29 Қараша, Жұма

Әдебиет

Асқар Тоқмағамбетов
Асқар Тоқмағамбетов(19.9.1905, Қызылорда облысы — 21.8. 1983, Қызылорда қ.) — ақын, жазушы.

Егер соғыстан аман қайтса...






Отан соғысынын отты жылдарында біз Алматыда, Калинин көшесіндегі 5-үйде тұратынбыз. Бұл үйде Мұхтар Әуезов, Әбділда Тәжібаев та турды. Соғыста не жаналық болып жатқанын бірімізден-біріміз біліп отырамыз.

Бір күні Мұхаң маған телефон соғып:

— Асқар, сен оқыдың ба? — деді. — «Комсомольская правдада» Баубек Бұлқышевтың «Мен өмір сүргім келеді» деген мақаласы шығыпты. Меніңше, өте жақсы жазылыпты. Ол өзі сөйлемепті, жүрегін сөйлетіпті.

Оның өзі бір өте талантты жігіт екен. Шіркін, соғыстан аман қайтса, жазушы болайын деп тұрған дарын екен. Сөз саптауы, ой ерісі өте терең жатыр. Шамасы, мына шіркін орыс тілінде жазған болуы керек, пафосы кен екен. Маған қатты ұнады, көзіме жас алдым. Көңілімді босатты. Соны оқып көрші, өзі қайда істейтін жігіт еді.

Мен ол кезде (1942 жылы) «С. Қ.» газетінде істейтін едім. Сол күні газетті тауып алып, Баубек Бұлқышевтың хатын түгел оқыдық. Ол осы Алматыда, жастар газетінде істейтін еді.

Баубек жуас қана, жұпыны жүретін, кішіпейіл жігіт еді. Оны біз бала көріп, көзге де ілмейтін едік. Мына Отан соғысының отты күндерінде жазған хатын көріп, қатты көңіл бөліп отырмыз.

Ол кезде соғысты айтса, қабырғасы қайыспайтын адам жоқ. Біреудің жалғызы, біреудің жары, біреудің әкесі, болмаса ағасы кетпеген үйді көрмейсің. Менің өз үйімнен үлкен ағам Пірназар, онан кіші Парманқұл, оған тетелес Әлішер, өзімнің туған балам Төребек соғысқа кеткен. Соларды үй ішіміз болып сарыла күтетін едік. Бірақ ішқұстамыз ішімізде болатын. Мына Баубектің хатын оқығанда бұғып жатқан қайғымыз қайта көтерілді.

Бір күні редакцияға хат келді. Қақаған қара суық болатын. «Социалистік Қазақстан» газеті онда Гоголь көшесінің бойында бір қабат үйде туратын. Пешке от жағылмай, жағылса қағаздың қиқымы ғана жағылып, ол лап ете түсіп, сөніп қалатын да, үй суық болатын. Сонда да оттың иісі шыққан қаңылтыр пешке табынып, көбіне тұрып жүріп сөйлесетін едік. Газеттің бөлім бастықтары жиылып алып әңгіме соғатын еді. Сондағы әңгімеміз майданға кеткен жігіттердің ерлігі мен қаза болуы жайында болатын. Әсіресе сол күні хат көбірек келді. Соның ішінде менің атыма жазылған хаттар да бар. Хатты ашып оқысақ, Мұқан Иманжанов екеумізге Баубек Бұлқышевтың жазған хаты болып шықты. Хаттың аттың жалы, түйенің қомында, асығыс жазылғаны, қаламның ұшы емес, мылтықтың ұшымен жазылғаны білініп тұр.

«Асқар аға, Мұқан! Хаттарыңды алдым. Рақмет. Қазір мен Татарияда Қызыл Армияның саяси қызметкерлерін дайындайтын курста оқимын. Бітіруіме екі-үш ай бар. Бүгін көп хат алдым. Бірақ бәрін оқуға мұрса болмай қалды. Шамасы менің «Комсомол правдасына» шыққан мақалама үн қосу болуы керек.

Асеке, майдан жаққа барып тұратындарың жақсы нәрсе екен. Әсіресе орыс жазушылары көп келеді. Бүгін Ахмет Елшібековтен хат алдым. Жазатын жақсы материалдар көп, әттең уақыт жоқ. Редакциядағы жігіттерге менен сәлем айтарсыздар Баубек».

Осы хатты оқып болысымен Мұқан Иманжановқа телефон соқтым. Баубектен хат алғанымды айттым. Ол сол кезде осы газетте жұмыс істейтін еді, жүгіріп келді. Қатты жүргеннен бе, өзінін өкпесінде науқасы бар Мұқан жөтеліп қалды. Арылған саусағымен хатты дірілдей ұстап, көңіл күйі жүдеу Мұқан мұңайған баладай, көзі жасаурап, көп отырды. Сөйтіп отырғанда тағы бір хат келді. Конвертке азар сыйған хатты екеуміз ашып оқыдық. Ол хаттың бас тақырыбы «Ерлікпен қаза тапқан екі азамат» деп жазылғаны әлі есімде. Мақала майданнан жазылыпты. Екі жігіттің ерлігі туралы айта келіп, олар өздері жас болса да, жауға берілмей, ерлікпен қаза болғанын суреттепті. Суық түнде, сұрапыл шайқасқа төтеп беріп, «Отан үшін, ата-анам үшін!» деп, олар жауға берілмепті. Ақырында бұл екеуі таң алдында оққа ұшыпты. Сонан кейін бүл ер жігіттердің аты-жөні айтылыпты. Біреуі Ерназаров Елтай ақсақалдың баласы, біреуі менің балам Төребек Тоқмағамбетов болып шықты. Онан арғыны білмеймін. Найзағай соққандай. құлап қалыппын. Көптен кейін көзімді ашсам, газеттің жігіттері сүйеп отыр. Жүрегім күйіп бара жатқандай, миыма қан құйылғандай лоқси бердім. Келген хаттың қайда қалғаны, кім жазғаны да ойымда жоқ. Баубектің хаты да сол жерде қалып қойыпты. Мүмкін Мұқан Иманжанов алып кеткен шығар.

Баубек туралы мен ауырып жатып ойламасқа тырыстым. Ойласам соғыста қаза болған ағам, інілерім, балам ойыма түседі. Бірақ Баубек маған көбірек келетін, жазғандарын көбірек көрсететін, ақыл-кеңес көбірек сұрайтын жігіт еді. Өзі пионер газетінде істеп жүріп, қолы сәл босады дегенше маған жетіп келетін. Тойған қозыдай толықша келген томпақ, ажарлы ақ көңіл баланы көргенде мейірімім түсе қалатын. Сол кездің езінде орыс әдебиетін кеп оқып, ізденіп жүретінін мен байқайтын едім. Кейде Пушкин, Лермонтов өлеңдерін де көзін жұмып алып жатка соғып жіберетін еді.

Мен Мұқан Иманжановпен жақын дос едім. Ол Мұқанға жолдас. Ол Мұқанға көп келіп, сонда маған жолықпай кетпейтін. Жазғандарын оқитын.

— Ей, Тауұлы жолдас, сен Қарсақпайдың Ұлытауына еліктеп өзіңді «Тауұлы» қойып алдың. Тау болсаң жақсы ғой, тау болмай, шоқалақ болып қалмасаң... — дейтін әзілдеп.

Мұқан көп сөйлемейтін, ылғи күліп отыратын жылы жүзді жігіт еді.

— Шоқалақ болсам, сол маған жетіп жатыр. Шоң болуды саған бергенбіз, — деп Мұқан да күлетін. Екеуі сондай әзілі жарасқан дос еді. Соғыс шіркін екеуін бірінен-бірін айырды. Мұқан ауырып қалып қойды.

— Қап, денім сау болса, әскерде Баубекпен бірге болып, қанды соғыста бірге жүрмеймін бе, — деп қайғыратын еді. Міне, сондай Баубекті еске алғанда Мұқанды да еске аламын. Егер тірі болса, үлкен жазушы болатын еді.

Бір күндері окопта жатып-ақ көптің көкейіне қонатын жалынды сөз тапқан Баубектің қаза болғанын да естідік. Қатты қайғырдық. Ол сол аз өмірінің ішінде бүкіл Советтер Одағына жайылды. Оның ішінде Эренбург сияқты үлкен қалам қайраткерлерінің қаламына ілінді. Олар Баубекті мақтан етіп, мақалалар жазды.

Сөйтіп, біздің Баубек Бұлқышев қыршын өмірін Отаны үшін қиды. Бірақ өзі өлсе де, аты қалды. Жалынды сөзімен, жарқын бейнесімен көз алдымызда тұр.

Октябрь 1974 ж.