23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

Кіріптар






Жұрт «аюша ақырып тұрған Алакөз» дейтін әйел өзінің ері Жантақты «менің момыным, қойдан қоңырым» деп атайды. Мұны сырт қараған кісі Алакөз ерін тым жақсы көргендіктен солай дейтін шығар деп ойлайды. Бір жағынан алып қарағанда бұл тіпті шешесінің баласына айтқаны сияқты да. Өйткені Алакөз дене бітімі тым кесек, егеp Іле өзені тасып ауылды алып кеткендей жағдай болса, омда Жантақты иығына отырғызып алып, жалдап тарта беретіндей. Ал Жантақ ше? Керісінше оны жұрт қомсынып, біреу оны күйкентайдай, біреу жұдырықтай деп жүреді. Мәселе тіпті олардың үлкен-кішілігінде емес.

Жалпақ ерекше шаруақор, үйінің отымен кіріп, күлімен шығады. Ия, оны сөккеннің жағасы сөгілсін, «өз үйіне қарамағанның қолы қарынан кесіледі» деген емес пе. Сондықтан да оған көршілер көңіл бөлмейді. Тек ас үйлері бір болғандықтан ба, әйтеуір Еркіннің қарт шешесі Ұлшай ғана осы үйдегі жағдайды кесіп, пішіп, маңыз беpiп, Жантақтың жуынды төгуге бара жатқанын, келе жатқанын көргенде «о еркек емес, желкек неме, анау дәңкеспендей қатын пе бітіреді ей» деп күйіп-пісіп, ұрсып жүреді.

Алакөз Ұлшай шешейдің жақтырмайтынын біліп, әдейі айтатындай оны көргенде «момыным, жуындыны төгіп келші, Бөрібасарға тамақ құй да, ит ішіп болғанша жанында тұрып, сонан сол итаяқты төңкере сал» деген сөздерді қаптатты-ай келіп. Мұны естіп тұрған Ұлшай шешей тыжырынып теріс айналады. Ал Жантақ үн-түнсіз мөнтең қағып, домаланып кете барады.

Алғаш Ұлшай шешей:

— Япырмай, шыдамды жігіт екен өзі,— деп жүруші еді, кейін ол пікірін өзгертті білем. Өйткені көп баланы асырап өсірген Ұлшай шешей Жантаққа қатты жаны ашық, әрі шаруасына қарағанына риза болып жүргенде, бір уақиғаның куәсі болды.

Бір күні кызметінен Жантақ үйіне күндегі уақытынан жарты сағаттай кеш келді. Ол қаладағы бір қойманың меңгерушісі болатын. Жантақ келерде бұл үйдегі жағдай тез бұзылатын қысқы күндей аяқ астынан өзгере қалды. Ол келгенде боран Итжоннан тұрғандай еді. Әңгімені бастаған. Алакөздің қолындағы шешесі Сүйретай кемпір болды.

— Көрдің бе, кешігуін? Үйі-жайы бар адам қызметтен қайтқанда кешіге ме екен, құдай біледі сол, сені екі балаңмен ұлытып жұртқа тастап кетіп, біреумен жоғалғалы жүр. Тілім жазықты, дәп сөйткелі жүр.

Алакөз бұл сөзге көзі шатынап ернін бырт дегізіп:

— Тастап көрсін,— деді.

— Ойбай, отызға келгенше сенің-ақ ақылың кірмей қойды-ау, балам. Ондай туған-туысқаны жоқ адамға сенуге бола ма? Күш көрсетіп отырғаның әлгі көрші ауданнан кетудің жайы мен екі балаң ба? Ол түк те емес. Оның жібін әлден босатып жіберсең, кейін не боласың. Оны былай ұстау керек.

Сүйретай «былай ұстау керек» деп тамыры білеуленіп, көгеріп, тарамыстанып кеткен, терісі қабыршақтанған, тасбақаның мойын терісіндей тырысқан қолын мық шегедей қылып, жұмып көрсетті. Алакөз бұл көпті көрген, қуарған кәрі жұдырыққа қарап біраз ақыл алғандай болды. Аналы-балалы екеуі сөйтіп үйде момынды «сырттан сорлатып» отырғанда мойны салбырап, буыншақ-түйіншегін арқалап қызметтен Жантақ келді.

— Неге кешіктің-ей?— деді Алакөз ел көзіндегі момыным дейтін сыпа сөзін былай тастай беріп.

— Қызметте бөгеліп қалдым.

— Сен бүйте берсең...— деп қолындағы нан жайып жатқан оқтаумен Жантақты қақ басқа тартып кетті, шашы жоқ тақыр бас, жарылса да анау үндемей, басын ұстап отырып қалды. Осы бір жайды көзімен көрген Ұлшай шешей соңғы күндері «осының бір кіріптар жері бар» дейтінді шығарды.

Ал қызметтестері Жантақты жұмыста басқаша бағалайды. Оны біреу ұстамды жігіт, біреу салмақты жігіт десіп аспан-сайбақ қылады. Өзінің көршісі Еркін де сол пікірде еді. Жалпы Жантақ жөніндегі мақтаудың бәрін қосқанда оның салмағы диірмен тасындай болып шығар еді. Ол жиналыстарда жылында бір рет сөйлеп көрген емес. Соңғы кездері оны бұрын «мінезі ғой» десетіндер енді «арамдығы» да дейтін болыпты. Жиналыс болса-ақ ол бір бұрышқа кіріп алып, сөзге араласпай сазарып отырады. Жақында қойма қызметкерлерінің кішкене жиналысы бола кетті. Жиналыстың шақырылу себебі мынау еді.

Бір күні кешкі ғұрып үлкен қойманың алдынан өтіп бара жатып Еркін мен Жантақ екеуі қапқа салып көтерген бірдемесі бар біреудің бүкіреңдеп қойманы айнала бергенін байқап қалды. Мұндайға әрқашан-ақ епсекті Еркін күдікті адамды қуып жетті. Нақ осы бір шақта анау қапты тастап, тура қашып еді, Еркін бұра бастырмады. Ұры ұстаған қолдан шығып кетпек болып жұлқынып та көрді, Еркін тапжылтпады. Бұл жерге Жантақ та келді. Байқап қараса, бұл күнде өздерімен араласып жүрген, дайын өнім тұратын үлкен қойма меңгерушісінің орынбасары Ордаңбай.

— Саған не жоқ, деді алаң ете түскен Ордаңбай.

— Түу шіркін, ұятың қайда?—деді Еркін Ордаңбайдан түңіліп кетіп.

— Ал, ұрыны алып жүрелік, қапты сен көтер, Жантақ, — дей беріп Еркін жер жұтып қойғандай болған жолдасының орнына қарады. Еркін алдымен өз көзіне сенбегенмен, «диірмендей салмағы бар» дейтін батырдың жаз күнінің кешкі бұлыңғырымен допша домалап, көз ұшында бұлдырап бара жатқанын байқады.

Енді міне осы мәселе қаралған жиналыста да үн-түнсіз отыр. Тіпті Ордаңбай Еркінге пәле жапты.

— Мен қоймада қапқа салынған нәрселерді былай қоя беріп едім, мынау ала қашты.

Осындай көріне көзге жалақорлықты естіп отырып-ақ Жантақ тіпті үн шығармады. Өмірде түк болмаған, түк көрмеген сияқты. Кеше Ордаңбайды ұстап алғанда Еркіннің жанында тұрған Жантақ емес, әлде бір басқа адам сияқты.

— Мына Жантақ-ақ айтсыншы,— деп ыза болып кетті Еркін. «Жантақ» дегенде ол бір селк ете түсті де, қайтадан мелшиіп қалды. Оның селдір, қысқа қырыққан шашы әлде неден қорыққан кірпінің тікенегіндей түрегеп кетіпті. Бірақ жылтыр қара өңі су тимес қоныздай еш нәрсені дарытар емес, өзгермейді. Жүрегі кеудесіне сыймай тұрғандай демін терең алып, омырауы қозғала береді. Тышқан көзін ұрланып-ұрланып әркімге тастап қояды. Тілден біржола қалғандай, бұтағы бүлк-бүлк етеді.

Еркінді ыза буып барады:

— Ей, Жантақ, ұрымен ортақ болмасаң айтпаймысың? Әлде социалистік мүлікке жаның ашымай ма?

Жантақтан жан шығуға бар, үн шығар емес. Мәселе шешілмей ашық қалды. Оның есесіне Ордаңбай жеке өзі акт жасап, Еркінді қызметтен шығару жайында комбинат директорының алдына мәселе қоя кетті.

Ертеңіне комбинат тұрған қалашық гу-гу сөз болды. Еркінді қызметтен шығаратын болыпты десті бірсыпырасы. Енді бірсыпырасы «япыр-ай, Жантағың неткен арам еді» десті. Мұндай піші-піші сөз бір үйде тұратын көрші-қолаң арасында да болып еді. Үстінде ойын тасы екі жауырынының ортасына дейін жалаңаш, соңғы сәнмен тігілген бүрме етек көк жібек көйлегі бар Алакөз есік алдындағы еріккендердің жанына келіп отырды. Оның ерініне керқызылдан жаққан далабы онсыз да жайын ауызын үлкейте түскендей езуін құлағына жеткізіп көрсетеді. Екі шықшыттағы бұлтиып артық біткен ет қалың жағылған опаны сіңіре алмай, тозаңдандырып, түктендіріп тұр. Шаптығып, беттен ала кетейін деп тұрғандай. Алайған үлкен көздері сүзеген сиырдың ұрыншақ мінезі ұстаған кезіндегідей алақ-жұлақ етеді. Ұлшай шешейге тиісе алмай отырғандай. Әсіресе, от басына жібек көйлек киіп жүруі қызық. Алакөз қанша адуын болып көрінгісі келсе де ешкім одан ығыса қоймады, әңгіменің желісі де үзілмеді. Бір шамадан соң:

— Менің момыным өлер жерін біледі, қатын-баласы, үйлі-баранды адам аузын бағын сөйлер болар. Еркін сияқты есер деймісің,— деп әй-шәй жоқ әңгімені ортасынан бөліп жіберді. Алакөздің әңгімесін растайын дегендей, бұрыштан бір есек арба шыға келді де, оның жанында арбакешке ілескен Жантақ көрінді. Шалбарының екі балағы жат ауылдың иті талағандай жұлым-жұлым болып кеткен. Киімнің түсін айырып болар емес, бір кезде көк болған ба, қалай, әр жерінен көкшіл таңылтақ байқалады. Басқа жерінде де неше түрлі бояу бар. Жейдесінің қолтығы сөгіліп, бір иығы жарқырап көрініп тұр. Бойы бұрынғыдан да аласарып кеткен бе, есек арбадан әрең асады. Оның жанына Алакөз барды. Арбада бір қап картоп жатыр. Мұны көрген Алакөз сөз бастады:

— Осы бір шақырым ғана жердей осы бір қап картопты көтеріп те келмеймісің. Соған арба жалдап.

Бір қараған кісі мұны Алакөз күлкі үшін айтып тұр деп те ойлар еді. Өйткені картоп салынған қапты арбадан тұрғызғанда Жантақтың бойы қаптан аспай қалды. Қапты бір шақырым базардан көтеріп келу емес, үйге. көтеріп кіргізсе де оған көп олжа сияқты.

— Бес сомды босқа шығарып,— деп сызданып Алакөз есік алдындағы отырғышқа қайтып келді. Басқа әйелдер сияқты ерімен бірге картопты үйге кіргізуге тура жөнелмеді де, не Жантақтың тамағын әзірлейін демеді де. Жантақ есек арбадан қапты арқалай беріп, етпетінен кетті. Жығылып астымда қалып, зорға тұрды. Ақыры картопты шелектеп тасыды. Сонда да Алакөз отырғыштан тапжылған жоқ. Ол әйелім еді-ау, неге болыспай отырсын деп Жантақ, Алакөзге сөз тастамады да. Бірақ мылтық күшімен істеліп тұрғандай үнсіз. Ұлшай шешейге Жантақ мұның ері емес, баяғыдағы байлардың жалдамалы құлы сияқты көрініп кетті. «Осы кіріптар болмаса, осылай болар ма еді» деп ойлады Ұлшай шешей тағы да.

...Комбинат директоры Әбенов қатты ашулы. Ол маңдайы қасқайып, орнына отырмай, түрегелген бойы тұр. Қойма меңгерушілері, цех бастықтары, күзет қызметкерлері тeгic келген. Әбенов келгендерді жіті көзін жүгіртіп бір түгендеп алды да, Ордаңбайға тоқтамай, жауапты Жантақтан тартты.

— Ал Жантақ мәселе саған тіреліп тұр, айтшы көне,— деді. Бірақ неге екені белгісіз оны жақтырмағанын бет пішінінен білдіріп алды. Бұрышта тұратын қара сейфтің жанындағы қуысқа кіріп алған Жантақ «үндемеген үйдей пәледен құтылады» дей ме, сұрақ тікендей, көз үкідей қадалғанда да тырс етпеді. Қуыста қысқы ұйқыға кеткен жарқанаттай дыбыс шығармады. Оның үндемеуі Әбеновты ашындыра түсті. Әбенов көзінен от шашып Ордаңбайға оралды және шынын айтқызбай қоймайын дегендей қатты зекіді:

— Тұр, онда өзің айт, дұрысын айт!

Ордаңбай ұйқысын аша алмай тұрғандай қолапайсыздықпен орнынан зорға көтеріле берді де, «менен бір қателік өтті» деп алыстан алынған радио үніндей дыбысы өшіп қалды. Шамасы бағанадан бері Ордаңбайдан сұрамай отырғанда Әбенов мұның босаңдығын білсе керек. Ол Жантақтың ақтығын, адамдығын байқайын деді білем.

Ендігі мәселе Жантақ туралы.

Жантақ жалт қарады. Жанымды осы алып қалар дегендей бұрышқа тығыла түсті. Сөз басқа біреуге айтылып жатқандай ол үн-түнсіз. Директор қолына бір қағазды алып оқымақ болды:

— Көрші ауданның прокурорынан хат... Комбинат директоры Әбенов жолдас! Сізде қойма меңгерушісі болып істейтін Жантақ, Қарасу ауданынан екі қойманы ішіп-жеп, оны заң күшімен төлеп, үшінші қойманың үш мың сомын құртып, біздің ауданнан зым-зия болған еді. Енді сол ұрыны сіздің комбинатқа індетіп отырмыз. Соңғы заңға байланысты Жантақты сотқа бермей, түзелер деп келген едік...

Директор қағазды қоя салып өзі сөйлеп кетті:

— Өз күнәсінен арылмаған адам басқаның күнәсін айтуға батылы бармайды, әркімге кіріптар болады. Біреудің бетіне тура қарай алмайды...

Әбенов түтігіп кетті. Кабинеттегілер қозғалақтап, дабырласа бастады. Ал Еркіннің көзіне кеше Жантақтың көз ұшында бір қараңғы, бір жарықта бұлдырап қашып бара жатқаны елестеді. Жантақ оған бұрынғыдай диірмен тасы емес, тікенегін әр жерге қалдырып, жел қуып бара жатқан ебелектей көрінді. Адуын Алакөз жеңгей алдында бүгелек қағатыны да осы екен ғой деп топшылады. Осыны сезгендей Жантақ, бұрыштағы қуысқа тығыла түсті.

1960