23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

Киіз үйдің құдайы






Кәсіпорын бастығына берілген сырттай мінездеме

Осы мінездеме берілді, осыны ұсынушы Елемес Тоқаевқа. Сарысу аудандық тұрмыс комбинатының директоры. Малшылардың жағдайын білмегенімен мал өнімдерін жанындай жақсы көретін адам. Әсіресе, малдың етін, сүтін қатты қадірлейді. Қымыз ішіп қызара бөртіп, ет жеп екі иығынан дем алып жүруді жек көрмейді. Жалақысын да жарты ай сайын уақтысымен алып тұрады. Сағат күндізгі ондарда кеңсеге соғып кетпейді деген кісінің көзі шықсын. Бірақ қарауындағылардың істеп жатқан жұмысын ашық көзімен көріп қабылдады деп айтқан кісі болса, жағына жылан жұмыртқаласын. Өзі үшін басқаға қағазға қол қойдырмайды. Ақ қағаздың бетіне қанша ирек салса да бәрі өзінікі. Өтірік айтып не керек, ісінің бір жақсы жері осы. Біреудің үйін үптеп, ақшасын сүттеп көрген жері жоқ.

Бірақ сонда да жұрт, әсіресе, малшылар оны қатты қарғайды. Сарысулықтар оны Елеке дегенімен басқа жерлердегі малшылар оны келеке етеді. «Ішкенің ірің, жегенің желім болсын!».«Өзіңдікі өзіне бұйырмасын!», «Алғаның ас болмасын!» деседі олар. Естіген құлаққа жаман екен. Мұндай түрпідей сөздер естігенде кірпідей жиырылғанынмен амал не, жарғақ құлағыңды көп сөзінен қалай жасырарсың. Қарғыс атып, немесе қарғыстан қағынып өлген адамның моласын әлі ешкім көрген емес. Ал егер ондай адам өлер болса, Елемес Тоқаев бір-ақ күнде іші басынан асып, шытыр жеген өгіздей аунап, домалап әлдеқашан жөнін табар еді. Керісінше қарғыстар Елекеңнің қағанағын қарқ етеді: сарысулықтардың санағынан да, санатынан да қалып көрген емес мал сойылған жерден.

Жалпы Елекеңнің ерекше қасиеті, оған сөз дарып көрген жоқ. Оның бір құлағынан айтқан сөз екінші құлағынан ағып кетеді. Қарғыс түгіл, талай үлкен жиындардағы ескертпелер де оны елең еткізген емес. Сондықтан ішкені ірің емес, қымыз, жегені желім емес, жамбас, оның бәрі Елекеңе арда заманның ең жұмсақ ішке жағымды тағамдарының бірі — айтулы кондитердің қолынан шыққан торттай сіңіп, балдай батады. Қала берсе ырсиып піскен бас та, майлы жамбас та, қайқы бас қазылар да, қыстан қалған сүр оның сыбағалы үлесі. Одан ол Түскен емес, құсқан емес. Әлі бір қақалған жері жоқ. Тек бере бер, бере бер.

Мінездеме болған соң бір жақты кетпей, Елекеңнің бар «қадір-қасиетін» түгел айтқан дұрыс. Талас бойындағы қалың малшы алғанын адалдап алып үйренген жандар, бұл олардың әдеті. Егер қойы қоңды, түйесі қомды, сиыры әукелі, жылқысы жалды болмаса, олар ондай арық малды мемлекетке тапсырып көрген емес. Ал Елекеңдер малшынын киын да, қастерлі де енбегін көріп отырып оны қадірлемейді. Елекеңдер көз жұмбайға салатын бір жаман әдеті бар.

Мұндай мінездемеде оны дәлелдемесе бола ма? Мысалы ол басқаратын тұрмыс комбинаты малшыларға арнап киіз үй жасайды. Шынын айту керек, оның да уығы, керегесі, шаңырағы бар. Әрине, «ұрының қатыны өзіне лайықты» дегенді естігендеріңіз бар болар. Бұлар жасаған үйдің де таздың басына лайықты көбі болатынындай бау-шуы бар. Баяғыда түнде қорқып келе жатқан біреу алдынан қарайып көрінген үй сықылды жоқ бірдемені көріп «мынау үй ме, шошала ма, құдайдан бұрын осы ала ма?!» деген екен. Несін айтасыз. Елекеңдердің жасайтыны осы шошаланың ағайыны. Егер бұл мінездемеге сенбей көзімен көргісі келгендер Жамбыл облысының «Қаракемер» совхозының № 3 фермасына барсын. Былтырғы алынған үйлерді айтпағанда биылдың өзінде бұлар Елекеңдерден он шақты үй сатып алған. Оны Елекең бәлсініп зорға босатқан. Төрт қанат, бес қанат деген аты болмаса құрқылтайдың ұясындай. Егер сенбегендер болса. сол жерді бір шолып өтсін. Онда ол үйлер туралы түрпідей сөзден басқасын да естиді.

Елемес-ау, Елемес,
Қылмысың сенің еленбес,
Келер-кетер бастықтар,
Мәңгі қалар ел емес.
Өтірік қылман шын сөзді,
Тыңдасаңшы бір кеңес...—

деген өлеңді де құлағы шалады. Елекең осындай аңыз болған мекеменің басшысы.

Мінездеменің басында егер Елекең үй жасаушылардың ісін өзі қабылдады дегеннің жағына жылан жұмыртқаласын делінді. Олай дейтініміз бұл үйдің бағасы онша қымбат болса, керегесіне пайдаланғаны жас баланың шынашағындай шыбық. Елекең оны көрген жоқ. Көре тұрып жіберсе онда Елекеңнің көзін ақшел қаптаған. Ал уықтарды тезге салып қордаға көміп ешкім әуре болмаған. Қарағайдан тілінген рейкалардың екі жағын жонып уық ретінде ұсына салған. Елекеңнің мақұлдаған, оның бас инженері Қалымбетов ұнатқан уықты керегенің басына тат`анда ол ортадағы шаңырақты емес, айдаланы, аспанды көздейді. Әр тақтай-уық әр жаққа тартады. Ал бұл шошаланы тұрғызғанда ол әтеш болар тауық жұмыртқасындай сүйірленіп шыға береді. Ал айтыңызшы! Елекең сықылды көзі бар кісі осыны көрді деп айтуға ауыз бара ма?

Елекеңдер үйді ықтасын жерлерге арнап жасайды. Жел болмасын деңіз. Жел болса... Өй, айта көрмеңіз. «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспанда көрерсің» дегендей, байырғы киіз үйді жел қозғаса, даланы жалғыз кезетін жасанды қаңбағыңыз осы болады. Бұл тымық

Талас бойында әйтеуір ілініп тұр, ал жамбылдықтардың Сарыарқаға жібергендері қайтер десеңізші. Ішін тартып ұлыған Сарыарқаның асау желінің өтіне қалай шығар екен!? Осыны ойлап салуға сағанағы, шаншуға қаламданбаған тақтай-уығы келмей жатқанда малшылар Елекеңді қарамағанда, айналады деймісіз. Тоқаев пен Қалымбетовтің өндірістік талғамы осындай жылымшы екен. Ал Сарысу тұрмыс комбинатын басқаратын Жамбыл тұрмыстық қызмет көрсету басқармасындағылар әзірге киіз үй жасалынғаны туралы мәліметті жинап отырған көрінеді. Мұнын өзі Елекеңдердің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болады деген сөз.

Олар жасаған үйлердің киізі де жетпей, елік ауызданып кетеді. «Терісін сыпырған түлкі қабырғасындай ырсиып тұрғанын шіркіннің» деп тракторист Нұржауовтың айтқанын әттең Тоқаев пен Қалымбетовтер естісе-ау, шіркін. Бірақ талай айтылғандықтан, талай естігендіктен олардың құлағы осы кезде көңге айналып кеткен. Сонымен ши кереге, қарағайдан жонылмай, тілінген тақтай уықты үй уыққаптай шоқия қалғанда, шошымай тұра алмайсың. «Ет дегенде бет бар ма?» дейтін Елекеңнің ет, май жасаушыларға жасаған үйі осындай.

Мінездеме Тоқаевқа және оның қызметтестеріне облыстық, партия, совет орындарына ұсынуы үшін берілді. Малшылардың арасында болып, үйді көзімен көрген мінездемені құрастырған Тоқаевты қатты құрметтеуші Балбақтың өзі.

1967