Әдебиет
Асқар Тоқмағамбетов
Асқар Тоқмағамбетов(19.9.1905, Қызылорда облысы — 21.8. 1983, Қызылорда қ.) — ақын, жазушы.
Асқар Тоқмағамбетов(19.9.1905, Қызылорда облысы — 21.8. 1983, Қызылорда қ.) — ақын, жазушы.
Алтын қанатты жарқанат
Осы `Алтын қанатты жарқанат` соғыс жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкенттен шыға келді. Оның ұшып келген жағы да белгілі қалалар. Ол Ростовтан көтеріліп, ұшып отырып Челябинскіден шықты. Оның барған жерінен: `Алтын қанатты жарқанат` келді десіп, құшағын жайып, құлашын созып тұра қалатындар да табылды. Өйткені оның сөзі майда, тілі жұмсақ. Ол жағынуды да, жалынуды да біледі. Ол күлдіруді біледі. Ол есебін тауып асатуды да, асауды да біледі. Сондықтан оның қанаты `алтын`, қадамы `құтты` болып алды.
Ол, оңтүстікті жайлап, солтүстікке ұшты. Солтүстік Қазақстаннан Шығыс Қазақстанға да ұшты. Қайда тілесе сонда барды, бәрінде де өз фамилиясынан гөрі `Алтын қанатты жарқанат` деген қосымша аты көбірек жайылды. Ол өлең болып өзімен бірге қосыла ұшатынды да шығарды.
`Алтын қанат жарқанат`
Ылғи түнде ұшады.
Күндіз көрсең жорғалап,
Із тастамай қашады...
Барған жері оны ғылыми қызметкер қатарында қарсы алды да, малдәрігерлік лабораторияны басқарып тұра қалады. Өйткені бұл мекеменің тіске жұмсақ тағамдары бар, қолға майда марлі жетерлік, жұтса білінбейтін спирті де молшылық. Әрине, дәрі -дәрмектің орталығы, кімге берсе де, қайда жұмсаса да ықтияры бар.
Кардаполовтың бір өнері өсек пен өтіріктің тұңғиығына түсе білгендігі. Өсек пен өтіріктің торын сайтанның өзі де мұндай жайып кете алмайды. Шым-шытырық шағыстыру мен қағыстырудың, таныстыру мен табыстырудың тілін білетін кісі. Оның сүйеніші де, қорғаны да мықты. Қолын облыстан асырып, республикаға да созып жіберетіні бар. Ол еркелік істейді. `Ұшқым келді`, яғни басқа облысқа ауысқым келеді десе болды, онды-солды телеграммалар бұрқырай жөнеледі. `Алтын қанатты жарқанат` ұша жөнейді...
Кардаполов Шымкенттен шығып Ақмола облысына, ондағы облыстық малдәрігерлік лабораторияға келгелі адам таңқаларлық қылықтар жасады, бірі - бірінен асады. Ол бір жылдың ішінде торт бухгалтер, екі шоферді айдап салды, жеті санитарды шығарды, екі күзетшіні, бір атшыны қуды. Бұл оқиға неден туды? Олар `Алтын қанатты жарқанаттың` түнде жайсыз ұшқанын көрді, соларын әшкерелеуі мүмкін болды. Бұл оқиға осыдан туды.
Қардаполовтың өзіне тілектес `жарқанаттары` да жоқ емес. Олар да мұның жүрген жағында жүреді, кейде түн қараңғысында кездесіп қалады. Кардаполов ондайларын босаған орынға отырғыза салуға шебер - ақ. Тігісін білдірмей, жігін таптырмай жымдастыра қояды. Ол өзінің әйелін де ұмытпайды, өз қарауынан шығармайды, қайда барса да аға лаборант болып отыра қалады. Оның орны жаратылыста сол болып белгіленген сияқты. Әйелі де `қабілетті` кісі, күйеуінің беделіне сүйеніп, өзіне жақпағанды өзі билеп, өзі сүйреп тастайды. Оның лаборанттығы машинаның үстінде жүріп, колхоздан барып тауық сатып алу... Кейде қазды да тізіп қайтады, кейде жұмыртқаны да тиеп әкеледі. Әйтеуір оның қызметі аяқ үстінде: `келдің, кеттің!` жоқ.
Әрине, Кардаполовтың әйелі үй қызметіне көңіл бөлмейді, өйткені оның басқа шабуылы да жетерлік. Сондықтан да оның ішер асын, жейтін нанын даярлайтын кеңсенің жұмысшылары. Шмандюков, Эльвик, Степкин және басқалар тұрғанда директордың әйелі неге ас пісіріп, шай қайнатсын.
Кардаполовтың әйелі лабораторияға тексеруге келген, өлген малдың етін қайнаттырып иті мен құсына бергізуді де біледі. Көбінесе жүмысшы Лебединский осы жұмысты атқарып жүр, істемесе істен қуылатыны анық.
Кардаполов пен оның әйелін сынаған адамдар сынадай қағылады, қызметінен тайып отырады. Жақында Горбунова дейтін комсомолка қыз бір ауыз `артық айтылған` сөзінің кесірінен қызметінен босады.
Кардаполовтардың айласы мен сұмдығы да көп. Кейде `науқастанып` қалып, кейде `демалыс` алып, кейде үйінде отырып-ақ `командировкада болып`, әйтеуір есебін тауып асай біледі.
Кардаполовтың әйелі лабораторияның жеміне семіртіп, шошқаны бордақы, тауықты маймаңдатып, қазды талтақтатып қояды. Кейде сиырды мөңіретіп, кейде ешкіні маңыратып айдап сатып, базар күнін көңілді өткізеді. Олардың ішіп-жемі тәжірибеге ұсталған `хайуанаттардың` есебінен шығып жатады да, бұлар табысқа батады.
Демалыстан басқа күндері лабораторияның машинасына тыным жоқ. Қайда керсең, қаз бен тауыққа толып келе жатады. Бірақ машинаға кеңсенің жолдамасымен барған болып, Цыгановтың атына жазылып келеді. Кейде Кардаполов өнімнің көбісін өлі затпен де тауып тұрады. Осы биыл колхоздардан лабораторияға 127 малдың өлігі тексерілуге келді. Олардың ішінде елу қой мен бір қара құлын бар. Бұл малдың барлығы`жұқпалы аурудан өлген` болып шықты да, терісі сылынып, Кардаполовтың үйіне тығылды. Ол ол ма, жүн де, түбіт те болып құлқынға құйылады.
Кардаполовтың пайдасына мекеменің мақта, марлі, спирті де жұмсалып жатады. Складтың кілті де өздерінің қолында: қалағанын алып, жағымсызын тастап, ірісін майдаға ауыстырып, жағыстырып, есебін тауып қағыстырып жатады. Бірақ, `Алтын қанатты жарқанаттың` түнде ұшқаны көрінсе де сезілмейді, білінсе де айтылмай қалып қоя береді. Өйткені астарласу, сүйеу, демеу бар, шым-шытырық тамыр-таныстық бар.
Министрлікте Кардаполовтың қылмысты істері бір кезде екі күн бойы талқыланды. Талқылауға 17 адам қатысыпты. Министрдің орынбасары бұйрық шығарып, Кардаполовты орнынан босатты. Бірақ барлық облысқа таратқан бұл бұйрығын артынша өзі бұзды. `Мұның өзі жақсы адам екен` деп, Кардаполовты қызметіне қайта қойғызды да, бос жүріп қалған уақыты үшін ақша бергізді Ленинградқа үш айлық оқуға жіберді. Енді міне Кардаполов баяғы әнімен, баяғы сәнімен өз орнында масайрап жүр.
Мұндай алаяқтардың ел ішіңде некенсаяқ кездесіп қалатыны белгілі. Бірақ олар көп масайрай алмайтын, тұтылатын еді. Кардаполов та соның көбін киер деп ойлаймыз. Сонда, Кардаполовтың ісін қарағанда, мыналарды да қоса анықтау керек:
Осындай лайықсыз жанды кім қорғайды және не үшін қорғайды? Оның ішінде тіпті министр орынбасарының бұйрығын бұзғызуға да өлі жететін мықты кім?