23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

Тұқырту






Құрымбек бойы тайдың бір кескен шұжығы сияқты, былтықтау келген адам. Тіпті тайдың шикі шұжығыма оның бет-жүзі де ұқсайды. Кішкентай ғана ашуланса болды, бетінде әншейінде аз байқалатын, шешек дақтарының орны шұқырайып, бадырайып кетеді. Бір қызығы осыған бейімделгендей шынысы қалың мүйіз көзілдірігінің арғы жағынан көзі де теке көзденіп шыға келеді. Онша ұзын, онша қысқа емес, қырықтырып, тік тарайтын қою қара шашы жаңағыдай қобырағанда кезінде ит көрген тау тағыланының садағындай дүрдиіп кетеді. Онсыз`да іркілдек беті ауыр көзілдірік басқан соң көз алдының етін де төмен ысырып, быттитып жібереді. Ал ашуланса осынын бәрі талаураған шиқандай күлгін-көктеніп көрінеді.

Құрымбек заводтың бас инженері болып белгіленгеннен бері үнемі осылай талаурап, бұжырланып жүретін болып кетті. Көбіне жақсы адамдардың қызметі өскенде оған бір белгісіз абаттық пайда болып, мінезі майдай есіліп, ізгілік дүниесінен келген өкілдей жылуы сыртқа теуіп тұрады. Ал Құрымбек болса, тіпті өзгеріп барады. Ол осы кезде күлуді біржола ұмытып қалғандай. Егер нақ осылай бара берсе дейді төңірегіндегілер тіл-ауызын да қойып қалуы мүмкін-ау. Бірақ, ондай сөзді айтушылардың болғаны сияқты, сол төңіректе оның тілеуқорлары да бар. Олар: «құдай-ай, сақтай көр, мына тілеуің құрғырлардың қалай тілі жаман еді, Құрекемді аман қыла көр» десіп жағаларын ұстасады. Әрине, оңашасы болса, «аузыңнан шығып жағаңа жармасқыр», «жағына жылан жұмыртқалағыр» дер еді, мемлекеттік кәсіпорында отырған соң ғана олар іштерінен танысады.

Құрымбектің бұлай бұжыраюын алғаш жұртшылық завод партия ұйымының үлкен жиналысында байқады. Нақ сол күнгі жалпы жиналыста завод директоры цех бастығы Әріповты қатты мақтады. Оның адамшылық, өнертапқыштық қасиеттеріне тоқтады.

Бірақ осыдан бес күн бұрын цех іші сыпырылмай қалды,— деп іле бұртия қалды.

Отырған жұрт бір жағынан бұған таңдана да қарады. Бұрын екеуі бір цехта істегендіктен олардың аралас-құралас жүретіндіктері болатын, бірімен бірі шекісіп те көрмеген-ді. Ал бұл жерде келіп «жерден жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей Әріповке Құрымбектің қиястық еткенін көпшілік түсіне алмай да, ұнатпай да қалды. Оның үстіне Әріпов басқаратын цехтың жұмысы қандай десеңізші! Барлық цехтың алдында. Өзі де тым сыйымды жігіт. Ол бір адамға сен деп сөйлемейді. Жұмыстағы кемшілігіңді «сіз» деп сызылып отырып-ақ айтып жеткізіп, өңменіңізден еткізіп жібереді.

Құрымбектің сөзін жақтырмай қалғандар көбірек болды. Бірақ «тапқанын-ай, шіркіннің» ден көбі-ақ танауы астынан күңк-күңк етумен тынды. Ешкім суырылып шығып ашық кете алмады. Ал Әріпов ешнәрсе білдірген жоқ, тіпті бір жағына жара, алдына түсіре тарайтын шашы да, сұр өңі де, келтелеу мұрны да әр нәрсені аңғармақ болған сырттан қадалған сұқ көздерге түк те байқатпады. Оның есесін мен берейін дегендей Құрымбек онсыз да жоқ, қыртиған мойнын ішіне тығып, қайта-қайта қалың көзілдірігін түзеп, жағасы қысып буындырып тұрғандай өңі қызарып отырды. Бас инженердің қабағына қарамай, түкситіп кеткен сол бір жиналысқа не айтарсыз.

Сол бір партия жиналысына риза емес Құрымбек қана ден ойлайсыз ба? Жоқ, ол жалғыз емес. Оған Әріпов те іштей наразы. Наразы болмай қайтсін. Құдайекең жаратқан қысқа күнде бас инженер қырық шақырып алын, қамырдай илеп, сағыздай созып отырса, жөні келген жерде құйрығын инеліктей қадап, көп алдында көміп, тірілтіп отырса, құранды жатқа білетін қари да құдайына рахмет айта қояр ма еді.

Ит айдағандай болып жүргенде Әріпов дирекцияға шақырылды. Төрт көз түгел. Мәжіліс шұғыл басталын, тез бітті. Бүгін неге екені белгісіз Құрымбектің бойы өсіп қалған секілді. Әлде тұрғанда аласа адамдар отырғанда биік көріне ме екен? Қызық. Бірақ суға түскен бидайдай

бөртіп отырған жайы бар. Сәл ғана уақыттың ішінде көзілдірігін әлденеше түз.еп, теке көзін бір нүктеге қадап бадырайып қалды. Тас құдайға ұқсап барады.

«РЫС-Т» машинасы жайындағы сызықта қате кетіпті. Оған қоса Құрымбектің айтуынша әнеугі күні цех сыпырылмай қалды. Бірде цехтың есігі қисық жабылыпты, белгілі мастер Бақыт қылқың етіп қызметтен қырық секунд ерте кетіпті...

Директордың да тісі әбден қайралған екен.

— Ендеше Әріпов орнынан алыпсың!

— Алынсын. Келісім бе?

— Келісім.

— Алынсын!

Әріпов үндеген жоқ. Тіпті қиналмаған да сияқты. «Алынсын» дегенді естігенде Құрымбек күліп жіберді. Күлкі! Адам қасиетінің бірі — қайран күлкі! Құрымбек те күлді. Күлкі қайта оралды. Қарауындағылар әйтеуір Құрымбектің күлгеніне қуанып қалды. Бірақ оның қандай күлкі екеніне олар үңіле қойған жоқ.

Соңғы кезде көбірек айналысатын үйдегі ісі — философия Құрымбектің күлкісін қайта тыйып тастады. Философия — ол күлкі емес. Ол комедия, сықақ, әзіл-оспақ әңгіме емес. Ол байыпты пән. Оны оқыған адам күлуші ме еді. Қайта неғұрлым үндемей жүрсе, солғұрлым салдарлы, салмақты көрінбей ме? Тіпті инженерге лайық оқитын пәннің өзі осы ма, қалай?

Құрымбек өз үйінде. Ұзын диван-кроваттың ортан белінен келіп, бірақ, соған дейінгі ендікті тегіс алын жатыр. Қолындағы философиялық сөздікті жаттай түседі. Бірақ бірыңғай, күнде басқа нәрсе араласпай жей берген тағамның тамақтан зорға өтетіні сияқты мұның өзі миға кірмейді, басы құрғыр алғыр-ақ сияқты еді, бара-бара топан тығып қойған бірдеме сияқты, оқығанды айнала беріп ұмытып қалады.

Құрымбек шот маңдайының терісін құрыстырып екі қасының ортасына жинап алды. Қабақ түйілгендіктен бе, әлде не алайып бара ма, көзінің аласы көбейіп кетті. Құрымбектің нақ осындай қиналып жатқан шағында оны әйелі Манат тамаққа шақырды:

— Құрымбек, тамақ іш!

Құрымбек дейді! Құрымбек! Осындай да ат болады өмірде, ә? Қазақта дүниеде ат жетпегендей Құрымбек, Жұрымбек, Жырымбек, Үрүмбек деп қоя береді екен. Бегі бег-ақ болсын, ал құрымы, жырымы несі ей? Сөз таппады ма екен. Адамның аты бүгінгі күнге лайықты болуы тиіс, ол философиялық, логикалық мағынаға толы, түгел болуы керек емес пе. Әсіресе Құрым мен Жырымды айтсайшы. Ондай адамдардың әкесі ат қойғанда не ойлады екен, о! Тоқта, тоқта... Ойбай-ау, Құрымбек әуелі менің атым екен ғой.

Құрымбектің төбе шашы тік тұрып, қабағына қайта қатпар жиналып, бірнеше қабат тау орнап қалды. Әйелі қайта тамаққа шақыра келгенде енді фамилиясын, тағы фамилияларды бүгінгі күннің тұрғысынан бір қарап, талдан өтпек еді. Манат қайтадан кабинет есігіне үңілді:

— Құрымбек, тамағыңды іш.

Аяғына тапқа киіп орнынан тұрды. Далада киетін туфли де жақсы екен, ол ең болмаса бойын төрт-бес (биік көріну үшін өкшені арнап жасатады) сантиметр болса да есіріп көрсетеді екен. Тіпті кеңседегі кресло қандай жақсы, адамды биіктетіп жібереді. Кексе мәртебесінің жөні бөлек қой. Құрымбек өзіне өзі риза болмаған күйі типың-типың етіп келіп, дастарханға үнсіз отырды. Стол үстіндегі лағманға көзі түсіп қабағы қайта түйіліп кетті. Бірақ әйеліне айтпады. Оның ұнатпағанын әйелі де біліп отыр, бірақ ол да үндеген жоқ. Шынында осы лағман, манты дегендер немене? Шұбатылып кеспесі, жоңышқа шайнаған малша малжаңдап отырғанын. Осынын орнына тамақтың бір жапа түрін ойлап табуға болмай ма екен. Осы Манаттың өзі қалай кеспеге қарайлай береді!? Бұл неге атам заманғы тағамға үйір, а?..

Құрымбек осыларды тәптештей ойлап біткенде табақтағы кеспе де түгесіліп еді. Құрымбектің осы ойын біліп қойғандай күн де түнерген қалпында дастарқан басында отырып қала беретін Манат бүгін оған екі көзін қатты қадап алыпты. Ол тамақ ішіліп болысымен салыңқы қабағын көтермей жүре берген Құрымбекті бір сәт тоқтатқысы да келді. Бірақ үндемей қайта қоя салды. Тіпті мұның өзі не болып бара жатыр?! Барлық жолдастардан ажырадық. Бір адамның үйіне кіріп шығуды қойдық. «Бұрын да болса сорлы едің, ит қапқан соң не сорым» дегендей, бұрын да аяқ-табақ ауысуы аз үй осы кезде біржола сап болды. Құрымбектің бірге оқыған жолдасы өзі сияқты инженер Аролла да келгіштеп жүріп-жүріп, ақыры бұл жактырмай, үндемей қойған соң келуді біржола доғарды. Тіпті Манаттың өзімен сөйлесу де жайына қалды. Енді не болар екен?

Нақ осы бір кезде сырттан жүгіре кірген он үш жасар Жанар шешесінің ойлы жүзіне қарап состиып тұрып қалды. Оның ойы да көп еді. Қазір әке-шешесімен циркке бармақ еді, балалардың көбі-ақ әке-шешесімен барады. Ал Жапардың әкесі тіпті оны ұмытып кеткен сияқты.

— Мама, әкем үшеуміз циркке барайық. Жанаттар кетіп барады.

Жапарға шешесі не дерін де білмеді. Сәл томсырайып отырып барып жауап қатты:

— Әкеңе айтсаңшы. Барсақ, барайық.

Жанар жүгірген бойы әкесіне кетті. Құрымбек есік ашқан қызын түксиіп, суық қабақпен қарсы алды. Бала оны байқамады ма, әлде әкесінің ондай қабағы үйреншікті ме, оған қарамады:

— Әке, апам үшеуміз циркке барайық.

Әкесі үн шығармады. Саптыаяқтан екі ұрты екі құрт тығып алғандай сыртқа теуіп кетіпті. Тіпті оның ұрты көп үрлеп, бірақ, дұрыс үрлемегендіктен бір жағына ауа жайылған шардың құрышы сияқты көрінеді. Шардың ондай жерлері жұқарып барып парс етуші еді. Мүмкін әкесі ауырып отырған шығар.

— Әке, бір жерің ауырып отыр ма?

Әкеде үн жоқ. Жанар енді байқады, оның тек екі ұрты емес, тамағы да кебіңкі сияқты. Бұғағы да салбырап, сиыр әукесіндей бос жатыр.

Әке, киноға барайық.

Әкеде үн жоқ. Көзілдірігін бір түзеп, теке көзін алаң еткізіп жұмсақ күмпілдек диван-кроватты ортасына түсіре солқ дегізіп, теріс аунап кетті. Қолындағы өзіне баспаханадан лайықталып жасалғандай, кішкентай өз бойы сияқты қортық төртбақ кітапқа үңіліп қалды. Әкесінің үндемеуі баланың лаулаған көңілін су сепкендей тез басты. Ол пе істерін білмей бедірейіп тұрып-тұрып шешесіне қарай жылай қашты.

Манат мінезі орнықты, тіпті Құрымбектің кейбір өзі жақтырмайтын мінездерін ашық айтып та жүретін әйел еді. Бірақ көп жұмсалған шотты қанша шапсаң да өтпейтіні сияқты осы кезде Манат та мұқалып, түйтеленіп қалғандай. Ол қасына Жанар жылап келгенде қабырғасы сөгіліп кете жаздап, әрең отырды. Бірақ әкесін баласына қосыла жамандау ешбір педагогикаға сыя ма? Онда бала алдындағы әкенің бұдан былайғы құны не болмақ?

Онсыз да бала алдындағы беделіне нұқсан келіп жатқан Құрымбектің білместігін тереңдету достың ісі емес қой.

Манат ішіндегі кернеген ашуын ақылға жеңгізіп Жанардың маңдайынан сипады. Сөйтіп оны өзі циркке ертіп кетті...

Құрымбек дүйсенбі күні заводқа уақтысымен бармақ болды. Бірақ ол шыға бергенде босағада етегіңнен ала түсетін итше телефон шырылдап қоя берді. Ол трубканы тұғырынан алып тыңдай қойды. Телефоннан шыққан дауыс қатты естілді:

— Сізді басқармаға коллегияға шақырады. Тез келуіңіз керек.

— Коллегияға?!

— Құрымбектің бетінің қорасан дақтары бадырайып, тереңдеп, қызарып кетті.

— Ия, коллегияға,— дейді трубкадан естілген қатқыл үн.

Құрымбек үйден митыңдап үнсіз шықты. Манат та үнсіз қала берді. Оның қалтиған қоян сирақ бойына ұзақ қарады. Ол күндегіден де қысқарып кеткендей. Бір кескен тай шұжығын елестетеді. Домалап бара жатқан сияқты.

Арада бірнеше сағат еткенде Құрымбек үйге телефон соқты. Трубканы ала беріп Манат сасып қалды. Құрымбек! Тани қойды. Бұл көптен бері үйге телефонмен сөйлеуді де қойып еді. Түс көргендей мұнысы не екен? Трубкадағы Құрымбек дауысы жарықшақтанып естіліп тұр. «Алло, алло» дей береді. Әлде Жанарды ренжіткені ойына түсті ме екен?

— Алло,— деді Манат сасып.

— Mен ғой. Үйге кешке жолдастарды шақырып қой. Әңгімелесіп отыралық...

Бұл жолы Манат үндемеді. Өйткені кімді шақырарын білмеді, әрі Құрымбекке не жауап айтарын таппады да. «Бізде жолдас қалып па еді? Одан ажырасып бітпеп пе едік» дегісі де келді. Бірақ қаяу көңілді жаралай беріп қайтеді. Ол трубканы ұзақ ұстап тұрып қалды... Сәлден кейін қақпадан Құрымбектің өзі де кіріп келе жатты. Жұмыста болатын, мезгілсіз уақытта үйге қайтыпты. Оған ауыр зат салып, тұқыртып қойғандай мойны салбырап кетіпті.

1966