29 Қараша, Жұма

Әдебиет

Асқар Тоқмағамбетов
Асқар Тоқмағамбетов(19.9.1905, Қызылорда облысы — 21.8. 1983, Қызылорда қ.) — ақын, жазушы.

Күлшелі бала...






Вокзал начальнигі, бедірейген қараның бізге берген жауабы:

— Орын да жоқ, билет те жоқ.

Әрине, `жоқ` деген соң қайталап сұраудың да қажеті жоқ. Дегенмен, поездың келуін күтіңкіреп тұр едік, кер жорғаны, дөңгеленте құйылтып, ентелетіп келді де, аттан біреу түсе қалды. Тұрғандар:

— Майпром! Майпром! — десіп (май дайындау мекемесінің қызметкері солай атанып кеткен) ду ете түсті. Май жаққан қалаштай жылтыраған типылша жігіт, қол алысып амандасты да поездың жайын сұрады. Көрген - білгенімізді толық естіп алды да:

— Тырп етпеңіз, билетті мен аламын да шығамын, — деді.

— Қалайша, сіз, жоқ билетті аласыз да шығасыз?

— Бүлк етпеңіз! — деді де, жүгірді де кетті. Расында `Майпром` төрт билетті алды да келді. Бірлі-жарым сұрағанға, сыбырлап:

— `Күлшелі бала сүймекке жақсы` деген мақалды естігеніңіз бар ма? — дейді. Егер де ол: `бар`... десе, болғаны:

— Ендеше, бүлк етпеңіз, деміңіз ішіңізде болсын! — дейді де сырт айналады. Түсінгені түсініп, түсінбегені аңырайған күйі қала береді.

Поездың билетін алып болып, ендігі уайым вагонға қарай мінуде қалды. `Орын жоқ, жақындама, өрі кет!` — деп, проводниктердің жолатпайтынын білетінбіз.

— Билетті ұстап, қалып қоймасақ... — десем, `Майпром`:

— Бүлк етпеңіз! — дейді, күлімсіреп. Тағы бір сөз айтсаңыз: `тырп етпе` деп жауап береді. Сөйтіп тұрғанда поезд келді. Бірақ, вагонның маңына да бара алатын емеспіз, Жақындасақ проводниктер баж ете түсіп, омыраудан қағады, Ал, `Майпром` асығатын да, сасатын да емес, проводниктің біреуімен ымдасады, көзін қысады...

Поезд кету алдында тұр. `Майпром`ның қолы шалбарының қалтасында, көзді ала беріп бөтелкенің мойнын проводникке қарай қылт еткізіп қояды.

Поезд жүре бергенде, біздің аяғымыз да үзеңгілікке ілінді. Проводник бізді аяған, мүсіркеген адамсып, көп қынжылумен: `қызмет адамдары болғандықтан ғана бұларды вагонға мінгізгендігін` айтып жатыр. Біздің `Майпром` да оған басын иіп, қайта-қайта шұлғып, алғыс пен рахметті ағытып жатыр.

— Тәңір жарылқасын, сіздің көмегіңіз арқылы ақшаға алған билетіміз чуть-чуть күйіп қалды, — десе, ол:

— Көріп тұрсыз ғой, вагонда аяқ басар орын жоқ, тек сіз, бір сөз айтқан соң, — деп проводник міңгірлейді.

— Мен, оған түсінемін... — деді де `Майпром` қалтасынан бөтелкені алып, проводниктің өзінен басқаға сездірмей, столдың астына ысырып, жытырыңқырап жіберді. Бұл `сыйлықты көріп көңілденген проводник мұртынан күліп, рахаттана сөйлеп, есіп отырды да, аздан кейін:

— Әрине, сіздердің шаршағандарыңыз қас-қабақтарыңыздан білініп-ақ тұр. Сондықтан, мен, лажсыздан алдын ала заказ беріп сақталып келе жатқан орынды сіздерге қалдырдым, жата тұрыңыздар... — дегені - ақ сол, `Майпром` қайта-қайта басын шұлғып, алғыс айтты да, бос орынды көрсетуді өтінді.

Барып көрсек бос келе жатқан орын екеу емес, төртеу болып шықты. Мен оған шыдамай:

— Қалай, бұлар бар орынды жасырады? — десем, `Майпром`:

— Бүлк етпеңіз, — деп, жымың қағады. Мен оған:

— Жаным - ау, сен оларды жаман үйретіп, әлгі бергенің не? Билетіміз бар, оның үстіне... — дей бергенім - ақ сол.

— Мыңқ етпеңіз, — деп, тақымымды қысып қойды. Бір мәнісі бар шығар дедім де ақырын күттім.

— Демалыңыз, ұйықтаңыз, сонан кейін айтамын, — деп, теріс қарап жатып қалды.

Біраздан кейін `Майпром` өзінің құпия сырын ашуға кірісті. Ол, кейбір проводниктердің `бармақ баспайын` көптен біледі екен. `Бармақ баспай` болмаса мінгізбейтінін сезіп, күні бұрын даярланып, бөтелкені қалтасына салып ала келген екен. Манағы өзі айтқан: `Күлшелі бала сүймекке жақсы` дегендей вагонға мінуі, онан орын табылуы, ұйықтауы, демалуы... міне мұның бәрі осы бөтелкенің арқасында болып еді, деп шек-сілесі қатып күлді. Мен, оған күлгенім жоқ, қатты қынжылдым.