Әдебиет
Сөлпекбаевтың сөлекет істері
«Жастық шақ» киносы жаңадан театрларда көрсетіле бастаған күні таңертең газет редакциясының әдебиет-мәдениет бөлімінің кабинетінде телефон сылдыр ете түсті.
Сөйлеп тұрған Сөлпекбаев қой, сіздер осы мені неге сыртқа тебе бересіздер. Маған ештеме жаздырмайсыңдар. Менде ала алмай жүрген ұзында өштерің, қысқада кектерің бар ма?— дейді телефоннан шыққан дауыс.
— Сөлпекбаев жолдас,— дейді бөлім меңгерушісі Төлетай, — баспасөзге қатысуға әркімнің-ақ еркі бар. Ол сіздің конституциялық правоңыз, оны сізден алуға ешкімнің шамасы келмейді, жазыңыз.
— Ал, жазсам,— деді Сөлпекбаев,— мына экранға шыққан «Жастық шақ» киносына жазамын.
— Жазыңыз, екі күннен қалдырмаңыз.
Бөлім меңгерушісімен Сөлпекбаевтың арасындағы сөз осымен аяқталды. Телефон трубкасын қойған соң-ақ Сөлпекбаев бір әлекке түсті де қалды. Барлық кітап қағаздарын аударыстырып-төңкерістірді. Бүтін газеттер, жарты газеттер, қиынды газеттер, жұлынған кітап парақтары бәрі де көз алдынан өтіп жатыр. Бірақ, бұлардың ішінен іздегені көзіне ілінбей-ақ қойды. Оның ізден отырғаны осы киноға басқа газеттерде шыққан рецензияның кесіндісі еді. Іздегенін таба алмай, азырақ дем алып қарайын деп дал болып отырғанда, оның үйіне қыдырып Сырдаңбай деген жолдасы жетіп келді.
— Өй, әйеліңнен бөлініп жатқаннан саумысың, ақтарып жатқанын не?
— Әлгі «Жастық шақ» деген киноға рецензия жазып бермек болып едім. Соны қиып алғанымнан ептеп...-— дей беріп еді. Оған Сырдаңбай.
— Ол экранға жаңа шыққан кино, оған әлі ешбір газет рецензия берген жоқ қой,— деді. Сөлпекбаев осыны ести салысымен салы суға кеткендей сылқиып отырды, да қалды.. Міне деп ойлады ол, олар мені осылай келеке қылады. Әлі ешкім рецензия жазбаған киноны маған әдейі беріп, мені олар бір нәрсеге арандатқалы жүр. Әйтпесе олар маған оны неге береді? Мен неден қарап жазбақпын...
Екі күннен кейін Сөлпекбаевтың үйіне телефон шылдыр ете түсті.
— Сөлпекбаев жолдас па?
— Ия, ия.
— Бұл редакциядан сөйлеп тұрған Төлетай. Рецензия бітті ме екен деп...
—. Атай көрмегін, Төлетай жолдас, сендер мені отқа түсіре алмай жүрсіңдер ме? Әнеугі күні-ақ неткенмін, я, я, айтқанмын. Әлі ешкім жазбаған киноға рецензия жаз деп...
— Тілек білдірген өзіңіз едіңіз ғой.
— Шынымды айтайын ба?
— Е, енді өтірік айтайын деп пе едіңіз?
— Шынымды айтсам, орталықтан келер газет-журналдар күтіп жүрмін. Сол келген соң... кешікпей-ақ келіп қалар. Екі-үш күнге нелерің кетеді. Тіпті бүгіп почта болуы мүмкін.
— Сонда бұл қалай, Сөлпекбаев жолдас, сіз орталық газеттерден көшіріп бермек болып отырсыз ба?
— Ия-ия, жо-жо-жоқ. Турасын айтқанда, Юлий Цезарьдан басқаның бәрі ұрлап жазады емес пе? Көшіріп емес, нетіп қана. Әлгі, яғни, қарап жазып. Жо-жоқ олай емес, менің осындайда бір шатаса беретінім бар, рецензия жазуды ұмытып қалыппын. Өлең жазып бер десең ғой, онда... шіркінді несін айтасың...
— Сонымен рецензия жоқ па?
— Екі-үш күн күтсеңіз...
Екі-үш күн күтсе ондағы әңгіменің де түрі осы болар еді. Өйткені басқа газеттер рецензия бермесе ол қалай жаза алсын. Ең болмаса бір газет жазса екен-ау, әрине сонда ол жұқалап кірер еді. Әйтпесе мұның өзі буынсыз жерге пышақ ұру ғой. Кино рецензия жазғанда көшіріп, не аударып бере салатын козел енді қайдан рецензияны ойдан шығара қойсын.
Кешке қарай кызмет аяқталар кезде редакцияның алдына сөлбірейіп Сөлпекбаев келіп тұр. Ол үйінен шыққанда-ақ осында келмек болған. Кызмет аяғында Төлетайды ұстап алып, бір-екі жүз грамм жұтқызып, тамағын `жібітіп алайын, сонан соң қайда кетер дейсің, біздің адам болады ғой. Құлқыны құрғыр кімді ұрындырмайды дейсің екі-үш күн күтпейді деймісің, басын сырадан бастаймын ғой, әрине, деп ол менің айтқаныма жүре ме, жүрмей ме дегенмен ісі болмай оңашада жаман ойын осылай қорытқан болатын.
Есіктен шығып келе жатқан Төлетайды көрді де, Сөлпекбаевтың түсі кенет қуқыл тартып жүріп кетті. Бірақ Сөлпекбаевқа аяқ астынан бір батылдық пайда бола кетті де:
— Мына жерден сыра іше кетсек қайтеді?—деді.
Төлетай бұрын онымен ауызба-ауыз бір де рет сөйлеспеген тек сыртынан танитын. Ісі түскен адамына ол «сырасын» ала жүгіреді деп жолдастардың әңгімелегенін талай естіген. Міне сол сыра Төлетайға да айтылып қалды.
— Рахмет, мен сырқат адаммын, ішпейтін едім,— деді Төлетай жүре беріп.
— Іше кетіңіз, неңіз кетеді? Сырқат едім дегендердің сылқытып жіберетінін талай көргенмін. Талай жерден талайлармен таңдай жібіткен шығарсың,— деп Сөлпекбаев жанамалай берді, Төлетай оған «бармаймын» дедім ғой деп қайталап айтты. Бірақ Сөлпекбаев тағы сөйлеп кетті.
— Мұныңыз жұрттың бәрі айтатын сыпайыгершілік қой, жүріңіз. Шын мәнісінде таңдайыңыз құрғап-ақ тұрған болар, таңдай жібіте кетіңіз.
Бұл сол Төлетайдың шыдамын тауысып кетті білем: «Таңдай жібітетін мен әзір нәріге қойған жоқпын» деді ол Сөлпекбаевқа.
Жоқ, нәріккенді қайтесің, бәріміз де тамақ ішпей жүргеніміз жоқ жәй, әншейін жарты литр сыра ішсең... залал болмас дегенім ғой... — деді шімірікпестен Сөлпекбаев, сыпайылап тұрған «ыздан» «ыңға» көшіп. Әуелгіде Төлетай мұның сөзін көңіліне шам алып тұрды да., артынан оған:
— Сөлпекбаев жолдас,— деді ол,— қазан түбінде қатқан шеміршек қалды деген адам екенсіз өзіңіз, не деген бақай есеп адам едіңіз?!
Бір саптыаяқ сыраны көп дүние көріп тұрған Сөлпекбаев не дерін білмеді. Дегенмен саса қойған жоқ, ұялмады да, Төлетай кезекті троллейбусты күтіп тұрып, мінді де зырғытып кете барды...
Арада бірнеше минут өткен соң Сөлпекбаев бір әдебиет бірлестігіне тап бола кетті. Онда жиналыс өткелі жатыр екен. Күн тәртібіндегі мәселе жас ақын Өрентайдың «Үлкен жолда» деген дастанын талқылау болатын.
Сөлпекбаев кабинетке тыжырына кірді.
— Дастан кімдікі?—деп сұрады ол шетте отырған біреуден.
— Өрентай деген жігіттікі.
— Қай жердікі екен?
— Таясудікі.
— Ол қай жер?
Бұл жерге келгенде жаңагы шеттегі кісі әлдеқандай оймен мынаны алакөзімен бір атты да, аузына түскенін айта салды.
— Тарпаңтау...
Сөлпекбаев блокнотына оны-мұнысын түртіп алып отырғанда, айтылған пікірлерді тындай алмай қалды. Автор дастанын қалай жазғанын айтып өткен болатын. Өрентайға бірнеше сұрау берілді. «Кім сөйлейді?» деп басқарушының сұрауы мұң екен, «мен» деді Сөлпекбаев өзі шақырылмай келіп, рұқсатсыз кірсе де. Мұнын өрескел мінезін оғаш көріп, бұл не айтар екен деген пішінмен басқаларының екі көзі Сөлпекбаевқа тігілді.
— Мен Өрентайды білемін, ол Таясуда туған. Таясу деген Тарпаңтауда. Оның жазатыны тек Таясу туралы. Таясуда туып соны жазғандықтан, оның шығармасы жаман. Сондықтан...
«Сондықтанның» аяғын көпшілік айтқызбады. Сөлпекбаев шеттегі орындыққа отыра кетті.
Басқарушы өзінің қорытынды сөзінде Өрентай дастанының жақсы жағын, кемшілігін, ондағы адам образдарын сыпаттай келіп, Селпекбаевқа бурылды.
— Сөлпекбаев жолдас! Сіз Тарпаңтауда болдыңыз ба?
— Болған жоқпын.
— Онда Таясу деген жер бар ма?
— Мен қайдан білейіні
— Өрентай Тарпаңтауда атымен болмаған адам, оның үстіне мәселе творчествосында ғой... Сөзге жауап бере сөйлеу керек.
— Мен жауап беріп қайтем. Жауап беретіндер бере берсін,— деді де Сөлпекбаев орнынан атып тұрып, шығып жүре берді.
«Сыбағасын» алған Сөлпекбаевқа біреу ере шықты. Сөлпекбаевтың жаңағы сөзі өзіне қатты ұнағанын айтып, ол бұған жапсарласып қалмады.
— Қай жердікісің?— деп сұрады одан Сөлпекбаев.
— Жайық жағасыныкімін.
— Meн Шаған бойыныкімін. Ой, екеуміз туыс екенбіз ғой. Жалғыздық көріп жүр едім, мият таптым,— деді біріншісі.
— Маған да... Жалқұйрығым, бауырым,—-деп екіншісі біріншісін құшақтай түсті, тіпті көрісіп те алды, шұрқырасып жатыр.
Әйтеуір талай жылдың ішінде Сөлпекбаев мінездес бір адам табылды-ау әрең дегенде. Екеуі шұрқыраса кетті. Екеуі екі түкпірден болса да туысқан болысты. Анау Сөлпекбаевқа темекі тартқызды.
— Қайда істейсің?—деді Сөлпекбаев.
— Журналда.
— Пәлі, пәлі, міне қызық. Маған кітаптарға рецензия жазғызып тұрарсың.
— Әлбетте, туысқанбыз ғой. Менің фамилиям Куғалиев. Ал байланыс жасап тұр.
Капиталистік сарқыншағы басынан арылмаған туысқандарға бір ыңғайы келмей діңкелеп жүргеніңде «Кең жайлау» деген повесть жарыққа шыға келді.
— «Кең жайлауға» сын жазып бере қойыңыз,— деді телефонмен Куғалиев Сөлпекбаевқа.
— Апырай, қалай болар екен?
— Нe қалайы бар, реттеп жібер.
— Авторы қай жердікі екен дегенім ғой.
— Біздің елдікі, бірақ туысқаншылығы жоқ, мені де бауырына тартпайды, руды жоққа шығарғысы келеді. Маған көшеде кездескенде жүріңіз деп ізет білдірмейді. Тіпті ізетіңіз не? Әуелі жылы шырай да бермейді. Сондықтан оны соғу керек. Осыны соғу арқылы жерлестігі бар деген сөзден де құтылып қаламыз. Таңертең әкеліп беріңіз. Көрсін кім екенімізді. Ә, бәлем...
Сөлпекбаев ұзақ түнге отырды. Ойы құрғырға да ештеме түсе қоймады. Оншақты шөлмек сыра ішілді. Қазбектің бірнеше қорабы босады. Содан кейін ғана ойына түскенін жаза бастады. Мақсаты — жамандау. «Тақырыбы жаман,— деп жазды ол жол басынан.— Кең жайлау» дейді. Тар жайлау болмай ма екен? Біздік жайлауларымыздың көбі тауда ғой. Мұның өзі дұрыс емес. Тар жайлауды да көрсету керек қой. Кең жайлауда көп қозы өсті дейді, неге аз қозы өспейді, деп бір тұжырған болды. Бұл құнсыз кітап. Өйткені, құнсыз болғандықтан құнсыз. Баспау керек еді, мұны басу арқылы баспа үлкен қате жіберген. Өйткені, басуға тұрмайтын кітап. Повесте екпіндіні мақтайды, жалқауды да атай кетсе несі кетеді, жалқау жан емес пе екен» деген жерлері де кездесті. Не керек, осындай сарынды, қысқасын айтқанда авторды жерден алып, жерге салған рецензия таңертеңгі тамаққа дейін әрең жазылып болды. «Құдайға шүкір, құртатын болдық деп те қойды ішінен Сөлпекбаев.
Осының артынам құртпайтын жағдай да болып қалды. Шайын ішіп болып Сөлпекбаев есіктен енді шыға бергенде газет тасушы келіп қалды. Оның ойына бірдеңе түсе қалып, газеттің бүгінгі номерлерін қарап жіберіп еді, «Кең жайлауға» сын табыла кетті. Көзімен шолын өтіп еді, өзінікіне керісінше жазылған. Мұны оқығанда Сөлпекбаевтың көзі шарасынан шығып кете жаздады.
— Туысым, туысым деп, осы тумай кеткір туысым мені жарға итеріп жіберейін деп жүрмесе игі еді. Әй нысайы жаман осының,— деп жалма-жан газеттегі рецензияны көшіре бастады.
Аздан кейін Сөлпекбаев журнал редакциясында болды.Редакцияға Қуғалиев әлі келмеген екен.
— Рецензия қалай шықты?— деді отырғандар.
— Апырау, адам ойы адам ойымен бір жерден шыға береді екен ғой, мына газеттегі рецензия менің рецензиямнан түк айнымайды. Қалай бірдей болып шыққан десеңізші,— деп Сөлпекбаев сөзін соза түсті.
— Я, қалай бірдей болып шыққан...— десті редакциядағылар. Сөлпекбаев ұялған да, қысылған да жоқ. Оның ұялмағанына редакция қызметкерлері ұялып жерге қарасты.
— Мақалаңыз тым ұқсас боп кеткен екен,— десті олар. Ал Сөлпекбаев ешнәрсе сезбегендей бедірейіп отырды да қойды.
1955