Әдебиет
Соңғы мода
Гүлжан үйден жұмысқа кеткелі жатып терезеден далаға көз тастап еді, күн қабағын түйіп, қоңырқай тартып тұр екен. Кәдімгі қоңыр күз болыпты. Көшелердегілердің көбісі-ақ күздік пальто киіп алыпты. Гүлжан көктемнен бері киілмей тұрған ор жерінде бұдырмағы бар қара пальтосын алып, қағып-сілкіп киіп, далаға беттеді.
Өмірде қандай киім кисе де қопа кететін адамдар болады. Ондайларға шоқпыт шапан, мәуті пальтоның бәрі бір. Қайсысын кисе де жараса кетеді. Байланбаған құлын сияқтанып, мүшеленіп шыға береді. Шамасы оның өзі адамның дене бітіміне байланысты болса керек-ті. Гүлжанға да осы пальто құп жарасып тұр. Мұндай ерекшелігі бар екенін оның өзі де білетін-ді. Сондықтан да ол киім таңдап, немесе сән ательелерін қуалап жүріп көрген емес. Киімінің барлығын арнап тіккізбей, магазиндерден-ақ сатып ала беретін. Кейде оған жүйрікке жапқан жабудай жарасып, қопып тұрған киімін көріп таныстары «қай ательеге тіккіздің?» дей қалса, оның жауабы даяр:
— Мен нормальный жаратылған адаммын,— деп күле жауап беретін.
Киім туралы Гүлжанның өз философиясы да бар. Оның жоғарыдағыдай сұрақ беретіндерге айтатыны сол философиясы. Оның айтуынша оның сөзімен айтқанда нормальный жаратылған адамдарға магазин киімдері тура келуі тиісті. Өйткені фабрикалар киімді сол дене бітімі түзу жаратылған көпшілікке арнап пішеді. Ал дене бітімі басқаша келгендер ғана ательелерді аңдиды. Кейбір құрбылары Гүлжанның бұл сырын дұрыс ұқпай, өзінен басқа мұның үстіндегіні кимесін дейді, бір өзім ғана әдемі болайын дейді» деп танауы астынан күңкілдеп жүрсе, енді бірде абысын-ажындардың «сорлататыны сол Гүлжанның «жөнін айтпайтын» мінезі болатын.
Гүлжан осыларды ойлап бір жымиып қойды. Сөйтіп асыға басып аялдамаға келіп автобус күтіп тұрды. Нақ осы кезде жаңа ғана мұны өкшелей келе жатқан ерсі киімді қыз Гүлжанның алдына келіп қарама қарсы тұрып алып, көзін оның омырауынан алмай қадалып қалды. Басында уыққаптай әрі ұзын, әрі жіңішке бас киімі бар бұл қыз Гүлжанды көзімен ішіп-жеп барады. Адамда тұнжыр қара көздердің жұмсақ қарастары қанша қилы болса, сондай әдемі нәркес көздермен де неше түрлі жаман қарауға болатынға ұқсайды. Былай қарағанда бұл қыздың көздері де кішкентай қара тостағандағы енді-енді асып төгіліп кететін судай мөлтілдеп тұрғанымен артын ала тартқан сүрмесі, баттастыра бояған кірпіктері түскен жеріне инедей қадалып, сұққа айналғандай. Мұндай сұқты көздер бет алдыңнан қадалғаны түгіл, өзің көрмесең де ту сыртыңнан қараса да сезетін кездер болады. Сондықтан Гүлжан теріс айналып, автобус келер жаққа бұрылып кетті.
Қыз қайтадан Гүлжанның алдынан шықты. Тағы да оның омырауынан көзін алмайды. Гүлжан қысыла бастады. Омырауыма бірдеңе жағылып қалмады ма екен деп өзі де қарай беріп, пальтосына бастырған жамау есіне түсе кетті. Қыздың көзі осы жамауда екенін енді ғана сезіп, қатты қысылды. Ол екі қолын жинап, кеудесіне қойып, қусырып алды. Енді жамау қолдың астында қалды. Мұны байқаған қыз Гүлжанға жақындап келіп:
— Сіз пальтоңызды қай ательеге тіккіздіңіз?—деп тіке сұрады.
Қыздың пальто туралы бұл сұрауы көктемгі тұманды ығыстырған ебінің желіндей Гүлжанның бағанадан бергі қысылуын әлдеқайда қуып кеткендей. Бағанадан бері бұған тура қарай алмай тұрған Гүлжан енді мұны анық көрді. Мұрны істіктеу келген, жалпақ беттеу қараторы қыз екен. Тым өңсіз емес, тек екі бетінің сыртқа теуіп тұрған сүйектері ғана оны бүйректендіріп көрсетеді. Мөлтілдеп тұрған қара көзін өзі қолдан ойнақшытып, аласын көбейтіп жібереді. Сонда жаңағы мөлдір көз бар әдемілігінен айрылып, бірдеңе ұрлап, енді қуғыншы келіп қала ма деп сасқан ұры көзінше алақтайды.
— Мен ательеге киім тіккізіп көрген жоқпын,— деп тіке сұраққа Гүлжан келте жауап қайтарды.
— Онда қай ательеде істейсіз?—деп қыз жабыса сұрады. Гүлжан бұ сөзге түсіне алмай қалды. Қызық па? Қалай Гүлжан ательеде істеуі керек? Тіпті осындай үлкен қалада ательеден басқа мемлекет мекемесі, мемлекеттік кәсіпорын жоқ па екен. Әлде әйел адам ательеден басқа жерде істемеуге тиіс пе екен? Осы қыздың не білгені бар. Әлде біреумен шатастырып тұрған болар.
— Шырағым,— деді Гүлжан қызға өзінің отыздан асып қалған жасын ескере сөйлеп,— ателье дегеніңнің есігін ашып көрген емеспін. Қыз оған таңданғандай мойнын қылтың-қылтың еткізіп байғызданып қарады. Бірақ екі көзін Гүлжанның омырауынан алмайды. Нақ осы кезде автобус келіп, Гүлжан аяқкиім фабрикасына — жұмысына жөнелді.
Ертеңіне тағы да нақ сол аялдамада сол қыз сап ете түсті. Кешегіден әлдеқайда басқаша киінген. Бұл күні үлкендігі Түркмен құрашындай сабалақ бөрік киген. Үстіндегі пальтосы да кавказдықтардың кебенегі сияқты жүн-жүн. Ол жақындап Гүлжанға келді де, тағы да екі көзін жамауға `қадады. Тіпті күңгірт күздің ала-көлеңкелеу ертеңгі шағы ол жамауды анықтап көруге мүмкіндік бермеген соң, ол Гүлжанға жақындай түсті де, ұялмастан-ақ еңкейіп тұрып қарады. Бұған Гүлжан қатты қысылды. Ертең бұл жамаулы пальтоны кимеуге бел байлады.
Осы жамауы құрғыр-ақ әркімнің көзіне түсе берді. Мұны қайбір бастырайын деп бастырып еді. Бұл су жаңа қара пальтоның оң жақ кеудесіндегі жалғыз түймесі салулы тұрғанда үйдегі кішкентай тентегі — Алмас келіп етегінен тартып кеп кетті. Жалғыз түйме баланың қатты жұлқығанына шыдамай, орнымен жұлынды да қалды. Сөйтіп Гүлжан жап-жаңа пальтосын кие алмайтын болған соң оғам амал іздеді. Оны тігейін десе келмейді. Сонан соң жамауға тура келді. Бірақ ине-жіптен жаңа пальтоға жамау салудың өзі жақсы ма, бадырайып, көзге соғып тұратын болды. Сондықтан оған салған жамауды бір түрлі қошқар мүйіздендіріп қиып жапсырды да, сол жағына да сондай жамау салды. Енді ол әдейі сән үшін бірге тігілген нәрсе болып көрінді. Гүлжанның сонысын бетіне басайын дегендей мына қыздың ұялмай үйіліп тұрғаны мынау.
Қыз жамауды ұстауға ұялды білем, бірақ бүйтіп ұялғаны бар болсын, тұмсығын тигізе жаздап қарады. Бұл үйілген соң аялдамағылардың бәрінің назары Гүлжанның кеудесіне ауды.
Сәлден кейін қыз кетті. Ол жорғалай басып барып қарсыдағы үлкен есікке кіріп, бүгін бар, ертең жоқ модадан зым-зия болды. Осының артынша автобусқа мініп бара жатым ол үйге Гүлжанның көзі түсіп еді, маңдайында «Шыңбұлақ сом ательесі» деп жазулы тұр екен.
Қара пальто қайта киілмейтін болды. Арада біраз уақыт еткенде көшеде көкірегінің екі жеріне жамау жапсырылған қара пальто киюшілер көріне бастады. Гүлжанның жаңа матаны неге бүлдіретіндіктерін «Шыңбұлақ» ательесіне» барып айтқысы да келді. Бірақ бұл кезде жамаулы қара пальто тым көбейіп кетіп еді. Сөйтіп Гүлжан да қара пальтосын қайта киіп алды. Енді бұл жамаулы қара пальто емес, керісінше ең соңғы модамен тігілген әсемдік өнерінің сәулетіндей пальто болып шыға берді.
1963