29 Қараша, Жұма

Әдебиет

Асқар Тоқмағамбетов
Асқар Тоқмағамбетов(19.9.1905, Қызылорда облысы — 21.8. 1983, Қызылорда қ.) — ақын, жазушы.

Көздей көлдің көлдей арызы бар






Ш. қаласының станция жағынан келіп, қалаға тірелген биік жарына тұра қалсаң — көкжасыл жібекке малынған арудай әдемі, аспанмен тілдескен ағаштардың құшағында тұрған қалаға көзің түседі. Табан астынан қайнап аққан ` Қошқаратаның` бұлағы бар көшені жүлгелеп, мөлдір суымен жеміс бақшаларын аралап өтіп жатыр. Жасыл ағаштың ортасынан кеудесін көкке көтерген заводтардың трубалары болашағы үлкен ірі қаланың сәулетін беріп тұр.

Қаладан басталып ұштасқан жасыл түсті бақшалы бау біріне-бірі ұласып, колхоз даласымен шектесіп, ұлан байтақ мақта плантациясына жалғасып кетеді. Күні кеше тас төселген көшелер бүгін асфальтпен әсемделгелі жатыр. Қаланың орталық парктері сұлу сымбатымен өзіне тартады.

Міне, осындай өскелең қаланың азғантай да болса кемшілігі көзге түссе, айтқың келіп, тамағың жыбырлап қоя беретіндігі даусыз. Әсіресе қала бастықтарына батыл - батыл сын айтқың келеді.

Басқасын қойып Түркістан көшесіндегі көлді алайық. Бұл — ортасында аралы, оған баратын көпірі, сайрандасаң қайығы, түссең таза суы бар, салқын кеш, ыстық күнде демалатын көл екен. Әсіресе балалардың басы көбірек қосылатын, күн аптабын сумен шайып өткізіп салатын, мәдениетті орын болған екен.

Бірақ, мұның бәрі ескірген, ізі ғана бар. Мүмкін бұл жағдайды қала бастықтары білмейтін де, барып жүруге қолы тимейтін де шығар. Дегенмен жүздеген жасөспірімнің шомылып жатқан көліне арнап барып, көңіл бөлсе артықтығы да болмас еді.

Көлдің қазіргі сиқы нашар. Суы көнеріп, көнерген суы көгеріп, қайызғақ, өңезе басыпты. Жанды су қосылып, еді суын тартатын өңеш тағы көрінбейді. Кір үстіне кір қосылып, қоймалжың тартып жатыр. Көлемі кеміп, күн сайын семіп бара жатқан белгі бар бетінде.

Бірақ, онысына қарамастан үлкен де, кіші де түсіп жатыр. Әсіресе, балалар тобы таң атқаннан күн батқанша кірлі көбігін жұтып, ішінде жүргені...

Қазір бұл көлдің басында үш қайыққа бір кассир билет сатып, бір кісі сол үш қайықтың арнаулы күзетінде, енді бірі ағаштарының саулығын сақтау қызметінде жүр. Алақандай аланды осы үшеуі билесе де, `қойшы кеп болса, қой арам өледінің` көбі бар сияқты. Бір кезде болған екі будканың қаңырайған төбесі мен аңырайған көбесі қалыпты. Бірі қиқайып шығысқа, бірі қайқайып батысқа қарап тұр.

Темір көпірдің жақтауы кетіліп, табаны тесіліп қалыпты. Басып қалсаң бақырады, аяғыңды алсаң ыңырсып жылайды. Ығыр болған секілді, арқасы қайқаң қағады.

Бұл көлге түспейтін, шомылып шықпайтындар жоқ сияқты. Топ-тобымен қаз да саңғып жүр, ит те ауыз тиіп, тастанды да гүмпілдеп түсіп жатыр. Әйтеуір бәрі бар.

Сондықтан да, қала бастықтары, көздей көлдің көлдей арызы бар. Тыңдай беріңіз, айтып берейік:

Біріншіден, осы көлмен сіздің танысқаныңыз жон болар. Екіншіден, көлдің жатып қалған өлі суын айдатып, жанды суын көбейтіңіз. Көл мәдениетті түрге түсетін болсын. Бұл қалпыңда қала берсе, қолайсыз жағдайға ұшырататыны сөзсіз.

Сізден тағы бір тілегіміз, артық айтсақ кешіріңіз, кем айтылса жетістіріңіз. Қаланың жақсылығы мен кемшілігіне ортақ, өрі жауап беретіндердің бірі болғандықтан атыңызды көбірек атағанымызды айыпқа бұйырмассыз.

Керек деп тапсаңыз сағатына 5 сом алып, үш қайықты қатарынан жүргізіп отырған тиісті бөлімдеріңіздің басшыларын таптырып аларсыз. Көлдің басында зіңгіттей үш кісі босқа отыр, тек айлық алып тамағын ішіп, ұйқыға жатады.

Мүмкін соларды жұмсарсыз. Өйткені көл басында олардың біреуінен де артылатын жұмыс жоқ. Зерігетін де, тіпті ерігетін де болар, олар кейде:

Көліміз бара-бара тозып кетті,
Құрт-құмырсқа күн санап қозып кетті.
Бастықтарды көрмедік биыл жаздай,
Бізден неге ойпыр - ау безіп кетті! —

десіп өлеңдетіп те жібереді екен.

Көлдің арызына сай қолданған шараңызды мүмкін тағы бірде әдейі арнап керерміз. Таза сулы көлге шомыла барып, мәдениеті аралдағы жаңа будкалардан салқын сусын ішіп алып, қайыққа түсіп, серуен жасап жүргенде кездесерміз, қош!