23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Бақытгүл Сәрмекова
Сәрмекова Бақытгүл - Атырау облысында дүниеге келген. Мемлекеттік қызметші. Жасы 29-да. ХХ "Шабыт" халықаралық фестивалінің лауреаты.

Ақындардан жеріну






— Арқалы ақын… Ақыраған ақын… Сонааау Атыраудан келген арда ақынымыз Итбай! — деп сампылдап тұрған асаба жігіттің сөзін аяқтатпастан қолындағы микрофонын жұлып алған күйі Ақын шықты ортаға арқаланып. Айналасын шөп басқан айдын көлге ұқсайды екен басы… Шаш атаулыдан ада болған төбе мейрамхана шамдарына шағылысады. Жұдырықты түйіп алып, жерді теуіп тұрып ұзын сонар дастан оқыды. Тойға жиналған қауым жалыға бастады. Шетте отырған Елтай қалғып кетіп, кері оянып еді, Итбай әлі сөйлеп тұр. Әйелдер жағы өзара әңгімеге көшкен. Музыкант жігіт құлаққабын киіп алып, өз рахатын өзі сезініп отыр. Арақты сүйетін ақжүрек бажалар өздері кішігірім орта құрып алған. Шетте жалғыз мөлиіп Орынгүл ғана тыңдап отыр ақынды. «Өлең түсінбейтін бейшаралар!», — деп сөкті іштей өзгелерді. Бірақ өзі де нақты нені түсінгенін білмейді. Ақын ақыраған сайын бойын діріл билеп, көзі жасаурап, қолының, сирақтарының балапан түктері үрпиіп барып басылады (қолтығын қысып отыр).

Өзінің ойынша Орынгүл өлең үшін жаралған. Бала кезінен апасынан бастап, көрші-көлем, ұстаз, ағайын туысқан, ең ақырғысы тауық қорада жаңа туылған жұмыртқаға да өлең шығарған. Жұмыртқаға арнап шығарған өлеңі «Өмір» деп аталады:

Ей, тас жұмыртқа, сенде де өмір бар.

Өмірді қазірден бастап көріп ал.

Қазір-ақ таспен жарып тастасам біттің ғой,

Мына өмірді көрместен блинчик болып кеттің ғой…, —

деп басталатын өлеңі өзінің ойынша шедевр.

Көзін ақыннан алмады. Ортаға шығып бұл да бір-екі өлеңін оқығысы келді де, алайда ішіп отырған ағасынан ығысты.

Сонымен не керек, қандай жолмен тіл табысқаны белгісіз, ақынмен танысып та үлгерді. Тері шыпшып сыртына шыққан шыт көйлегінің қалтасынан Итбай визиткасын алып, Орынгүлге ұстатты. Визиткасы дымқылданып қалған екен, Орынгүл бетіне басты.

Қаланың асфальтіне табаны тиісімен Итбай ақынды іздеді. Он бір ойланып, тоқсан тоғыз рет толғанып отырып хабарласты ақыры. Итбай жетіп келді. Кредитке алған қара «14» машинасына Орынгүлді отырғызып алып, селкілдетіп Жайықтың жағасына алып келді.

— Өлең оқы, ақын қыз! — деді.

Орынгүл телефонынан «Көңіл толқыны» әуенін жіберді де, аса бір қайғылы кейіппен «Өмір» атты өлеңін оқыды.

Итбай ойланып отырып:

— Өлең жаман емес. Бастысы сенде жүрек бар. Өлеңнің не екенін білесің. Қара борбай халық оны да түсінбейді. Біз адамдардың ең жоғары сатысымыз! — дегенде Орынгүл елжіреп, көзіне жас келді. Жылауға батпады, көзіне жағылған сүрмесі ағып кетіп, албасты түрімнен Итбай шошып кетер деді.

— Мына ағаң тегін адам емес. Сенде батылдық бар, жүрек бар, ең бастысы ақынсың! Мен сені әлемге әйгілі етем. Газетке берем, бүкіл ел мойындайтын ақын боласың! — дегенде Орынгүл ақыры шыдай алмады, көздің жасына ерік берді. Итбай телефонын шұқылап отырып:

— Мына ғалым ағаңды танисың ба? Іііі… Мына жазушыны ше? Теледидардан көретін мына ақынды ше? — деп бүкіл аты мәшһүр тұлғалардың телефон нөмірі сақталған тізімнен көрсетіп шықты.

— Іііі… танысаң сол. Мен бәрімен хабарласып тұрамын. Жолыңды ашамын. Менің бір ауыз сөзім. Бізде жүрек бар. Сүйе аламыз. Ғашық бола аламыз… Ал, өзге қараборбай халық… Иә, қойшы соларды…

Орынгүлдің көз алдынан өзінің теледидардан сұхбат беріп отырған сәті жылт етіп елестеп кетті. Атақты болғанда былай деп сұхбат берем деп бұрыннан іштей дайындалушы еді. «Ақындық жолға түсірген, осы жолға баулыған ардақты адамдарыңыз бар ма?», — деген сұраққа бастауыш сыныптағы мұғалімін айтамын деп ойлаушы еді. Ол ойынан айнып қалды. Дәл алдында асқар таудай болып Итбай отыр емес пе?

— Ертең газетке өлеңіңді береміз! Сағат үште дайын бол! — деп қоштаса бере: — аузыңнан сүйейінші, — деді. Ерін деген жоқ, аузыңнан деді! Ақындардың өжеттілігі осы шығар деп ойлады Орынгүл. Кеудесінен кері итеретін дәрмен жоқ, Ақынға бәрі жарасатындай көрінді. Ең бастысы оларда жүрек бар, сезім бар. Көзін жұмды. Бетіне тақала бере Итбайдың басындағы бас киімінің күнқағары бұның маңдайын тіреп қалып, ығысып кетті де, айнадай жылтыр таз басынан жиналып қалған қайызғақ тектес қаспақтар бетіне шыбын қонғандай әсер қалдырып, жауып жатты. Ақынға бәрі жарасады.

Ертеңгі сағат үште кездесті. Итбайдың артынан ілескен иттей болып зәулім ғимаратқа келді. Ішке кіріп кетіп біреулермен сөйлесіп болғасын мұны шақырды:

— Бұлақтың көзін ашайық! Таланттардың самғауына жәрдемдесейік, — деп газет редакторына аса тебіренсіпен сөзін жеткізді Итбай. Редактор адам көңілін қалдырмайтын ақкөңіл жан екен, өлеңді оқып алып, аздап жымиды да:

— Келтіреміз ғой жайлап, — деп басын шұлғып келіскендей болды.

Ғимараттан шыға салысымен Итбайда бұрын байқалмаған маңғаздық, көкірек пайда болды:

— Ағаң тегін емес дедім бе, дедім. Өлеңіңді өткіземін дедім бе, дедім. Енді сен де менің айтқанымды орындасаң, ертең теледидардағы бағдарламаға шақырту жіберткіземін. Асыл тастың су түбінде жатпайтынын дәлелдейміз, — деді.

Аспан өртеніп жерге түсердей аптап ыстықта өртенердей болып тұрған қара машинаға мінген екеу көпқабатты үйдің алдына тоқтады. Міңгірлеп отырып Итбай сезімін білдірді. Орынгүлдің түріне емес ең алдымен талантына бас игенін, ұнатып қалғанын, қазір бейшара күйге түскенін жеткізді. Сөздерінің арасына Мұқағалидың өлеңдері де Итбайға телініп, шарасыз күйде кетіп жатты.

Екеуі үйге кірді. Темекінің иісі әбден сіңген үйдің төсегі көптен жуылмаса керек, гүлді түрі көзге белгісіз түске боялыпты. Түгі жыпырайған кір-кір кілемнің үстінде 42 өлшемді кроссовканың ізі жатыр. Асығыс біреу кіріп кетсе керек, шамасы.

Жан-жағын барлап үлгермей жатып Итбайдың құшағында кете барды. Бір кезде көзін ашса аса ауыр салмақтағы Итбайдың астында ақ бөлкедей иленіп жатыр екен. Аюдай ақыраған Итбайда ес жоқ. Екі көзі тарс жұмық, өн бойын тер басқан. Бір кезде ғана барып сылқ етіп аунап түсті. Мұрынына қолаңсаның ашқылтым иісі келіп, есін жиғызды, Орынгүлдің. Төбеге қарап еді, бір жағы сынған люстраның сымдары шығып, үзілейін деп тұр екен. «Осыны ілмесе де ренжімес едік», — деп ойлады іштей.

Газетке басылған өлеңін көріп, іштей күліп алды. «Өмір» деген тақырыбы ғана бар, бірақ мүлде өзге өлең, бірақ авторы Орынгүл деп жазылған. Ақкөңіл редактор бұлардың көңілін жықпай, өлеңді өңдеген екен. «Ақыны да, өлеңі де құрысын!», — деді. Ақын деген сөзді естісе көз алдына сынық люстра елестеп, мұрынына қолаңсаның иісі келетін болды.