Әдебиет
Ауру астан
Егіннің де, малдың да жоспарын орындап, жаны жаңа жай тауып отырған Жолтайға сауыншы қыз Күлшай кірді де:
Сіз жас болып көрдіңіз бе, жаныңыз бар ма?—деп бір бүйірден сұрақты тіке, тиісе қойып қалды. Науқан уақтысы болса мұндайларға біріне олай, біріне былай жүре жауап берер еді. Қырыққа келгеніне бес жыл болса да, сұрағандарға қырықта болып шыға беретін қырмасақал Жолтайға «жас болып көрдіңіз бе?» деген сөздер өңменінен өтіп кетті. Екі-үш күннен соң қылтың етіп тағы бір жас қосыла кеткелі тұрғанда мұның өзі жығылған үстіне жұдырық сияқты болды.
Сүт, саумал дауы ұлғайып кетіп, ақыры аупартком бюросынан сүмірейіп шығарғалы да бір-ақ апта. Сөйлегендердің бәрі «Үшбұлақ» колхозы, «Үшбұлақ» колхозы деп дүниеде осы екі ғана сөз қалғандай құлағын сарсытып еді. Үйге келіп, «үш жүздің орнына бес жүз» бар деп Жолтай жылқы фермасы меңгерушісінің жанын жаман қысып, саумалдай сапырып, қымыздай күпілдетіп еді. Қарқынын қалай арттырғанын, қалай көбейткенін құдайыңыз бен құдай жаратқан Құрақбай білсін, екі күннен кейін-ақ екі жүз литр қымыз қосылып шыға келді...
Енді қымыз дауы да бітіп жаным жай тапты ма деп, көңілін домен отырған Жолтайды қыздың д.ауы қысып, шеңгеліне бұрып әкетті. Күлшай жаңа жылда күйеуге шығады екен. Соған соңғы сәнмен киім тіккізу керек. Жолтай әдеттегідей оның сөзін елер де, елемес те еді, бірақ бұған партком секретарының өзі араласты. Жол біледі, жолдастары мол деп бұл іс Жолтайға тапсырылды. «Бармаймын» деп қыңырайып та, қиқалақтап та көрді, бірақ басқарма: «босатпаған өзің екенсің, енді өзін, түзе» деді.
— «Дау қарындастан» деген осы дағы. Бұрынырақ айтпадың ба мұныңды. Жана жыл жақындағанда айтып,— деді бастық зікіңдей машинаға отыра беріп, өшін солай алғандай отырғышты `солқ еткізіп.
— Құлақпен тыңдамай мұрынмен тыңдаған солай болады да,— деді Күлшай. Бастық әңгімесін қатал бастап, жұмсақ аяқтады.
— Дегенмен, жас болдыңыз ба дегенің қалай, жас емей кіммін? Қырыққа жаңа келдім.— Қыз қысылмады:
— Қырық емес ертең, бүрсігүні қырық алтыға шығасыз, елуге келіп ел ағасы болды деген осы-дағы.—Әңгіме шорт үзілді. Күлшай ұнамай қалды. Көріне көзге ақ тісін сары, жас жанып көрі қылып отырған адам қалай ұнасын. Жолтай құйқасы құрысып, күйген терідей бүрісіп біразға дейін үнсіз қалды.
Өзі бастық болып үйренген кісінің ісі біреуге түсе көрмесін. Бастық басымен басқа мекемелердегі әншейінде көзге ілмес кішкентай біреулерге кішірейеді. Оның үстіне кішірейгенде істей қойса жақсы әйтпесе... Ол алдымен аларып. Сазарып кеудесін керіп көріп еді, болатын түрі жоқ. Ешкіні апа, текені жезде демеске болмады. Жыл аяғы жақындап, әркім-ақ жанығып жатыр. Бастық біреудің қолын мақтап, біреудің жолын мақтап, жанұшырап жүріп киімді әрең дегенде бітіртіп алды ау, әйтеуір. «Кісідегінің кілті аспанда» екені рас-ау деп бір түйді осы жолы ішінен.
Кеше Жолтай машинасына отырып тағы да асығыс сапарға шықты. Бұл жолы біреу үшін емес өзі үшін. «Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар» дегендей, шоферге де үсті-үстіне бас-бас деп қоймады. Асықпай қайтсін жаңа жылға бірнеше сағат қана уақыт қалды. Ал, мұның әлі үстінде ескі жылдың ескі кірі езіліп тұр. Кеудесінде жаны бар адам ескі жылдың кірін жаңа жылға апарар ма? Оның үстіне отырар ортасы да, бас қосар дастарқаны да өзгеше. Осындайда қаймыжықтай жұқа еріннің бірі: «ойбай-ау, бастықтың тамағының...» деп жүрсе, оны бір желім ауыз, жез таңдай жебелеп іліп әкетсе отыз тістеп шыққан сөз, отыз рулы елге жайылса не болмақ? Сондықтан да алыс та болса, ауданға моншаға түсуге аттанды. Жазды күні монша дегендерге «Қастектің суы жетпей ме» деуші еді, өзіне келгенде бір жақсы жері ол есіне түскен жоқ.
Қас қылғандай мұндай күні монша босай қоюшы ма еді. Есіктен кезекке тұрған ел екі көшеге созылыпты. Екі аяқ талып, өзі налып, Жолтай түс ауа кезекке жетіп, содан ырымын істеп шыққанша қыстың қысқа күні еңкейіп те кетті. Жөкеңнің тілі аузына сыймайды. Шөлдеп кетті. Мұндайда, шіркін, тобылғы торы сыраны сылқитса ғой... Бірақ не керек, ауру астан демекші, оған Жолтайда іш қайда? Сыбағасын берген де осы сыра емес пе еді. Ішінде запыраны көбейіп кетіп, жыланша шұбатылған резина жұтып, бірнеше рет құсық алдырғаны есіне түсіп, қарап тұрып лоқсып-лоқсып жіберді. Ойланып қалды:
— Қап, өлгеніңді бір-ақ білетін, осы дәрігерлер де пәле болды-ау, ет жесең қаның көтеріледі, арақ ішсең ақылыңды ішесің, шай ішсең, жүрегіңе, су ішсең бүйрегіңе жақпайды деседі. Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай. Әйтеуір бәрінің айтатыны сүт қана.
— Тарт қымызханаға, қосшы бала!
Қысқы қымыз қанша көп? Қысыла, қымтырыла тұрып, кезегіне жетіп: «қысты күнгі аз қымыз, аз да болса саз қымыз» деп Жәкең екі және кесесін тартып жіберді. Дүкеннің қымызды «Үшбұлақ» колхозынан алғанын білген соң, арқасы қозып кетіп, тағы бірін сіміріп салып, жөңкеріле, машинаға келді.
— Тарт ауылға, қосшы бала!
Машина ызғып жөнелді. Қысқы шоқалақ, қатқан қисық жолдың доңғалақ екі жағына кезек соғады. Жүрісі жаман аттың желісіндей. Іш шайқалып, бас айналып, Жәкеңнің жүрегі лоблыды. Осындай қыс күні қызыл шұнақ аязда іші құрғыр қылп етіп, бір белгі беріп өтті. Алып барады. Ауданнан ішкен ауыл қымызы қазан толмасты шеңгелдеп, ішті бүріп, бүрістіре түсті. Машинадан түсе бергенде тағы бір қылп етті... Жолтай үйге келе домалады:
— Ойбай, дәрігер!
— Байқұс-ау, ол бізде бар ма еді?— дейді жұбайы.
Жан-дәрменде Жолтайдың көз алдынан бәрі өтіп жатты... Тігін мастерскойы, монша, дәрігер, ақырында Құрақбайдың үш жүзді қалай бес жүз қылғаны... Іш... Қымыз... Ауру астан деген осы-дағы... Науқанбасты болып, шаруашылық астында ұмыт қалғанның бәрі жылт берді...
— Ойбай, дәрігер, ішім!—дей берді Жолтай.
Ауру астан деген осы-дағы. Мүмкін, бұл аурудан да оны Жаңа жыл жазар. Жазылғаны жақсы, арылғаны жақсы. Біздің тілегіміз де осы! Ал Жаңа жыл, төрге шық, осындай кейбіреулерді емдей гөр, болмағанды болдыра гөр!
1960