Әдебиет
Суайт
Жамал Зояны ертіп биге жақындап келіп тұр еді, бұрын бұл институттан бір де рет көрмеген, сып-сыпайы біреу жандарына келіп Жамалды биге шақырды. Қыстың қақап тұрған суығында басына жалақ тақиядан басқа түк кимеген бұл жігітті Жамал әуелгіде есерсоқтау біреу шығар деп ойлағанымен, сырты жылтырап тұрған соң ондай жаманшылыққа қимай, билеп кетті.
Талпақ танау, қысық көзді бұл жігіттің шекесі тықырайып тұр. Оны бір жапырақ болған тақиясы құрғыры жасыра алмайды. Сырт қараған адамға шырт етпе ашуланшақ сияқты көрінер еді, бірақ қыз алдындағы тым сыпайыгершілігі бір көргенде оны байқата қоймады. Үстіндегі сәнді тігілген костюмі өзіне қонып тур. Аяғындағы қара ботинкасын жалтыратып, жүз көрінетіндей етіп тазартып қойған.
Жігіттің билегенде аяғы аяғына жұқпайды, сып-сып етеді. Вальс ойналып бітіп, аз үзіліс болды. Үзілісті пайдаланып әлгі жігіт:
— Таныс болайық Құрбан,— деп Жамалға қолын ұсынды. Өзінің атын айтын Жамал да қолын берді. Зоямен де танысып үлгерді. Осы кезде би қайта басталып кетті де, Жамал Құрбанмен қайта айнала бастады. Бұл жолы Құрбан бұрынғыдан да жақсы биледі. Мінезі, ісі биіндей болса, жаман жігіт болмады деп қойды ішінен.
Би арасындағы бір үзілісте буфетке тұра жүгіріп кеткен Құрбан екі қызға екі шоколад алып келіп, ұстатып жатып:
— Мұның бағасы жетпіс екі тиыннан, екеуі бір жарым сом,— деді. Қыздар мынадай сыпайы жігіттің аузынан мұндай сөзді ести қоямыз деп ойламаған еді.
Бұдан кейін Құрбан Жамалға келгіштей бастады.
Екінші келгенде-ақ Құрбан Жамалмен бала жасынан беpi таныс адамдай «сен» деп сөйледі. Кейде мінезі ашық адам өзі құрбылас адамға бірден-ақ «сен» деп сөйлей береді ғой. Қыздарға келгенде бұл жігіттердің батылдығына байланысты болады. Жамал да оны не батыл, не ашық мінезді шығар деп ойлады. Ешкім сұрамаса да ол өзінің шетел тілдері институтында оқитынын, ол тұрған бөлмеде телефон бар екенін айтып, Жамал сұрамаса да телефон номерін қалдырды.
Арада бірер апта өткен соң Құрбанға Жамалдың әлдеқалай ісі түсе қалды. Шетел тілінін бірінен оқулық қорек болып, кітапханаға барып еді, мұндағы барын студенттер алып кеткен екен. Сонан соң Құрбаннан сұрай қояйын деп телефон соғып еді, әлдекімнің үйінен жауап бергені. «Садыровтың үйі тыңдап тұр»,— деді бір нәзік дауыс. Жамал шатасып кеттім бе деп телефон трубкасын қоя салды. Ол трубканы қайта көтерді.
— Сіздерде Құрбан тұра ма?—деп сұрады Жамал. — Ия, тұрады, ол менің інім,— деп жауап қайырды телефоннан, жаңағы нәзік дауыс. Жамал терлеп сала берді. Даладан келген Зоя оның институтта оқымайтынын да біліп келіпті. Жамал орнына енді отырғанда бөлмеге оның сабақтас жолдасы, әрі ауылдасы Хамит кірді. Көптен бері келмей жүретін Хамиттың бұл жолы келгеніне таңырқап қалды.
Немене, адам көрмеп пе едің?—деп ол бір қалжыңдап алды. Сонан соң Хамит сөйлеуге арнап келгендей тамағын бір кенеп қойды. Оның бетінен ызалы күлкінің ізі көріне қалды да, жеке тұрған отырғышқа отыра беріп, әңгімені шұғыл бастап кетті:
— Мереке болса жақындап келеді. Бүгін қалтамда бap ақшама бір костюм алайын деп бір-екі магазинге кіріп едім, маған керекті түрі кездесе қоймады. Содан базарға келсем, тықырайған бір жас жігіт үстіне бір жаңа жасыл пиджак жамылып жүр екен. Іздегенім де осындай еді. Жанына келіп біраз тұрдым. Сұрайын деп едім, үстіне жамылып тұрған соң батпадым. Айналсоқтап біраз, жүрдім. Ондағы ойым өзінің киіп жүргені болып, «өзіңнің үстіңдегіні сатушы ма едің» десе не деймін деп тұрмын, ал сұрамайын десем, костюм керек... Түрі ұнап барады. Костюмі маған шақ келе кететін түрі бар, оның үстіне білегіне салып шалбарын бөлек ұстап тұр. Тәуекелге бел байладым.
Осы жерге келгенде Хамит Жамалға көзінің астымен бір қарап қойып, әңгімені ерекше бір шешендікпен айта берді. Ал, Жамал Хамит әңгімесін құтыртып айтқан сайын берекесі кетіп, бір қуарып, бір қызарды. Осының айтып тұрғаны Құрбан болмаған еді деп ойлады, ішінен.
— Иә, иә,— деді Жамал әнгіменің аяғын тез естігісі келіп. Мұны байқап қалған Хамит аз-кем тыныс алған болып, серги қалды. Содан Жамалға бұрылмай басқаларға қарап сөйлей бастады:
— Сатасыз ба?—деймін мен.
— Жоқ, бірақ, сіз қаласаңыз, амал жоқ, сатайын,— дейді ол. Оның алғашқы «жоқ» дегенін естіп, мұрнымнан тер бұрқ ете түсіп еді, «сіз қаласаңыз» дегенін естіп, тыныштала қойдым. «Амал жоқ сатайын» деген соң, бұл маған сонша жаны ашып тұрған не деген жақсы адам деп үйіріліп үстіне түсе қалдым.
— Екі сом беріңіз де ала қойыңыз,— деді. Осындай жақсы костюмнің бағасы қалай екі сом болмақ? Өз құлағыма өзім сенбеймін, костюмді ары-бері аударып, аударып қоямын. Сөйтсем сұрап тұрғаны екі сом емес, екі жүз екен.
— Бұл қай пішім,— дедім.
— Сізге қайсысы керек еді?
— Қырық сегіз.
— Мынау нақ қырық сегіз, киіп көріңіз.
Иығыма костюмнің ілінуі мұң екен:
— Құдай тура сізге арнап пішкен екен, енді шешпеңіз, ақшасын төлей беріңіз, екі жүз сомнан екі тиынын кем бермеймін. Әншейін сіз үшін ғана, әйтпесе,— дейді. Сіз үшін деген сөз ішімді жылытып жіберді. «Керекті тастың ауырлығы жоқ», дегендей ала қойдым. Мен неде болса, костюм тауын алғаныма қуандым. Әлгі жігіт бұдан былай да байланыс жасап тұратын болды, «атым Құрбан»,— деді.
— Құрбан?!
Жамал тағы шошыңқырап қалды. Хамит оған көңіл аудармағандай сөйлей түсті. Ол әңгімесін соза айтқанмен сондай әсерлі шықты. Бөлмедегі бір адам қыбыр етпей, тыңдап отыр.
— Сөйтіп жөнімізге кеттік. Жол-жөнекей бір магазинге кірсем, әлгі мен алғандай костюм толып тұр. Жағалата магазинге іліп тастапты.
— Ие, ие,— деді ентелеп тыңдап отырған студенттер. Бағасын сұрап көріп едім, жүз-ақ сом.
— Қап, есіл ақша-ай,— деді тыңдаушының бірі санын соғып.
Хамит сөзін қайта жалғастырды:
— Өзім де санымды бір-ақ соқтым. Екі костюм алатын ақшама бір костюм алғанымды ойлап, ішім удай ашыды. Жалма-жан іздеп едім, ол табыла ма, «сауда сақал сипағанша» деп тайып отырыпты,— Хамит тағы бірдеңе айтайын дегендей оңтайланды да, Жамалға көз қиығын бір тастап шығып кетті.
* * *
Жамал Хамиттың артынан залға шығып еді, Зоя мен Хадиша келе жатыр екен. Хадиша да осы ауылшаруашылық институтында оқитын. Жамалды көрген соң-ақ ол күліп, «ботыны тегін киетін болдыңдар» деп ары жүре берді де, Зоя бері бұрылды.
— Неге түнеріп тұрсың? Құрбаныңды ойлап тұрмысың?—деп мысқылдай күлді Зоя. Жамал кекесінмен не» деді де, Хамит айтқан әңгіменің бәрін бастан-аяқ айтып берді. Зоя да шешіле кетті.
— Ендеше қыздарға келеке болып жүр екенбіз, олар оның кім екенін жақсы біледі екен. Жақында ол Хадишаларға алпыс сомнан боты сатыпты. Не деген сұмдық.
— Қап, қорлық-ай!..— деді Жамал түнеріп.
Өтірігінің шығып қалғанын қайдан білсін, екі-үш күн өткен coң тақиясын шекесіне салып, сыпсың қағып, институтқа Құрбан келе жатты. Адам болған соң армансызы бола ма? Жамалға қосылса, Құрбан үйленді деп туысқандар тамбурын тартса, дауылпазын соқса! Жамал оқыған әйел, ол қазан-аяқтан аулақ. Өзі ас әзірлесе! Өзі оқымай қалды. Бірақ Жамал қызмет істейді, ақша жетеді. Я өзі де қарап жата ма? Оқыған әйел алып, оған манты пісіріп қойып, шалқасынан түсіп, ханымды күтіп жатса... Ол жатақханаға келіп те қалды. Жамалды да онша қиналмай-ақ тез тауып алды.
Жамал залда кездесе кеткен Құрбанға тіке сауал қойды:
— Сіз қайда оқитын едіңіз?— Сол, сол-ақ екен, Құрбанның өңі қуқыл тартып сала берді.
— Селхозда,— деді ол сасып қалып, өзі сол институтта тұрып.
— Сіз тағы өтірік айтып тұрғаныңызды өзіңіз сезесіз бе?
Адам аузынан жаңылам десе қиын емес екен, Құрбанның тұрып-тұрып әрине» дегені ғой. Жамал күліп жібере жаздады. Қыз алдында жігіттің міні сорайып шығып тұрса оның басына одан артық елім бар ма шіркін? Өлмегені қара жер. Бірақ Құрбан ұялған жоқ. Сол жақта-ақ дәлізде көрінген қыздардың әрқайсысына бір сөйлеп, қылжаңдап кетіп бара жатты..
1955