23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

Таңғы тауық






Бәріміз де шошып ояндық. Жазғы таңғы тәтті ұйқы шайдай ашылды. Зар қаққан есіктегі қонырау шырылдап алып барады. Безгек болған адамдай безек қағады. Қоңырау көмек бере қоймаған соң есікті қолмен тарсылдатты. Балалар да үрпиісіп, былшықты, ұйқылы көздерін жыртитып ашқан болды. Бадырақ көздер бақырайып кетті.

— Бұл кім?

— Ашшаңдарды, сонша! Елсізде отыр ма едіңдер? Мен Кәрима ғой.

— Ойбай-ау, таң атпастан...

— Ей, ұйқыдан өлген адамның моласын көрген жоқпын. Түнімен кірпік қақпаған мен де тұрмын ғой.

— Көршінің әйелі. Не болған сонша, байғұсқа. Әлде краннан су кетіп, үйін алып кетті ме екен. Мүмкін Керімбаймен керілдесіп қалған шығар. Ойбай-ау, жаз айы ғой, Керекең жоқ, демалыста еді ғой.

— Аш, шырағым, аш!

Таныс емес үн. Есік ашылғанда екі көзі үңірейіп, Kipнелеп қалған адамдай кірбиіп Кәрима көрінді. Басы дода-дода. Арғы жағында судан қалған егіндей әр жерде біреуі бар, селдір сақалды біреу тұр.

Ол Кәримадан бұрын амандасып, жалбарынып алып барады:

— Амансыз ба, айналайын. Денің сау...

— О, тоба! Құзғын сәріде құлқындап бұларға не болған? Әуелі арғы жағында тағы біреу көрінеді. Қыз бала. Кәрима кейіп сөйлей жөнелді:

— Әлгі Керекең, керіліп курортта жатып алып тотанаққа мені тастап кеткенін көрдің бе? Сендердің үйлеріңе келіп жүретін қортықтың аты кім еді? Жас доктор дейтін едіңдер ғой.

— Ойбай-ау, атап айтсаңызшы. Мен көбін білемін ғой.— Кәриманың артында тұрған селдір сақалға жан бітті.

— Пәлі, рахмет! Кәрима қарағым, осы баланың өзіне жабыс. Дәмдес-тұздас болған көршім екен. Дүниеде көрші ақысы киын-ды.

Тұра тұрыңызшы, қосамжарламай.— Кәрима шал байқұсты қағып түсірді.

— Қойдым, шырағым, қойдым. Жалғызымды..,— Әлгі бір арығын айтамын.

— Ойбай-ау, жасы көп қой олардың. Серік, Зәки, Жүрімбек, Аққал... Ғылым докторларының жас дегендерін тізіп жөнелдім.

— Қарағым,— деді шал,— тіпті іздегенім өзін екенсің ғой. Бәрін де біліп тұрсың. Енді маған басқаның керегі жоқ. —Кәрима ойланып қалды. Осылардың ішінен керегі қайсысы екенін есіне түсіре алмады ма, әлде қайта атағысы келмеді ме, сұлқ тұр.

— Ау, Кәрима, мен ұйықтаймын, шаруаңды айт!

— Мына көршің үшін,— деді Кәрима өзін сұқ саусағымен нұсқап сәлден соң,—әлгі докторыңа біреуге сәлем айтқызсаң қайтеді. Зоовет институтта істейтін Жәкен соның үйінен шығып бара жатқанын бұрнағы жылы Керімбай көріпті. Ал мына біздің шалдың баласынан емтихан алатын Жәкеңнің жандай досы көрінеді.

Әңгіменің төркіні түсінікті болды. Селдір сақал шалдың қыз баласын оқуға түсірмек. Қабағым түсіп кетті білем, шал қипақтап қалды.

— Япырмау, ерте ғой әлі.

Осылай бір түлкі бұлаңға салмақ едім, олар мені жұмсап қалды деп ойласа керек, ішін ақтарып салды.

— Ойбай шырағым-ау,— деді шал,— қазір институт жағалағандарды табу қиын. Айта қойсаң, үйіне бара қояйық.

— Телефон бар емес пе?

— Ойбай, шырағым-ай, ондайлар трубканы көтермейтін болған.

— Miнe, керек болса! Тіпті бәрі оңай. Айта ғой, бара қояйын, сөйте ғой. Халім мүшкілге айналды. Былтыр фельетон жаздың деп бірсыпыра жекжатым өкпеледі. Енді Miне жалғыз көршім Кәрима тұр. Қылп-қылп етіп қыл ұшында тұрмын. Селдір сақал да, Кәрима да, байқаймын, бүгежектей береді. Ойланып қалдық. Ақыры түсіндірмек болдым.

— Ойбай-ау. бала өзіне сенбесе не болады?

— Ой, шырағым-ай, «түйесі жоғалмағанның ақылы түгел» деген осы да. Әлі басына келмеген екен. Шырағым, сонау жер түбінен — Көгілдір Көкшеден өзіндей азамат бар деп келдік қой. Ер мойнында қыл арқан шірімес деген...

Қыл арқаның құрысып деп тұрмын ішімнен. Менің ойымнан кетпей тұрғаны әлі ашыла қоймаған танғы ұйқы. Ұйқымнан да қалдым. Ол арқаның тұзақ болып түсіп талайды қылғындырмасына кім кепіл. Ақыры Кәрима қайта сөйледі:

— Ішшай деспеген көрші едік қой.

— Ойбай-ау, мен олардың тек атын білемін ғой.

Көршім теріс айналып, есікті тарс жапты. Құтылдым білем. Көзім қайта жұмыла бергенде қоңырау қайта безектеп кетті. Тағы Кәрима.

— Нан беріңдер, үйде нан таусылып қалды. Магазин жабық.

— Тағы не керек бір-ақ айтшы.— Нанды алып Кәрима кетті. Қисыны келмегенде іс осылай болады. Төсегіме жақындай бергенімде телефон шырылдап қоя берді:

— Мен тыңдап тұрмын.

— Ә, Балбақ. Асықты бірге атыстық. Допты бірге қағыстық. Оның үстіне жеті ата болған жекжатпыз. «Ата тамырдың арты дау» деуші еді, екеуміз одан әлі аманбыз. Менің бір балам оқу бітіріп еді.

— Ойбай-ау...

— Оныңды қой, оныңа болмаймын,— дейді телефоннан шыққан майлы күйе жабысып,— он жеті жыл орталық газетте істеп он жеті кісінің атын білмесең сені несіне малданамыз. Кәзір үйіңнен басайын деп тұрмын. Осы үшін елден арнайы келдім.

Міне, керек болса! Көршімнен жаңа құтылғанымда өлердегі сөзін айтып Өміртайдың келе жатқаны мынау. Көршімнің көрмес болып кеткені анау. Бір қызығы он бір жылдық бітірген қызы бар өз ағайым үндемей жатыр. Салмақты артынан салайын дей ме екен, әлде ол да біреудің есігін торып жүр ме екен. Қайнысын жетелеп келіп өкпелеп кеткен апам да осылай таңсәріден келіп еді. Немене бұлардың бәрі тауық болып кеткен бе? Мезгілсіз шақыратын тауықтар ғой бұлар. Ондайларды қазақ жұлушы еді-ау. Көршімізбен біздің жағдайымыз осындай, оқушы. Сіздің үйде ондай таңғы тауық болған жоқ па? Қаншасы командировкамен, қаншасы демалыспен келді екен. Әттең шіркін жұл... ұйқымды айтамын да әншейін. Әне қоңырау... жұлар ма еді, осыны,

1966