23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

Жасыл қоңыз






Қаланың ресторан жанды, тік бақай әйелдері «жұқалтаң сары» деп атайтын асханалар тресінің тексерушісі Жымық шағын ғана Сымқорған қаласынын ортасындағы жалпайып жатқан екі қабатты үйге орналасқан асханаға келді. Жымықтың сыртқы бейнесі сол әйелдер қойған атқа шынында да ұқсайтын еді. Оның бас терісі тықырайып ерекше бір тар жаратылған адам болатын. Басында шөкім ет жоқтығы оның сүйегіне жабысқан маңдай терісінен білініп тұратын. Қабағы тықырайып, шыбын тайып жығылатындай жылтырап көрінеді. Ал милығы басқалардікі сияқты шығыңқы емес, әбден мұжылған жақ келсаптай қушиып тұратын. Сондықтан да төбесі тым сүйірленіп, қораз болатын жұмыртқадай шошиып көрінетін.

— Пай, пай шіркін-ай, жылқы болсаң басына асықтай ет бітпеген нағыз қу шеке, екі құлағы тас төбесіне біткен өрен жүйрік болар едің-ау,— деп қалжыңдар еді құрдастары. Ал бет пішіні де атжақтылау, екі жағына пышақ жанығандай, түрі шала, оты дұрыс жанбағандықтан сарытаптанып зорға піскен нанға келетін. Демек ресторан жанды әйелдердің «жұқалтаң сары» дегені шамаға соғатын. Ал ресторандағы табақшы әйелдер де, аспаздар да оны «жұқалтаң сары» да, Жымық та демейді, «Шыбық» дейді. Өйткені оның асханаға келуі кейбір жұмысты адал істемейтін табақшыларға шыбық болып тиюші еді. Сондықтан да ол келгенде қаптағының қазанға. қазандағының табаққа түсуі ерекше бақылауға алынып, асхана, ресторан қызметкерлері аяғының ұшынан басатын.

Miне сол «жұқалтаң сары» мейлі Шыбық болсын, мейлі Жымық болсын асхананың бір бұрышындағы столға келіп үн-түнсіз отырды. Ол көп адамның бірінше өзіне тамақ әкелуді табақшыға тапсырды да, тып-тыныш отыра берді. Бүгін бұл жерден тыныш кеткісі келді. Тамақ та тез келді. Тексеруші ойында ештеме жоқ алдына келген сорпаны сораптап ұрттай бастады. Дәмі жаман емес, тым-ақ жақсы. Ішінде болуға тиісті әртүрлі нәрселердің барлығы да жүрген тәрізді. Әрине тамақ шамадан тыс жылдам келді, бұл мына трест тексерушісіне жасалған құрмет қой десіп бір көтеріліп қалды. Тексеруші мұны да сезіп отыр. Сорпа ішіліп түгесіліп қалған кезде тексерушінің көзі табақ түбіндегі әлденеге түсті де, денесі дүр етті. Оның жіті көзі табақ түбіндегі қарайғанға қадалды. Не болды екен, ә? Шыбын ба әлде? Шынында да арбиып қисық-қисық біткен нәзік аяқтары майға бөге қуырылғандықтан сәл қысқарыпты. Ал бас жағы онша анық емес. Бірақ оның есесіне бөксе жағы қалпында сақталыпты. Кәдімгі шыбындай ғана жылтыр жасыл қоңыз. Қап!

Тексерушінің ішкен жегені лықсып алқымына тығылды. Лоблыған жүрек асқазанды бүлкілдетіп, қайта тастап жіберуге аз-ақ отырды.

— Қап, құрғыр-ай,— деп ойлады Жымық — Ішпей тұрып араластырып әбден көріп алмаған екем. Бәсе, тым-ақ тез келіп қалып еді. Қарын қатты ашқан соң қарабасып жылдам ішіп қойыпты. Тексеруші келді деп аспаздың асыққанынан болды ғой бұл. Енді қайттім?! Менің табағымда болмай-ақ мына менің жиренішіме ортақтасып отырған бадырақ көз қаранын табағынан шықса ғой, онда мәселе қандай оңай шешілген болар еді. Онда мына асхананың адамдарын бадырақ ақ жүгеріше қуырар едім-ау!

Осы арада оның ішкі дүниесіне әлдеқандай бір пәле кіріп кеткендей екі бүйірін кезек-кезек соғып, ішкенін аузына қарай лықсытып-лықсытып жіберді. Бірақ Жымықтың өзі де жігіт-ақ екен, жібермей сазарып бақты. Тексерушінің өңі күнде қалған шүберектей қуарып, қуқылданып кетті. Оның жүрегі айнып отырғанын көршілері де сезіп қалды. Сол секундта-ақ тексеруші табағынан кішкентай, әдемі, жылтыр жасыл қоңыз шыққандығы келушілердің бәріне тегіс жайылып кетті. Ресторанда жиі болып тұратын сайқы-мазақ әйелдер «жұқалтаң сарынын сыбағасын салған екен» десіп сықылықтап, ашық күліп жатты.

— Е, тексеруші енді асхананы жақсы тексеріп тұратын болды,— деп әр жерде-ақ гу-гу күлісіп жатты. Табалаушылар да табылды. Не керек, шіркін, «сексен бес көрейін деген жасым ба еді, ит быламық ішейін деген асым ба еді» дегендей, мұндай болады деп тексеруші үш ұйықтаса ойлап па еді? Тіпті жұрт табалайтындай бұл қызметін де жаман атқармайтын. Нақ осындай сәтте, «қайтер екен» дегендей асхананың табақшыларына дейін бірде бірі залға басын сұқпай қойды.

Жымықтың лоблыған жүрегі қабынан шығып кете жаздап лүпілдейді. Міне, бір табақшы әрең дегенде көрінді-ау! Тексеруші оған не дерін де білмеді. Ол көтерген тегерік толы тағамды көрші дастарханға таратып, отырғандардың сыбырынан кейін тексеруші жанына жақындады. Табақшы моншақтай жып-жылтыр әдемі қонызды көзімен көрді. Оның артынан зал меңгерушісі де жетті. Қоныздың тексеруші табағынан шыққандығынан ба, әлдеқалай осында болғандықтан ба асхана директоры да келді,

Қарны шермиген, көзі кілегейленген, бет терілерінің бәрі салбырап бос қалған директор. Исақ егде тартқан адам. Әсіресе бұғағы сиырдың әукесіндей салпылдап бос қалған. Осы бір сәтсіз минутте бұл да неше түрлі жаман ой ойлап тастады. Басқадан шықпай бұл қоңызы құрғыр қайдан ғана тексеруші табағынан шыға қалып еді. Басқалардың табағынан шықса, ары кеткенде кешірім сұрап, аспазға бір сөгіс беріп құтыла салар еді, әйтпесе тіпті «ондайлар бола береді» деп маңыз бермей танауын көтеріп тартпас па еді. Енді міне ертең трестен алар сөгіс, тіпті қызметке қауіп, бәрі Исақтың көз алдына елестеп, әйтеуір мұнын, тегін кетпейтінін біліп сасып тұр.

— Бұл қалай болды, жолдас директор!— деді тексеруші.

— Қайтеміз,— деді өзі де қылпылдап, қыл үстінде тұрған директор.— осылай болмай тұрмайды. Келушілер көп. Тамақ та шамадан тыс бүгін көп істелді. Көп нәрседе кемшілік болмай қоймайды.

Тексеруші өңі қуқылданып, реңсізденіп кетті. Шамасы жүрегі айнып кетті білем.

— Байқамайсыздар ма, мұндай масқараға жол беруге болмайды ғой.

Директор не дерін білмеді. Бір пәле болып кетпесе жарар еді. Мына залда отырған екі жүз адамның біріне түспей, қанатың да, тілеуің де кесілгір, құзғын қарғаның жемі болғыр жасыл қоңыз нақ тексеруші табағынан табылар ма.

— Осынын өзі әуелі қоңыз емес, қатты қуырылып, күйіп кеткен пияз болып жүрмесін.— деді директор әлде бірдеме ойлағандай түсін өзгертіп, күлген болып.

— Япыр-ай, неткен көрмес адамсыз. Ортасынан жарылып тұрған арқасын, тікендеген аяқтарын көрмейсіз бе? Мен ауырып қалсам қайтесіз. Масқара ғой, бұл.

Директор жылтыр қоңызды қалайы қасықпен іліп алды.

— Қоңыз емес қой, қуырылған пияз ғой,— деп танауының астынан бір қайталап қойды. Нақ осы бір сәтте тексеруші ашуланып қатты кетті:

— Қазір акты салып сіздерді прокурорға тапсырамын.

Бұл сөзді естігенде Исақтың денесі мүздап кетті. Трестін бұйрығымен тына ма деп тұрған нәрсе заң орнына бара жатса, оның өзінде тексерушінің өз басынан кешкені жазылса, пәле сонда болады ғой. Тексерушімен ерегісуге бола ма? Оның арғы жағы темір тор емес пе? Директор қоңызды алып, «бұл қоңыз да, пияз да емес қой»,— деп аузына қағып салды. Сөйтіп қышыр-қышыр еткізіп, қоңыздың жылтыр қанатынан тісін бір-екі тайғыза, бір жұтынып, қоңызды қылғып қойды. Исақ кенет ашуланып, дөрекіленіп. өзгеріп сала берді. Ол тіпті тексерушіні адам екен демей айқайлай жөнелді.

— Қайсы, қайсы қоңыз. Қызмет бабыңды пайдаланып қашан да қоқаңдай бересің. Қайсы, бағанадан бері жұртты дүрліктіріп отырған қоңызыңды көрсетші маған. Үнемі қоқанлоққы жасайсың. Жұрт, мына тексерушіні көрдіңдер ме? Маған пәле жапқалы отырғанын. Қайда қоңыз, қайда?

Директордың екі көзі шатынап, ашуланып қайнаған самаурындай бұрқ-сарқ етті.

Міне, пәле керек болса! Исақ Жымықты ішіп-жеп барады. Тексеруші болса не дерін білмей қатты састы, тіпті өзі өтірік айтқандай жаман ұялып отыр. Расында ол қоңыз емес пе еді деп өзіне өзі күмәнданды.

— Апыр-ай, жылтырақ қоңыздың өзі-ақ еді ғой,—деді де не дерін білмей. Бірақ енді оны немен дәлелдемек. Ол үндей алмай отырып қалды. Ал Исақ жылтыр қоңызды жұтуын жұтқанымен бір апта бойы ішкені ірің, жегені желім болып, тамақ іркілдеп көкірегінде тұрды да қойды,

1958