23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

Сегіз кісіге бір қасық






Жұқалтаев «Жұмай» колхозына председатель болып барарда ой дариясына шомып, өзі барар колхоздың болашағына көз жіберіп алды. Тіпті әжептәуір, оқыған жігіт өзі қызмет етер жерді қалай ойламай тұра алсын: «Болашақ! Болашақ деген мына біз, жоғары білімді председатель. Біз болмастың бәрін де жасаймыз, колхоз малынан ақ майды да ағызамыз, ақ сүтті де сорғалатамыз». Бұл ойына Жұқалтаев колхозда ол басшылығымен жасалатын ірі құрылыстар мен мәдени ошақтарды көрді. Көзін жұмып жіберіп еді, оның алдынан ақтылы қой, алалы жылқы, боздаған інген, өкірген өгіз өтіп жатты. Шұнаңдаған лақ көрініп, шыңғырған торайдың ащы даусы естілгендей болды. Ара-тұра есек екеш есек те ақырып құтын алды. Ал егіншілік ше? Ол бір бұлыңғыр дүние болып, көмескілене берді, көз алды мұндай ретте тұман тартып тұңғиық түбіне кеткендей тыпыршыды.

...Егін орағы басталып кетті. Председатель Жұқалтаев машинаға мініп алып, жүйткітіп қырманға барды, қырманнан ауылға келді. Көбіне жүретін жолы осылай аяқталушы еді. Осындай әдетті саяхаттың бірінде ол бұрынғы жолынан жаза басып «Егінді қоңырда» астық жинап жатқан комбайнға келді. Ол трактордың тырылдаған, комбайнның гүрілдеген дауысын егістің ана басынан тұрып естіп кері қайтып кетті. Жүріп жатқан көрінеді. Одан әрі не бар? Оның жанына бару үшін арнаулы костюм киіп келмесе, ақ кителім былғанады деп қаймықты. Ақ киімнің аты ақ киім, оның үстіне жібек. Оған егін қағары тынбай айналып, барабанынан сабан-топанды, бақал мен қауызды тынбай атқылап тұрған комбайнның майлы топырағы түгіл, жаныңнан жанап өткен механизаторды көргеннен-ақ Жұқалтаевтың есі шығып кетеді, Сондықтан...

Председатель келесі күні егіс басына тағы келді. Гүрілдегеніне қарағанда комбайн жүріп жатса керек. Әлдеқалай аңызға қарап қып қызыл болып төгіліп жатқан бидайға көзі түсті. Несі бар, бар болған соң төгіледі дағы. Жоқ болса несі төгілер еді. Топанмен араласып төгілген бидайды жанындағы адамдар-қос уыстан алып, ұшырып көрсеткенде ол әлдеқалай мұрнын тыржың еткізді. Жата берсе келесі жылы әзі көктеп шықпай ма, мына жанындағылар да қызық. Масақ қалмай астық жиналушы ма еді. Осы жұрт та әбден құдайсыз болып алған. «Егіндi қоңырдың» егісінен төгілген бидай сонау қайқаңға дейін қайыспай кетіп жатыр. Жұқалтаев мұны көріп тұрып, мұртты бригадирге қарап өзінін қырбақ мұртын сипап қана бітірді. Менің де мұртым қалыңды жердің шоңайнасындай болып өссе, өстіп жерге түскен жарты дәнді тауықша қарап тұрар ма едім дегендей.

Жұқалтаев қырманға жақындағанда механизаторлардың аспазы Надежда балшық пеш үстіне қара қазан, екі үре шәугім қойып, жалпылдатып от жағып, ас пісіріп жатыр еді. Пәлі, шіркін-ай, деп ойлады ол. Біздің мемлекетіміз не деген бай, мына жанармайды аспаздың отқа лақылдатып құнып, лапылдатып жағып тұрғанын қарашы. Сонау «С-80» тракторын жүргізген мынау жанармай тамағыңды пісірмей жанын қояр ма, сірә! Қарашы, қарашы! Жануын қарашы! Лап берген алау пештің алдындағы мұнай тамған алаңның екі метр жерін шарпып, қара түтіндетіп, өзін отқа құюшыға өшіккендей, пеш үстіндегі шәугімді, қазанның қақпағын бір-екі қауып, отты тілімен жалап-жалап алып жанып бітеді. Оған Надя көлбақырмен толтырып тағы май құяды. Сөйтіп егін жинау үшін жіберілген жанар май нақ осындай екі пешке есепсіз жалпылдатып жаға берді. Мұны көріп Жұқалтаев оттың өткірлігіне қызығып та қарады. Мен де неге оттай болмады екенмін деп бір қалды. Ақыры өздеріне бұл әдетке айналған жағдай болған соң өтіп бара жатыр еді, ойда жоқта бір қызық оқиға оның көңілін аударып жіберді.

Жана ғана тамақ күтіп отырған механизаторлар орындарынан асығыс тұра келді де, жапырлай қазан басына қарай лап қойды. Олар дуылдасып-шуылдасып «түйе түйе» ойнаған балаларша бірінің бірі етегінен ұстаса кетті. Кейбірі керілдесіп, кейбірі дауыс көтерісіп те қалды.

— Сексенбай сенен кейін мен,— дейді тракторист Сәрсенбай комбайнерге қарап.

— Жоқ, сенен басқаның аузы жоқ па? Сексенбайдан соң мен,— дейді комбайнер Гриша.

— Неге мұнша дауласасыңдар. Мен қасықты қайдан тауып бермекпін? Ыстық шөмішпен бастарына бір-бір салайын ба!?—дейді аспаз Надежда. Аналар қалжыңдап салып қалса, салып қалар дей ме, сескеніп шегінісіп кетеді.

Байыбына бара келгенде бұл қасыққа талас екен. Қостағы қырық механизаторға бес қана қасық бар екен.



Күндіз бәрі сыпыра егіс басында жүргенде ойларында ештеме жоқ, кешке қас қарайып, қарын ашып, қасыққа қисыпыр таласады екен. Қайтсін, қиын-ақ! Піскен астық күйігі жаман дегендей, алдында мөлдіреп ас тұрса, пияздың, бұрыштың исi мұрынды қытықтаса, жұтқынып қасық таппай сіз отырсаңыз, ішіңіз құрылдап, тамағыңыз жыбырлап бара жатса, нағыз қорлық осы емес пе! Сол бір кезде сегіз кісі бip қасыққа қарап тұрса, о дүние деген! Ол дүниеңіз тарылып жүріп бермей ме!?

Мына қасықты ал біреуін, деп Надежда бұрыла беріп еді аспазды аңдып тұрған көкала күшік шелекке басын қойып жіберді. Нақ осы шуға жұрт бұрылып көңіл алау болғанда қасық алуға ұмтылған комбайнер Ұлтанның нанын қырман басына, колхоздың еркін астығына әкеліп қойған әлде кімнің ала шошқасы қорсылдап ала жөнелді. Қасық тиген біреу тамақты май татыпты, бірі ыс татыпты деп жатыр. «Ала шошқаның өзін алып ұрып сойып жер ме еді» деп кіжінгендер де бар. Бұл жерде председатель ит пен шошқаға зоотехниктік жағынан қарап, медицинаны ұмытып кетіпті. Ол өзінің зоотехник екенін осы жерде есіне тағы бір алды. Сондықтан болар көз алдында ала шошқа тұрып алды.

Қырман ортасында тазаланып, майқандалып жатқан астықтан өте беріп, автомашинаның комбайннан әкелген астықты өлшемей төгіп жатқанын да председатель көре кетті. Есептеп алған астықты кесектеп жұту қиын болады. Оны да іші біліп тұр...

Miнe, осының бәрін көріп жүргенде ымырт жабылып кешкі ас ішетін уақыт та болып қалған ба қалай, Жұқалтаевтың қарны қатты ашты. Әлде бір борщ ішіп, не бip салат жегісі келді. Тіпті сапырулы сары қымыздан бір жұтсам деп те ойлады. Бірақ, амал не осының бәрі де қос басында болмай шықты. Бар болса пайдасы тиер еді, жоқты іздемей-ақ барды ұйымдастырмаған бұл сорды өзінен көрмесе кімнен көреді. Механизаторлар асханасынан-ақ ішіп кетер еді. Председатель осыны ойлап ұзақ ойға кетіп еді, механизаторлар оны қайдан білсін. Өз жағдайларымен болып кетті, енді қайтеді? Сегіз кісіге бір қасық.

1956