Әдебиет
Ахмет Байтұрсынұлы
Ахмет Байтұрсынұлы (1872 – 1937) — қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері.
Ахмет Байтұрсынұлы (1872 – 1937) — қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері.
Байтұрсынұлы Ахметтің араб әліпбиін жақтаған байандамасы
Байандама қазақ тілінде болсын дегендерге менің алдымдағы байандамашы орыс тілінде болсын, үйткені жұртты үгіттеу, үйіру үшін жаса- лып жатқан мәжіліс, орыс жолдастардың да қатысуы керек деп еді, үй десе баянадамасы пән туралы емес, үгіттеу, үйіру түрінде болып шықты. Мен мәселенің ілім мен іс жүзіндегі жағын алып сөйлемекшімін.
Ең әуелі аңғартып өтетін бір нәрсе сол – латын әрпін алу деген – тір- шілік мұқтаж қылғаннан, ділгерлік қысып туғызып отырған мәселе емес. Ділгерлік қыспақ түгіл, еш уақытта әншейін керек қылған нәрсеміз емес. Керек қылмағанымыз – қажетімізге жарататын басқалардікінен ана- ғұрлым артық әрпіміз болғандықтан. Әліп-би деген асылында адам арқылы жетпейтін нәрсе емес. Әліп- бійде бірден мәдениет түрінің төбе басына шығарып жіберетін адам білместей айрықша қасиет те, жасырын сыр да болмасқа тиіс. Әліббій деген тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арналған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, соғұрлым әліпби жақсы болмақшы. Олай болса, әліп-би сынға түсіп жақсы-жаман жағы тексерілуге әбден келетін нәрсе болып шығады.
Қазақ алдақашан тілде қандай дыбыстар бар екенін айырған, әр дыбысқа белгілеп таңба арнаған. Оқуымызға онымыз жақсы, жазуға тағы жақсы, үйрету жағынан орыстікінен, немістікінен, француздікінен, ағылшындікінен оңай, оңтайлы. Тағы немене керек?! Жоқ! Араб әрпін тастап, латын әрпін алу керек, араб әрпі қолайсыз деп алдақашан аты шыққан әріп, онымен жақсылап емле түзуге болмайды, онымен баспа ісін жақсылауға болмайды, оны жазу машиналарына, осы күнгі шығып жатқан түрлі өнер құралдарына орнатуға болмайды, оларға араб әрпі ыңғайсыз дейді. Солай деп әріп мәселесін алдымен қозғаған әзербайжандықтар ой- лаған еді. Солай деп өздерін жаңашыл, өзгелерді ескішіл көретін біздің латыншылдарымыз да ойлайды. Мұнда адасқандық болмаған күнде де анығына жетпегендік бар екені шексіз, өйткені іс жүзінде көріп отырғанымыз олар ойлағанындай емес. Сондықтан назарларыңды салыңқырап қарасаңдаршы деп айтуға хақымыз бар деп білемін. Араб әрпінен жасап алған әліп-биімізге жер жүзінде әліп-би баласы жетпейді. Араб әрпімен түзеген емлемізге бізге мәлім емлелердің бірі жетпейді. Мұны ешкім бекер деп айта алмайды. Араб әрпін жазу машинасына, әріп теру машинасына орнатқанын көріп отырмыз. Түзелген араб әрпі жазу машинасына бір түгіл, екі түрлі әріп қоюға болатын етіп отыр, әріп теру машинасында екі суретті әріп қоюға болатындығына көз жетіп отыр. Түзелген әріп терушілердің де бейнетін жеңілдетейін деп тұр. Бұрын кассы үлкен болған соң, тұрып теретін еді, енді кассы кішірейген соң, отырып теруге болады. Отырып терсе тез шаршамайды, шаршамаса жұмыс өнікті болады. Әрі кассы ұясы аз болған соң, теру оңайланады. Ол жағынан жұмыс тағы өнікті болады. Осының бәрі араб әрпінің қай жағынан болса да, қалай жұмсаймын десе де келе беретін, көне беретін ыңғайлы, қолайлы әріп екенін көрсетеді.
Түрік жұртының 90%-і баяғыдан бері араб әрпін пайдаланып келеді. Әрқайсының араб әрпімен жасалған хат мәдениеті бар (хат мәдениеті деп әріпке қатысы бар нәрсенің бәрі айтылады, мәселен: сауаттылық, оның жүзіндегі дағдылы өнер-білім, ілім, емле, үйрету әдісі, баспа істері, баспа мамандары, жазба мамандары, жазылған, басылған барша сөздер, тағысын тағы сондайлар). Хат мәдениеті бар халыққа бір әріпті тастап, екінші әріпті ала қою оңай жұмыс емес. Бірте-бірте барып алып кетуге бірталай уақыт керек, бірталай артық тұрған қаржы керек. Бірталай артық тұрған адамның күші, ісі керек. Әуелі ондай қаржы, күш пен іс екі әріппен бірдей қатар оқыту, сауат ашу істеріне керек. Екінші, баспа дүкендерінде қатар дүкен құрылмақ, қатар жұмыс жүрілмек, басылып шығып жатқан нәрселердің бәрі екі әріппен бірдей басылып шығып тұрмақ. Мұның аты екі шығын болмақ, екі жұмыс болмақ. Артық қаржы, артық күш бұған керек. Мұндай екі шығын, екі жұмысты көтергендей қаржы мен қайрат қазақ түгіл түріктің қай жұртында да болса жоқ. Латын әрпін бірден алып, бірден соған түсіп кетуге, одан да көп қаржы мен қайрат керек. Ондай бірден табыла қоятын мол қаржы мен қайрат түрік жұрттарында тағы жоқ. Бірден мұғалімдердің бәрін латынша үйретіп, бірден баспаханалардағы әріптерді латынға айналдырып, адам- дарын латынша үйретіп, оқу кітаптарын латынша бастырып, арабша сауаттыларды латынша сауаттандырып жіберу адамның керек қылуын былай қоя тұрғанда да, он шақты күнде, он шақты миллион қаржымен біте қоятын жұмыс емес. Солай болған соң әріп алмастыру деген жеңіл мәселе болып шықпайды. Бұл – ел жағынан да, елдің шаруасы жағынан да ауырлығы зор мәселе екендігін еске алып отырып шешетін нәрсе. Үстін қарап, ат үстінен айтқандай, сөзбен, жеңіл шеше қоятын мәселе емес. Салақ қарауға болмайтын салмақты мәселе. Латын әрпінің араб әрпінен гөрі көзге көрініп тұрған артықтығы, бадырайып тұрған пайдасы болса екен; онда ел көңілденіп, қолдап жебеп, көтермелеп бірдеме етер деп дәмеленер едік. Ондай артықтығы, пайдалылығы жоқ.
Араб әрпін латын әрпіне алмастыру мәселесі қозғалғаннан бері көп адам екеуін салыстырып, теңеп қарап, артық-кемін тексеру, зерттеуге түсті. Екі әріп те жеткілікті дәрежеде терең тексеріліп, терең зерттелді. Сол терең тексеру арқасында екі әріптің де бұрын назар салынбай, еске алынбай жүрген көп сындары, сипаттары көзге түсті. Менің мұнан былайғы сөздерім – жалғыз өз пікірім, я өз тапқандарым емес, көптің көздеп, үңіліп, зерттегенінен табылған нәрселер.
Екі әріпті теңестіріп, артық-кемін тексеріп, өлшеуге салғанда, таразының табан тірейтін нәрселері мыналар боларға тиіс:
1. – тіл дыбысына жеткілікті-жеткіліксіздігі қанша?
2. – қайсысымен басылған, я жазылған сөз оңай оқылады?
3. – қайсысымен жазу жеңіл, жазылғанын тану жеңіл?
4. – қайсысы баспаға қолайлы? (баспаға сыйымды болуы, жұмыстың өнімді болуы да сонда).
5. – үйретуге (сауат ашуға) қайсысы оңтайлы?
6. – көркемдік пен көзге жайлылық жағынан қайсысы артық?
Әуелі, тіл дыбысына жеткілікті болу-болмау жағынан салыстырып қарайық. Араб әрпінен қазақ әліп-биіне 14 әріпті өзгертпестен дайын күйінде алдық. 5 әрпіне ереже қосып алдық. Латын әрпінен ең өзгертпестен алдық дегенде 15 әріп-ақ алған. Басқаларын өзгертіп алып отыр. Сөйтіп алғанда, 7 әрпі өзгертіп алуға жараған, басқалары тіпті жарамаған соң «ң» мен «й» дыбыстарына ойдан шығарып, таңбаларын алып отыр. Бұған қарағанда тіл дыбысына жеткілікті болу жағынан араб әрпі артық болып шықты.
Оқуға оңай жағынан алып көрейік. Оқу жағынан алғанда қандай әріппен басылған я жазылған сөз болса да сүгірет есепті. Бұ жағынан қытайдың сүгірет жазуы да, басқалардың әріппен жазылған жазуы да бірдей, жалғыз-ақ сүгіреттің құралған жөні ғана басқа. Сауаты ашылған адам жазылған я басылған сөзді әрпіне қарап оқымайды, бүтін тұрған сүгіретін танып оқиды. Таным адамды көргенде мынау пәленше, анау түгенше деген сияқты, әр сөзді тұрпатына қарап танып айтады. Неғұрлым сөз сүгіреті көзге елеулірек болса, соғұрлым жылдам танылып, шапшаң оқылмақшы. Әріп сөз сүгіретінің көзге елеулі болу, болмауына себеп болмақ, сөзді бірінен-бірін айыруға көмегі тимек.
Латын әрпінің асылы – екі түрлі сызық, тік сызық, сопақ шеңбер сызық. Латын жүйелі әріптердің бәрі осы екі түрлі сызықтың түрліше үйлесіп құралуынан шыққан. Латын жүйелі әріппен басылған сөздердің жолына қарап тұрсаңыз, екі сызықтың арасымен теп-тегіс тартқан нәрсе сияқты болып көрінеді. Ілуде біреуі ғана болмаса, қатардан шығып тұратыны аз болады. Үстіне қоятын қосымша белгілері де аз болады. Немістің Майман деген профессоры, басқа сондай сана заңын тексе- ріп, тәжірибе жасаған адамдар мынаны байқаған: басылған сөздердің ішінде не төмен, не жоғары сойдиып қатардан шығып тұрған әрпі бар сөздер, немесе үстіне қойған қосымша белгісі бар әріп кіріскен сөздер тез танылып, шапшаң оқылады екен. Араб әріптері өз ішінде сап түзеген солдат сияқты сымға тартқандай, екі сызық арасында қысылып тұрған әріп те болмайды. Жолы бір сызық бойымен тартылып, жалғыз сызықтан жоғары да, төмен де ылғи асып шығып отырады. Оның үстіне қойылатын қосымша асты, үстінде белгілері, нүктелері болады. Мұнда бірдейлік, бір өңкейлік, бір беткейлік жоқ. Мұның әріптерінің бірі биік, бірі аласа, бірі ұзын, бірі қысқа келіп, сөз әлпіне айрың-үйрің ашық сүгірет береді. Бір жағынан онысы, екінші жағынан қойылатын қосымша белгілері сеп болып, сөз сүгіретін көзге елеулі етіп, тез танытады, тез оқытады. Әріптердің бір өңкей, бір беткей тұру-тұрмауы оқуды ауырлату-жеңілдету жағына қанша сеп болатынын мынау мысалдан көруге болады. Бір ыңғай, бір беткей қойған, бір өңкейленіп тұрған бірнеше таяқша сүгіреттерін алайық та, сонымен саны да, алатын орны да, бойы да бірдей бірақ қойылуы бір ыңғай, бір беткей емес, сондықтан олар өңкейленіп тұрмаған екінші таяқша сүгіреттерін алайық та, аналардың астына мыналарды қойып санап қарайық, ׀׀׀׀׀׀׀׀׀׀׀׀׀ Қайсысы санауға оңай болар екен. Әрине, төменгісі санауға оңай. ׀׀//׀׀ //׀׀ Латын әрпінен басылған кітап я газетті алып, араб әрпінен басылған кітапты я газетті алып қарасаң, қайсысындағы сөздердің әріптерінің әлпі таяқшалар сүгіреттерінің қайсысының әлпіне ұқсайды? Әрине, латындікі жоғары, арабтікі төменгі әліпті.
Араб әрпінің ол артықтығы жалғыз баспада ғана емес, жазбада да артық болып тұрады. Өйткені араб әрпімен басылған сөзбен жазылған сөздің арасында айрымы аз болады. Онда оңай оқылса, мұнда оңай болады. Жаман жазылған хаттарды айыруға келгенде де, араб әрпі латын әрпінен артық. Мұнда да әріптің тұрпаттары мен түрлі қосымша белгілері көп көмек болады. Латын әліп-биіне ұлы әріп болатынын артықтығына дәлел еткісі келетіндер бар. Оның ұлы әрпінің пайдасынан зияны көп екеніне көз салмайтындар ғана солай ойлайды. Әріп санын көбейтетінімен, әріп кассаларын үлкейткенімен, әріп теру, жазу машиналарын қиындата- тынымен, сауаттандыру ісін ауырлататынымен ісі жоқ адамдар ғана латын әрпінің ұлы түрін ұлы қасиеті деп ойламақшы. Балаларды орысша оқытып жүргенде ұлы әріпке қарғыс айтпасақ, алғыс айтпайтынбыз, әріп терушілер де ұлы әріпке алғыс айтпайтын шығар.
Жазуға қайсысы қолайлы? – енді сол жағына келейік. Сөздік оқығанда тұтасынан оқысаң, жазғанда да көбінесе тұтасынан жазамыз. Сондықтан екі әріпті сынға салғанда әріп басының жазылуына қарамай, тұтас сөздің жазылуына қарай сын тағамыз. Сауатты адам жазғанда қол дағдысымен жазады. Жазып отырғанда әр әріпті ойлап барып жазбаймыз, қолымыз дағдыланған күйімен өзі кетеді. Ойың әріп тізімінде болмайды, сөз түзуінде болады. Көз жазылғанның дұрыс-терісін бақылаумен ғана болады, неғұрлым сауаты көбірек ашылған адам болса, оның көз бақылауынан көрі көз дағдысы басым болмақ. Мұны дыбыс жүйелі емлесі жоқ жазудан көру қиын емес. Мәселен: «دمحم) «Махмуд) деген сөзді жазғанда, қолың өзі жазып кетеді. Оқыған уақытта адамның көзіне күш түсіп, етіне күш түспейді. Жазған уақытта көзіне күш түспей, етіне күш түседі. Жазуға қай жазу ыңғайлы болатынын айыру үшін, басқа жұмыстар жүзінде қолға күш түсетін істерден жасалған ілім тәжірибелерін алып қарау керек болады. Латын жүйелі әріппен жазылғанда қол қимылдау бағдары сағат тілінің жүретін бағдарына қарсы келіп отырады. Сол ыңғайына қарай жазу жолы да оңнан солға қарай жүреді. Машина айналдырған жұмыскерге, қол машинамен тіккен әйелдерге қарап тұрсақ, бәрі сағат тілінің бағдарымен айналдырады. Қалай да қолмен айналдыра – үйілдіре қайта-қайта істелетін жұмыстардың бәрі де мәселен: инемен тігу, арқан есу бәрі де, сағат тілінің бағдарымен істеледі, оңнан солға қарай жүреді. Оның бұлай істелетіні қол талмау үшін. Қайта-қайта көбірек қимылдағанда ыңғайсыз жағына қимылдаса, қол тез талады. Мәселен: орысша жазғанда қолдың талғаны білінеді, қазақша жазғанда білінбейді. Болонский деген орыстың тәрбие ғалымы қолдың әлгідей еткенде талмайтыны ұсақ бұлшық еттерінің бітісінен дейді. Менің оған қоса- тыным – қарды жаюдан, жию жеңілірек. Солдан оңға қарай жазғанда қол қардың жайылатын жағына қарай жылжиды, жылжыған сайын қиындайды. Оңнан солға қарай жазғанда, қол қардың жиылатын жағына қарай жылжиды, жылжыған сайын жеңілденеді. Қол тыныққан есепті болып, талмайды. Олай болса, араб жазуын оңнан солға қарай жазылады деп айып- таушылар тесе қарап тексермей, құр босқа сөйлейді.
Қай жазумен жазғанда қолдың қимылдауы қандай болатынын да азырақ айтып өту тиіс болады. Латын әрпімен жазғанда қолдың қимылының бәрі ірі, толық болып отырады. Араб әрпімен жазғанда стенограф жазумен жазған сияқты қолдың қимылы көбінесе ұсақ болып келеді. Ирегінің ұсақтығы жазуды жеңілдетіп, шапшаң жазуға қолайлы. Сондықтан да ұсақ иректі жазу стенографке алынған. Араб әрпіне сын тағушылардың жаңа бір кінәлайтын жері – нүкте көптігі. Нүкте жазуды ауырлатуға себеп болатыны рас, бірақ ол араб жазуының өз басын оңаша алғандағы кемшілігі, латын жазумен салыс- тырғанда қол сермелеуі, барша нүктелерін қосып есептегенде, латын- дікінен 25-30% кем болып шығады. Араб жазумен жазғанда жалғыз ғана қолайсыздық қылатын – цифр жазуы. Санды үлкендете атауымызға қарағанда, жазуымыздың оңнан солға қарай жазылатын бағдарына қарағанда, санның үлкенінің цифрлары оң жақта, кішілерінің цифрлары сол жақта болуы тиіс еді. Одан келетін кемшілік аз болғандықтан, басқалардың ыңғайына қарап, көпке бірдей болатын ретпен жазып отырмын. Жазу жайын сөйлегенде жазу машиналарын да сөз қылып өту қажет болады. Соңғы кезге дейін араб әрпін жазу машинасына орнату ісі былай бо- лып келіп еді: бір жағынан орыс машиналарының жүрісі араб жазуының бағдарына икемделуші еді де, екінші жағынан араб әрпі созылып, жиырылып, машина жүрісінің адымына икемделуші еді.
Бұл күнде Шайқали деген инженер әріпті емес, тек машинаны ғана әріпке ыңғайлайтын тетігін тапқан. Қазірде Қазанда машина жасайтын дүкен алып, әлгі инженер басына қойылып, іс жүргізіп жатыр. Олар жасап жатқан машиналарға татарша да, орысша да жазылатын етіліп, екі жұрттың да әліп-биі қойылған. Онысы екі тілмен іс жүргізетін біздің түрік жұрттарының мекемелеріне өте қолайлы болмақ. Тіршілік өнерінің артылуы тіршілік керек қылуына қарай болмақ. Араб әрпінің өнер құралдарына айналысуы соңғы кездерде ғана бола бастауы тіршілік күйінің мәдениет, тарих, шаруа жағына байланысқан жағдайына қарай болып отыр. Патша заманында мекемелердің ісінің бәрі орыс тілінде жүргізілетін. Жай адамдар мәдениеті төмен болған соң, машиналармен жазуды керек қыла қоймайтын. Өзгеріс болғаннан кейін әр жұрт республика болып, мекемелерінде істі өз тілінде жүргізетін болды. Оған машина керек бола бастады. Мұқтаждық бола бастап еді, мұқтаждықтың лажын табу шарасы да қарала бастады. Ол барып араб әрпін машинаға, машинаны араб әрпіне үйлестіруге түсірді. Ол үйлестіру жетіле, жетіле келіп, бір машинаға татарша-орысша екі түрлі әріп орнатуға болатын еткізіліп отыр. Неғұрлым тұрмыс түрленіп, шаруа ұлғайып, қажеті өскен сайын, тіршілік әдісі де молайып, өнер ісі де ұлғайып, өсе бермек. Жиындар, топтар татар тілінде жасалуы, енді стенограф жазуын керек қылған соң, татарлар соны шығару шарасына кірісіп жатыр. Жазу дағдысы оңнан солға болғандықтан, стенограф жазуын да сол бағдарлы етіп шығармақ.
Енді қай әріп үйретуге оңай, сол жағынан салыстырып өтейік. Қай әдіспен болса да оқуға үйрету ақтығында сөз сүгіретін тану болып шықпақ. Сөздің баспа сүгіреті мен жазба сүгіретін таныта білдірсе, сол оқуға үйреткен болмақ. Сөздің тез танылуы жағынан араб әрпінің латын әрпінен артық екендігін мана айтып өттік. Бұ жағынан араб әрпінде бір кемшілік бар еді. Ол енді жоғалайын деп тұр. Ол кемшілігі жалғау қосылғанда, сөз сүгіретінің пішіні өзгерілуі еді. Мәселен, «қазақ» деген сөзге ілік жалғауын қоссақ, «қазағдың» болып, «қ» әрпінің пішіні өзгеретін еді. Латын әрпінде ол жоқ. Бірақ оның онан көрі де үлкен айыбы бар. Латын әрпі ұлылы-кішілі қосар таңбалы болады. Оның үстінде баспа әрпі мен жазба әрпі біріне-бірі ұқсамайтын түрде болады. Бір сөзде екі түрлі сүгірет болады. Біреуін танудың орнына екі-екіден тану керек болады. Сөйтіп әріптің екі баспа түрін, екі жазба түрін, сөздің екі баспа сүгіретін, екі жазба сүгіретін тану керек болады. Мұның аты бір жұмыстың орнына төрт, төрттен сегіз жұмыс деген болады. Арабтікінде ол жоқ. Араб әрпін үйреткенде тағы бір артық жері – алғашқы кезде жазуға қол үйренуге сызылғанның жеңілдігі. Латын әрпінің алғашқы кезде жақсылық қасиетіне саналса, санала- тын жері баспа әрпінің даралығы. Бірақ ол қасиетінің өмірі аз. Өйткені әрі барған сайын сөзді әрпімен оқу жоғалып, сөздің тұтас сүгіретін оқу күшейе береді. Даралықтың пайдасы кеми береді. Сөз сүгіретін тез танытуға араб әрпі артық. Сүйтіп, үйретуге жеңілдігі жағынан да араб әрпі латын әрпінен анағұрлым артық болып шығады.
Енді екі әріптің қайсысы баспа ісіне қолайлы, өнер құралына үйлес- тіруге оңтайлы, баспаға сыйымды, істі өндіруге икемді екен – сонысына келейік. Араб әрпін баспаға айналдыру ХҮІ ғасырдың аяғында болған. Оны баспаға арабтың өздері айналдырмаған. Винеция шәріндегі италяндар айналдырған. Олар араб әрпінің жайын білмегендіктен несін алып, несін тастау керек екенін біле алмаған. Араб әрпін жазуда тұрған күйінде алған да, турап-турап баспаға айналдырған. Әріптің жайын жақсы білмей баспаға айналдырғандықтан, арабтың 29 таңбасы 200-ден астам баспа таңбасы болып шыққан. Бұл қалайша солайша көбейіп шыққан? Мұнша көбейіп шығуы мынадан болған. 1) Жазуда түйдектеліп жазылатын екі-үш әріпті айырмай, оларды түйдек түрінде әріп түйдегіне айрықша баспа белгісін жасаған. Мәселен: «جل «етіп екі әріптен құраудың орнына «جل «деген жазу түріндегі түйдегін алып, өз алдына «جل «белгі алған. «جمل «дегенді де «جمل «етіп үш әріптен құраудың орнына оған да өз алдына «جمل «белгі алған. Сондықтан 200-ден астам баспа таңбасы болып шыққан.
Баспа әрпі сол күйінде мұсылман арасында тарап, ХІХ ғасырдың аяғына дейін түзелместен келген. 1882 жылы Петерборда Қырым татары Ілияс Бураганский, Қазанда Ғалиасқар Қамал мен Жүзейұлы дегендер кей әріптердің италяндар жасаған түрінен өзгертіп, баспа таңбасын жасайды. Оның баспа таңбасының саны кеміп, 150-ге түседі. Одан әрі бірте-бірте түйдек таңбалары жоғалады. Одан баспа таңбасы кеміп, 100-110-ға түседі (қазақтікі 80-81). 1907 жылдан бастап италяндар бүлдірген жерлерін түзеу талабына кірісушілер болады. Оларша түзеу дегеніміз – әріп шегінің өзінің тиісті жігінен бөліп айыру болады. Әуел бастап бұ жолда 1907 жылы талап етушілер Алпарұлы мен Рахманқұлұлы дегендер болады. Онан кейін 1921-1922 жылдарда Ыдырысұлы Мұхамбет те сол талапқа кіріседі. Соңғы жылдарда Бұрнашұлы мен Тоқайұлы (23-24 жылы) кіріседі. Соңғы екеуінің жобасы қолайлы болып, баспаханаларға алынады. Бұлар баспа әрпін екі пішінге ғана түсіріп, кассы ұясын елуге жекткізген (қазақтікі 41), мұнымен қатар әріп таңбаларының бір-ақ пішінді ету талабы тоқталмай істеле береді. Ақтығында, ол талаптан толып жатқан жобалар туады.
Сол жобалардың ішінен қазақта болған әнеугі кеңес әріп таңбаларын бір пішінге түсірген жобаларды қабылдады. Ондай жобалар Алпарұлынікі, Шарапұлынікі, Ыдырысұлынікі. Жалғыз пішінді әріптен сөз сүгіретіне кіретін өзгерісі аз. Орыстың жуандық белгісін тастағандағысындай ғана сөз сүгіреті өзгереді. Оны алғаннан пайда есепсіз көп. Пайдасының есепсіз көптігі сол: Әуелі, баспа әрпін кемітіп, татарлардікін 30-31-ге түсіреді, біздікін 24- 25-ке түсіреді. Екінші, әріп жасау жұмысын жеңілдетеді (понсон, матрица жасау). Үшінші, өнер құралдарына қоюға өте ыңғайлы. Төртінші, үйрету, әріп теру, басқанды түзету істерін жеңілдетеді. Осыншама пайдасының орнына біздің жоғалтатынымыз – жалғыз-ақ сөз аяғында созып кеткенде шыққан әріп құйрығы. Онан басқа шығатын шығын жоқ. Енді латын әрпімен екеуін теңестіріп қарайық. Латын әліп-биінде әріп ұлылы-кішілі болып, екі-екіден келеді. Латын жүйелі әріптер баспаға әбден икемделген, ол икемделуі Европа жұрттарының өздеріне даяр болғанымен, бізге даяр емес. Түрік жұрттары олардың даяр тұрғандарын сол күйінде алып пайдалана алмайды. Өйткені – латын әрпін өзгертпей алуға болмайды. Ең кем болғанда, 25-30 пайыз өзгертіліп алынады. Латын әрпін өзгертпей алуға болмаса, латын әрпі орнатылған машиналарды да өзгертпей сол күйінде алуға болмайды. Оның мағынасы – өзгертпестен ешбір жазу машинасын, еш әріп теру машинасын алып, пайдалануға болмайды деген болып шығады. Бір жақтан солай болса, екінші жақтан түрік жұртындағы қалалардың баспаханаларында өзгермеген латын әрпі де жеткілікті күйде табылмайды. Қызылорданы былай қойып, Қазан, Уфа, Ташкент, Самарқан шәрлерінде де табылмайды. Әзербайжан латыншылдарды латын әрпінен әліп-би жасап, бас- тырайын дегенде ешбір шәрінде латын әрпін таба алмаған. Басқа жерден жасатып алдырғанша 5-6 ай өткен. Әріп келген соң латын әрпімен еркін тере білетін адам табылмаған. Қырық кісілік курс ашқан. Көптен келе жатқан латыншылдары бар, жетілген кент мәдениеті бар, өнерлі кәсібі бар әзербайжандықтар әліп-би бастыруға соншама әурешілік шексе, басқа түріктер, «әсіресе, біздің қазақ сияқтылары оп- оңай дайын қып ала алмас. Әзербайжанның латын кассысында 46-47 ұя бар. Ұлы түрінікі де, кіші түрінікі де бәрі сонда. Латындікін алғанда қазақ кассысында 46-48 ұя болмақ. Бұл араб әрпінің үшінші түзілген күйіндегісінен төмен болып шығады (Бұрнашұлы мен Тоқайұлының түзетуі). Үшінші түзету бойынша қазақ кассасында 41 ұя болмақ. Соңғы түзету бойынша кассымыздан ұя 24-25 ғана болады. Ол латындікінен екі есеге таяу аз болмақшы. Латын әрпінің баспаға сыйымы туралы қолымызда мағлұмат болма- ғандықтан, орыс әрпінің сыйымы турасындағы мағлұматтарды алып салыстырамыз. Өйткені – орыс әрпі мен латын әрпінің айырымы аз, екеуі бір жүйелі әріп. Қалыпты баспа табағына орысша 12 кегелмен шпонсыз жиғанда, 10 кегелмен шпондап жиса, 40 мың шамалы әріп сияды. Бұл кітаптар үшін жиғанда. Газеттер үшін 10 шпонсыз жиғанда 50 мың шамалы әріп сияды. Араб әрпінің ескі күйіндегі қалпында 12 кегел «нормал» түрі мен шпондап жиғанда 40 мың шамалы әріп сияды, 14 кегелмен шпондап жиғанда, 32-35 мың шамалы әріп сияды. Үшінші түрде түзілген әріптен сол шамалы сияды. Соңғы түзелген түрдегі әріптен оныншы кегелмен шпондап жиғанда 54 мың кітап жә газет әріпі сияды. Сегізінші кегелмен шпондап жиғанды 65 мың шамалы әріп симақ. Ескі әріппен, үлкен кассымен тіреу салып жинағанда күндік жұмыстың өнімі орыстікінен 10-15 ℅ төмен болады екен. Үшінші түрде түзелген әріппен жұмыс өнімі орыстікінен артық та емес, кем де емес – шамалас болған. Ең соңғы түзелген түрдегі әріппен жиғанда, жұмыс өнімі орыстікінен 10 ℅ асқан. Сөйтіп, баспа жағынан ескі әріп латындікінен төмен боп, түзетілген әріп артық болып шығады. Араб әрпін теру машинасына орнату жағынан қолайлылығына кел- сек, оған ескі әріптер жарайды. Бакуде шығатын «Коммунистер газеті» Америкадан алдырған ескі әріпті теру машинамен теріліп шығып отыр. Түзетілген жаңа әріппен бір түгіл екі сүгіретті әріп қойылып машина шықпақ. Енді көркемдік пен көзге жайлылық жағынан бір-екі ауыз сөз айту қалды. Көркемдік деген әркімнің көңіл талғауына қарайтын нәрсе, бірақ европа жазушылары латын әрпінің пішіндеме сызықтары сияқты көзге көрінетінін, араб әрпі, сызығы түрлі болғандықтан көзге көркем шырай- лы көрінетінін айтқанын білеміз. Көзге жайлы болу жағына келсек, мұнда қай әріппен жазылған жә басылған сөз оңай оқылса, сол әріп көзге зиянсыз жайлы болуға тиіс. Өйткені ондай әріп көзді талдырмайды. Көзді талдырмайтын оқуға оңайлық жағынан араб әрпі латындікінен артық екені айтылып өтті. Әншейін үстін қарағанда араб әрпін түзету ісі дағдылы, қалыпты нәрсе сияқты болып көрінеді де, тура басқа әріпті алу төңкеріс есебіндегі нәрсе сияқты болып көрінеді. Төңкеріс немесе үлкен өзгеріс есебінде болып шығуы үшін жасаған өзгерістен өнетін үлкен пайда болуы керек.
Латын әрпінен өнетін үлкен пайда түгіл, кішкене де пайда жоқ. Еуропа жұртымен бірдей болу мақсатымен аламыз десек, алу қиын болған себеп- ті орыстар аяқ баспай отырғанда, біз сол мақсатпен істейміз деп айтудың қанша орны барлығын сөйлеп, көп сөз қылмасақ та болар. Латын әрпі сипыр түрдегі таңба болса, әріп бірлесітіру жағын сөз қылуға болар еді. Сипырды кім жазса да түсінеміз, түсіне беретін латын сипыры сияқты жә қытай жазуы сияқты жазу таңбасы емес. Басқалармен ымыраластыруға келетін жерде ісімізді ымыралас- тырамыз. Мәселен, мана сипыр жазуын бөтендерге қарап, солдан оңға қарай жазамыз дедім. Оны олай жазу біздің жазу бағдарымызға теріс ыңғай келеді. Бірақ теріс ыңғай болғанмен, қолайсыздығы аз болған соң көптен шықпас үшін істеп отырмыз.
Жер жүзінде бірдей әріппен түрлі тілді жұрттардың жазуын бірлес- тіру керек болса, онда қытай жазуын алу керек. Оны алсақ онымен кім жазса да түсінесің. Латын әрпін алғанмен, өз тіліндегі мен өзге тұқымдас тілдегі ғана нәрселерді түсінесің. Оны латын әрпісіз де істеп отырмыз. Жаңа да бір айтатын сөз. Латыншылдар екі әріпті салыстырғанда араб әрпін баяғы Италия бұзған түрінде алып, түзетілген әріп жағына әдейі жуымайды. Латынға алмастырғаннан енетін пайда көп болса немесе латын әрпін алу машақаты, шығыны араб әрпін түзетуден аз болып шығатын болса, оларды түзетуді менсінбей, латынмен болуы жөн дер едік. Ол жоқ. Араб әрпін түзетуге кететін шығын мен еңбек латынға көшу бейнеті мен шығынынан мың емес, миллион есе кем екені айрықша есеп қылмай-ақ айқын нәрсе. Манағыдан бергі айтылғанның бәрінен жасалатын жалпы қоры- тынды мынау: Араб әрпі латын әрпінен жазуға, оқуға оңай. Онысын сауатты адамдардың күндегі ісінің жүзінде көп пайдалы болып шығады. Сауат ашу жүзінде араб әрпінің қолайлылығы латын әрпінен артық. Баспа ісі жағынан араб әрпінің ескісі латын әрпінен төмен, жаңасы артық. Машиналарға орнатуға араб әрпінің жаңасы латындікінен анағұрлым артық, ескісі де орнатуға келетінін іс көрсетіп отыр. Араб әліп-биінің әрпі қазақ тілінің дыбыстарына толық жеткілікті, қандай емле жасауына да келеді. Қазақ емлесі нағыз оңай, бұқараға қолайлы емле. Сөйтіп, екі әріпті салыстырғанда, сап-саз, ап-айқын көзге көрініп тұрған сындары әріп алмастыру мәселесін дәріптеп көтеруге орын жоқтығын көрсетеді. Бұ сияқты мәселені көтеріп, уақытын шығын қылып жүргендер болса, оны еріккен адамдардың ермегі есебіндегі құр қиял деп білемін. Әліп-би түзеу – емле түзеу жағынан соңғы кезде істелген істер жемісті болып, бұ жағынан біз Европа, Америка жұрттарының алдында тұрмыз. Әріпті өнер құралдарына икемдеу жағынан да олардан асыратынымызға көз жетіп отыр. Солай болған соң аз күшімізді алға шыққан жақтағы керексіз іске салғанша, басқадан кейін тұрған жағымызға жұмсауымыз жөн емес пе деймін.