23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

Ескірген ермектер






Жаңа жылды қалаға жақын колхозда қарсы алмақ болдық. «Ет дегенде бет бар ма!» дегендей дастарқан басына бәрінен бұрын Төлеутай екеуміз келіппіз. Ол болса әлі бас қусыра қоймаған, қу тізесін құшақтап жүрген жігіт, сондықтан да оның үйі болса да, кейде күйі болмай жүреді. Әредікте оның осылай жүре беретініне күйіп-пісіп, кейіп-кейіп алатыным да бар-ды. Қызмет аяқталып, сағат алтыны соға бергенде ол кеңсе есігінен қылқың ете түсті.

— Е, жол болсын!

— Бірге болсын, кеттік колхозға.

— Қой, бір қонақ болар жерге қона түстеніп, күні бұрын барып қылқиып отырғанымыз келіспес.

— Апыр-ау, жаңа жылға алты-ақ сағат қалды ғой.

— Алты сағат бұрын барып араным ашылғандай отырғанымызды үй иесі не демек?

— Өз басыңды ғана ойлайсың-ау, жазған. Менің қарным ашып, кәдірім қашып, ішімде біреу ит жүгіртіп, түлкі алып жүрсе...

— Е, өз обалың өзіңе.

Қалай өз обалым өзіме, алдыма қойған қазы-қартаны қалдырып кеткен жерім бар ма еді. «Жақсы тамақ қалғанша жаман қарын жарылсын!»

Менің ашуым ойнап басыма шыға келді білем. Содан соң оның қалай кінәлі болатынын бетіне айтып-айтып салдым.

— Екеу болмай тұрған өз обалың өзіңе. Кызметтен шықсаң қыдырып бой жазбайсың, үйіңнен аттап шықсаң, қадамыңды хаттап шығасың. Үйіңнен ұзап шыға алмаған соң, саған қай қызғалдақ қол артып, қай қайнаңкөз көз салсын.

Ол кінәсін мойындағандай, үндей қоймады. Бар айтары «Жаңа жылда, жаңа жылда...» дей береді, Осыған келгенде мен де оны аянқырап кеттім.

Жалма-жан қос етекті түріп алып, қос көзел автостанцияға келдік. Осы сағатта автостанциядан алты жүз жеңіл машина жүреді екен, біз соның өзінде алпыс алтыншы болып тіркелдік.

Кеш алдындағы қарбаласта біз де бір машинаға жармастық-ау әйтеуір. «Қарны ашқан қараша үйге шабар деп колхозға Төлеутайдың шашпауын көтеріп, шоқтығын арттырып мен де жеттім.

Келгеніміз ферма меңгерушісі Малдыбайдың үйі. Aл қонақ келгенде қойы байлаулы тұратын қазақ Молдекең де күтініп отыр екен. Дастархан толы түрлі тағам, Төлеутайдың жұтқынысына қарағанда исі танауын жарып бара жатса керек. Байқаймын, стол үстінде әдеттегідей қонақты көпіртep көкмойын да, қыздырар қызылмойын да көріне қоймайды. Оның есесіне шербеттің суы астың буы байқалады. Сағат түнгі онды соққанда бағанадан бері сілекейімізді жұтып, ішпей-жемей күтіп отырған құрдасымыз Болатбек есіктен көрінді ау, әйтеуір.

Күте күте көзіміз көгерген батырлар оны ортаға ала бастадық. Ол кешіккен сырын, жырын айтып еді, бәріміз де сол кезде сонымен бірге болмағанымыз-ай дестік.

Ең алдымен Болатбек өзінің жылдық, тапсырмасын кеше ғана зорға орындап қатты қиналған екен. Осы жағдайын баяндай отырып, ол Малдыбайға жармаса кетті!

Біраз кешіксем де жана жылдың жоспарын орындап жойқын күшпен қарсы алдым, орындай алмай қалсам не болар еді, орындаған ерді айтсаңшы. Япыр-ау, сен кімге күле қалдың? Дәнін жинасаң да егініңнің сабанын қалдырып отырмаушы ма едің?

Шынында Болатбек мүлт кетті.

Екі жыл артта қалыпсың, жолдас,— деді Малдыбай, — Біз жаңа жылды жыл сайын 1 октябрьде қарсы алатын болғанбыз. Жаңа жылға осынша кешігіп келіп отырып мынаның кебуін қарашы.

Болатбек бұл жағдайды әлі түсіне алмай отыр.

— Қалай бірінші октябрьде? деп сұрайды ол.

— Екі жылдан бері мал шаруашылық жылы 1 октябрьде қарсы алады. Колхоздар өз жұмысын жылдың осы бір шағында қорытады, сен әлі жұмыста ғана емес, жалпы хабарын да нашар болып шықты,— деп жaй мәнісін түсіндіріп жатыр, әмсе барлық жағын білiп, түйіп жүретін жаяу шежіредей Төлеутай. Ал Болатбек болса өзінің бұл үйге келуге кешігуін былай дәлелдеді. Қызметтен шығысымен өкпесін қолына ала жүгіріп сән ательесіне келеді. Жаңа жылды жаңа костюм киіп қарсы алғысы келген екен. Осы кезде оның сөзін жаңа ыза болыңқырап қалған Малдыбай бөліп жіберді:

— Ей, тапсырмаңды кеше ғана орындап отырып, сенің жаңа костюм киген неңді алған!

— Кеше бітірсе де, бітіріпті ғой, — деп Төлеутай екеуміз принципті қоя салып, ымырашылдана қалдық.

Болатбек әңгімесін сапырып жатыр.

— Содан ательеге келсем кезекке көз жеткісіз. Әрқайсымыздың киімімізді әрбір шеберге тапсырған екен. Мен көз көрім жерде тұр едім, қолымнан бір қыз жетектеп ала жөнелді. Қыз жетегінде кеткеннің арманы бар ма және оның жамандыққа ұрындырғанын көрген жоқ едім, тартынбай, мұрнын тескен тайлақтай жетегіне ере жөнелдім. Көзің жамандық көрмегір, сол қыз, міне костюмнің қалған жерін тігіп, кигізе салды. Сол қыз...

— Шіркін-ай, Төлеутайды да сүйрей кететін бір шүйкебас болмайды екен,— деймін мен. Ал Малдыбайдың ойы басқада екен, ол әлі де Болатбекті қажай түскісі келеді.

— Ол да сен сияқты, тапсырмасын уақытымен орындай алмаған біреу шығар, ателье де сондай. Жалпы өнеркәсіптің... Малдыбай Болатбекті ызаландыру үшін «өнеркәсіптің бәрі» деп отыр. Ал Болатбек оған шынын айтып жатыр. «Тұтыну көп, халық тілегі өскен» дей береді Ал оған Малдыбай одан сайын араның тұмсығындай тілін қадай түседі:

— Сендер жұмысты шабан істесеңдер, жұрт кінәлі ме?

Аздан кейін асыға күткен Жаңа жыл сағаты соғылып, үй ішінде қысысқан қолдар, «Жаңа жыл құтты болсын!» деген балалардың шіңгірлек дауыстары естілді. Тамаққа тойыңқырап қалған соң Төлеутайдың алғашқы ренжи шыққан даусы да қоңырқай тартып арғы жағына ел қонып қалғанын байқатады. Болатбек бір нәрсені жоқтағандай:

— Апыр-ай, ақаңның келмегені-ай!—деді.

— Жоқтап отырғаныңды жұтынғаныңнан танып тұрмын, ақмағамбет қой, ә?

— Ермек етейік, әкеліңдер ақаңды,— дейді Болатбек,

— Қой, қой,— дейді Малдыбай,— онан көрген қорлығымды айтпа, одан сегіз сөгіс, елу ескерту алғанмын. Енді оған қарай құдай аузымды қисайтпай-ақ қойсын. Ақаңды қойғалы аға атанып қалдым. Әйтпесе, осындай мейрамдарда жолдасым бала, төсегім дала болушы еді. Қасқырдың қымызын ішсек те осы колхоздан бәрі табылады. Ақмағамбетіңді атай көрме.

— Ол ескірген ермек қой, — дейді Төлеутай...

Ескірген ермек жайында қалды. Дастархан басында әрқайсысымыз ұстатпай кеткен Ғаиниімізді, жете алмаған Жібегімізді әнге қосып өз өнерімізді көрсетіп жатырмыз. Біреу бар даусымен барылдап, біреу шіңгірлеп, аянысып қалмадық. Аздан кейін үйдің ауасы тарылып, буымыз бұрқырап сыртқа шықтық. Жаңа жылдың жұлдызы жыпырлап, аязы бет қариды. Онысын ешқайсымыз елең қыла қоймадық білем. Қаладағы мұз айдынына барайық десті жігіттер. Колхоздың газигіне мініп бәріміз келдік. Мұз айдынына жақындап келгенімізде көптің арасынан баласын қолынан жетелеп шыққан әйел оған қатал сөйледі:

— Саған мен бір сағат сырғанауға ғана рұқсат етіп едім ғой — дейді.

— Мама, мен бір-ақ сағат сырғанадым,— дейді баласы аузын томпайтып.

— Енді неге үш сағат бойы жоғалып кеттің? Екі сағат кезек күтіп тұрдым. Сырғанақтың ескірген ермек еместігін бәріміз де білеміз. Бірақ, сөйте тұра мұны неге кеңейтіп, көпшілік пайдаланатын жағдайға келтірмейді екен дейміз. Ақыры бірер сағат тұрып, мұз айдынының кезегіне жете алмай театрға тартып кеттік.

Түн ортасы ауып барады. Театр есігіне келгенімізде біреу кіріп, біреу шығып жүр. Үлкен залда оркестр ойнап, күй жүйе-жүйемізге түсіп барады. Жөбішендіге еліге елти қоймайтын Төлеутай да аяғын ұрып, секең-секең етіп қояды. Мұны көргендер әлде «ескірген ермектен» бұл да сау емес шығар дер еді, шынын айту керек, бұрын «сорласам мен-ақ сорлайын!» деп тартып жіберетіні болушы еді, бұл жолы обалын көтере алмадық.

Жастардың ың-жыңына, би-билесіп, ән салғанына қарап тұрып талай уақытымызды өткізіп алыппыз. Нақ осы кезде залда концерт басталып кетіп еді, бәріміз құлақ ұрып тыңдаса қалдық. Төменін мецомен, жоғарысын колоратурамен алатын бір артистка «Бұлбұл» әнін шырқай кеп салды дерсің. Бәріміздің де қабағымыз ашылып, қатты риза болысып қалдық. Енді бір артист шығып еді, конферансье «Ақайша» әнін айтады деді. Осы әннің атын естігенде Төлеутай ренішін ішіне бүгіп қала алмады:

— Жыл жаңарса да, ән жаңармайды екен,— дейді

ол,

— «Ақайшаны» алты жылдан бері естіп келе жатырмыз,— деді Болатбек.— Мұның өзі неғылған ескірмейтін репертуар.

— Мұны да ескірген ермектің қатарына қосса, онша теріс бола қоймас еді. Бұл ескірмейтін репертуарды ерінгеннің ермегі ғана еткен жон ғой,— деді Малдыбай. Бәріміз де қоштағандай басымызды изестік. Нақ осы сағатта таң құлан иектене бастады. Барар жеріміз толып жатыр еді, амал не, бір түн уақыт жетпей қалды. Талай достардың да, талай әсем бұрыштардың да көңілін аулай алмадық. Оны әрине, жаңа жылға қалдырдық. Ия, ұмытып барады екенбіз. Төлеутайдың тойы да кейінге қалып барады. Амал не! Әйтеуір енді сол біржола Төлеутай есінен шығып кетпегей еді...

1955.