Әдебиет
Ахмет Байтұрсынұлы
Ахмет Байтұрсынұлы (1872 – 1937) — қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері.
Ахмет Байтұрсынұлы (1872 – 1937) — қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері.
Шал мен ажал
Орманнан бір шал қайтты отын алып,
Бүкшеңдеп, көтере алмай, өліп-талып.
Отынын жерге қойып, біразырақ
Қисайып жатты байғұс ойға қалып:
«Мен сорлы өрі кәрі, әрі жарлы,
Асырау оңай емес үйлі жанды.
Қартайдым, жалданарға қайратым жоқ,
Бермеді тұтынарлық Құдай малды.
Бұл маған не қылғаның, Жаратқаным,
Бір шалға үйлі жанды қаратқаның?
Төлермін салық ақша қайдан тауып,
Қажетім бірін сай ғып жаратпадың?
Не жаздым құтқармастай бұл бейнеттен,
Күнің жоқ тілегімді қабыл еткен.
Біреу кеш, біреу ерте өліп жатыр,
Келмей ме маған Ажал, қайда кеткен?»
Мұны естіп, Ажал шалға жетіп келді:
«Шақырдың жаңа неге, - деді, - мені?»
Ажалды көрген шақта зәресі ұшып,
Шал байғұс сасқанынан былай деді:
«Жарайды, бәрекелді, қош келдің сен,
Өзім аш әрі кәрі, қуатым кем.
Отырмын отынымды көтере алмай,
Арқалатып жібер деп шақырып ем».
* * *
Шал болсын жасы жетіп, жеңген қарттық,
Я жүрген жоқшылықтың зарын тартып,
Сау жер жоқ ағзасында ауру да
Өлімнен тірілікті керген артық.
Кейбіреу көтере алмай жүрсе кенін,
Кейіген сағатында тілейді өлім.
Болады надандықпен зор күнәһар,
Ісінің Құдіреттің білмей жөнін.