29 Қараша, Жұма

Әдебиет

Асқар Тоқмағамбетов
Асқар Тоқмағамбетов(19.9.1905, Қызылорда облысы — 21.8. 1983, Қызылорда қ.) — ақын, жазушы.

Асқар деп атады, қой боп құлайды...






Жамбыл Алматыға жақын ауданның бірі. Жамбылға барсаң Қарақастекке барғаның. Қарақастекке барсаң бір жағың тау болып, бір жағың бау болып ұласып, алдың орманды, артың жазық, кең алқапты дала боп кетеді. Жазда жайлау, қыста қыстауды да осы қойнаулардан табасың. Тауына шықсаң таң қалатының да көп: бұрқырап аққан бұлақ та кездеседі, құламалы құз да жолығады, биік шатқал шыңы да бар, шуағы мол қалтарысы да көп, орманы да жеткілікті.

Осы байлықтың ортасында `Октябрь` колхозы сияқты бірнеше колхоз отыр. Қаласа тауына шығып, тілесе төскейіне өрлеп, емін-еркін жайлайды. `Октябрь` колхозында председателі Қазыбекпен сөйлессең:

— Құлынымыз құлан боп секіріп құзда ойнайды, қойымыз арқарға ұқсап Алатаудың төскейінде ойнайды, есебінен де жаңылдық... Он мыңдаған қойды игеріп алу оңай ма? — деп лепірте бастаса, оның сөзін қой фермасының бастығы көпірте жөнеп, бухгалтері қостайды:

— Бұл қойнаудағы тағы бір тамаша — шатқалына шығып таутекесін де іздемейсің, орманына кіріп аюға да ұрынбайсың, осынау көрінген жықпылына барсаң алдыңнан орғып арқар шығады, атып қаласың... қой болып жығылады, аласың да қайтасың! — деп қыза келе ертегі сияқты қызық-қызық әңгімелер айтады.

`Ел құлағы елу` деген емес пе? Осы хабардың дүмпуімен Қарақастекке, арқар боп атылып, қой болып құлайтын қызықты көруге біз де бардық. Алдымызда Алатау, тас төбеден қарап Майбұлақтың шоқысы тұр. Батысымызда Қордай тауы көрінсе, шығыс жағымыз орманды тоғай болып кете береді.

Бізді бастап барған Заикин дейтін жігіт. Ол осы қойнауды өз қолынан орнатқандай, ойы мен шұқырын, өрі мен қырын түгел таныстырып келе жатыр. Өйткені ол өткен жылдары Қарақастектің тау бетіндегі колхозаралық су электр станциясында техник болып істепті.

— Қазіргі қызметің қайда? — десең, Заикин сылқ-сылқ күліп:

— Арқар деп атып, қой құлатсаң, қызметтің керегі не? — деп ақтарыла сөйлейді. Әзірге бұл қалжыңға түсіне қоймай, таңданасың да ере бересің.

Міне сол Заикиннің бастауымен қалың орманның бір қалтарысында бал арасын бағып отырған Тихон дейтін қарттың үйінің үстінен шықтық. Көріп жүрген, келіп кеткен кісі болмаса, табылатын да, білінетін де үй емес. Тастың тасасында, құздың қуысына сіңіп кеткен лашық екен. Сау ете түскен бізді көрген Тихон қынжыла сөйледі:

— Тағы да келдіңдер ме қаптап? Келуші аз болып жүр еді... О заман да бұ заман, қой атқанды кім көрген? — деп, шал наразылығын ірке алмай сөйледі.

`Арқар деп атсақ, қой болып құлайды!` деген дүмбілез сөздің астарына қалай түсінерімізді біле алмай келе жатқанымызда, Тихон қарттың мына сөзі бізді ыршытып жіберді.

— Қой атқаны қалай, қайдағы қой? — деп таңырқана қалғанымыз сол, тарс ете түскен мылтықтың даусы ойымызды бөліп кетті. Мылтық даусын естігенде `садағымызды қолға ала` біз де жүгірдік.

— Шақ еткен жоқ, дүңк ете қалды, тасқа тиген жоқ, арқарға тиді, қой болып құлады!.. — деді Заикин, ентіге сөйлеп.

Көп те жүгіргеніміз жоқ, аз да жер емес екен, бес-алты километр кетіп те қалдық. Алдымыздан әрі жұмсақ, әрі зарлы бір үн құлаққа шалынады: `Мә-ә!` дегендей болады. Жақындап келсек жаңа туған қозы, құлағы салпаңдап, қаз-қаз басып қашқан болады да қайта жығылады. Балалық та, тағылық та бар бойында.

Тарс еткен мылтық осы қозының анасын құлатқанын көрдік те, онан өрі барғанымыз жоқ. Барудың да қажеті жоқ еді, өйткені арқар боп атылып, қой болып құлаған `анды` бір машина ала қашып үлгірді...

Ендігі әңгіме қойдың арқар, арқардың қой болу себебін ашуда ғана қалды. Оның астарын табу, шындығына жету — таудың шыңына шығудан да қиын екенін бәріңіз де сезіп отырған боларсыз. Бірақ, шындасаң шыңға да шығуға болады, әділдікке барсақ — әңгіменің астарын да ашу қиын емес. Ол үшін шыңға да, құзға да жүгірудің керегі жоқ, сол өңірдегі колхоздардың архивтерін ақтарсаңыз болды. Алақандай қағаздың бетінде 200 қойдың `өлігі` жүр. `Өлігі` емес-ау, актысы жүр. Алты ауыз сөзбен жасалған акты: `...өрістен жоғалған... 200 саулықтың құны пәленше, түгеншелер есебінен толтыруға`... делінген. `Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылыпты` кері бопты. Қойдың құны шопандардан ұсталсын делініпті. Сонымен `есеп те түзу, қой да түгел` боп тұра қалған.