21 Қараша, Бейсенбі

Әдебиет

Ахмет Байтұрсынұлы
Ахмет Байтұрсынұлы (1872 – 1937) — қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері.

Қазақ салты




Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ,
Теңізде жүрміз қалқып кешпесі жоқ.
Жел соқса, құйын қуса жылжи беру
Болғандай табан тіреу еш нәрсе жоқ.
Бұл күйге бүгін емес, көптен кірдік,
Алды-артын аңдамаған бетпен кірдік.
Шығармай бір жеңнен қол, бір жерден сөз,
Алалық алты бақан дертпен кірдік.
Бейне бір құдіретті сынағандай,
«Сақтар деп, сақтар болса» - сертпен жүрдік.
Жат жақты Жаратқанға күзеттіріп,
Жақынмен ырылдастық, иттей үрдік.
Білдірдік елдің сырын, ердің құнын,
Елеріп ерегіске екі-үш күндік.
Кіреді тентек есі түстен кейін,
Мүшкілін халіміздің жаңа білдік.
Әлі де, саңылаусыз салтын бағып,
Түрі жоқ іс айтатын пәлен дерлік.
«Ұлы той көппен көрген жалғыз мен бе? -
Деп отыр, - не болса да жұртпен көрдік»..