23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

Түтік аузындағы түйнек






Жартас қаласында ен киын нәрсе не десеңіз жұрттың барлығы ойланбастан «монша» деп жамырап жауап береді. Үйінде шүмектен ыстық су саулап тұрғандар мұнын жайып қайдан білсін. Ал жартастықтар жұма, сенбі, жексенбі күндерді айтпасаңшы деп зарлап жүріп береді. Сондықтан болу керек, жұрт «тойға барсаң бұрын бар, бұрын барсаң орын бар» дегендей елең-алаңнан ерте жүгіреді. Кейде қаңғырлатып кірленін көтеріп бара жатқандар да кездеседі.

Қожанасырдың моласында жар басында жарбиып тұрған осы моншаның қорлығы Мақанға да әбден өтіп еді. ол алты жасар баласын ертіп таң шапағы жармай моншаның алдында болды. Алды моншаның бақылаушысына тие тұрған кезектегілердің арты моншаны айналып кетті. Қыс болса суық сақылдаған сары аяздан пана іздемей тұра алмайсыз, ондай кезде моншаның дәлізіне кірудің өзіне дүниені күшімен тандандырған Қажымұқандай болмаса да, татар балуаны Қажымұраттың күшіндей қуат керек. Мұндай кезекке таласушылардың арасында кім жоқ дейсіз. Басқаларды басып-жаншып, қарап тұрғандарды басып өтіп, ілгерілерін итере тастап, кассаға бара жатқан өңірейген дәңкеуделер де, сәт-сәттің арасынан сынапша сырғып, біреудің қолының біреудің қолтығының астынан бұлтылдап өтіп кетіп жатқан бәкенелер де, үлкендерге үндемей, кішілерге кісімсіп тұрғандар да, ақырын күтейік деген қой аузынан шөп алмас момындар да бар. Жүрегі қысылып, тынысы тарылып түтігіп тұрғандар да, енді-енді кассаға жетем деп тұрған үміткерлер де бар.

Осындай қарбаласта кассирдің де алпыс апасы, жетпіс жездесі келмей тұрмайды. Араға кісі салып олардың да шаруасын бітіру керек. Монша дәлізіндегі осындай оқиғаның куәсі болған Мақан да бір кезде кассаға жақындады-ау.

— Номерге бір билет!

— Уақыты?

— Сегіз.

— Мінекиіңіз.

Мақан шыға беріп билеттің бетіне қараса сағат сегізге емес, жетіге жазылыпты. Мақан кассаға қайта ұмтылды.

— Қайда барасың кимелеп?!

— Қате жазып қойыпты.

— Өй иманың күйсін, өтірік айтасың.

— Иманым бұйырмасын!

Мұндай антқа бергісіз ұшы-қиыры жоқ сөздің біразын естіп өлгенде әрең кассаға жеткен Мақанға кассирдің өзі шатақ салмасы бар ма.

— Өзіңіз айырбастап, өзіңіз шатақ саласыз.

— Апыр-ай, қалай ант-су іш десеңіз де әзірмін.

Кассирдің сояу тырнақ қолдары билетті ала беріп Мақанның сұқ саусағының көбесін сойып өтті. Не де болса «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» шыдайын деп Мақан үн шығармады. Әйтеуір жөндетіп алғанына қуанды. Бірақ кассирмен арадағы айтысқа біраз уақыт кетіп, сағат сегіз де болып қалды. Уақыт біткенмен номер босамады. Күте-күте бір сағаттың жиырма минуты кетті. Әлден уақытта іштен біреу шықты-ау.

— Азамат, мұныңыз қалай біреудің уақытын...

— Е, мен ішіне құр кіріп шығуға келгем жоқ қой жуынуға келгем.

— Жуынуға бір сағат жетпеді ме?

— Су жоқ.

— Су жоқ, оған не болған.

— Түтік аузына түйнек тұрып қалған:

— Түтік аузында түйнек! О, тоба! Не дейді мына кісі — Мақан да асығыс номерге қойып кетті. Шешініп болған соң шүмекті бұрады. Қуығы тұтылып тұр. Су жоқ. Суды күтумен он бес минут уақыт кетті. Амал нешік, қайта киінуге тура келді. Ол моншашыға, моншашы кезекшіге, кезекші жөндеушіге айтып, ол келіп жөндеп, су жіберіп үлгергенше бір сағаттың тағы жарты сағаты сыртылдап өте шықты. Сонымен қалған он бес минуттың бес минутында Мақан қайта шешініп үлгіріп еді, осы кезде кезекші келіп есікті тоқылдатты.

— Не болып қалды?

— Шығуға әзірленіңіз, он минут уақытыңыз қалды.

— Апыр-ау, біз жаңа жуына бастадық қой.

Кезекші оны естімей кетті. Мақан баласының басына енді су құйып, сабын жаға бергенде есік қайта тоқылдады.

— Тағы не боп қалды?

— Номерді босатыңыз.

— Апыр-ау, біз жуынғанымыз жоқ қой,

— Онда менің жұмысым жоқ.

— Жоқ, мен мұнда номердің ішін көріп қайтуға келгем жоқ.

Нақ осы жерде кезекші қатты кетті. Ол мұндай тәртіпсіздікпен келісе алмайтынын, көмекке адам шақыратынын кесіп айтты.

— Егер қазір шықпасаңыз, милиция шақырам...

Miнe, қызық, керек болса! Өз ақшаңа заңды бұзды, қылмысты болды, сөйтіп милицияға түсті деген атты сатып алу қандай қорлық. Кезекші бақырып, ойбайға атын қосты. Моншашымен Мақан дауласып жатқанда жағылған сабыннан көзі ашып кеткен баласы бақырып жіберді. Іштен баласы мен Мақан сыртта моншашы айқайлап монша іші тау жаңғырыққандай болды. Ақыры баласын киіндірмек болғанда «жуынбай кетпеймін» деп баласы әлек салды. Өстіп Мақан өз ақшасына қорлық сатып алып сыртқа беттеді. Ол монша меңгерушісін іздеп еді, мұндай қорек кезде меңгеруші табыла ма, ол «бәрін жөнге салып» үйінде ұйықтап жатқан болып шықты. Сонымен Мақан шаршап-шалдығып, шағым кітабын зорға сұрап алды... Монша саяхаты жоқ, ғапу етіңіздер монша саясаты осылай аяқталды.

Аздан кейін баласының басының суы кеппеген Мақан ызаға булығып, баласын жетектеп бара жатты. Шамасы енді «үйдегі кірленді құдай аман қылсын» деп бара жатса керек. Ие мынандай болса моншаңыз бар болсын, үйдегі кірлендер аман болсын. Шіркін — темір дәуірінен бері адамға адал кызмет етін келе жатқан қайран кірлен десеңізші!

1957