Әдебиет
Асқар Тоқмағамбетов
Асқар Тоқмағамбетов(19.9.1905, Қызылорда облысы — 21.8. 1983, Қызылорда қ.) — ақын, жазушы.
Асқар Тоқмағамбетов(19.9.1905, Қызылорда облысы — 21.8. 1983, Қызылорда қ.) — ақын, жазушы.
Құлқындастар
Алекең К. қызметке алғашқы келген кезде өте мүләйімсіп жүрді. Қарауындағы кейбір қызметкерлерді суайт сөздермен байыта бастады. Сонымен бірге мемлекеттік мүдде үшін қажетті жерінде қасық қанын қиятын, екі сөзінің бірінде: `Мемлекет қаржысы көздің қарашығындай сақталсын. Суық қолды сұғанақтарға жол берілмесін`, — деп көтеріле көкитін еді. Бұған МТС коллективі алғашқы кезде сеніп те қалды. `Жақсы сөз, жарым ырыс` — дегендей ашық пікірлі, адал жанды адам көрінеді. Суық қолды сұғанақтармен батыл күрес жүргізетін кісі болу керек` — десіп сүйсіне мақтаушылар да болды.
Бірақ, көп уақыт өтпей-ақ Алекеңнің құлқын құмарлығы сезіле бастады. Сенім серпіліп, күдік көбейді. Суық қолын сұғына жұмсап, тиын түссе тыға салды, мал кездессе жыға салды. Астықты арбасымен асай берді, бәріне жалған документ жасай берді... Сонымен нағыз құлқынның құлы Алекеңнің өзі болды. Күндерде бір күн:
Шақырып алып Тюгайды,
Отырғызып Хегайды,
Ішіне кіре сыр тартып
Жай жағдайын сұрайды.
`Сенетінім сендерсің,
Істерің маған ұнайды.
Тюгайым тым ұқыпты,
Тиыннан сом құрайды.
Хегайым да қайымшыл,
МТС-тегі жігіттің —
Құлағын құнттап бұрайды `, —
деп, көпшік қоя көлкештейді Құлматов.
Бұған Тюгай мен Хегай масаттана түсті. `Сіз бізге сенсеңіз, біз де сізге сенеміз, — деп, олар да қолдарын ұсынды.
Сол күннен бастап, суық қолды сұғанақтардың ымы-жымы бір болды да, обыр өңештер обыға түсті.
Суық қолды сұғанақтардың МТС механизаторларының еңбек ақысынан жырып жегенін ведомстыдан `білдірмей` жырып қалған қаржыларын айтпағанда: онан-мұнан жұла қашқан, бұра тартқан төтенше табыстары да біраз болды.
Өткен жылы МТС диірменіне сол жердегі тұрған еңбекшілерден біраз астық тартылды, диірмен ақысы үшін 6941 килограмм астық қабылданды. Бірақ, бұл астық МТС қоймасына жетпей-ақ: `жерге төгілді` болып жол-жөнекей талан-таражға ұшырады. `Мотордың пірі менмін` деп бас механик Хегай 409 килограмын қылғытып жіберді. Құлматовтың құлқынына да 486 килограмм бидай сүңгіп кетті. 360 килограмм бас бухгалтер Тюгайдың қабына салынды. Қалғаны диірменші Катюев пен бұл бөлісті көргендерге `көз ақыға` кетті.
Көктемде колхозға 5 центнер тұқымдық күріш қабылданды. Мұның 3 центнері МТС подхозына жұмсалды. Қалған екі центнерінен бастықтар колхоз жеріне `мөлдек` егіп алды. Әрине, бастықтардың `мөлдегі` МТС - тің күшімен салынды. Жұмсалған майға да, жер айдаған тракторшыға да қаржы мемлекет есебімен төленді.
МТС-тегі байырғы екі бие жыл сайын құлындайды, бірақ, туған құлыны өмірі есейіп есепке алынбайды. Жылға жетіп, буыны бекісімен-ақ `бір түндік` бола береді. Сөйтіп, соңғы екі-үш жыл ішінде туған құлындар Алекең мен сыбайластарының құлқындарына тастай батып, судай сіңді.
Таяуда арба қағып аяғын ақсатқан ала құлынның алқымына да қара пышақ қадала қалды. Еті шәңгекке ілініп сатылды да, тиын-тебені түгелімен құлындатардың қалтасына түсіп, жоқ болды.
Ендігі кезек `жұтып жіберу резервіндегі` инвентарға алынбаған қасқа құнан мен биылғы туған екі құлынға келіп-ақ тұр. Талғамай жұтатын тілемсек өңештер тағы да тынымсыз бүлкілдейді. Жануарлар жұтыла ма, әлде ажалдан құтыла ма? Кім білсін, ол әлі белгісіз. Әйтеуір бүлкілдеген тамақтардың астында тұр.
Суық қолды сұғанақтардың сұғынбаған жерлері қалмады. Сельпоның дүкеншісі Сарысуға барып қайту үшін 500 сомға МТС-тің машинасын жалдады. Әрине, алынған ақша құлқындастардың құрдым қалтасына құлады да кетті. Сөйтіп, озбыр өңештер зыр қаққан дөңгелекті де аңдитын болды.
Құлқынның құлы болғандардың алқымынан астық та, темір-терсек те, жүн-жұрқа да өтеді. Қақалатын кезі жеткен жоқ па?!