23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

Қыдырудың есебі






Ырғайты бір әсем қала Жасыл желек жамылған осы қала әсіресе, көктем кездерінде ерекше көрікке енеді де содан жаз бойы осы әсемдіктен арылмай, күнде таранып, күнде боянып кербез сұлудай рахат дүниесіне малынады да тұрады. Бұл қаланың ағаштарының бәрі де бір өңкей, тіп-тік, аспанмен сөйлесетін зәулім ағаштар. Осындай көркем көріністің арасында анда-санда кездесіп қалатын қураған түбірлер бар. Ол не бас жағынан бұтақтары түсіп, таз бастанады да, не кез-келген бұтақтары сынып, әйтеуір төңірегінің ұсқынын алып тұрады. Ол шіріген түбірлер жіті көзге байқалмаса, жанағы айналадағы гүл-шешекке малынып, көрінбейді де.

Нақ осындай бір таз бастанған, басын өртен шалғандай ағаш Бағланның қызметке баратын жолында Ырғайты аудандық совет атқару комитетінің есігінің алдында да бар. Бағлан да, басқалар да бұған күнде қарап өтетін. Ол көзге шыққан сүйелдей. сиыспаушы еді. Сондықтан да ауатком кеңсесі орналасқан екі қабат үйдің осы сәнін кетіріп тұрғандай көрінеді.

Бір күні үйден ертерек шығып кетіп Бағлан ауатком кеңсесінің алдындағы әсем аллеялы қырықпа ағаштан өтіп бара жатыр еді, ауаткомде нұсқаушы болып істейтін қаладағылар жалпақ сары атандырып жіберген Жұрынбай жолығып қалды. Үстіндегі кең көк пальтосы қолқ-қолқ етеді. Мол жаралған денесін билеп ала алмайды, аяғын балп-балп басады. Екі қолы артында. Бағлан амандаса кетті.

— Сәламатсыз ба?

— Амансың ба, бала? Я, үй ішін... Я, қайда соғып барасың?

Бағлан бұл сұраққа сәл таңдана жауап берді. Сағат таңертеңгі сегіз бен тоғыздың арасында жұрт қайда барушы еді, әрине асыға басып жұмысқа кетіп бара жатады ғой.

— Қызметке ғой, Жүреке.

— Е, мен қыдырып жүр екен десем. Мен мәселен үйден ерте шығамын да таңертеңгі таза ауаны жұтып, рахаттанып тұрып дем аламын. Е, айтқанда, өзің бұрынғыша мұғалімбісің. Біреудің қарауында істеуге үйреніп кеткен жансың, ә? Әй, шіркін өз алдыңа, өзің би, өзің қожа болып жүргенге не жетсін. Сен әлі баласың ғой, кішкене жасың келген соң көресің.

Жүрекең сол үндемей отырды Да, өзінің қолындағы буманың шетін ашып бір үңіліп қойды. Сонан соң ыңғайсызданғандай буманы біресе алдына, біресе артына ұстады. Мұның ыңғайсыздануы Бағланға ой түсіргендей болды. Жүрекеңнің қызмет алдында қыдырып жүргені қалай, қолындағы бумасы не? Бағланның бұған таңданып отырғанын біліп Жүрекең ешбір маңыз бермегендей сөйледі:

Осы қатындардың күйбең-күйбең ісі біте ме? Мына бір буыншақты әлгі жеңгең... Я буыншақ болғанда әлгі ауыл арасының дүниесі, Үндістан шайы. Құрғыр осы кезде сирексіп кетті ғой. Түу, бірді айтып бірге кете беремін, әлгі жеңгең, ой осы қатындардың ісі құрсын-ай, Алмалықтан келген еді ғой. Жата жабысып жолың ғой, апарып бере сал деп болмаған соң алып едім. Алмайын десем жағызілік маған болыспайсың деп бұртияды. Олардың көңілін аулап қоймасаң да болмайды.

Жұрынбай көкірегін кере, күн тимеген аппақ қабағын көтеріп, қасын қозғап, паңдана қалды. Оның мұрнын жоғары көтергені сонша, жанында тұрған адам танауынан кеңсірігіне дейін тегіс көргендей еді. Ол Бағланға қайта бұрылып:

— Біз ғой, сорлы еркектер, қатындар сияқты ұсақ-түйекпен айналыспаймыз. Сондықтан-н-да..

Жұрынбай «сондықтанның» аяғын айтпай аузын жаба қойды, кенет қайта тіл қатты:

— Осы сен де өсудің перспективалық жолдары бар ма? — деді де, оған жауапты өзі берді.— О, жоқ екен-ау. Сен мақтағанда әзірге мектептің оқу бөлімінің меңгерушісі немесе директоры боларсың. Бірақ олар жаяу бастық қой.

Бағлан үндеген жоқ. Тіпті Жүрекең оның жауабын керек те еткен жоқ, өзі кесіп-пішіп, алдын орап алды.

— Айтқандай, осы сен, Бағлан, демалысыңды қалай өткізесің. Шіркін, машинам болса, демалыс сонда демалыс қой. Онымен саятқа,...

«Саятқа» деген сөзді айта беріп Жұрынбайдың өңі қуқылданып, әлденеге тітіркене қалды. Оның лопардай денесі тезінен жалт бұрылып, бетін күнбатысқа қаратып алды. Ол жыпылдап, асыға тез сөйледі:

— Ал, тағы да бірде сөйлесерміз, уақыт болып қалыпты.

Жұрынбайдың бұдан әрі сөйлеуге мұршасы келмей ауыр денесін күшпен сүйрей жөнелді.

Уақыт сағат тоғызға таялып қалған екен. Он-ақ минут бар. Бірақ Жұрынбайдың өзі кызмет істейтін ауатком кеңесінен күннің батысына қарай етіп кетуі қалай. Бағлан алдымен осылай ойлап қалғанымен артынан оған мән бере қойған жоқ, өз жайына кете барды. Бұрын орман шаруашылығының директоры болғанда машинадан түспейтін Жүрекең қалай жаяушыл, қыдырғыш болып кеткен?!

Бағлан істейтін мектеп ауатком кеңсесінің терістік жағына екі көше төмен орналасқан. Ал үйі ауатком кеңсесінің түстік батысында. Таңертең қызметке барарда ол мына қырықпа бақтың батыс жағын басып өтеді. Міне Жұрынбай бүгін де нақ сол бұрышта Бағланға кездесе кетті. Ол тағы да өзі қызмет істейтін кеңсенің батыс жағына қарай келе жатыр екен. Ал Жұрынбайдың үйі осы қаланың күншығыс жағында.

— Я, жолыңыз болсын, Жүреке!

— Айтқаның келсін, қыдырып жүрмін. Қыдыру үшін әдейі ертерек келемін.

Жұрынбай жымырайған қара қаракөл елтірісінен істелген жұқа құлақшының басып киіп, кең пальтосының етегін тізесіне салп-салп ұрып, екі қолын артына ұстап өте берді. Оның бүгін әңгімелесуге уақыты жоқ сияқты. Бағлан да оның тоқтауын керек ете қоймады. Тек Жүрекең неге кеңсесінің алдындағы қырықпа баққа қыдырмай, батысқа қарай өте береді екен деген сұрақ оны басынан бір шықпай-ақ қойды. Әдетте семіріп бара жатқан адамдар өзіне жаяу жүру үшін маршрут белгілейді деуші еді. Ол рас та болуы керек. Өйткені осындағы оқытушылар институтының директоры болған Лукьяновтың таңертең төмен жақтағы вокзалға барып, содан қызмет басталар алдында терлеп-тепшіп келе жатқанын талай көргені бар. Сондай-ақ қан айналысы бұзылып ауырғандар да осындай маршрут белгілейді дегенді талай естіген. Ал мына Жұрынбай да сондай бір науқас шығар. Сол науқасынан айыға алмай әлекке түсетін болар.

Бағлан сабаққа үш күн сегіз жарымда кіруші еді де, үш күн тоғыз жарымда кіретін. Міне осындай мектепке кеш баратын күндердің бірінде Бағлан Жұрынбайдың тағы да сағат тоғызға бес минут қалғанында кеңсенің батыс жағына қарай сабылып кетіп бара жатқанын көрді. Тіпті бұл жолы Жұрынбайдың амандасуға да шамасы келмеді. Бұған қарап тұрып Бағланның жаны ашыды. Шынында да бір жаны үшін байқұс Жүрекең жан ұшырып, қара терге түсіп, өкпесін қолына ала маршрутқа жетіп қайту үшін жүгіріп барады-ау! Әйтпесе анау зор денені сүйреп бұлай қатты жүру оған оңай да деймісің. Жан қинайтын осы аурудан жаман нәрсе бұл дүниеде сірә, бар ма екен! Әй, құрғыр ауру-ай!

Бағлан қырықпа бакты аралап, біраз жүрді. Содан ауатком кеңсесінің алдындағы сәнді бұзып тұрған шірік ағашқа көз салды. Бар болғыр «комхоз» осы ағашты неге түбімен қопарып тастамайды екен, ә! Өзі бір үйді бір қыс отынсыз етпес еді. Бағлан осы шірік тамырдың өзі құлағанша тұрса, қанша уақыт тұрар халі бар екенін айырмақ болып жанына келіп айналдырып қарай бастады, Ол енді көпке ұзай қоймайтын шірік ағашты «көп ұзай қоймас» деп бұрыла беріп еді, қарсы алдынан келе жатқан Жұрынбайды және ауатком председателі Кенбаевті көрді. Кенбаев Бағланға басын изеп амандасты да, Жұрынбай оған қарап жымиып күлді.

— Қыдырып жүріп кездесіп қалдым,— деді де кеңсеге ол да іле сүңгіп жоқ болды.

Бұдан кейінгі екі күнде де Бағлан Жұрынбайдың кеңсенің күнбатыс жағынан Кенбаевпен бірге жапсарласып келе жатқанын байқайтын болды. Бірде байқамай «қыдырып жүрсің бе?» деп Бағланның айтып қалған сөзіне Жүрекең: «жо-жо-оқ» деп сасып қалды да, «ты-ыс-ыс» деп сұқ саусағын шошайтты. Осыдан кейін Жұрынбайдың қандай аурумен ауырып жүргені Бағланға аян еді. Таңертең үнемі үйінен жаяу келетін Кенбаевты Жұрынбай есігінің алдынан күтіп, «кездейсоқ» кездесіп, бір күн «қыдырып» жүріп, бір күн «дәрігерден» келе жатып, бір күн «біреуде жұмысы болып барып» жол жөнекей кездесіп қалып жүргендей жайы бар-ды.

Арада өткен бір ай Бағланға Жұрынбайдың маршрутын толық түсіндіргендей болып еді. Бір күні Жұрынбай осы қырықпа бақта көрінбей үшті-күйді жоқ болып кетті. Үш-төрт күннен кейін Бағлан Жұрынбайдың әдемі көк машинаның үстінен басын изегенін байқады. Осыдан былай Жұрынбайдың маршруты тағы белгілі болды. Күнде сағат тоғыз жарымда Бағлан сабақ беретін (яғни ауатком кеңсесінен екі көше төмен орналасқан) мектептің қарсысындағы тігін фабрикасының алдында көк машинадан түсіп жатқан Жұрынбайды көру қиын емес еді.

Үш-төрт аптадан кейін Жұрынбайға Бағлан қуыршақ театрының алдына келіп түсіп жатқанында амандасты.

Ол тек Бағланға емес, ол төңіректе тұрғандардың барлығына ерекше жылылықпен басын изектетіп, мәз бола сәлемдесті. Ал алысырақ тұрғандарға күліп, он қолын жоғары көтеріп, көзін сығырайтыңқырап, бұғағын бұлтита, екі езуін тыржита ризалық білдіргендей бас изеді. Бағланға тұрғандардың барлығы да осынын қарауында істейтіндер, ал мынау солардың бастығы — көсемі сияқтанын кетті. Бұл жолғы сөзді Бағлан бастап әкетті:

— Жүреке, қыдырмайтын болып кеттіңіз ғой.

Жүрекең бірден қабағын шарт түйіп алды. Нақ осы сөзге жауап берер кезде бүкіл Ырғайты қаласы салмағын Жұрынбайға салып тұрғандай болып кетті. Тіпті Бағлан оның бір жері қатты ауырып кетті ме, әлде қан айналысы бұзылып кетті ме деп шошып қалды.

— Ой, шырағым-ай, біз бір байлаған бұзау емеспіз бе?! Қыдыру түгіл сіңбіруге де қол тимейді. Уақыт жетпейді. Таңертең кетсең, кешке келесің.

— Жүреке-ау, демалысыңыз бар емес пе?

— Жоқ, шырағым, айналдырған бір күн қаланың сыртына шығудан-ақ, саятқа шығудан ауыспайды.

— Е, қыдырудың да есебі бар еді-ау, онда бұрынғы қызметіңіз-ақ жақсы емес пе еді?..— деді Бағлан,— уақытыңыз мол болатын.

— Бізде не ерік бар,— деді Жұрынбай мүләйімсіп, тыжырына,— қайда жіберсе сонда барамыз. Я, айтқандай, осы сен қайдан білдің?

— Нені?

— Менің кететінімді. «Көп ұзай қоймас» деп түнеугі күні айтып салдың ғой.

— Гүл бақшаның сәнін бұзып тұрған шірік ағаштың ұзаққа бармай құритынын кім білмейді? Біздің қаламызда оған орын жоқ қой. Қыдырудың есебі сияқты тұрудың да есебі болуы керек қой.

1958