23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

Бауырымның бас терісі






Көптен көрмеген ауылыма сағынып жеттім. Колхоз іріленгелі бері мұнда келе алмай жүргенмін. Арасы тай шаптырым екі ауыл бұрын екі коллективтік шаруашылық болып, қысқа жіптері байлауға келсе де, күрмеуге келмей, былай тартса арба сынып, былай тартса егіз өліп дегендей болып жататын. Осы ауылдың бірінен мен оқуға аттанып едім. Енді міне, екі ауыл бірігіп бір үлкен колхоз болған. Мына бір төбесі қызыл қаңылтырлы еңселі үлкен үй бұрын жоқ еді, әлгі колхоз председателі Айтбай салғызып алды деп менің туысқандарым шағым айтып есігімді тындырмайтын. Жұрттың көзіне сүйелдей батқан, арыз қоздырушы құрылыс шамасы осы болды. Оған жалғас мына бір қыштан тұрғызылған ғимарат ауылдық совет председателі Көбектікі болса керек.

Қысқасын айтқанда, бәрін де біліп келе жатырмын. Келмесем бұл ауылға өзім келген жоқпын, ал менің көзім бұл ауылды талай сыртынан шолған. Қай шұңқырдан үй салғызуға Айтбай қанша қап топырақ қазып алғанын, оған дөңгелек күпшегінің ұңғысы желініп кеткен елуінші жылдар ішіндегі колхоздың шиқылдақ өгіз арбасының қай жолмен қанша рет барғанын естіп, талай көз алдыма елестететінмін. Ал менің миым да бұл ауылда талай болып қайтты. Кімнің үйінде қандай өзгеріс бар, қайсысы баласын қай күні сүндеттеткені, қай шеше қызын қай күні әкесінен жасырып, түн жамылтып күйеуге қашырып жібергені, олардың арасына кімнің жеңгетай болғаны, қашқан қыздан кімнің көйлек кигені, «өлі-тірісін» қай күні, қалай, кімдердің әкелгені, құдалыққа құйрық-бауыр асаса келгендерді тұнжырап, әлде қуана қарсы алғаны бәрі маған белгілі. Өсек-аяңды жақсы тыңдағыш менің журналистік құлағымның жайын жақсы білгендіктен ауыл адамдары маған Көпенбайдың есігінің алдында жатқан жұдырықтай тасты Шөпенбайдың алдарына. Тоғатайдың тентегі қалай лақтырып түсіргеніне дейін тегіс жеткізеді. Қысқасы, бұл ауылдағы Салақбайдың салпаң құлақ қара лағынын. тұяғының айырмасы қалай, қай күні құрттап кеткеніне дейін білемін. Көріп отырсыздар, алпыс-жетпіс километр жерде, Алматыда жатсам да, бұл ауылдағы болған оқиғаны қолмен қойғандай, отырамын. Бірақ «жіпке тізіп» дегенде, сіздер «пәлені жіпке тізіп» дегенмен шатастыра көрмеңіздер. Пәлені тілегеннің басына берсін. Ондайдан аманмын. Тек кейде әлгі Теке рулы аулымызды Қошқарлар жайлап алғанына іштей (ішегімнің қырындысы кетпеген бе, қайдам) кіжініп-кіжініп алатыным да бар.

Қошқар демекші, менің ауылым Теке деген атаның ұрпағы. Екінші ауыл — Қошқарлар да маған туысқан. Бірақ Теке Қошқардан гөрі маған жақынырақ. Бірақ сіздер ешкінің етінен гөрі қойдың еті дәмді деген мағынада ұғып жүрмеңіздер, бұл айтқандарым тек туысқандық тұрғыда. Сондықтан ба, кейде Текенің біреуі Қошқардан таяқ жеп қалса, «қырда бұғының мүйізі сынса, ойда өгіздің мүйізі сырқырайды» дегендей Қошқарға деген ашуым арта түседі, ашуым келіп, қаным қайнап басыма шыға келеді. Байқап отырған шығарсыздар, «тасқа желіндеп мұзға бұзаулаған» бибауырмал қазағың мен емес. Мені әлі ешбір туысқаным «тауда жүріп таста ескен жер қадірін білмейді, ағайыннан басқа өскен ел қадірін білмейді» деген мәтелді қолданып, айыптап көрген жоқ.

Сонымен әлгі ауылыма келіп қалдым. Теке ауылы Қошқар ауылынан әрі көбірек, әрі тұрған жері кең, суы мол шаруаға қолайлы болғандықтан колхоз орталығы осында орнаған. Оның есесіне ауыл активтері тегіс Қошқарлардан іріктеліпті. Алматыда жүргенде бұған да күйініп қоятынмын: «Өз ет, өз бауыры бұл Қошқарлар Текелерді неге шеттетеді екен? Әлде Текелер мүйізді келіп, қой мінезді момын Қошқарларды қоңаштай бере ме екен?» Бірақ маған жеткен сыбыс-дыбысқа қарағанда керісінше Қошқарлар келісімді орындарды тегіс алып, Теке бауырларына күн көрсетпейтін сияқты еді.

Ауылда ет жақыным болмағандықтан ешкімнің үйіне тіке түспей екі жағын да (Қошқарларды да, Текелерді де) өкпелетпейін деп тура кеңсеге келдім. Қазір тұрмыс жақсы, арасына келген ағайынды кез келген үй қой сойып, қол қусырып қарсы ала алады. Сондықтан кеңседе бірінші кездескен туысқанның үйіне түспек болдым.

Колхоз кеңсесі бұрынғы үш бөлмеден тұратын қоржын үй емес. Іргетасын цементтен құйып бір метрдей көтеріп салған әлденеше бөлме. Тек осының өзінен-ақ ауылымның экономикалық жағынан қаншалықты өсіп кеткенін шамалаймын. Күз болып, жиын-терін аяқталып, жұмыс сирен қалғандықтан болса да, колхоз председателі Айтбай да, ауылдық совет председателі Көбек те, мен келді дегенді есітіп жан-жақтан шапқылап жетті. Ішімде Қошқарлар жағының теке тіресі тұрса да білдірмей, қойдай қосылып, қозыша жамырасып жаттық. Сөз арасында бір-екі қыңыр-қыңыр сұрақтар да беріп үлгірдім. «Арызқойлық неден туады» деп те қалдым. Ондағы ескертпегім егер бастықтар әділ болса, арыз болмас еді ғой дегенді ұқтырғым келіп еді.

Арызқой дегеннен еске түседі, осыны Тұмантай да айтып қалып еді. «Ауылын арызқой» деген сөз оған да батса керек. Бірақ оның сөзінше Текелер тентек. Мен іштей оны туысқандарын жақтап отыр деймін. Алматыда ауылдан жырақтау жүргендіктен бе, әлде бөлісе алмай жатқан ат үстіндегі кызмет болмағандықтан ба, Тұмантай екеуміз татумыз. Әдебиет төңірегінде бір ауылдан шыққан екеуміз-ақ екенбіз. Сондықтан да қалада оқта-санда ұшыраса қалғанда ағалы-інілі болып шұрқыраса кететінбіз. Мүмкін ол менің не Теке, не Қошқар болмай, әншейін жай тұқымнан шыға салғанымнан ба екен? Егер мен де Кошқар мен Текенің бірі болсам, Тұмантай екеуміз басымыз бір қазан түгіл, бір қалаға сыймай сүзісіп жүрер ме едік. «Сыймай жүрген жоқпыз, сыйыса алмай жүрген жоқпыз ба!» деп Ғабит Мүсрепов айтқандай, сыйысу деген де осы бір ауылдың адамдарына келелі мәселенің бірі болып отырған жоқ па екен?

Айтбай — Кошқар, мен — Кебек. Қошқар екеуі менің сөзімді қалт жібермей қағып алып, жауап беріп отыр. Сағынып көріскен туысқандарым, байқаймын, мен қырын келіп отырған соң шайға шақыруға да батпайды.

— Бас зоотехниктерің кім?

— Өзіңмен бірге оқыған Төлеуқұл емес пе?—Ол Теке жағынан болған соң үндемедім. Бірақ бір Текенің мүйізі көп Қошқардың ішін жармас деген ғой бұлар деп топшыладым.

— Бас агроном ше?

— Жасұлан ғой, бір партада отырып едіңдер ғой. Тағы бір Текенің аты аталды. Бұл да кездейсоқ қойыла

Салған болар. Дегенмен ішім жылып қалды. Ішінде бүкпесі бар адамды қойсаңызшы!

— Бас бухгалтерлерің кім?

— Көмекбай.

— Ол да Теке емес пе?!—дедім. Бағанадан бері ішімнен сапам отырған пәленің бәрі сыртқа абайсызда еріксіз шығып кетіп.

— Теке болмақ түгіл бұқа болса да, жұмысты жақсы істесе бәрібір емес пе?! деп Айтбай қатты күліп жіберді. Шамасы менің неге кенедей қадалғанымды о баста аң аңғарып, ауылдан өсектің маған қаптап жетіп жатқанын біліп отырса керек.

Нақ осы бір кезде Айтбай, Көбек — үшеуіміздің жараса қалған күлкімізді бұзайын дегендей сырттан «аттандаған» Дауыс естілді.

— Аттан, аттан! Мына Қошқарларың қырып барады. Ойбай, өлтірді...

— Шынында қазақ «аттандаған ойбайым тыныш» деп бекер айтпаған-ау. «Ойбай» болса әншейін көп төбелестің бірі ме дей салар едік, «аттандағам» пәле жау келіп қалды, аттарыңа міне шабыңдар деп тұрған жоқ па? Қам, жаңа жарасқан әңгіменің шырқын бұзған қай мандымағыр жау екен?!

Соның арасынша өгіздей өкіріп, сақалы белуарына түскен, үсті-басы қып-қызыл қан бір шал кеңсеге кіріп келді. Қазір қызыл қанға боялған бастағы шаш та, ұзын текесақал да төбелестен бұрын аппақ қудай екені қанды бастың әр жерінен көрінеді. Шал болса да күш-қайраты мол адам екені тіп-тік қапсағай денесінен білініп-ақ тұр. Анықтаңқырап, бажайлап қарап бұл кісінің Жалабай деген осы ауылдағы бұрын белсенді болған ағаларымыздың бірі екенін тани кеттім.

— Ойбай, аттан! Мына Қошқарлар тұқымымызды құртатын болды. Ойбай, өлдім-ау, өлдім-ау!

Үрейлі дауыстан, қан жуып тұрған адамнан бәріміз де үрпиісіп қалдық. Шал күзге лайықтап киген қабылмалы шолақ фуфайкесінің сыртынан белдік буынып алыпты. Онда бір кішкентай балта жүзі жалтырап қыстырулы жүр. Төбелес әбігерімен бөркінің қайда қалғанын аңғармаса керек. Оның артынан кірген жастау жігіт «ойбай өлтірді, өлтірді» деп айғайға аттан қосады, бірақ арғы жағында ешбір зіл жоқ сияқты. Бұл екі Текенің кіргені екі Қошқар бастықтың еңсесін түсіріп, қатты абыржытты. Бұған шынында да абыржымауға болмайтын еді. Сәлден кейін маған көзі түсіп кеткен Жалабай шал еңіреп жіберді:

— Ойбай, Балбақ, айналайын, біздің көрген күніміз осы. Мынау екеуі қатар бастық болып отырғанда бізге күн жоқ. Қит етсек бас салып сабап, пышақтайды. Ойбай, ауданға сотқа шабамын, жіберіңдер, ойбай, жібер.

— Мұндайда ер болсаң намысқа шаппай көрші. Оның үстіне өзің, екі ауылдың бар өсек-аяңын жіпке тізіп, артық-кемін есептеп отырсаң.

Айтбайдың өңі қуқылданып, түрі қашып кетті.

— Аға-ау, не болғанын байыппен айтсаңызшы,— дегеннен арыға бара алмай істі шиеленістіріп, насырға шаптырып алам ба дегендей тоқтап қалды. Шал оны әке-баба жеті пұстысынан бері біраз сыбап алып, айғайды үдете түсті. Шал ашуына қыбым қанғандай боламын ба, ішім ұнатып барады.

— Өлтір деп ағасын өзі жіберіп отырып көлгірсуін қара, аяр қатынға ұқсаған иттің. Бұл мына Көбек екеуіңнің ісің — Көбек те абыржып, телефон құлағына жармасып, ауданнан милиция, жедел жәрдем шақырды. Ішімнен ә бәлем, қалай екен деген жайым да бар. Туысқандарыма жаным ашып, жараға түз сепкендей болып отырғанмен мен де қысыла бастадым. «Құтты қонақ келсе қой егіз табады, құтсыз қонақ келсе қойға қасқыр шабады» десе, мен келгенде қасқыр адамға шауып жатса бұдан өткен құтсыздық бола қояр ма екен. Әй өзім де осындай бір жолы болмағыр-ақпын. Енді бұдан кейін қысылмай көр. Өзің сағынып туған аулыңа қолың зорға тиіп пәлен жылда бір келсең олар қызыл тақия киісіп, шу-шұрқан болып жатса, бұған қалай ренжімессің.

— Ойбай-ау, Балбақ, сен әлі отырсың ғой, мына екеуін қаматпай. Мені сойған тура осы екеуі.— Оның артынан кірген жас жігіт те көмейі бостау, қоштап қояды:

— Тура осы екеуі!—дейді ол. Ой, жігерсіз неме, дұрыстап айтпай ма екен деп қоямын, ішімнен.

Жедел жәрдем де, милиция қызметкерлері де мына иек астында он бес шақырым жердегі ауданнан cay ете түсті. Жалабайдың басы маңдай жағынан құйқа басталар жерден тілінгеннен артқы ұшы шүйдесінің оң жағына жетіпті. Екінші жара (тағы да тілінген) сол құлақтың үстінен басталып, тура оң құлақтың алдына жетіп тоқтапты. «Көз киелі деуші еді, құдай көзін сақтауын-ай!» дегендей қалқайған құлаққа түк те тимепті, ашулы пышақ қалай қағып кетпегенін қайдам, өсек атаулыны тегіс естіп, біліп алайын дегендей қалқиып орнында қалыпты. Мен өзім әйтеуір құлақтың амандығына қуандым. Бізге бәрін жеткізер құлақты қатты ардақтайтынымды айтып жібере жаздап отырдым. Оның басындағы жарасы қосу белгісіндей болып шығыпты. Ал Жалабай өзі осы дәрігерлер ем-дом жасап жатқанда тағы бір айғайлап қойды.

— Ойбай, бұлар басыма ізнәк салды ғой. Әдейі істеді.

Mен қабағымды тар түйіп алдым-ау деймін, Көбек те, Айтбай да жанұшырып бәйек болып жүр. Қоңырайысып қалдық. Аздан соң адам басын сойғыш Айтбайдың «ағасы» әкелінді. Адалбай ғой бұл. Адалбай десе Адалбай еді. Енді бұл да арамдана бастаған екен-ау, о!

Қалай болды, не масқараң бұл, өз ағаңды өзін пышақтап, деп - Айтбай қатал келді. «Өз ағаң» деуін өтірікшінің деп жібердім кіжініп. Бірақ тағы да ішімнен айттым. Ал мына Адалбайды мен де жақсы білетінмін. Сонау бір жылдары ауданға барған атты ағайындардың ешқайсысы құлағынан тартып тұрғызғандай қу жетімдерді аттарының артына мінгестірмегенде, бұл солармен ұрсысып, өз атының сауырына қара тышқандай балалардың бұтын салаңдатып үшеуін салып келіп еді. Содан бүкіл ауылдағы балалар оны Адал аға деуші едік. Япыр-ай, заман өткен сайын, адам мінезі де өзгереді екен-ау! Енді міне, Қошқар мен Текенің тіресіне бұл да белшесінен араласып кеткен.

— Мен кінәсізбін,— деді Адалбек екі көзі менде, қатты ұялып тұрғандай.— «Алтын арық» бойындағы колхоз ағаштарынан үшеуін кесіп қойыпты. Соны неге кесесің деп атымды тебініп жанына жақындап едім, қалтасына қолын салды да, басын сипады, сөйтіп қан-қан болып шыға берді. Мен жанына бармай, тұра қаштым. «Сендерді құртайын»,— деп айғай салды.

— Қой ондай өтірігіңді,— деді Айтбай.— Милиция тексерсін!

Мен екі айдай болып жатқан ауылыма қанша сағынып барсам да аунап-қунап жата алмадым.

— Азар болса шал елер, жаназасына қатысарсың— деп қиылған бірге оқыған жолдасым, Жалабайдың ең жақыны Төлеуқұлдың сөзіне де тоқтамадым. ..Кеш алдында аттанып кеттім. Күзгі кеш менің денемді тоңазытып, қоңырлау шығарып салды. Көбек пен Айтбай Жалабайды өздері жайратқандай үндей алмады, Көбек:

— Ұят болды-ay! Қап!—дей берді.

— Ертесіне Жалабай ағама, ауруханаға кірдім. Шеңбер салған құдықтай басты тегіс шандып тастапты. Жәкем қатты көңілді, қарқ-қарқ күледі. «Қатырдым ба иттерді!»— дейді.

— Не болды, бұл не?— дедім шынымен.

— Отыр шырағым, осылардың қорлығы өтіп жүр еді. Ыңғайы келді. Енді Жасұланды председатель қоямыз!

Жалабай жайын тәптештей сұрасам ол бір ат арба сұрап алып отынға барады. Алысқа баруға ерінеді де, «Алтын арық» бойындағы колхоз әдейі тіккен ағаштарды кесе бастайды. Нақ осы кезде колхоздың жер қорушысы Адалбай келе қалады. Сонан кейінгісін ол өзі былай айтады:

— Сенен несіне жасырайын, шырағым. Мыналарды бір табаныма салып алайын деп едім. Сол дөп келгенін көрдің бе? Оның үстіне сенің келетініңді біліп арқаланып та кеттім білем. Адалбай жаныма келе бергенде қалтамдағы ұстарамды алып, өз басымды өзім тіліп-тіліп жібердім. Жан керек екен, батырыңа. Атын тебініп қаша жөнелді. Ат арбаға міне салып, қанымды сорғалатып тура кеңсеге мен де салдым. Қатырдым емес пе, иттерді. Зар иманы зәр түбіне кеткен болар.

Мен ойланыңқырап қалып, туысқаншылық райымнан тайып түстім. Жалабайды сынамақ болдым. Қараспанды жаудырдым-ай келіп.

— Ал енді Адалбайды бүгін соттайды. Бала-шағасы шулап қалатын болды. Кеше қамап тастаған. Қатыны мұндай жалақорлардың ішінде отырмаймын деп төркініне көшкелі жатса керек.

— Ойбай-ай, не дейді мынау. Мен оны соттасын деппін бе,—деп шал орнынан жігіттерше атып тұрды. Мен күліп жібере жаздадым.

— Құртайын деген өзіңіз ғой, жала жапқан.

— Сен қарағым,— деп жалынды шал,— өлерімнің шағында ақтық рет сұрағаным болсын, соны соттатпай алып қала гөр. Оны соттағанша мені соттасын. Анау милисаңа айт! Оны соттарын ойлап па, мынау қуарған бас!— Онсыз да жаралы басын қос қолдап екі шекесінен қойып-қойып жіберді. Менің бұл жолы күлкім келген жоқ, шалды шынымен аяп кеттім,

— Жарайды айтып көрейін,— деп қоштасып шығып кете бардым.

Кетерімде аудандық прокурорға бәрін айтып кеттім. Туысқан десе ерекше бүлкілдеп жүріп беретін екі бүйірімді Жалабай ағамша нұқып-нұқып қойып жазаладым. Көпке дейін көз алдымда қосу белгісі болып тілінген бауырымның бас терісі де, кейіннен өз басын өзі тоқпақтағаны да тұрып алды. Жауласуы да, дауласуы да, араздасуы да, татуласуы да оңай, ағаларымның қылығы қызық та болып көрінді. Шын жамандыққа бармайтыны суықтан келіп ыстық сорпа ішкендей ішімді жылытып та жіберді. Дегенмен бауырымның бас терісі кең-ау, ол тілуге де, күлуге де жетіп жатыр. Алғаш тарылып кеткенімен кейін кеңіп сала беретін кең құйқаға — бауырымның бас терісіне не жетсін деп ойладым. Па шіркін, көн терілі бауырым-ай!..

1971