22 Желтоқсан, Жексенбі

Әдебиет

Ахмет Байтұрсынұлы
Ахмет Байтұрсынұлы (1872 – 1937) — қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері.

Қара бұлт




Даланың күнге күйіп, аптап өткен үстінен
Бұлт шықты қаптап көктен.
Қуанды шаруалар «я, Құдайлап!»,
Жерді бір суарар деп қурап кеткен.
Жауар деп тұрды халық үміт етіп,
Тамбастан өте шықты құр желдетіп.
Теңізге барды да бұлт құя салды,
Далаға қурап тұрған жаумай кетіп.
Теңізге пәрменінше құя салып,
Мақтанды мырзасынып тауға барып.
Тау айтты: «Сен мақтанып келіп тұрсың,
Мен тұрмын бұл ісіңе қайран қалып.
Егер де сол қадарлы жаусаң жерге,
Су берсең шөлдеп тұрған егіндерге,
Көк шығып, жер отайып, егін өсіп,
Қандай зор тиер еді пайдаң елге!
Не қайыр қазір сенің жауғаныңнан,
Сенсіз де су жетерлік теңіздерде!»

* * *
Жиылып кеңес тындап отырғандар,
Ғибрат мұнан да бар алсаңыздар.
Бұлттай жерге жаумай, суға жауған
Қазақта іс ететін көп адамдар.
Жұмсамай тиісті орынға мал, өнерін
Біреулер жүреді, оған не амал бар?!
Мысалы, қазақ - дала, орыс - теңіз,
Даланы, шама келсе, көгертіңіз.
Мұң десең, мұқтаж десең - қазақта көп,
Емес пе мұны ойламақ міндетіңіз?
Мақал бар: «Жақсылықты басыңа қыл,
Басыңнан асса, - деген, - досқа істеңіз».
Мен мұны арнап жаздым замандасқа,
Шаш қойған өзімменен ғамалдасқа.
Бұл сөзді сендерге айтпай, кімге айтамын,
Болады асыл таста, ақыл жаста.
Қарышта өз жұртыңа, барың болса,
өзге елдің өзінде көп бізден басқа.