Әдебиет
Бақытгүл Сәрмекова
Сәрмекова Бақытгүл - Атырау облысында дүниеге келген. Мемлекеттік қызметші. Жасы 29-да. ХХ "Шабыт" халықаралық фестивалінің лауреаты.
Сәрмекова Бақытгүл - Атырау облысында дүниеге келген. Мемлекеттік қызметші. Жасы 29-да. ХХ "Шабыт" халықаралық фестивалінің лауреаты.
Түйебай
— Былай ғой…? — деді ұртындағы етті екі азуына кезек-кезек алмастыра отырып шайнаңдаған күйі. Шанышқыны ұстап, тәрекелкедегі қиярды аса өшпенділікпен қадап алды да, аузына асығыс лақтырып жібере қырш еткізіп бір тістеп, асқазанға қарай жөнелтіп жіберді.
— Былай ғой… Көптен бері айта алмай жүрмін өзіңе… Жаныңнан әлгі жырпылдаған қатындар да шықпайды, оңашада қалай кезіктірем деп жүр едім.
— Қатын емес, жап-жас қыздар ғой әлі жиырмаға толмаған.
— Қатын болмаса да болады да ертең-ақ… Ыыхыхыхых…
Селкілдей күлді. Аскөктің бір күлте жапырағы екі күрек тістің ортасынан орын тауыпты.
Айбике теріс айналды. Жүрегінің айнығанын басайын деп салқын су ішті. Стаканның жиегіне тиіп қалған далаптың ізіне Түйебай жұтынып қараған күйі сөзін қайта жалғады:
— Әлгі сенің жаныңдағы қатындарды айтам да… Сенен әдемі емес ешқайсысы.
«Жағымпаздануын-ай шіркіннің!»
— Тамағың суып қалатын болды ғой, жемесең әкелші бері. Сендер адал тамақтың қадірін де білмейсіңдер осы. Қатындар сол ғой.
Тауықтың борбайын қашып кетердей бес саусағымен бүре ұстап алған күйі аузына апарды:
— Көптен бері айта алмай жүрмін өзіңе. Ұнатамын сені. Алдында сыйлығымды алған шығарсың?
Айбике еріксіз жымиды. Бір жұп түйе жүнінен тоқылған шұлық қырық екінші өлшемді аяқ киім киетін адамға арналып тоқылғаны көрініп тұр. Шамасы апасы Түйебайдың өзіне тоқып берсе керек.
— Алдым.
— Киіп ал. Аяғыңнан сыз өтеді.
Етсіз қалған тауықтық борбай сүйегін шаруаң бітті, енді не керегің бар дегендей салдырлатып тәрелкеге лақтырып жіберді:
— Үйленеміз! — деді сосын әй-шәй жоқ.
«Мәссаған, мынауың пысық қой!»
Айбике не айтарын білмей үнсіз қалып қойды. Үнсіздік келісім белгісі деп ұққандай Түйебайдың жүзі жадырап сала берді.
— Іштей маған ерекше қарайтыныңды сезіп жүрмін. Қыз бала ғой (қыз деген нәзік сөзді Түйебайдың аузынан бірінші рет естуі), сезімін жеткізуге бата алмай жүрген шығар деп өзім бастап отырған жайым бар.
Салмақты адамның кейпіне еніп, ойланып қалды. Тісін тазалап отырған шұқығышын мұрынына апарды да, тыжырынды. Тіс шұқығышын шертіп жіберді сосын. Көрші үстелдерге қарай бет алып тіс шұқығыш ұшып бара жатты.
Түйебай телефонын алып біраз әуреленді. Баданадай бармақтары екі-үш батырманы қатарынан басып кетіп, әлдекімнің нөмірін тере алмай ұзақ отырды.
— Иә, болды. Жарты сағаттан кейін, — телефонмен қысқа-нұсқа қайырып шаруасын да шешті.
Беті желге әбден тотығып, әжімдерінің ортасына ғана күн тимей ақ сызықтар орын алыпты. Әңгімесін тағы жалғады:
— Бала кезден бірге өстік. Ағаң жоқ болса да, бар тентектен өзім қорғадым сені.
Айбике айтарға сөз таба алмады, айтып отырған шаруасының тіптен үйлеспейтінін, күйеуге тиетін, соның ішінде Түйебайдың өзіне тиетін ойы мүлдем жоқ екенін қалай жеткізерін білмей әбден састы. «Жарты сағат шыдайын, осыдан кеткесін сені желкемнің шұңқыры көрсін, Түйебай!».
«Апаң сәлем айтып жатыр, апаң ет беріп жіберіп еді, апаң қызымның жағдайы қалай деп сұрап жатыр», — деп жатақхананы жағалап жүрген Түйебаймен оңаша кешкі ас ішуге қалғанда, мынадай ғаламдық маңызы бар әңгіме естимін деп ойлап па бұл Айбике?
— Түйебай аға, ұзақ отырдық қой. Мен қайтайын.
— Қызымды қараңғыда жалғыз жіберіп қойдың деп апаң ұрсып жүрер. Жатақханаңа зу еткізіп жеткізіп тастайын. Жиен машинасымен күтіп тұр сыртта.
Тез құтылудың қамын ойлап Айбике басын изеді. «Енді сені желкемнің шұңқыры көрсін, Түйебай!», — деді сыбырлап. Түйебай жалғанды жалпағынан басып, талтаңдап сыртқа шығып бара жатыр. «Есеп айырыспайсыз ба, аға?», — деп дызақтаған даяшы қыздың қолына бес мыңдықты ұстатып жатып:
— Артығы керек емес. Сендер де бір тойыныңдар менің тойымда, — деп ырқылдай күлді. «Тойымда» деген сөзді ерекше әндете айтты. Машинаға отыра салысымен:
— Ал, жиенбай, бас жатақханаға! — деді де тағы да себепсіз күлді.
Жаңбыр сіркірей бастаған жалтыр асфальтті қақ жарып, машина зулай жөнелді. Айналма көшемен бірден қаланың сыртына қарай бұрылды. Өз ауылынан қатынайтын көк автобустың жолына түскенде Айбике бажылдады, еңіреді, өкірді. Түйебайдың қарулы қолы оның нәп-нәзік иығын қаусыра құшақтап, тыпырлатпады.
— Тентек болма, болды, — деп ырқылдай күлді тағы. Алдағы қарсы келе жатқан машинаның жарығы шағылысқан Түйебайдың жүзіне көзі түсті. Әлі аскөк жапырағы қыстырулы тұрған тістерін көрсетіп ырсылдай күліп келе жатыр екен.