Әдебиет
Асқар Тоқмағамбетов
Асқар Тоқмағамбетов(19.9.1905, Қызылорда облысы — 21.8. 1983, Қызылорда қ.) — ақын, жазушы.
Асқар Тоқмағамбетов(19.9.1905, Қызылорда облысы — 21.8. 1983, Қызылорда қ.) — ақын, жазушы.
Әлди-әлди, әукешім...
Баласын жұбатқан шеше: `Әлди-әлди, бөпешім` дей келіп:
Жылама, жаным, жылама,
Жілік шағып берейін
Тақияңа тал - тал қып,
Үкі тағып берейін! —
деп әлдилесе, біздің кейбір колхоз басшылары мұндай `әлдиді` балаларға емес, қозысы мен бұзауына айтатын болыпты. Еметін сүті, жейтін шөбі мен жемі жоқ бұзаулары мөңіресе:
Әлди-әлди, әукешім,
Әңгіме айтып берейін.
Әңгімеден жалықсаң,
Ән ғып айтып берейін.
Жүгерінің собығын,
Жіпке тізіп берейін.
Оған тісің өтпесе,
Сүтке сүзіп берейін, —
дейді екен.
Әсіресе, Зейнекей жолдаспен әңгімелесе қалсаңыз: `Әлди-әлди, әукешім, әңгіме айтып берейін` деп бастайды да, таусылмайтын тараулары бар, бітпейтін оқиғалары көп әңгімесін бастайды. Зейнекей жолдас сөз білетін тақпақтап соғатын тілуар, әрі шешен, әріден бастап, бері мен тоқтайтын кісі екен. Әңгімесін мынадан бастады:
— Осыдан екі-үш жыл бұрын Шіркейлінің өзені тасыпты да кетіпті, суы бұрқырап ернеуден асыпты да кетіпті, қаптаған су кеңсені де, қораны да басыпты да кетіпті. Енді мынау кеңсеміз, есігі жабылмайды, пеші жағылмайды, отыратын орын жоқ, жарығымыз: бестік лампа сықсима, — деп қойды.
Сөйтіп Зейнекейдің әңгімесі: `Әлди-әлди, әукешім болып басталып колхоздың өмір тарихымен тарауланып, бүгінгі күннің әңгімесіне әрең жетті.
— Жаңадан үй салып, неге МТС - тен электр жарығын алмайсыз?
— Жаңа үй салудың толып жатқан әңгімесі бар. Алдымен кесек құю керек, оны жию керек, оны ұстаға өргізу керек, керегесін тұрғызу керек, төбесін жапқызу үшін оған ағаш тапқызу керек, ал жарық әкелу үшін баған керек, бағанды қондыратын адам керек, ал бізде адам жетісе ме, бірі бұған, бірі оған керек... — дейді де тағы да `әлди - әлдиге` салып тербете бастайды.
— МТС-пен араңыз жақын емес пе?
— Әудем жерге ия жетіп, ия жетпейді. Әрине оған бес - алтыдан артық баған да кетпейді, бірақ жұмысы құрғыр бітпейді. Оның да толып жатқан әңгімесі бар... — деп тағы шұбырта жөнеледі.
— Сіз оны қойып, мынаны айтыңыз, қыстың болатынын білесіз бе?
— Білеміз, білмесек өзі де айтып береді. Міне бүгін есіктің тесігі де сөйлей бастады, желкеңізді уқалатып отырған да желдің ызғары болар. Тереземіз де тентек, өлеңдетіп тұр. Оның да толып жатқан әңгімесі бар...
— Сіз оны қойып, қысқа даярлығыңызды айтыңызшы?
— Даярлықты әңгімелегенімізге көп болды. Ол жөнінде толып жатқан қаулы да шығардық. Бірақ, бізді шаршатып тұрған қора жағы. Жобамыз бар да қорамыз жоқ. Шіркін, су алып кетпегенде небір қоралар болған. Қайтесіз, су апатымен ойнауға бола ма? Айта берсе оның әңгімесі көп.
— Сіз оны қойып, малдың жем-шөбі бар ма? Соны айтыңыз.
— Жем-шөптен қысылмаймыз. Бірақ ол шөпті жейтін жері жоқ. Жаз басында шөп орылмай тұрып, шөпті сүрлейтін орын іздедік. Болашақ мал қора `осы маңайда болсын` деп жобаладық та, шөпті сол жерге сүрледік. Несін айтасыз, небір шөптер жатыр ғой топырақтың астында... Миясы керек пе, миқысы керек пе, майсасы керек пе, балаусасы керек пе? Бәрі бар, шіркін! Бірақ мал тұрып жейтін қорасын ойламаппыз. Айта берсе оның да әңгімесі көп.
— Сіз оны қойып, сүтті айтыңызшы.
— Сүт дейсіз бе? Сүт деген сиырға байланысты. Сиырдың жемшөбі болмаса суалғыш болады екен, жартысынан көбі суалып кетті. Бірақ, оны `восстановить` ету қиын емес, бар күшті салып қораны соғып жіберіп, сүрлеген шөпті ашып жіберіп, малға шашып жіберсек... ағыл-тегіл сүт болады да кетеді. Айта берсе мұның да әңгімесі көп.
— Сіз оны қойып, малшыларыңыздың жайын айтыңызшы.
— Біздегі ең бір `Больной вопростың` бірі малшылардың қысқы отыратын жайы. Оны біз күні бұрын ойламаппыз. Жайлауда жүрген оларға `вдруг` қыс түсе қалатынын кім білген?.. Шіркін, Крылов дейтін ақын ақылды болған кісі ғой. Мен, соның `Шырылдауық шегіртке` деген мысалын оқыдым. `Дәл осы бізге арнап жазған ба?` деп қалдым. Анығында біз де жаздай өлеңдеттік, айтпаған әңгімеміз жоқ, салмаған әніміз, де қалмады, енді бүгін мынау отырғанымыз, дірдек қағып... нағыз `Шырылдауық шегіртке` болдық та қойдық, тауып айтқан. Бірақ қарастырып жатырмыз, қар түскенше жайластырамыз ба деген ойымыз бар. Айта берсек бұл жөнінде әңгіме аз емес.
— Сіз оны қойып еңбек өнімділігі жөнінде, тәртіп жайында айтыңызшы.
— Еңбек өнімділігі жаман емес. Ал тәртіп жайында ашып айту қиын.
— Сонымен не істегелі отырсыз?
— Не істегелі отырғанымды біліп отырып сұрағаныңызға қатты ренжиміз. Не істейтініміз жайында болып өткен жиылыстарда өлгенше айтқанбыз: `Сүрленген шөпті ашамыз, сауатын сиырға береміз, сүтті молайтамыз, сиырды суалтпаймыз, қора да соғамыз` дегенбіз. Бірақ оған мұрса болып жатыр ма? Сізге де айтарымыз сол, бүгінгі ауданда болатын малшылардың жиналысында да осыны айтамыз...
Анығын айтқанда, Зейнекейде әңгіме көп те, істеліп жатқан жұмыс аз. Қыстау әлі соғылмаған, қора жөнделмеген, малшылардың жатағы жоқ, оның мәнісін Зейнекейден сұрасаң, ол Жарылқасынға қарайды, Жарылқасын Сәрсенбайға қарайды, Сәрсенбай жерге қарайды, жерден тайлықса есіктен соққан желге қарайды. Желдің айтатыны бізге белгілі:
Әлди-әлди, ағалар,
Әңгіме айтып берейін.
Әңгімеден жалықсаң,
Ән қып айтып берейін! —
деп уілдей түседі. Ол уілдің малға ас болмайтынын бұл жолдастар да білсе керек еді. Бірақ, білмей отыр. `Әлди-әлди, әукешіммен` малды қыстан аман алып шығуға болар ма екен?