Әдебиет
Мысық тұтқыны
Көршінің халін күнде сұрап тұру абзал деседі халық. Бірақ, өмірде олай бола бермейді. Көршімен күнде кездесе алмайсың. Тірі кісі тіршілігін істеп кеткен болар деп саласың. Дегенмен көршінің де көршісі бар. «Ауыл үй болсақ болалық, аяқ-табақ ауыспалық» деген екен безер көршінің бірі. Керісінше, ыдыс-аяқ емес, ішек-қарын араласып ми-ми болып жататын көрші қанша. Бірінің асын бірі түгесіп, бірінсіз бірі тамақ іше алмайтын татулары да тіпті көп. Арасында некесі бұзылатындары да кездеседі. Кірген-шыққаның аңдып, ін аузынан тышқан аңдыған мысықтай болып отыратын алакөз көршілерді естігенде «сақтай көр құдай сайтаннан» деп жағаңды ұстайсың. Ал қалалы жердің көршісі — көбіне сен де аман, мен де аман, сұлу торы аттай, аралас-құраласы аз.
Ал Ермек пен Ерданның көршілігі тіпті сыпайы. Аман-сәлемі түзу. Таңертең: «амансыз», кешке жақын: «қош болыңыз!» Есіктес отырып-ақ екеуі де араласпайды, екеуі де өздерінікі өздеріне мол жететін болғандықтан майлы күйенің жұғыса кетпейді. Кейде дүрдараз кісідей дүңкиісіп жөнеледі. Соңғы күндері Ерданның екі иығы салбырап ұнжырғасы түсіп кетті. Өзі ыңыршағы айналып, іші-ішіне қабысып, солма болған түйедей арықтап бара жатты. Ерданның әйелі артиска еді, командировкада көбірек болады. Мұны Ермек көріне-көзге соның болмауынан көрді. Тіпті бірде Ермек әйеліне «Ерданды бір тамаққа шақырсақ қайтеді, жүдеп барады» деп те қалды. Бірақ әйелінен күтпеген жауап алды:
— Қойшы, сол мысықтардың папасын!— Не деген сөз, бұл? Мысықтардың папасы дейді. Мысығы несі? Айтқандай Ерданның баласы жоқ сияқты еді ғой. Кіріп-шығып жүретін бала болмағандықтан ба, Ерданның үйінің есігі мәңгі жабық тұратындай. Тыбыр еткен жан болмайды. Тек кейде осы үйден мезгілсіз кездері әлдененің бақырған даусы шығады. Таңданарлық дауыс. Ермек өз балалары қорқады деп оны тісінен шығармайды. Ал әйелінің Ерданды қонаққа шақыруға қарсы болғанын Ермек басқаша ұғады. Артисканың қызметі кешке, өзі тым шамадан тыс паң, бетіне жаққан бес батпан бояудан кейде жылтырап көзі ғана көрінеді. Әредікте көрінгенде ерні зорға жыбырлайды. Несі бар, мінезі де. «Қайнысына өкпелеген қайынағасына сәлем бермейді» дегендей ол үшін шайпау сөзі тимеген Ерданды жазғыруға бола ма?
Жаздың жадыраңқы күнінің самалды кешінің бірінде Ермек есік алдында дем алып отыр еді. Жанына аяңдап Ердан келді. Ауыз екеу болған соң сөз анасы құлақтың естіген-білгендері төгіліп бір кетпес пе! Әңгіме командировкада ұзақ болатын Ердан әйелі Тамиллаға соқпай өтпеді.
— Әйелің ұзақ командировкада болып жүдеп жүрсің ғой,— деді Ермек. Ердан тіл қатқан жоқ. Қабағы шытылып кетті де, қайта жазылды. Бірақ ұзақ отырыста қанша сақтық істегенмен сөз қайта соқпай қоюшы ма еді. Ермек:
— Тамилла өлі ұзақ бола ма?—деп қалғанын өзі де байқамады. Ердан қатты күрсінді. Ермек айтып қалғанына өкінді. Ердан сол үндемей отырды да, аздан соң сөйлеп кетті:
— Менде бір өмір бар деп ойлайсыңдар, ә?! Мен мысық күтуші емеспін бе?— Ермек сасып қалды. Шамасы Ермектің әйелінің сөзін біреу жеткізген ғой.
— Ғапу ет, Ердан, мен олай деген жоқпын ғой.
— Жоқ. жоқ. Қысылма, Ермек. Жүр біздің үйге кірейікші. Ең болмаса үш жылда бір кірсеңші.
Екеуі Ерданның үш бөлмелі үйінің есігін ашты. Іштен әлдеқандай қаңсық, күлімсі иіс шықты. Ермек ұмытпаса мұндай иіс зоопарктегі аңдардан шығушы еді. Ол тұншығып бара жатқандай сезінді.
— Терезеңді ашшы, Ердан.
— Ойбай-ау, көрші, оған мен байғұста мүмкіндік бар ма? Қазір көресің.
Есігі ашық тұрған тура бөлме асхана болса керек-ті. Ердан қонағын соған бастады. Қаңсық иіс жаңағыдан күшейе түсті. Ермек табалдырықтан аттап кіргенде қызыл масатымен қаптаған диванның үстінен үлкен тарғыл мысық атып тұрып, керіліп, құйрығын қоқайтып. көзін бажырайтты. Сақсиған екі тісін көрсетіп, аң патшасы арыстанның тұқымы мен тарғыл мысықтың үстіне басып кірген қандай надан дегендей тарғыл-тарғыл даусымен мәуілдеді. Кәдімгі жабайы мысықша Ермекке бақшиып, ырылдап та қояды. Тарғыл жүннің бәрі дүрдиіп, әп-сәтте бараққа айналып кетті. Мысық екеш мысықтың өзі айбаттанғанда адамның зәресін алады екен. Мына тарғылдың даусымен кресло үстіндегі көпшіктен тағы да дәу көк мысық түрегелді. Бұл Ермекті бөтенсігенін жасыра алмай сақсиып, ырылдап үсті жабулы стол астына қойып кетті. Ермек түнде мезгілсіз уақытта еститін дауыстың не екенін енді ұқты.
Қаңсық иіс мұрнын қақ жарған Ермек отырар-отырмасын білмей тұрғанда басқа бөлмелерден келді білем. мысықтың екі соқыры бірін бірі қуалап ойнай кірді де, бөтен кісіні көріп, пырсылдап тұра жөнелісті. Бұл жерде Ермек өзін-өзі ұстай алмай қалды:
— Сіздің үйден мысық фермасын ұйымдастыруға болады екен.
— Сіз әлі төртеуін-ақ көрдіңіз ғой,— деді Ердан кекетінді күлкімен, іштей ызасы бар сияқты.— Мына жаққа қараңыз.— Ұйықтайтын бөлменің ішіне қойылған екі кроватта төрт мысық ұйықтап жатыр. Терезе алдында үшеуі қатар сыртқа қарап отыр. Екеуі жердегі кілем үстінен тұрып барады. Жаңағы екі соқыр алысып жатыр екен, тағы тұра қашты. Үшінші кішкене бөлменің есігін ашып Ердан:
— Мыналардан мына бөлмені босатып алдым. Бірақ...— Ол сөзінің аяғын жұтып қойды. Мұнда иіс аздау екен.
— Отыр Ермек, мен Тамилладан хат алдым. Оқып берейін.
— Е, бәсе соныңды айтшы,— деді Ермек жадырап. Б і р і н ш і х а т: Ердан Ермекке қарап қойып оқи батады. «Ердан! Мысықтардың жайы қалай? Менің үлкен тарғылым! Мен сені қатты сағындым. (Ермек үлкен тарғылым деп Ерданды айтады деп ұқты). Түнде мен ұйықтарда пырылдап келіп, көрпенің ашық жерінен кіріп, иегімнің астына келіп жатушы едің. Сенің тікенек мұртың тамағыма тигенде қышытып-қытықтап бір түрлі рахаттанушы едім. Екеуміз де пырылдап түске дейін ұйықтаушы едік. Сен мені қатты жылытып жатушы едің. Сен тұрғанда миі пақыр пеш іздеп пе едім»...
— Хаттың басын неге тастап кеттің?—деді Ермек. Ердан хаттың басы да, бар сөзінің болғаны да сол екенін айтты. Ермек тіпті не дерін білмеді.
— Енді екінші хатты тыңда.— Екінші х а т: «Көгілдірім менің. Көктен түскендей көкпеңбегім».
— Басы қайда?
— Басы жоқ, Ердан деген қаратпа сөз де жоқ,— деді Ердан. Күйініп тұрғанын енді Ермек анық аңғарды.— Тыңда әрі қарай!
— «Көкпеңбек екі соқырың қалай, ойнап, шауып жүр ме? Парсылық қызыл кілем үстінде асыр салып ойнап жүргенін көруден артық дүниеде рахат, бақыт бар ма, сірә? Көкпеңбегім, сен тағы да бір-екі соқыр дүниені неге әкелмейсің? (Өзі неге ойламайды екен ондайды деп отыр ішінен Ермек.) Сенің балаларыңа тышқанның иісін сездірмей асырауды мен өзіме парыз санаймын. Үйге барған соң ол екі балаға да ат қоямын. Құлақтарына тесіп шашақ тағамын. Кішкентай айналайындарым...»
— Қойшы, өтірік оқымай,— деді Ермек Ерданға. Ол хатты Ермектің өз қолына ұстатты. Бір өтірігі жоқ. Нақ солай. «Айналайын, ақжолтайым. Монтиып терезеге көзіңді сүзіп отырсын ба?..»
— Мә үшінші хатын да оқы,— деп Ердан Ермек қолына тағы бір хат ұстатты. Үшінші х а т: «Жандай досым, кіші тарғылым. Аяғымды жылытарым. Бірақ, аяғыммен ұйқысырап басын қалсам тістеп алатының бар. Бірақ соның өзін де сағындым»...
Ермек тағы бір-екі хатты қарап еді. Тағы солай. Мысықтар. Ердан үнсіз өз ойымен отыр. Соңғы әңгіме де сонікі болды.
— Мен анау мысықтарды қуып бір бөлмені жаңа босатып алдым. Ал Тамилла барда олардың жүрмейтін жері болмайды. Таң атқанша қойныма кірген мысықты лақтырып шығамын. Лақтырған сайын ұйқылы бетіме бір шапалақ... Терезе ашсаң бұлақ тоқтамайды. Әсіресе мауыққанда мен олармен бірге ұйықтамаймын. Біреуі жоғалса Тамилла бірге жоғалтады...
Ердан ұзақ айтып болды да күрсінді. Ермек тіс жарып ештеме демеді.
— Сонымен мен мысықтардың папасымын, дәл айтқанда мысықтар тұтқынымын,— деп аяқтады ол. Бұл жолы Ермек қуыстанған жоқ. Ермек есікке беттегенде он үш мысық бөтен адамның кетіп бара жатқанына масаттанғандай тегіс дәлізге шығып, қодырайысып, барак-барак; болып тұрды. Ортасында өңі сынық, жүзі жадау жалғыз Ердан қала берді.
...Біраздан кейін Тамилла келді де, командировкаға Ердан аттанды. Бірақ оның командировкасы ұзақ болды. Қайта оралмады. Бір күні Ермек Ерданнан хат алды. Шығыс Сібірден жазыпты: «Мысықтар тұтқынынан мәңгі құтылдым. Әйтсе де осында мысық көрсем қатты шошып қаламын. Мысықтың да, мысық тілеулестердің де аты өшсін!».
1967