23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

Бүлдіргеннің дәмі






Артель председателінің тырысқақ орынбасары Көсебай сәті түсіп, ойда жоқта бастық бола қалғалы Дабектің де мінезі өзгеріп кетті. Басқаны қайдам, ол коллективтің ең жақын жолдасы менімен қатынасын сиретті. Өйткені, менің қу ауызым тыныш таппайды да, кейде көрген-білгенімді, естігенімді ел құсап ішіме тығып безбүйректеніп жүре алмай, жарылған қарыннан төгілген айрандай жарқ еткізіп жария етіп жіберетін жаман әдетім бар. Білгенімді ішімнен шығарсам, яғни тәптіштеп, тігісіп жатқызып тұрып біреуге айтсам, сонда ішім босап, жаным жай тауып қалатындай боламын. Оның үстіне тек көргенімді айтып қою ма, кейде оны кәдімгі маған бір шен беретіндей жиналыстарда ұзақ-ұзақ сөйлеп шұбыртып жөнелетінімді қайтерсің. Әрине қолтығына мұқаба қысқысы келетін, мансап атаулыдан үміткер кісіге менің бұл мінезім оғаштау-ақ. Несін айтасыз, оны кейін сезіп қор болдық қой. Егер бұрын білсем, әттең.., Әттең тіліме тыйым салар едім.

Сонымен айтайын дегенім Дабектің менен безуі еді ғой. Бекер обалы не, ол менен ә дегеннен іргесін аулақ салған жоқ. Ішек-қарнымызға дейін араласып кеткенбіз: Демек салған жерден Дікең пышақ кескендей тыйылса онда көзге не болып көрінбек? Ол «ал қолыңа мылтығыңды, енді атысамын» дегендей болып шықпай ма? Сондықтан Дабек қоянды қолға үйреткен кісідей маған жайлап келді. Әуелі келуін азайтып жүрді де, кейін ат ізін сирек салын, аяғын сиыр құйымшақтатып сұйылып кете барды. Қызмет орнында кездескенде бұрын от басын — әйелімді, бала-шағамды, шешемді, ағайын-туғанымның, бәрінің дені-қарнының саулығын, малы-басының амандығын, кейбірінің буынының сырқырамасын, енді бірінің басының сақинасын жаттап алғандай тізіп жөнелуші еді. Кейін Дікең алдымен ағайын-туғанды, сонан соң шешемді сұрауын қойып, әйелімді, бала-шағамды ғана атап біраз жүрді. Енді біршама уақыт өткеннен соң әйелімнің де, бала-шағамның да ішек-қарны оған керек болмай, бауыры беріш болып қала берді де, өзіме, соқа басыма «амансың баны?» арнап айтып өтуге көшті. Үйренген қу аузым бірде мұны оған айтып қалғанда ол: «Космос заманы» деді. Несі бар, асығыс космос заманы! Заман ағымына қарамай безектен ілесу оңай дейсіз бе? Басқа дүние сонау Айдан жансыз нәрсенің берген хабары көзді ашып жұмғанша алдыңа келіп топ-топ түсіп жатқанда, жаны бар, жұмыр басты пенде — Дабек сенін жаныңда — біреудің малы-басын санап, соның бас-сирағын жеп жілігін мұжитындай шұбатып тұруының керегі бар ма? Жұлдыздай ағып кетуі тиіс. Дұрыс-ақ!

Ал енді біраз уақыт өткен соң Дабек жастай өсіп кеткен қариын бақсының дорбасындай бөлек-салақ қылып жанымнан ете беріп, басын изеуге ғана мұршасы кететін болды. Қайтесің, космос заманы! Космос жылдамдығы. Айдан хабар екі минутта келіп жатқанда...

Космос заманы! Осы космос жылдамдығы қазір бәрін билеп бара ма қалай? Біздің артельдің бастығы Көсебайға бүлдірген дәмін үйреткен де осы космос заманы, космос жылдамдығы. Жақсы жолдасымнан айырып, маған зорға амандасатын еткен де осы космос жылдамдығы. Былай қарағанда қызық та емес пе!?

Шешек шыққан адамдай маған мүлдем жолауды қойған Дабек бір күні біздің үйге келе жатыр. Сонау айланбадан-ақ көзіме оттай басылды. Әп бәлем деп ойладым мен, космос жылдамдығы бүгелек қуған жылқыдай өзін біздің үйге де қуып әкеле жатыр екен ғой. Ал қолындағысы несі екен? Екі жағына теңдеп алғаны шелек пе, немене өзі. Біздің үйге оны қуып әкеле жатқан күш нақ осы шелекте шығар. Сиқырлы шелек болмаған еді мұнысы. Ия, нағыз шелек. Кәдімгі құдықтан су әкелетін үйдің босағасын бермейтін қаңылтыр ақ шелек! Miнe қызық керек болса! Өзі мені көретін емес. Бір ғасыр өмір сүрген ақ теректің түбіне жасырына қалдым. Космос заманының жылдамдығымен оны бір қапылыста бас салмақ болдым. Дабек қары жуан болғанымен жасында ит тиген бе әйтеуір ши борбайлау. Кішкентай қамыт аяғы майысып зорға келеді. Шамасы қолындағы шелек бос болмауы керек. Терек қалқасында сәл тұрып, енді келіп қалған боларсың бәлем дей беріп аңырып қалдым. Дабек жер жұтқандай зым-зия. Кім біледі, космос жылдамдығы...

Біраз аңырып тұрдым. Жолдағы үйлерді ойластырып шықтым. Не болса да оны іздеуге кірістім. Ауыл үйміз ғой, жолдан әуелі Оразбайдың, сонан соң Ермекбайдың үйіне кірдім. Оларда Дабек болмады. Кәдімгідей артельдегі менен кейінгі оның ең жақын дейтін достары осы екеуі болатын. Енді мұның арғы жағында Көсебайдың үйі. Ол артельдің бастығы. Оған ол бармаса керекті. Өйткені мен білетін кездері ол онымен бірер рет әлдебіреулердің үйінде кездесіп, аздап карта ойнағанын естігенмін. Ол шақта Көсебай орынбасар еді, артельдің председателімен бүтін күлшеге таласып алакөз болатын. Сондықтан кейде менің әлі күнге қақталмаған, балбыраған жұмсақ қолымды отқа көсегісі келіп тұратын. Осы пиғылын білгендіктен көп жайларда одан аулақ жүруді жек көретінмін. Кейде орынбасар болған соң амалсыз иіліп, сөзінің керегін алып кете баратын едім.

Менің қу аузым тыныш таба ма, кейде председательді сынап жібермей тұра алмаймын. Өйткені «Еркін бетін бар, жүзін бар демейді, жігіт-ақ» деген мақтауды әлсін-әлі естігім келіп тұрады. Ондай күндері ертеңіне-ақ Көсебай мені шақырып, жібектей жұмсақ амандасып, «керегің болса сұрап, менен алып тұрсаңшы» дейді. Мен рахмет айтып шығып кетемін. Сөйтіп жүрген Көсебайды сыртынан Дабек те сыпыртып жамандаушы еді. Тіпті екі-үш жерде ақшамды ұтып алды деп балағаттап та жіберді. Бірақ ол кездері, бір әттегенайы, Көсебайдың Дабекті ұтқанын, әлде Дабектің Көсебайға ұтылғанын есіме алмаппын. Сөйткен Дабекті Көсебайдың үйіне қуалаған әлденедей қойып кетеді деп қайдан ойламақпын. Біздің үй деп адасып жүрмесін, қайдан білемін.

Шынымен Көсебайдың үйіне беттедім. Ауыл үйміз ғой, несі бар, бұрын бармасам бүгін барармын. Тіпті ауылдың басқа бөлегінде тұратын Дабек екі балағы далбаңдап, бақайшағы майысып, тәлтіректеп қолындағы жүгімен кіріп кеткенде іргеде тұрған маған не жоқ.

Бригадирдің артельдің бастығында жұмысы болмаушы ма еді, Көсебайдың үйіне не болса ол болсын көзді жұмып қойып кеттім, ас үйде әлдеқалай абыржыған сөздер жыпылдақ еріндерден сыпылдап айтылып жатыр екен:

— Апыр-ау, Дабек мұның не?— дейді Көсебай аузында бірдеме бар ма, сөзді бұзып айтып.

— Өзіңіз құлақ қағыс қылған соң...

— Ұйбай-ау, әлгі оқудағы балаға деп едік. Өзіміз-ақ алатын едік қой. — Көсебайдың әйелі Нақанның даусы әлдеқалай әдеттегі тарқылдақ, тантықтықтан айрылып, май жаққан нандай жұмсап қалыпты. Бұл жерде Дабектің сөзі аяқталмай мен үстеріне кіріп бардым:

— Космос заманы ғой. Беретін болған соң тез өзім әкеліп тастай салайын дедім. Қиналатын түк жоқ...

Әрине менің ойда жоқта Көсебайдың ас үйіне кіріп баруым тіпті-ақ орынсыз болды. Мен:

— Дабек біздің үй...— дей берін едім оны Дікең тыңдар да емес, өзімді әжептеуір адаммын деп жүрсем де көзіне ілмеді. Екі тышқан көзі жылтыңдап, тік түрегеп тұратын қалың қара шашы жалпылдап Көсебайдың тобан аяқ қатынына әлде нелерді айтып жатыр. Жаңағы қолындағысы шынымен екі шелек екен. Екеуінің іші де толған сиыр бүлдірген — құлпынай. Нақ осы жерде тамағымның бала күннен бергі фаренгиті ұстап, жыбырлап жөтеліп жібергенім. Жөтелгенім қаттылау ма, әлде кіргенім оғаштау ма, о жағын қайдам, әйтеуір анық бай« қағаным, мені енді ғана көрген Дабектің пісірген темірдей өңі қоңырайып, пора-пора болып терлеп жүріп бергені. Тіпті әлгі құрғырдың құйылғаны сонша Дабек орамалы түскірді іздемей, жеңімен сүртінді.

Нақ осы жерде — ас үйде Көсебайдың өзінің де тұрғанын енді байқадым. Екі шенгелі толған бүлдірген. Күбіртке ме, күс пе, әлде одан да басқа бір пәле түскендіктен мұжылған тырнақтары бар, құныс болған кісінің беліндей бүкір саусақтарының арасынан құлпынайдың шырыны қызарып ағып тур. Мүйізді қалың әйнек салған отсыз екі көзі маған қарап шарасынан шығып барады. Тінті әншейінде бір жағына бастыра тарағандықтан біреу тақия киген, енді біреу парик киген деп жүретін он тал шашы басындағы ала шабырын жаба алмай жалбырап екі самайына түсіп кетіпті. Екі ұрты бұлтияды, шамасы онда да бүлдірген. Әрине қандай жолмен келіп, кімнің аузында тұрғанын бүлдірген байғұс қайдан білсін...

Бүлдірген ауыз таңдамайды. Бүлдіргенге ауыздың бәрі бір. Ол жырық ауыздан түсіп қалып көрген емес. Керісінше жыртық ауыз да бүлдіргеннен түскен жоқ. Мынау қып-қызыл торламаланып тұр, тым әдемі екен, маған лайық емес екен демейді. Қайта бip жағынан шырынын жұтып, жыртық жағынан шығарып тастау бүтін ауыздан гөрі оған түсетін көрінеді. Баз бірде ғана байқаусызда жырық жағынан ауыздағы шырын тамып кетіп аппақ көйлектерді қып-қызыл ала қылғаны болмаса, басқа одан келер кемшілік жоқ. Ал, Көсебайдың «и, кіл саусақтары бүлдіргеннің біреуін шашау шығармай шеңгелдеп тұрғанда, бүтін ауыз бірін жерге түсіріп жын ұрып па? Бірақ бір қызығы Көсебайдың ауызы бүлдіргеннің біз білмейтін бір ерекше қасиетін сезетіндей. Өйткені ол оны жұтқыншаққа жібермей, бұлтаңдатып өзінде ұстап тұр. Соған қарағанда ол сіздер мен біз білетін дәм емес болса керек. Әлде армян коньягінің, әлде қазақтың киіз үйде ыстап-сүрлеген қазы-қартасының дәмі сияқты тілді үйіретін бірдемесі бар-ау деймін. Әйтеуір ауыздан шығарғысы келмейтін бір сиқырлы дәм таңдайға татып бара жатқандай. Борсықтың сирағындай быртық саусақтарын салып, маған амандаспай Нақанның аранды ауызға көмейлеп тығуынан менің де сілекей бездерім өнер көрсетіп, аузымнан су ағып жүріп бермесі бар ма? Қап, бәле-ай! Ол тамсанып-тамсанып қалғанда мен сілекейімді жұта бердім.

Аузы босады білем, әлден уақытта Көсебай шеңгелінде бүлдірген уыстаған қалпы Дабекке қарап:

— Дабек отырсаңшы,— деп орындық ұсынды. Маған үндеген жоқ. Meн өзіме орындық ұсынбағанына бұл жолы ренжімедім де. Оның есесіне Дабек:

— Еркін отырсын да,— деп мыңқ ете түсті. Оның танауының астынан дыбдырлай сөйлеуі маған сен пәле болдың ғой дегендей тиді. Мен тұра жөнелдім. Екі уысында бүлдірген, төсегіне отырып қойған баладай тыржиып Көсебай тұрды, терін немен сүртерін білмей мен шыға бергенде құтылдым ба дегендей, Дабек орындыққа сылық отыра кетті.

Космос заманының жылдамдығы айдап бұдан кейін де Дабектің Көсебай үйіне келіп жүргенін талай көрдім. Енді мен оған дұрыс амандаспады деп өкпелемейтін болдым.

Уақыт зымырап өте берді. Космос заманы, космос жылдамдығы... Нақ осындай бір күні басқарманың мәжілісі өтіп жатты. Күн тәртібінде жаңа біткен төрт бөлмелі үйді кімге беру туралы мәселе екен. Не де болса семьясы ен көп біреу алсын десті ұсыныс бергендер. Басқарма мүшелері әрқайсысы әркімнің атын атап отырды. Іріктеле келіп, үйге таласта, екі кісінің ғана аты қалды. Сол кезде төрде отырған Көсебай орнынан тұрды. Ол әдеттегідей сөйлердің алдында тыржиды. Екі көзі Дабекте. Сонан соң кемдеу жаратылған тұқыл иегін оң қолының бүкір саусақтарымен бір сүртіп, тілін бұлғаңдатып екі ұртына кезек жүгіртті. Тамсанып-тамсанып алды. Жұтқынды. Тағы қайталады. Маған ол Дабектің бетінен бүлдіргеннің суретін көріп тұрғандай елестеді. Содан отырғандарға көз тоқтатпай, бұрышқа қарап сөйледі:

— Космос заманы! Болар болмас нәрсемен уақыт өткізіп отырамыз ба? Мұны космос жылдамдығымен шешейік. Үйді Дабек алсын.

Басқарма мүшелерінен әлде кім сөйлеуге ыңғайланып келе жатқанда ол өкіректеп кетті:

— Космос дәуірінде отырамыз ба кешке дейін. Осымен доғаралық,— деп даусын көтере айтты да, ол тағы жұтқынып-жұтқынып қойды. Маған оның аузында сонау бір күнгі бүлдіргеннің сиқырлы дәмі тұрғандай көрінді.

1968