23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

Теміржолшы






«Шойыннан жол салынғалы жатыр, ол жолдың көрінісі домбыраның екі ішегі сияқты болады екен, онымен поезд деген отпен жүретін арба келеді екен» деген қауесет Балқаштың бергі жағасына жуық жатқан Күрті еліне тез тарап кетті.

— Қара бұқасы болады дейді.

— Оның жаны бар ма?

— Тұяғы қалай шойыннан тайып кетпейді?

— Шойыннан істелген арба дейді, от күшімен көп жүк сүйрейді екен,— десті кешке жақын ауыл ортасындағы төбе басында отырғандар.

— Ол қайда барады екен?

— Мына Қопаны басып өтеді дейді жұрт.

Бетінде қорасан дағы бар шетте отырған, жасы жиырмалар шамасындағы қара ЖІІІІ жаңағы әңгімені айтқандардан жолдың жайын қайтадан сұрап еді. «Біз қайдан білейік, біздің білетініміз де сенің естігенің ғой» деп олар ештемені ашып айта алмады. Сұрауына жауап таппаған жігіт ел аузына біраз қарап тұрды да, орнынан тұрып кетті.

Ол үйіне келгенде алауланған тезек оты бықси жанып, үй іші ала көлеңкеленіп тұр екен.

— Апа,— деді үйіне келіп жігіт, отты үрлеп жатқан шешесіне,— мен шойын жолға жұмысқа тұрсам қайтеді.

— Жассың ғой әлі, қалқам.

— Ой апа, жиырмаға келген адам жас болушы ма

еді.

— Анығын білдің бе? Жұмысшы ала ма екен?

— Әзірше менің естігенімнің бәрі тұспал.

— Ендеше біреуден әбден анығын білсеңші, шырағым, бару жағын сонан соң қарастырарсың.

Сөз басыла бергенде, киіз үйдің есігі көтерілді де, сәлем беріп мосқал тартқан бет сүйегі шығыңқы, аласа бойлы, қара сақалды кісі үйге кіріп келді. Бұл Тосқанбай деген өздерінің бір туысқаны еді. Бағанағы төбе басындағылар «Тосқанбай Қопа бойына жұмыс іздей кетіпті» дегенді де айтқан. Тосқанбайды көріп қуанған жігіт, бар іздегенін осы туысқаны алып келгендей болды.

— Тосекеңбісіз? Төрге шығыңыз.

— Жоқ асығыспын,— деді от басына бір тізерлеп отыра берген Тосқанбай.

— Әлгі Нұрқасым «барып келіңізші» деп мазалап болмаған соң Қопа жаққа барып едім. Қопаны бастыра шойын жол жасап келеді екен. Соны біліп қайттым. Сенде жұмыс іздеп жүр дегенді естіп, айта кетейін деп едім. Мен қазір барып дем аламын да, таңсәріден көшемін. Үлкен балам екеумізге де жұмыс беретін болды.

— Сапарыңыз оң болсын! Мен де көшемін,— деді үй несі.

— Бірге болсын!— деп Тосекең шығып кетті.

* * *

Құрылыс қызу жүріп жатыр. Мұндағы адамдардың көбі осы маңдағы Күрті болысынан келгендер көрінеді. Ауылдан келген жігіттер жұмысқа белсене араласып кетіпті. Кешегі «мен көшемін» деген кісі сайдан топырақ тасып жүр,

Лашығын өзен бойына қалдырып, жол құрылысының бастығы тіккен шатырға жүгіріп келген жігіт көп кідірмей-ақ шатырдан қуана шықты. Әуелі ол шатырға ісірерде осылар қазақша сезімді түсінбес деп жүрексініп еді, олай болмады, кіріп барған жігітке:

— Амансың ба?—деп қазақша сөйлеп, мұртты сары кісі Столяров орнынан тұра келіп қолын өзі берді.

— Амансыз ба?—деді, не айтарын білмей қалған Әліш те.

— Жұмыс сұрай келдің бе?

— Я.

— Ендеше мен қағаз жазып берейін, ана Тарасов деген кісіге бар, ол саған жұмыс береді. Ендігі сенін бастығың сол болады..

— Құп.

Осыдан кейін ол жұмысқа кірісті. Оның жұмыс істеуіне сары атан тиді. Осы сары атанды жетелеп, Әліш бірнеше күн басқалармен бірге топырақ тартты. «Топырақты қашан тартып бітіреміз, егер дөңес жердің бәрінен топырақ ала берсек, мына қырқаны қалай тауысамыз» деп ойлап та қойды ол ішінен. Бірақ Әліш бұл ойының ағат екенін білді. Аз ғана күн ішінде жап-жазық далада топырақ жалданып, тау болып үйіліп қалды. «Көп түкірсе көл» деген осы екен-ау деп ойлады Әліш.

Аз күнде Әліш құрылысшылармен үйренісіп кетті. Ауылдағы жолдастарының да көбісі осында келді. Жұмысшылардың бірсыпырасы тасылған топырақты тегістеп, нықтап, таптап, енді бірсыпырасы тақтай тілуге кірісті.

Күн асқан сайын Әліштің жұмысының түрі өзгеріп отырды. Әліш бүгін өзінін бастығы Тарасовқа бір іспен бара қалып еді, ол «сен бүгіннен бастап топырақ тасығаныңды қой да, Сергей Колесниковтың қарауына бар. Жұмысты солармен істе» деді. Бұл сөз Әлішке алдымен қиынырақ тиді. Өйткені Әліш болса орыс тілін білмейді. Ал Сергейдің жанында бір қазақ жоқ бәрі де орыс жігіттері. Сондықтан ол осы топырақ тартқан жігіттермен бірге жүре беруді ұнататын. «Бірақ,—деп ойлады ол,— топта сөз сөйлеймін бе, олардың істейтінін істей беруді білемін ғой». Осы екі ойды салмақтап келді де, Әліш тәуекел деп Сергейдің бригадасына кетті.

Әліш енді жолдың топырағын тегістеп, үстіне құм, тас қиыршықтарын тасуға тапсырма алды. Ол бұл жұмысты да бар ынтасымен істеді. Поезд осы арадан өткенше асықты ол. Жал бон үйілген топырақтың үстінен тас төселді, бір-екі рет жаңбыр жауған соң, әлгі жал ат тұяғы батпайтын беріш болып қатын қалды.

Тағы бір күні Әліш түйемен ағаш тартатын болды. Ағаш әлі жолға төселінбей үйіліп қойыла берді.

— Сергей,— деді Әліш,— осы топырақты, тасты, ағашты үйіп жатырмыз, ал поезд қашан келеді?

— Асықпа, Әліш,— деді Сергей,— поезд әлі-ақ келеді. Екеуіміз сол поезбен саяхат құрамыз. Әнеугі күні өзіңнің айтқан әңгімең есіңде ме? Алматыға осы жерден екі күн жүрдік деп едің ғой, енді сол Алматыға екі сағатта баратын боламыз.

Әліштің ойына болашақ өмірі келіп, өзін поезд үстінде кетіп бара жатқандай сезінді.

Нақ осы жерден Жиренайғыр өзені өтетін. Тура тартылып, үйіліп келген жал топырақ өзенге жақындағанда иіндеу болып төселді. Алғашқы кезде бұған Әліштің ақылы жетпей жүрді. Судың арғы бет өте берісі де нақ осындай иін болады да, одан әрі түп-түзу болып кетеді.

Бір күні осы өзен бойына көп ағаш түсірілді. Ағаштан зәулім көпір салынды, жал болып үйілген тас-топырақтың үстіне көлденең ағаштар төселінді. Қырлы жіңішке ұзын шойындар әкелініп, қатарынан осы көлденең ағашқа шегеленгенде Әліштің ойына ауылдағылардың «жол домбыраға ұқсайды» дегені түсе кетті. Жол, шынында да, домбыраның мойнына ұқсап қалды. Екі рельс екі шек те, ал шпалдар перне сияқты.

Жол бітіп поезд келерде, Әліш Үмбеталовты жол мастері Тарасов шақырып алды да:

— Сен поезд өткенше көпірдің астына жатасың,— деді.

— Менің де поезды көргім келеді, Дмитрий Степанович,— деді ол.

— Сен поезды көрмек түгіл, мәңгі сонымен бірге боласың, алғашқы поезд өткенше осында қаласың,— деді Тарасов. Сөйтіп, бірінші рет поезд өтетін көпірдің астында Әліш жалғыз қалды. Әдетте бұл кезде жұмыстағы ең озат адам поезд алғаш өткенде көпірдің астында қалу құрметіне ие болады екен. Ол кез-келген адамға ұсыныла бермесе керек.

Поезд гүрсілдеп өте шыққан соң, Әліш орнынан тұра келіп жол үстіне қарап еді, түтіні будақтап паровоз жүйткіп барады екен. Бұрын поезд көрмеген түйелі, атты қазақтар паровоздың артынан таң қалысып қарап тұр, енді біразы жарысып шауып барады. Әліш ел қуанышының куәсі болды. Кейінірек өзен жағасындағы иіннің мәнісін де түсінді, ол цементтен, тастан біржола істелетін темір бетонды көпірге қалдырылған орын болып шықты.

Түрксиб темір жолы Айнабұлақта түйісіп, жұмыс біткен күні Әліш Үмбеталов Айнабұлаққа шақырылды. Поездан түсе қалған жерде Әлішті бұрынғы өзінің жолдастары Тарасов пен Колесников қарсы алды. Олар Әлішті жол бастығына алып кірді.

— Үмбеталов деген озат жұмысшы осы, сіздің шақыруыңызбен келді, жол бастығы жолдас,— деді Тарасов.

Жол бастығы орта жастағы байсалды адам екен. Әлішпен көп әңгімелесті.

— Сізді Ауыр өндіріс Халық Комиссариатының грамотасымен құттықтаймын,— деді ол Әлішке. Бұған қоса көп заттай сыйлық тапсырды.

Үш күннен соң Әліш үйіне қайта келіп, Жиренайғыр станциясына стрелка салушы болып қызметке орналасты. Осы жұмыста екі-үш жыл істегеннен соң ол станция кезекшісін даярлайтын курсқа жіберілді. Курсты бітіріп келісімен ол станция кезекшісі қызметін атқарды.

Әліш Үмбеталовтың темір жолда кызмет істегеніне жиырма жыл толуы қарсаңында, ол үлкен бастаманың иесі болды. Оның поездарды тоқтаусыз жөнелтудегі бастамасын бүкіл Түрксиб теміржолшылары қуана қарсы алды. Осы мәселеге байланысты Түрксиб басқармасында болған жиын — оның өміріндегі ең бір белді кезең болды.

Кеше кеште қызметте тұрған Әліш Үмбеталовқа станция бастығы Орынбаев бір пакет әкеліп тапсырды да:

— Қазір сен жұмыстан шығып, үйіңе барып жуынып, маған кел, мен сені осында күтемін, екеуміз қазір Алматыға жүреміз,— деді.

— Не жұмысқа жүреміз?

Асығып бара жатқан станция бастығы оған жауап берудің орнына:

— Тез кел!—деді әлгі сөзін қайталап.

Әліш жұмыс киімін тастап, пакет ойына түсіп ашып оқып еді, «станция бастығы екеуіңіз келесіз, сіз кеңеске қатысушыларға өз жұмысыңыз туралы әңгіме айтасыз» деген шақыруға жол бастығы қол қойыпты. Әліш сасыңқырап қалды.

— Дайындықсыз қалай сөйлеймін, міне қызық.

Ол орнынан тұрып тез киінді де, станция бастығына келіп барлық жағдайын, өзінін даярлығының жоқтығын да ескертті.

— Ештеме етпейді,— деді Орынбаев,— даярлықтың керегі жоқ. Ондағылардың бәрі өзіңдей теміржолшылар, өзіңнің жұмыс тәжірибеңді жай ғана әңгімелеп бересің.

Әліш әлі де жүрексініп келеді. Поезд ішінде де ол қобалжумен болды. «Әңгімені неден бастаймын» деп Орынбаевтан қайта-қайта сұрай берді. Сол күні олар қонақүйге түсті де, таңертең жол басқармасына келді. Кеңес күндізгі сағат он бірде басталды. Алдымен жол бастығы баяндама жасады, сонан соң Әлішке сөз берді.

Біраз қысылыңқырап қалған Әліш аздан соң сөйлеп кетті. Ол өзінін жұмысына байланысты жағдайларды, іс әдісін бір жарым сағат айтты. Біраз сұраулар болды. Оған жауап беріп Әліш орнына келіп отырды.

— Көп сөйлеп кеттім бе?— деп сұрап қойды ол жанындағы Орынбаевтан.

— Жоқ, әдемі сөйледің, бағана сонша қорқып едің, өзің шешен екенсің ғой.

Мәжіліс аяқталар кезде жол бастығы Андреев орнынан тұрды да:

— Кеңестің аяғы мейрамға айналатын болды, жолдастар,— деді.— Біздің жолдасымыз Әліш Үмбеталов үкімет наградына ие болды. Мына «Правда» газетінде Указ басылыпты, соны тыңдалық.

«Жиырма бес жылғы темір жолға үздіксіз сіңірген енбегін еске ала отырып, поездарды тоқтаусыз жүргізуде зор жетістікке ие болған Әліш Үмбеталов Ленин орденімен наградталсын» депті Указда.

1952