23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Балғабек Қыдырбекұлы

Балғабек Қыдырбекұлы (1929 — 25.6.1995, Алматы) — журналист, жазушы.

«Правда»






Әлдененің сыбдырынан Гриша басын көтеріп алды. Үйдің іші ала көлеңке тартып, рауланған алтындай таң жарығы білініп, шығыс жақ құланиектеніп қалыпты. Ешбір тықыр білінбейді. Терезеге үңіліп еді, бәйтеректердің жапырағы баяу қимылдап тұрғанға ұқсайды. Бірақ ол сыбдыр таңғы тәтті ұйқыдағы Гришаның құлағына келуі мүмкін емес қой.

Басы екі терезенің ортасына тие қойылған кроваттағы Ставровский шалқасынан арбайын-сарбайын ұйқтап жатыр. Тіпті үстіндегі көрпесінің шеті төсегінен ысырылып түсіп қалғанын да білер емес. Гриша оның көрпесін жоғары тартып, үстіне жаба салды да, өзі де төсегіне қайта келіп, көрпесіне оранып көзін жұмды.

Гришаның көзі ілінер-ілінбестен жаңағы сыбдыр тағы шықты. Бірақ бұл жолы Гриша оның қағаздың сыбдыры екенін анық аңғарды. Мақталы сырмалы көрпені серпіп тастап қайта бір шынтақтап көтерілді. Тағы ештеңе жоқ. Ставровский сол қалпында, аяғы кеткен жерге басы кетіп жатыр. Басқалар да қыбыр етпейді, тек бір қалыпты тынысы ғана естіледі. Он жақ бұрышта жататын Ораздың ғана қолы қимылдағандай. Бірақ қолы бет-әлпетін көлегейлеп көрсетпейді. Гриша қайта жатуға ыңғайлана бергенде, терезе алдынан әлдекім жүріп кеткендей бір көлеңке қараң етті.

Нақ осындай құзғын сәріде кім болушы еді. Тіпті Гришаның елегізи беретін ескі әдеті. Жазғы таңғы тәтті ұйқысын қиып кім жылы төсектен тұрушы еді. Ол қайта жатты.

Бірақ ұйықтай алмады.

Бір мезетте жаңағы қағаз сыбдыры қайта пышыр-пышыр естілді. Енді бұл басын көтермеді. Сыбдыр он жақтан шығады. Көрпе астынан сығалап қарап еді, Ораз тесіліп, таң рауанымен газет оқып жатыр. Газет! Газет болғанда бұл бір өңі бөтен, бөлекше газет. Бұрын Верныйдан мұндай газетті көрмеген-ді. Гриша оның үлкен әріппен жазылған жазуын оқыды.

— «Правда!» Қызық екен! Басқа жазу өтірік бола ма екен?!

Гриша қызықты. Ораздан сұрағысы келді. Бірақ бұған Ораз айта қоя ма? Осы әнеугі күні Ғабдуалиевтің Құдысы Оразды арнап іздеп келіп неге мұны жерден алып, жерге салып ұрысты. «Жас басыңнан патшаға қарсы болмақсың, сен сорлы қазақтың патша не теңің»,— деді-ау, ә!

— Ораз, сен не оқып жатырсың?— деп жібергенін Гриша өзі де сезбей қалды.

Сасыңқырап қалған Ораз қабағын түйіп, қолын көтеріп ымдап:

— Тыс-с-с!— деді.

Ораз төсегінен жайлап тұрып, киіне бастады.

— Тұр, киін. Көшеге кетейік,— деді сыбырлап, Ол Гришаға ымдап қолымен есікті нұсқады. Гриша ойланбастан киінді.

Екеуі аяқтарының ұшынан басып, шығып кетті.

Жазғы таң сап-салқын. Басын қырау шалған Алатау жазғы таңғы тұнық ауада мөп-мөлдір болып, кек торғын жүзі ашыла түскендей. Таң атып. Бірақ Талғар шоқының басын әлі күн шалмапты. Сахарда жылы төсектен тұрған адамның бәріне күн салқын болып көрінеді. Балалар қалтылдап жаурап кетті.

Оларға осы суық сонау Алатаудың он мың жылдық мұзартынан келіп тұрған сияқты.

Екі бала жүгіріп отырып, ер балалар гимназиясы жатақханасына тие тұрған жандарал бағына келді. «Солдаттарға, қазақтарға, иттерге кіруге болмайды», дейтін бұл бақтың тәртібін бұзып, екі бала шарбақтан ішке қарғып-қарғып түсті. Әрине, тәртіп бұзған Ораз. Ондай тыйым Гришаға жүрмейді.

Олар дуалға тие өскен бір ғасырлық зор қара еменге арқасын сүйей батысқа қарап жүрелерінен отырды. Екеуі де қалш-қалш етеді. Тіпті Гришаның тісі-тісіне тимей дірілдеп, ішек-бауыры түсіп қала жаздайды. Ораз шарасы үлкен қой көздерін Гришаға қадап:

— Сен тісіңнен шығармайсың ғой?— деді.

— Ант етем.

— Сен маған Фрунзе атымен ант ет!

— Фрунзе атымен ант етем,— деді Гриша өзі Фрунзенің кім, не екенін білмесе де, оны әбден білетін адамдай рай көрсетіп.

— Ал ендеше, сен сөзді бұзбай тып-тыныш тыңдап отыр. Мен мұны бүгін тегіс оқып шығып, қазақша айтып беруім керек.

Гриша қазақша айтқаны несі деген жоқ. Оны да түсініп отырған адамша үндемей, бадырая біткен көкшіл көздері жаутаңдап, иегін изең еткізді. Гриша газетті алғанша шыдамай барады. Денесін қорқыныш билегендей, әлденеге үрейленіп Оразға тығыла түсті. Ораз жарқырауық түймелі гимназистер жақсысының оң жақ жан қалтасынан қаттап бүктелген газетті суырып алып, жаза бастады. Газет ескіріп, тозып, шеті жұлымданып қалыпты.

«Правда» деген арбайған үлкен жазуды Гриша ернін жыбырлатып, бірнеше рет қайталап ойыны.

— «Правда». Немене, басқа қағаздағы жазу өтірік не?

— Мен саған сөйлемей отыр деп едім ғой.

Гриша айыпты болғандай, мөнтеңдеп, төмен қарап мөлтеңдеп жым болды.

— Бұл шындықты жазатын газет. Большевиктік газет, ұқтың ба?— Гриша басын изеді. Бірақ тук те ұқпады.

Ораз газетті екеуі еститіндей етіп жайлап оқи берді. «Путилов заводы жүмысшыларының ереуілі», деген мақаланы оқып бола бергенде, нақ бағана терезе алдынан қараң еткендей зор көлеңке бұлардың алдына пайда бола кетті. Апыл-құпыл газетті Ораз жинап үлгіргенше, сояу-сояу, нұқыл бармақты күшті қол екі гимназистің жауырынан ұстап, екеуін де жоғары кетерді. Жұлқынғысы келген екеуін әлуетті қол тапжылтпады. Газет жерге түсіп кетті. Арттарына бұрылып қарап еді, күнде гимназия жатақханасына келіп жүретін еңгезердей урядник Злобин. Гришаның көзі жасаурап, жаутаңдап кетті. Ораздың түйілген қабағын көріп, ол қайта сазара қалды.

— Ал жерден газетті,— деп зекіді Злобин. Әлде қорыққаннан, әлде жаурағаннан екені белгісіз, Гриша газетті жерден алды.— Өзіне бер газетін, күшіктің,— деді Злобин ызғарланып, жарыла жаздап. Ораз газетті қалтасына салды.

Екеуін жауырындарынан бүре ұстап, Злобин оларды уезд кеңсесіне алып жүрді. Жазғы күннің шұғыласы Талғар шоқының басын шалды. Жандарал бағындағы сарыала шіркеудің зор қоңыраулары екі гимназисті ұстап алғанға қуанғандай күмбірлеп жүріп берді. Оны қостаған кішкентай шіркеулердің қоңыраулары шіңгір-шіңгір етті. Ораз бен Гришаны ұстап алғанға бәрі мәз болып күліп жатқандай.

Уезд кеңсесінің бір бөлмесі таң атпай адамға толы. Мұндай жасаулы үйді Ораз да, Гриша да ешқашан көрмеген еді. Төрден есікке дейін кілем. Аяқ басуға аяйтындай. Төрде отырған істік мұрын, көк көз сарыға Злобин;

— Сіздің мерейіңіз арта берсін, мына балаларды Жандарал бағынан «Правданы» оқып отырған жерінен ұстап алдым,— деп соқайып қатып қалды.

— «Правда?!» Гимназистер ме?

— Нақ солай, Сіздің мерейіңіз!— Істік мұрын екі баланы басынан аяғына дейін қарап өтті де:

— Кәне фамилияң, атың кім?— деді қазақ баласына қадалып.

— Жандосов Ораз.

— Қай класта оқисың?

— 5-класта.

— Сенің ше?

— Федоров Григорий.

— Қай класта оқисың?

— IV-класта.

— «Правда» қайда?— деді істік сары Оразға заһар шашып. Жын шашқан нардай бұрқырап тұр.

— Міне,— деп Ораз қалтасынан газет суырып берді. Өзі маған ешкімге айтпа деп өзі көрсеткені несі дегендей Гриша көзінің астымен Оразға қарап қойды. Істік сары газетті алып қарады. Кәдімгі «Жетісу облыстық ведомосының» 1913-жылғы 12 маусым күні номері.

— «Правда» қайда?

— Осы ғой.

— Бұл біздің «ведомостың» кешегі номері ғой.

— Біздің оқығанымыз осы, мұны балалардың бәрі оқиды.— Ораз безірейіп, міз бақпады. Жүзінде қуарған, қызарған белгі де жоқ. Гриша өз көзіне өзі сенбей тұр. Қалтаға салғаны да, оқығаны да «Правда» еді ғой. Қалай қалтада өзгеріп кеткен?..

— Сіздің мейіріңіз арта берсін! Пра...в...— деп келе жатыр еді Злобин, оған істік сары:

— Тәйт!— деп зекіп тастады. Злобин лөкиген дәулігіне қарамай селк ете түсті және серейіп мұздаған теректей қатып қалды. Істік сары ашуланып, бұрсанып, селк-селк етті:

— Жауды қолдан жасап, қолдан баулисыңдар, оңбағандар! Енді бұлар ол газетті іздеп жүріп тауып оқитын болады. Жоғал алдымнан!

— Сіздің мерей...

— Қысқарт!— Злобин жым болды. Істік сары қаһарланған қалпымен Оразға жақындап келіп сөйледі:

— Сен оқығыш екенсің. Ыбырайым Жайнақоз ағаң сияқты бол! Нұрқожа Қашқымбаев сияқты бұзақы болма. Кете беріңдер.

Гимназистер шығып бара жатқанда Злобин Оразды қайта ұстап алып қалмақ болды. Гриша ойбай салып үйді. басына көтере бақырды:

— Бастық рұқсат еткен. Оразды тастап кетпеймін...

Гришаның мына байбаламы Оразды қатты қуантты. Гришаның даусымен бір бөлмеден жаңа істік сарының жанында отырған тіп-тік жинақы орыс жігіті шығып, істің мәнісін білді.

— Сіздің мерейі... Бұл киргиз жандарал бағына кіріп заңды бұзды ғой.

— Жібер, саған айтылды ғой,— деп бұйырды жігіт,— ол киргиз түгіл иттің баласы болса да, бала ғой...

Злобин «бала ма, әлде пәле ме» дегендей адырайып, амалсыздан тұрып халды.

Екі бала сыртқа шығып ұзаған соң, Ораз жаңағы қалтадан «Правданы» суырып алды да, Гришаны құшақтап:

— Екеуіміз бүгін Мисауытов заводындағы жүн жуушы жұмысшыларға барамыз,— деп әлде бір сыр аңғартқандай жымиып қойды. «Правда» жаңағы сиқыр қалтаға түсіп қайта жоқ болды. Талғар жақтан шашырап күн шығып келе жатты...

Кешке шейін оқыған кітаптан Ораздың көзі де талып, басы бір қазан болып кеткенге ұқсады. Басына енген кітап сөздері ішін кернеп бара жатқандай көрінеді. Өзі солқылдап ауырған басын таңып не істерін білмей тұрса, мына Гриша да пәле болды, тақымдап жанынан қалмайды. Тақақтап сұрағанын айтпасына қояр емес. Енді қалай? Ол да өз алдынша көп нәрсені білетін, салдарлы адам болып көрінуі керек емес пе. «Не істеу керек?» Бұл шамасы не істеу керек екенін айтқан кітап шығар. Бірақ Ораз мұны Гришадан неге жасыра береді?

Не істеу керек? Таңертең түру керек, жаттығу жасау керек, жуыну керек, тамақ ішу керек, сонан соң гимназияға оқуға бару керек... Басқа не болушы еді. Ал оның несін кітапқа жазады, Егер мұнда соны ғана айтса, онда оған анау жүн жуатын заводтың жүмысшылары несіне қызығады? Тіпті осы Оразды әлігі гармоншы, әнші қазақ мұртын ширатып іздеп келеді де тұрады. Ораздан Гриша да салпақтап бір қалмайды. Сонда не бітті. «Не істеу керектің?» не кітап екенін білу үшін Григорий сол бір тылсым сәтте арты күйген күшіктей Оразды тоқсан айналды.

— Оқымысты қазақ, айтып берсеңші!— деп жалынды. Бала кезінен-ақ жеңіл сөйлемейтін Ораз Григорийге тез жауап бере қоймады. Бұдан да ештеме шықпады. Қасқабағын бір көтеріп, шытынды да қойды.

— Ораз Қиқымұлы! Большевиктер атымен ант етемін. Ешкімге тісімнен шығармаймын.— Ораз Григорийге бір қарап жымиып қойып, «Семиречинская ведомостың» номерлерін қарап жайбарақат отыра берді. Григорий енді шынымен қызықты және Ораздың бір жаққа жалғыз өзі кетіп қалмасы үшін уәдесін алғысы келді. Ол тағы Оразға қарап қазақшалап жалына сөйледі.

— Ореке,— деді ол,— мен сенімен бірге барайын ба? Иә деші, Ореке!

Григорий жалынып болмаған соң, Ораз ойланып қалды. Григорий шынымен-ақ адал болып шықты. Әнеугі күні екеуінің жандарал бағының ішінде «Правданы» оқып отырғанын полиция қызметкерлерінің ұстап алғанынан кейін де, бұл ешкімге сыр шашпады. Бұл тегінде ауызы мықты бала болды. Басқа бала болса мақтанып-ақ айтып қояр еді. Ендеше тағы да Мисауытов заводына ертіп барса қайтер екен. Әлде қазақ жұмысшылары тағы да сақтық істеп, жақамай, қорғаншақтан қалар ма екен. Егер олар Гришаға тіптен сенбейтін болса, Ораздың өзі де бармайды. Гришамен қала береді. Ораз нұрлы қой көздерін Григорийге қадап, ойланып отырды. Ол Ораздың көзқарасынан әлдеқандай жылылықтың барын сезіп, жыпылдап жанына жақындай түсті.

— Мен әнеугі күні барғанымызды да ешкімге айтқан жоқпын ғой. Тіпті Михаилге де айтқан жоқпын.

Михаил Ставровский де Ораз Жандосовтан бір класс кейін Григорий Федоровпен бірге Верный ер балалар гимназиясында оқитын. Неге екені белгісіз, бұларға кейінірек келген ол өсе келе осы екеуіне үйір болып алды, сөздері де жарасып, бір жерден шықты. Оқушылардан бір өңкей шығып, сырлас та, дәмдес те болып алды. Кейде балалардың арасында «сен орыс», «сен киргиз» деген сияқты қожағайдың ұшқынындай ұшқалақ сөздер болып қалғанда да, бұлар ондайдан аулақ болушы еді. Бұл татулықтың аяғы кергенді, білгенді айтудан гөрі жоғарылап, осы бір шақта не оқыған білгендерін ортаға салуға әкелген. Содан бері үшеуі бірыңғай жүруші еді. Жаңа Григорий Михайлге де айтқан жоқпын дегені осы болатын.

Кешкі туры гимназия қорасы алдына соңғы кезде көбірек келіп жүретініндей, қазақтар арасында жиі кездесе бермейтін аппақ нұрлы жүзді, өңін онан сайын шырайландыра түсу үшін жаралғандай қою қап-қара мұртты, келбетті кісі тағы келді. Оны бұрын көрген Григорий:

— Оразды шақырып келейін бе?— деп еді, кісі жылпың ете түскен баланың қылығынан сескенді ме, әлде әдейі-ақ естігісі келмеді ме, оның сөзін жауапсыз қалдырып, үн-түнсіз безірейіп тұра берді. Бұл Мисауытов дейтін татар байының жүн жуатын заводының жүмысшысы Бейсенбай

Үмбетбаев еді. Қалаға гармоншы, әншілігімен атағы шыққан. Алматыдағы, төңіректегі қазақ, ноғай тойлары олсыз өтпейтінін Гриша жақсы білетін.

Іштен әлде бір қазақ баласының орысшалап: «Оқымысты қазақ, нағашың келіп тұр, әкелгені болса бөлісуді ұмытпа»,— дегені естілді.

— Е, жарайды!

Іштен «оқымысты қазақ» шықты. Ол Бейсенбайға амандасқан соң «Гриша!» деп дауыстап, әлдекімді шақырып қалды. Гриша осы жерде тұрғандықтан іздеу қиындығы түскен жоқ.

— Жүр, екеуміз менің нағашымның үйіне барып сүр жел келейік,— деді Ораз. Үмбетбаев Гришаны ұнатпағанын жасырмады және қазақшалап тіл қатты:

— Бұл: баланы әнеугі күні де ертіп барып едің, бізге әдейі біреу жіберіп жүрген жоқ па? Осындай елеусіз біреулерді пайдаланатын олардың әдеті.

— Бұл бармайтын болса, мен де бармаймын.— Ораз үндемей шытынып қалды. Оның бір сыннан және Үмбетбаевтар бармаған жердегі сыннан өткенін ол жүмысшы қайдан білсін.

Ораз да, Үмбетбаев та сұлқ үнсіз тұрды.

— Бұл менің ең сенімді досым,— деді Ораз мұртты кісіге қарап.— Одан жасыра алмайтын нәрселерім көп. Ол екеуміз бірге ұсталып та қалғанбыз. Ол сыр шашпайтын бала. Даққа да, дітке де берік. Гришаны Ораз деп ұғыңыз, нағашы!

Аздан кейін Ораз бен Григорий Үмбетбаевпен ілесіп кетіп бара жатты. Мисауытов заводында сол күні Ораз Лениннің «Не істеу керек?» деген кітабының мазмұнын қазақшалап жүмысшыларға айтып берді... Ал Гриша болса дағардағы жұмсақ жүннің үстінде отырып ұйқысын қандырды. «Гриша, кеттік» деп Ораз жанына келгенде, ол ұйқыдан ұрланып кеткен қызыл көзін бір-ақ ашты...

Сөйтіп, Жандосовтың революциялық жұмысы ойламаған жерден осылай басталды. «Ұшқыннан от қаулағанындай» 1913-жылы Жетісудағы патша чиновниктері Ораз Жандосовты Романовтардың үш жүз жылдығына тірі экспонат ретінде жіберген болса, капитализм өзінің көрін қазушысы — жүмысшыны туғызғанындай, олар патшаға қарсы бір адамды осылай жасап алып еді...