бүріп барады. Өрмекші торына түскен шыбынның шығамын деп тырбанғанынан өрмекші торы жиырылып, шыбынды бүрістіре түсуші еді, нақ сол сияқты Торғынды да бір көрінбес алып бүйінің құрған торы өткен минут сайын кіндігінің түбінен алып, жиырып барады. Торғын домалап жатыр...
Ол сасайын деді. Ең болмаса жалғызы Еркінді де көрмей қала ма? Нақ осы кезде екі қабат әйелдердің «қалай туатынын айырғыш» Көмескі кемпір үйге жетіп келді де, зарлай жөнелді:
— Құдай біледі, сонан соң мен білем, ауырып жатырсың ә?!
— Я, я, қасиетіңнен айналайын, абысын-ау, дәл түстің төбесінен. Енді қайттім? Ой-ба-ай!..
— Бәсе, бәсе үш күннен бері айналдырып жүргенін көріп едім осы үйді, түнде соны қуалап түнімен ұйықтай алмадым. Жар жағалап, кетіп еді. Ақыры тапқан екен, жүзің құрғыр...
— Абысын-ау, таптың, таптың! Ауырып жатырмын.
Көмескі ғайыптан бірдеме естігендей ақилана аспанға
бір қарап алды да, шұғыл бұрылып:
— Е, ол кәпірге менің әлім келмейді. Анау Құмтоғаннан пері түсіріп оқитын Шахан молда келген. Соған шап. Тіпті кітап ашса, өзі де келіп қалар!
— Ойбай-ау, абысын-ау, өзіңнен басқа жан жоқ қой.
— Жарайды, қарағым, жарайды!
Арада жарты сағат етпей-ақ жын түсіріп оқитын ғұлама молда құдай айдап осында өзі келді. Молданың басында сәлдесі болмағанымен жаз күнінде қалпақ ішінен киген тақиясы бар. Анықтап қараған кісіге бір кезде оның қара-ала болғаны байқалады. Енді тақияның ағы шайырмен баттасып, оның ағы қайсы, қарасы қайсы, айырып болмайтындай күйге келіпті. Молда аяғын сипай басып келіп, кебісін тастап, шарта жүгініп ағаш үйдің төріне отырды. «Мұрттың құтсыз болғаны ақынға сын» дегендей шошақ иегіндегі он тал сақал молдекеңнің бет пішінін берекесіздендіріп тұр. Сопақ сары өңі қансыз, сөлсіз, тым қуарыңқы көрінеді.
Бұл кезде ауылдың естияр адамдары жұмыстан қайтпағанымен бірді-екілі желаяқ әйелдер жетіп, тіпті саққұлақтары Торғын хабарын естіп, осы үйге келді. Ойда жоқта сау адамға жабысқан бұл кенет кесел тегін еместігін көмескі кемпір келін-кепшіктерге түсіндіріп, сапылдап жатыр.
— Күн қайта жабысуын көрдің бе, күн қайта. Егер молда мықты болмаса, мұның айығуы қиын,— деп те жіберді ол. Оның төндіре сөйлеген сөзінен өзімізге де бірдеме жабыса түспесін дегендей аналар үрпиісе, дүрдиісе қарасады. Ендігі сөз молдада қалды. Бәрі де соның аузына қарады.
Шарта жүгініп отырған молда әп-сәтте батыс жақтағы терезеден түсіп тұрған, еңкейіп ұясына жақындаған ащы күнге бір қарап алды да, шіңкілдек даусын созып бастап, біреу тез бітір деп желкесінде жұдырық түйіп тұрғандай артып жылдамдата жөнелді:
— Арық жағасында жатқан жынның жанынан жүріп кеткен екенсіз. Егер үстінен жүргеніңізде жаныңыз қалмайды екен. Қазір қара ешкі тауып сойыңыз, өкпесімен қағамын. Сонан соң ешкінің еті бұл ауылға харам. Жынды қара мысыққа аударып оқимын. Төсінде ағы бар қара мысық тауып келіңіздер. Алла тағала дауасын салса, ертең-ақ жазылып кетесіз.
Торғын үйінің ақ ешкісі Қайсар үйінің қара ешкісіне айырбасталды. Қайқы мүйіз қара ешкі көзі жаутаңдап, жазықсыз сүйреліп келгеніне наразылық білдіргендей маңырап-маңырап қойды. Сәлден кейін бір жігіт қара ешкіні алып ұрып, жәукемдей бастады. Қара ешкінің терісі сыпырылысымен өкпе-бауыр кеңірдегімен суырып алынды. Ауруы бағанағыдан да асқынып, бүрісіп қалған Торғын зорлап тұрғызылды. Далаға шығарылды. Өкпені қолына алған Шахан молда қара ешкі етінен аласталған сен болдың-ау, дегендей өкпені қолына алып ашқарақтана қарап қойды. Сонан соң қолқадан ұстап бауырын жаза алмай тұрған Торғынды өкпемен үш рет салып жіберді. Іштен жаңа шыққан қанды өкпе Торғынның жазғы ақ көйлегіне қызыл мөрін үш рет басқанда, ақ көйлек қызыл ала көйлекке айналғанда Торғын молданың «үйді үш рет айналып көліне» шыдамай қалбалақтап барып, қалпақтай түсті. Молда өкпені қимаса да лақтырып жіберді. Ол анадай жерге барып сылқ ете түсті. Оған ешкі сойылған жерге жиылған иттер таласып, ырылдасып-керілдесіп мазаны алды.
Тұрғандар Торғынды көтеріп барып төсегіне жатқызды, Молда екінші бөлмеге әлдекімнің алып келген қара мысығын ұстап кіріп, аздан кейін шықты. Одан мүлгіп Торғын жатқан үйдің тор алдына барып отырды.
— Қарағым, алла сәтін салды. Қара мысық қара жынды қабылдамай көп қарысты. Дегенмен қара мысыққа ауруды аударып оқыдым. Енді мен жүрейін, алла тағала сәтін салды... Енді...
Көмескі Торғынға ым қақты. Торғын төсектің бас жағынан екі қызыл қағазды алып молдекеңе ұсына берді. Қағазды қағып алған молда «қара мысық мәуілдемей есікті ашпаңдар, мәуілдеген соң науқас жазылады» — деп екі қызыл қағазды шапанының алдыңғы бойына сүңгіте салып, қара ешкінің етін көтеріп үйден шықты...
Қара мысық қамалғалы қашан, екі-үш сағаттай уақыт өтті. Науқас үдей түсті. Үйге келгендер қара мысықтың мияуын естуге асығып, құлағын сол қамалған бөлменің есігіне тосты. Дыбыс жоқ. Торғын дөңгелеп жатыр. Күн батуға таяды. Жұрт жиналып қалды. Торғын әл үстінде. Нақ осы бір сәтте колхоз председателі Өрен, Торғынның баласы Еркін машинадан түсті. Болған жағдайды сұрап білді. Адам ауруын өзіне қабылдаған қамқор қара мысық не халде екенін білу үшін Өрен есікті ашып жіберді. Мысық түгіл сымбылбай да жоқ.
— Мысық жоқ!
— Ой, тауба!
— Қара мысық қайда?
— Астағипралла!
— Менің көзімше қалған...
Жұрт таңданысып, жағасын ұстасты. Осы кезде қара мысықты балалар көшеден ұстап әкелді. Нақ бағанағы қара мысық. Бұрнағы жылы Қайсардың баласымын құлағына ен түскенде Көмескі кемпір осы қара мысықтың құлағын тіліп, қанын жаққан еді. Нақ сол құлағы тілік қара мысық. «Қамбаларыңа түскен тышқанды қырдым, құлағымды тіліп, қанымды бердім, енді не жазығым бар еді» дегендей қара мысық ұстап тұрған баланың қолын тырнап алып, жерге түсіп кетті. Сөйтсе, қара мысық молда қамасымен-ақ ашық тұрған желдеткіштен қарғып шығып, жайына кеткен екен. Қара мысықтан қайыр кеткенін көз көрді. Колхоз председателінің машинасымен Еркін шешесін ауруханаға әкетті. Ертеңіне қара ешкінің еті Көмескі кемпірдің есігі алдында қайысып жаюлы тұрғанын жұрт көрді. Бес-алты күн өткен соң соқыр ішегін алғызып, Торғын шешей үйіне қайтты. Жұрт арасында көңіл сұрай келген Көмескі:
— Тышқаншығыңды сала келіп, біздің үйден тамақ жеп кет,— деп Торғынды қара ешкінің етіне шақырды...
1962