23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

Ешкімге айтпа






Диван үстіне тәптештеп қойылған мамық жастық аласалық еткендей екі қолын басының астына қойып, шалқасынан жатқан Ызбаркүл «Ақтамақ» әнін сыңқылдата салады-ау! Ауызғы бөлмеден тысыр білінгендей болған соң шынтағын тіреп басын көтерді. Ештеме байқалмады. Ол үй ішіне орнаған тыныштықтың қаймағын бұзбайын дегендей шегіншектеп жата берді. Осы болар-болмас қимылдың өзіне оның жүрегі аузына тығылды. Бұрынғыдан гөрі сәл төмендеу жатып қалғандықтан оған дем алу ауырлау соқты... Қой, бүйтіп жата берсе үйде адам жоқта жұмсақ диванға үйелеп қалуы немесе жүрегіне зақым келуі мүмкін емес пе?!

Осыны ойлаған Ызбаркүл жөнделіп жатуға ыңғайланып аунап түсе бермек болды. Оның өзі де күшке түсті. Алдымен басын көтеріп алып, сонан кейін барып бұрылды. Жеңіл-желпі адамды, бала-шағаны лақтырып ұратын жаңа диванның серіппесі бұл жолғы салмақты ауырсынғандай, селкілдемей, сықыр етті де, тұншығып қала берді. Жастыққа қайта шалқалай берген Ызбаркүлдің көзі қабырғадағы біркелкі тықылдай соққан сағатты шалды. Сағат алтыға оншақты минут қалыпты. - Сағат алтыға жақындағанда Ызбаркүлдің қыңқыл-сыңқылы көбейе бастайтын әдеті. Әнді токтатты. Міне қазірде оның басы ауырып, шеке тамыры солқылдап, аяқ-қолы сырқырап жүріп берді.

— Уһ, басым-ай, Күләйім-ей, ей, Күләйім, сағат алты болып қапты ғой. Шай қойып қой. Босаң кеп қалады. Уһ, басым-ай, ас үйде екі килограмм ет тұр. Бері әкелші. Қанша қуыратыныңды өзім мөлшерлеп берейін. Осы сеніп қолыңның берекесі жоқ.

Арада екі-үш минут өткен соң Ызбаркүл «Ақтамаққа» қайта басты. Осы кезде есік сықыр ете түсіп еді, ол әнді токтатып, екі шекесін қолымен басып уһлей жөнелді. Бірақ үйден шыққан Күләйім екенін аңғарған соң әуеннің аяғын жалғастыра берді. Әннің өзінше мүшесін шығара, екі-үш қайырып салды. Есік тағы сықыр етті. Бұл жолы оның даусы жарыкшақтанып қатты шықты.

— Уһ, басым-ай, екі самайым, екі шекем-ай, солқылдап, кеміріп жеп алып барады. Әй, Күләйім, ой басым. Бері келіп сағатты көрші.

Күләйім түпкі үйдің екі жағына бөлініп ашылар жарма есігінің бір жағынан басын сұғып қарады да:

— Сағат алты жарым болыпты,— деді.

Ызбаркүл ыңқылдап-күрсілдеп басын көтерді. Үстінде өткен жылы қытай шәйісінен тіккізген алды ашық үй көйлегі бар. Оның әр жерінің тігісі сөгіле бастаған. Тіпті оған өзінін тырсылдап зорға сыйып тұрғанын айтпағанда, қысқа қондырған жеңінің аузына қолының қары сый-май, бунап тұр. Ол басын жібек орамалмен тартып, айнаның алдына барды. Қасын керіп, көзін сүрмеледі. Қолына далапты ала беріп, Босаңбай неге келмей жатыр екен деп ойлады. Босаңбай ойына түсе бергенде оның басы солқ-солқ ете түскендей болды. «Ойбай басымды» бір қайталап қойды. Сонымен бетін жеңіл опалап, столғa келіп отырды.

Босаңбай әлі жоқ...

Босаңбай Борпасов ауданның белді қызметкерлерінің бірі. Сыртқы пішінін көргенде көз салғандар риза болмай қоймайтын биік денелі, кең жауырынды мол жаралған адам. Биік денесіне лайық қарны да біраз бар. Жап-жалпақ бетін иығына бір-ақ қондыра салғандай қырыс мойыны біліне қоймайды. Торсиған шекесі қара құлпыланып майы шып-шып шығады. Екі шықшытына екі жұдырық ет жапсырғандай. Тосын адамға, әсіресе, оның бадырайған көзі бұрын шалынады. Мойнын әбден май басып кеткендіктен екі жағына ұрып қарамай, бүкіл де« несімен бұрылады. Ол терлегеніне де, алқынғанына да қарамай осындай денемен, осындай тұлғамен үйіне асыға басып-ақ келсе де сағат түнгі он бірден асып кетіп еді.

Ал Ызбаркүл сағат жетіге дейін аһлап-уһлеп отырды да, Босаңбай келмеген соң ызбарланып, оның кабинетіне телефон соқты. Одан кеткен ғой, енді үйге кеп қалатын шығар деген мезет те өтті. Босаңбай әлі жоқ. Ол баратын кейбір таныс үйлерге тағы сылдыратып көріп еді, оларда да болмай шықты.

— Қап, келерсің бір!—деді Ызбаркүл. Осы кезде ол долылықтың жоғары шегіне жетіп, жарылып кетуге аз-ақ отырған.

Босаңбайдын үлкен тұлғасы үйге еңсеріліп кірісімен сөйлей жөнелді:

— Ызаш, мені тосып отырсың ба? Мен кішкене кешігіп қалдым білем.

Ызбаркүл күл беттеніп, тапжылмастан отыр. Жауап қатар түрі жоқ. Үй ішіндегі басқалардың да сөйлеуге тілі келмейді. Бәрі де томсырая қарасады.

— Ызаш, немене, басың ауырып отыр ма? Әлде..,

— Немене, әлде, — деді зілмен Ызбаркүл

— Әлде қа...

— Сен осы жұмысты қайда істейсің?

— Кеңседе.

— Далада отырмайтыныңды білем. Қай мекемеде? — Ызбаркүлдің дауысы барылдап қатты шықты. Кешке дейін жұмыссыз отырып іші пысып қалған екен, қызық концерттің шымылдығын аша бастады.

— Өзіміздің кеңседе ғой, Ызаш,— деп міңгірледі Босаңбай. Оның дауысы саябырлау, әрі зорға естілді.

— Немене, сендерде жұмыс сағат алтыда аяқталмай ма!

— Оның дұрыс, Ызаш. Мен одан сағат алтыда шығып Жыпылдақтың үйіне бардым.

— Өтірік айтпа,— деп ақырды Ызбаркүл.— Сен менің көзіме шөп салып жүрсің. Сенің жүрісіңде пәле бар, пәле! Mен олардың үйіне телефон соқтым...

Мұны естігенде Босаңбай мүлт кеткенін аңғарып, не дерін білмей қатты састы. Ызбаркүл минут өткен сайың байбаламды салып жатыр. Ести берсе шынын айтқызбай тынбайды. Бағана шаруашылықтың жөнін сұрай ауатком председателіне келіп еді, ол жоқ болып шықты. Қызмет аяқталуға әлі бес-он минут бар болған соң оның бір барар жері осы еді деп аупартком секретарының кабинетіне басын сұқты. Ол дегеніндей осында отыр. Содан олар бір келелі мәселеге келісіп жатыр екен. Сонда отырып қалып еді. Енді міне бармай қалғыр басым соған қайдан бара қалдым екен деп тұр. Ызбаркүл тәптіштеп сұраған соң айтпай көр!

— Mен шынымды айтайын,— деді Босаңбай тағы бір бұлтаққа салғысы кеп. Ызбаркүл бұған сәл үндемей отырды да, баж ете түсті:

— Тағы қандай өтірік айтпақсың?

Бұл жолы оның беті әлем тапырақтанып, кісі қарағысыз болып кетті. «Долы зәрін көзінен төгер» дегендей моншақтап көзіне жасы келіп қалыпты. Босаңбай:

— Ызаш, сен ашуланба. Бүгін баяғыда жұмысшы факультетінде бірге оқыған бір жолдасыма кездесіп қалып, сол екеуміз әңгімелесіп көшеде...— дей бергенде Ызбаркүл бұрынғыдан жаман ышқынып кетті.

— Қисынсыз сөзіңді естіртпе!

Үлкен адамның сасқаны жаман екен. Босаңбай мәселені жайбағыстап кетуге тырысты. Ол сырт киімін жаңа шешіп отыра берді. Ал Ызбаркүл болса орнынан атып түрегеліп, телефонның құлағына жармасты.

— Сен шыныңды айтпайсың. Одан да сенің сазайыңды берсін. Мен сені се-се-секре...

Бұл жерге келгенде Ызбаркүл долылықтан жылап жіберді. Босаңбай енді қатты састы. Босаңбай үйі бүлініп жатыр деген жақсы дейсің бе?! Қойшы, осы ақымаққа шындықты-ақ айтайын деп ойлады ол.

— Мен саған бәрін айтайын,— деді Босаңбай. Бұл жолы Ызбаркүл бері қарағандай болды. Әлде ол Босекең шынын телефон құлағына жармасқанда айтатынын білді ме, әйтеуір үндемеді. Бірақ әлі томырайып отыр.

— Мен саған бәрін айтайын,— деп жалынды Босаңбай,— тек сен ешкімге айтпа. Егер айтсаң бұдан былай мұндай әңгімені менен ажырап кетсең де айтпаймын.

— Жәкіш те барлық сырды Қожаштан естиді екен ғой.

— Сен Жәкішіңді қой. Сен ешкімге айтпа.

— Я, айта бер,— деп жөнге келді Ызбаркүл.

— Қызмет аяғында секретарьдың кабинетіне кіріп барсам Теміров екеуі отыр екен. Олар кейбір қызметкерлерді ауыстыруды әңгімеледі.

— Олар кімдер?

— Тек сен ешкімге айтпа.

— Я, айта бер.

— Олар аудан сырын менен жасырмайды ғой. Ал мен сенен жасырмаймын. Сен босқа бажалақтап кетесің.

— Енді бажылдамаймын. Күләйім, ей, шайды әкел. Уһ, басым. Өзін ғой, шыныңды айтпаған.

Босекең шайды ішкен сайын босап сала берді. Сөйтіп бар сырды ақтарды. Бекер обалы не, Ызбаркүлдің ешкімге ызындамауын да ескертіп отырды. Бірақ Күләйімға ештеме дей қоймады...

Келесі күні Босаңбай қызметіне ерте кетті. Түс ауып барады. Ызбаркүлдің іші пысты. Ол диванда жатқан күйі телефон трубкасын көтерді.—Жыпылдақпысың, ей? Бала-шағаң аман ба? Біз де. Сен бізге келіп кетсеңші. Е, бар ғой бір шүйке бас. Үйді сеніп тастап кетуге болмайды. Сен келіп кетсеңші. Айтқандай, сен «промкомбинатқа» бардың ба? Масаты түскен екен деймісің? Е, маған қалдырып па? Меңсұлу алып кетіпті! Сол-ақ тоймайды екен. Біз он көйлек кигенше, ол он бесін киеді. Я, қайтсін байғұс. Ертең исполкомда күйеуі орнынан алынады ғой. Я. Киіп қалайын деген ғой. Ехһе-ехһе-хе! Бізге жол бермеуші еді. Қой, табаламай-ақ қояйық. Ойбай-ау, есек болып кетіп жүрмесін. Сен ешкімге айтпай-ақ қой. Сен деп айтып тұрмын ғой. Босекең ешкімге айтпа деп еді, саған өзім деп айтам. Я, я. Оны Босекең ұнатпайды. Туфлиіңді деймісің? Тіктіргем жоқ. Оның да жайы белгілі. Ол да ұшады. Қой, сен ешкімге айтпа. Ал қош, cay бол!

Кеш алдында магазин жабылардан бұрын Жыпылдақ қапшығын қолтықтап көшеге шықты. Үйінен шыға бере көршісі Өрепкіге жолығып қалды.

— Жүрсеңші, ермектесіп магазинге барып қайтайық.

— Барсақ. барайық. Мен киініп шығайын.

Өрепкі үстіне масаты көйлек киіп шықты. Осы көйлектің өзі бұл екі әйелге біраз жерге әңгіме болды. Көйлектің әңгімесі көйлек киюге бөгет жасағандарға соқпай өте алмады.

Mен мұндай көйлек кие алмай қалдым,— деді Жыпылдақ оның жұп-жұқа ерні жып-жып ете түсті.— Маған тиістіні Меңсұлу алып кетіпті. Мен оны Босекеңе айтын едім, оның әлгі дәу қарасын орнынан алатын болды. Босекеңмен біздің арамызды білесің ғой. Дегенімізді істетеміз. Сен ешкімге айтып қойма.

— Бәлем, сол керек. Осы көйлекті тіктірерде менің алдыма тұрып алып, мұрнын көтеріп еді. Енді бәлем, әлгі «Потребсоюздағының» әйелі кім еді? Соған да бір нәубет жетсе.

Оның да көрі қазылды деседі. Сен біреуге айтып қойып жүрме. Әйтеуір, Босекеңнен естіп тұрамыз ғой.

Өрепкінің де өзінің өрісі бар. Оның да жолдас-жорасы көп. Қосайтар оның үйіне күнде келеді. Өрепкі әңгімені өрістетіңкіреп айтпай отыра алмайды.

— Менің мінезім ашық қой, өзің білесің. Бірдеме естісем ішімнен шығарғанша асығамын. Бәрінен де әлгі Меңсұлудың дәуқарасының орнынан алынатын болғанын қарасаңшы. Сен мен сөйтіп табалап айтты деп біреуге айтып қойып жүрме? Ойбай-ау, Қосайтар-ау, анау тайпақ қатынның түнеугі күні екеумізге мұрнын көтергені есіңде ме? Ей, сен біреуге айтып қойып жүрме!

Әңгіме осылай жайыла берді.

Сонымен Босаңбай Борпасовтың бостығын білетін ызғарлы жеңгей Ызбаркүл сырды сұрап біліп алды. Ызбаркүл Жыпылдаққа, Жыпылдақ Өрепкіге, Өрепкі Қосайтарға, Қосайтар қосып айтарға, көптеп, түптеп айтарларға да жеткізді. Я, ескерусіз қалған бір адам бар. Ол Күләйім. Күләйімнің де өзінің сырласы, сыбырласы бар. Әйтеуір, не керек, аз уақытта-ақ ағаңыздың аузынан шыққан сөз арындап тарап кетті. Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге кетеді деген осы екен. . Ақырында айтарымыз, елпілдеп-желпілдеп жүріп жеткізетіндер желім ауыз жез таңдай жеңгейлер деп жүрсек, өсектің арғы түбі ағамыз Босаңбайдан шыққан екен. Амал нешік! Ешкімге айтпай-ақ қойыңыз!

1955