23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

Бақыр бас






(этнографиялық әңгіме)

«Жұртқа келген селебе, селебені елеме» десе де, халық елге келген обадан осы заманғы үйлерде хлорофостан қырылған тарақандай жайраған бір кердері кезең болса керек-ті. Аурудан әбден ығыр болған жұрт Үкітайдың баласы Әлтай аяқ астынан қатты ауырып сандырақтап жатыр дегенді естігенде, аза бойлары қаза болды. Ауылдас ағайын жесір қатын, жетім баланың жалғыз түйесін есігінің алдына әкеліп, тіздеп тастады. Он шақты уақ-жанын бөліп, оны осы шетте отырған үйдің төңірегіне иірді де, басқалары апыл-ғұпыл үдере көшті. Кім біледі, Әлтайдың аяқ астынан ауырғанына қарағанда малға келген қарасандай елге тағы да оба, әлде сарамас сияқты әрбір үйден ойбай шығарып, кейбіреулерінің түндігі ашылмай қалатындай қисыпыр жасайтын бірдеме келіп қалған болар. Ондайда ең дұрысы іргені аулақ салып, түп көтеріле көшіп кету болмақ.

— Кім біледі, Үкітай, топырақтан тысқары болсақ әлі-ақ кездесерміз, әлі-ақ ондай күн туса ғана бүтін құртты бөліп жеп, жарты құртты жарып жеп отырармыз. Мына мал-жанына ие бол! — деді ат үстінен үйге түспестен Жармақ шал. Сырттан айтқан сөз Әлтайдың құлағына анық-ақ жетті.

— Мейлі, тағдырдың салғанын керерміз, — деді де үні бітіп, діңкесі құрып жатқан Өлтай іргеге қарай төсегінде аунап түсті. Кедей үйде ағаш төсек те, абдыра да, абажа да жоқ, екі қабаттап құрым киіз үстіне салған бірсалар текеметтен шиқылдаған, сықырлаған дыбыс шықпады. Сондықтан науқас адамның аунағаны да, дыбырлағаны да білінбейтін еді.

Әрине, «ел іші алтын бесік» десе, сол ел бұларды бесіктен домалатып түсіріп тастап, ездері бастарын күйіттеп, «шықпа жаным, шықпалап» бара жатса, енді олардан не үміт, не қайыр. Мұндайда «хал қайыр, жарлы байыр», «көтке тисе кендік, басқа тисе елдік» дегеннен басқа амал қанша?!

Бәрі де әлгі тамыршы кемпір Тұрғаннан келді. Таңсәріде осы жерде өрісте түнеп қалған саулы қара сиырын айдап келеді екен, Үкітай нақ осылай бола қояр деп ойламап па еді, Әлтайының еті қызып, шыдай алмай шыққанын айтып еді, ол қара сиырын «ек-ек» деп, қуа жөнелді. Үкітай оған баласының тамырын ұстатып, «ештеме етпейді, бір-екі күнде тұрып кетеді» деген жарым ырыс жақсы сөз естігісі келмеп пе еді. Елді алатайдай бүлдіреді, дүрліктіріп, шешек шыққандай бұларды аластайды деп Үкітай байқұс ойлап па, аяғы мынау болды. Жалғыз үй қалды.

Оқиға былай өрбіп еді. Үкітай үйінің жанынан қара сиырын қуа жөнелген Тұрған кемпір, кимешегінің екі самайынан шашы шығып, екі етегінің шалғайы екі жаққа кетіп, Үкітай үйіне ен жақын тұрған ежелден «желім ауыз, жез таңдай атанған қайрақтай қара. қатын Құраластың үйіне ойбайлай кірді; Әлі былшығы кетпей, ұйқыдан жыртиып жаңа ашылған көздерін уқалаған шегене бас ерлі-зайыпты екеуі ит қуғандай үйге жүгіре кірген Тұрғанға телміре түскен.

Бұл тамыршы атанған Тұрғанның тегін жүрмейтінін бұрыннан біледі, сондықтан да көріпкелі бар кемпірдің аузын бағып қалып еді:

— Ойбай, келіп қалды. Пәле келіп қалды. Бүгіннен қалмай кешпесек бәріміз бір-бір төбешік болып, төбеге томпаямыз. Егер менің көргенім рас болса, пәле алдымен Әлтайға, сонан жағалай жұрттың бәріне жетеді. Кешіңдер ойбай, үйді жығыңдар. Келе жатқан пәледен қашып құтылмаса болмайды.

— Не болды, дұрыстап айтсайшы, — деген Жармаққа кемпір ойбаймен жауап берді:

— «Басқа келген пәледен бастан құлақ садаға». Бір Әлтаймен құтылсаңдар құдайыңа қой айтарсың. Ойбай, көп қалды, ойбай, көш, кеш! — деп ақилана айғайлаған кемпір екі етегін қолымен көтере жүгіре жөнелді.

— Апыр-ай, мына түрің құрғырдың сөзі қалай жаман еді, тірі жатқан өрімдей жас жігітті елімге қиғаны несі-ей, Құралас-ей, барып, анау сорлылардың жағдайын біліп келші, — деп еді Жармақ шал, бірақ әйелінің орнын сипап қалды. Бұл кезде айғайға аттан қосқан Құралас бел астындағы көршілерді дүрліктіріп жатыр еді:

— Тамыршы апам айтты, пәле келе жатыр, пәле деп. Әлтай қазір дүниеден кетеді, оны жерлеуге қатысқанның бәрі жер жастанады, — деді Құралас аузы-аузына тимей шепіпендеп, — сүзек болса керек-ті, сүзек...

«Ел құлағы елу». Аздан кейін-ақ келе жатқан қызыл көз пәледен жұрттың бәрі-ақ құлақтанып, түндігін сыпырып, үзік бауын шеше бастады. Ерте тұратын шал-шауқан ұзамай жайылып, қалың теріскеннің арасындағы шаңдақта еркінше күйсеп жатқан ойсыл қараны, ерінге тұрғызып, екі бүйрек солқылдатып ауылға қуып келді. Енді бір сәттен кейін бұл ауылдың жұртында жақында осы ауылға сіңіп, әр үйдің итаяғын бір жалап жүрген қарала иттен басқа ештеме қалмады. Үдере көшкен елді көрген, әбігер адалдарды алыстан таныған қарала ит «енді кімнің жуындысын ішемін» дегендей шөкесінен отырып, аспанға қарап ұлысын-ай, келіп. Онсыз да есі екеу болып кеткен ауыл адамдарының қараланың ұлығаны түсін төртеу етті.

Ескі ауылда қашанда иттің ұлығаны жамандықты білдірсе керек-ті. Ондайда ұлыған итті шақырып, тамақ құяр еді, қазекемдер. Ит аспаннан түсіп келе жатқан пәлені көреді-міс. Сонан соң «құдай бұл пәледен иемді сақтай көр», деп құдайға жалбарынады-мыс. Иесінің тілеуін адамнан артық тілеп жатқан жануарға адам қалай іші жылымай тұрсын.

Ал қарала ит иесі болмағандықтан, жалпы пәлені көріп жатыр. Мүмкін, бұл пәле бұралқы ит көргендіктен бүкіл ауылға тиісті болар. Ендеше ол пәледен қашпаса бола ма. «Аш пәле, аш пәледен қаш пәле!»

Қарала итке ешкім шақырып тамақ құймады. Өйткені уақыт жоқ. Тұрған кемпір мен қарала ит көрген пәле әздерінің біріне жабыса түспеуі үшін үйелменін. үлегіне үйіп ап, «пәледен машайық қашыпты» жасамас па?! Сөйтіп ауыл кеткенде қарала төбет төбе басында ұлыған күйінде шоқиып қала берді. Егер бұл қарала біреудің басы бүтін иті болса, ол осылай ұлуын қоймаса, онда иесіне бір қара көрінеді. Ал қарала иттің алып жейтін иесі жоқ, демек пәнде жұртқа онымен бірге қалған Әлтайдың басына жабысады да. Осындай оймен ауыл аттанды, төбеде қарала ит қалды, сайда Әлтайдың қара лашығы қалды. Көштегі барлық қатынның аузы жыбырлап бара жатты:

— Пәлесінен аулақ, пәлесінен аулақ!

Бұл кезде көштің бірінде түйе үстінде ырғаңдап отырған Тұрған кемпірдің көңілі тоқ еді. Жаңа жұртта ауылдың жылы-жұмсағы, тәттілі шайы, құрт-майы өзінің аузына ұсталатынын, бірінен кейін бірі шақыратынын ойлады, тіпті оған шүбәланбады, қайта тамақтың дәмін алғандай тамсана түсті.

Жапанда жалғыз үй қалды. Төрт қанат үйдің оң жағында Әлтай жатыр. Аурудың беті қиын. Ол күнді күнге, түнді түнге ұрып, ысып-күйіп жатты. Тамағынан бір жұтым су да жүрмейді. Шеше байқұс есік алдына боз інгенді тұсап қойды да, азғантай ғана уақ жанды бетке салып қойып, көбіне үйден көздеді. Өйтпегенде қайтсын. Жаман айтпай жақсы жоқ, Әлтай бірдеме болып кеткендей болса да, ол он тұяқ түгін он мың қойың керек бола қоя ма. Құдайдан бір, адамнан екі сұрап алған жалғыз ұлдан қалған соң дүние не, мал не? Ол бір иесіз тұл дүние болмас па.

Күнде әдеттегідей ауру кешке қозады. Күндіз де тыныш таппаған Әлтай жаны кеш болған соң ауру үдей түсіп, жанын қоярға жер таппайды. Қанша терлеп, пора-пора болып жатқанмен, ол бір көңілге медеу ететін қайыр болмады. Ауыл көшіп кеткен бесінші күн кешке ауру барған сайын асқынын бара жатқандай болды. Үкітай жан ұшырып жүргенмен, еш қайран ете алмады. Бес күн бойы көрер танды көзімен атқызып, жалғыздың жанын жасағанынан сұрап, жалбарынумен болды. Бірақ жасағаны кешкен ауылмен бірге кетіп қалғандай жұртта қалған сорлыларға көз қиығын салмай-ақ қойды, ең болмаса осындайда ел ішінде отырғаны да жақсы екен, тіпті жамандықты басынан жаудырса да Тұрған кемпірдің де кезіп жүретіні бұдан әлдеқайда тәуір екен. Ең болмаса адам қарасын көріп отырады ғой. Оның үстіне өгей деген атынан да қорқып өліп барады емес пе! Үкітай қарамай өлтірді демесін кім біліпті.

Әсіресе кеш батқан соң қиын. Далаға шықса дүние тылсымданып, қара түнек басады да қалады. Әлде көк желкенде әлде бет алдында бірдеме бас салайын деп тұрғандай. Бір тұңғиық қап-қара пәле орнап алады да, аяғыңды ілгері басуға шамаң келмейді. Азғантай уақ жақ да барлық медеу-демеуді осы қара лашықтан тауып, үйді айналып тұрып алады. Ал оның сырт жағында үйді торын әлде сыбырласып, біреулер жүргендей, әлде құйрығын бұтына қысып, дала ұрысы, азуы алты қарыс бәрі, әлде қозының, әлде қойдың бірін жәукемдеп жатқандай. Құдай қас қылғанда бұл үйдің есігіне бір ешкі де бітпеген екен, егер оған қасекеңнің суық қара тұмсығы тиіп кетсінші, бақырып, бар сары даланы басына кетерсің. Ал мына қой момын жануар бауыздап жатқанында ешкіге ұқсап бақырмайды да, қасқыр құйрығының жартысын жұлып әкетсе, қалғанымын қойға еріп жүре береді. Үкітай жанын шүберекке түйіп ымыртта үш-төрт қозыны көгендеп алады да, содан сықырлауығы жоқ кедей үйдің киіз есігін түсіріп, «даладағы малдың қасқырдан қалғаны менікі», деп үйден аттап шықпайды.

Сонан соң көзі жаудырап жатқан Әлтайдың бетіне қарайды да отырады. Әлтай он беске келіп, ат жалын тартып мініп жігіт болып қалған. Үкітай байқұс құдай жеткізсе, енді жетемін бе деп отырғанда баласына мынадай дерт пайда болды.

Бүгін кешке қарай Әлтай сыбырлап сөйлеуді де біржола қойып, бір қызарып, бір қуарып, тілсіз, үнсіз жатты. Кезі жайнап жатыр. шығаруға үк жоқ.

Таң алды болатын. Әлтай төсекте сырылдап, қырылдап дем ала алмай жатыр. Тіпті өліп барады десе де болады. Таң қараңғысында бес күн бойы көз шырымын алмаған шеше қалғып барып, мызғып кетті. Әлтай өліп бара жатқанда су тамыз деп те айта аямағанына өкінді. Дегенмен бір сәт шешесінің ұйықтап кеткенін де дұрыс көрді. Өлсе елер, ең болмаса біреуі қорлық көрмей аман қалсын да. Өгей де болса жасынан асырап еді, бекер обалын көтеріп керегі не, осы уақытқа дейін өгейлік мінез көрсетпеп еді ғой...

Табалдырықтағы саңылаудан рауандаған таңның құлан иек алғашқы жарығы түсті. Үйдің іші қара, іргеден жарық сығалады. Тіпті, міне, жарық тарта бастады.

«Бүгінгі күнді де көретін болдым-ау», деген үміт Әлтай басында жылт етті, бірақ не керек, өліп барады. Шеше қатып ұйықтап қалды. Оятуға шама жоқ. Үні бітіп ақырғы демін алды. Баласының өлетіндігіне әбден кезі жеткендіктен күдерін үзіп қалғандықтан ба шешесі Әлтайға бір түрлі күндегідей емес, салғырттау көрініп еді. Сондықтан да ма екен деп ойлап еді, Әлтай шешесінің мұның өліп бара жатқанынан бейхабар жатқаны. Әлде...

Үй іші әжептәуір жарық болды. Кезі жайнап, ауру қинап жатқан Әлтай шешесінің біреумен алысқандай ұйқысырағанын, бастығырылып жатқанын байқады. Шешесі булығып, түсініксіз бірдемелерді сөйлеген болды, мұрнынан әлде көмейінен дыбыс шығарды, қолы, аяғы жыбырлайды.

Нақ осы бір әдетте, Әлтай буынып жан тәсілім етер, шақта киіз есіктің асты көтерілді де, бұралқы қарала ит кіріп келе жатты. Ит тамақ тұратын ережеге таман барды. Әр нәрсені иіскелеп, шешесінің қойдың кешкі жебіндісін сауып қойған қара шелекке бас қойды. Әлтайда «кет» деуге тіл жоқ. Шешесіне қарап еді, ұйқыдағы Үкітай әлдебіреуге ұрсып жатқандай қолын көтере берді. Қарала ит осы сәтте шелектің ішіндегі сүтті тілін салқылдатып іше бастады. Буынып, қырылдап-сырылдап өліп бара жатқан Әлтай дауыс, үн жоқ болғандықтан көрпені серпіп, аяғын итті кет деген болып, шошаң еткізді. Шошыған ит шелектен басын жұлып ала бергенде, оның бауы мойнына ілініп қалды да, салдыр етіп бақыр иттің басына кептелді де қалды. Көрген түсінен болуы керек, Үкітай сарт еткізіп, жұдырығын салып қалып еді, қолы жанында тұрған ағаш қобдиға тарс ете түсті.

Басында бақыр кептеліп қалған қарала ит салдырлатып, алдыңғы екі аяғымен басындағы шелекті түсірмек болып тырмалап жатыр. Иттің салдыры, қобдиға тиген жұдырығының қатты ауырып қалғаны бар Үкітай басын жұлып алды. Әлтайдың жанын алуға келген бақыр бас пәле оның көз алдына іліге кетті. Салдырлатып есік жақта тұрған жаналғыштан есі кеткен Үкітай жан дәрменде даусы үздік-үздік шықты:

— Айналайын бақыр бас, алатының мен емес, анау жатыр! Нақ осы бір қиналып, енді өліп бара жатқан, бәрін көріп жатқан Әлтай:

— Ах! — деп күліп жібергенін өзі де байқамай қалды. Күлкімен қабат аузынан қанды ірің бірге атқыды. Жанын жегідей жеп жеті күн қинаған жұпар ауруы — баспаның жарылып кеткенін ол білді. Ертеңіне пәледен құтқарған қарала итті шақырып, тамақ құйып асырап алды.

1987