Әдебиет
Асқар Тоқмағамбетов
Асқар Тоқмағамбетов(19.9.1905, Қызылорда облысы — 21.8. 1983, Қызылорда қ.) — ақын, жазушы.
Асқар Тоқмағамбетов(19.9.1905, Қызылорда облысы — 21.8. 1983, Қызылорда қ.) — ақын, жазушы.
Қонақ үйдің қорқақтары
Поездан түнгі сағат 1-де түстік те, бес-алты кісі бірге жүрдік. Отырар орын жоқ, вокзал залынан қуып шықты да, түнімен еденін жуып шықты, перрон да бос емес. Ендігі лаж — аяққа қонақтау, аяқ үстінде тұрып қалғу.
Станцияның алдында аздаған ағаш, ескі сәкі орнатқан шайхананың баспанасы, `келетін -кететіндердің` асханасы бар екен. Бізге оның да пайдасы тимеді. Қойған жүгімізді бірі әрі сүйреді, бірі бері сүйреді.
— Қонақ үйі бар ма?
— Бар десе де болады, жоқ десе де болады. Келген қонақ осы жерге қонады.
— Бары қалай, жоғы несі?
— Бар дейтініміз — `қонақ үй` дейтін аты бар, жоқ дейтініміз қонақ тоқтар жері жоқ.
— Аудан орталығы, әрі тоғыз жолдың тоқайласқан жері, бір поезд келіп, бір поезд кетіп жатады, түсетін қонақ жетіп жатады, бұл бір ғажап екен! — деп тоқырайды тоқайласқан жолаушылар.
— Нартай ақын, жантаятын жер де жақын, жүрегіңіз қысылса, жүріңіз сәкін - сәкін! —деп Әбдікәрім тақпақтап күлдіріп қояды. Біз қонақ үйді іздеп келеміз. Алқынып тұрып Көкең жөн сілтейді:
— Ей, жігіттер, мен көрген қонақ үй: ет базардың аржағында, сүт базардың бер жағында, көшенің бұрышында, жерден жеті қарыс қана биіктігі бар үй еді ғой... Өтіп кеттік, асып кеттік! — деп жобалайды.
Әне-міне дегенше түн ортасы да болды. Іздей - іздей қонақ үйді таптық. Есік емес, үңірейген тесігі бар, тентек сықырлауықты қақпаны әрең ашып, қақтық. Дыбыс жоқ, тым -тырыс. `Товарищ` деп те жалынамыз, `жолдас` деп те жалбарынамыз, мүмкін өзбек болар деп, `ортақ` деп те сұраймыз. Бірақ жауап жоқ.
Тықылдатып тыным бермеген соң ақырын басып, жай жүріп біреу келеді.
— Ашыңыз, жолаушымыз! — деп едік.
— Ашпаймыз, жолыңыз болсын, жүре беріңіз! — деді.
— Неге олай?
— Ол солай, қорқамыз.
— Неден қорқасыз?
— Үй қараңғы, электр қиылған, лампаның майы жоқ, ең ақыры оттықты да бітірдік. `Пожалуйста` ертеңгісін келіндер, есік ашық.
Біз көп арбастық, көп айтыстық, қасақана жаңбыр да бізді сабалап, мойнымыздан сорғалап тұр.
— Түстерің нашарлау екен, — деді іштен сығалап қарап тұрған әйел. Түсіміздің нашар емесін, сүмірейтіп тұрған жаңбыр екенін дәлелдеп, өзімізді таныстырып екі сағаттай кейістік, ақырында келістік. Есік ашылды.
— Байқап басындар, біріңді бірің қолдарыңнан ұстаңдар, еденнің тесігі бар, су құйған бақ бар, тайып кетпендер, ағып кетіпті... қап, мына бір шелекті біреу қағып кетіпті... — деп ол әйел сөйлеп келе жатыр.
Дежурный әйел бізді қараңғы үйге кіргізіп, жататын орынды болжаумен сілтеді.
— Сіздер алтау екенсіз, алтауыңа екі койка. Шуламаңдар, сиысып жатындар! — деп, қысқа-қысқа бұйрық берді де, шығып кетті.
Койканың аяқтары алшиып, төрт тағандап айқайын сала жөнелді. Ортасы ойылып, түсіп кетті. Көкең үйелеп қалды да, ұялған дауыспен өлеңдетіп:
Қайтеді үйелетіп мына шіркін.
Ойылып бара жатыр біртін-біртін?
Екі темір қабысып, ортасында
Қалмасы игі ем селтиіп екі мұртым! —
деп күледі.
Кәкеңнің сықағына қосыла күлуге де әл жоқ, қойындасып, қолтықтасып құлап тұрып, жығылып түсумен танды атырдық. Жарықтан қашатын жәндіктер жанталасып қашып жатыр. Тарақандар тым-тырақай сидаңдап қашады. Қан денелер торсаңдап, томпаңдап жорғалайды. Тозаңға сүңгіп, шаңға көміліп малтып жүр. Сынық терезе болмағанда дем алу да қиын еді. Кәкеңнің өкпесі сыр-сыр етіп:
Тар үй сығып алғанба үнімізді,
Есітпесін басқалар мұнымызды...—
дей беріп еді, дежурный әйел жетіп келді де:
— Алты адамға ақша төлеңдер, асығыспын! — деп алақанын жайып тұр.
— Қонақ үйдің директоры кім? Ол кісіні көруге бола ма? — деп едік.
— Ол кісі аудандағы колхоздың бастығы, өрі бізге директор.
— Ә, айлықты екі жерден соғатын, екі койкаға алты кісіні тығатын, қонған қонағы таң атқанша әрең тірі шығатын директор десеңші, бізге сол кісі керек! — деді Әбдікәрім. Әңгіме тағы шиеленісті. Дежурный өршелене түсті.
Кәкең енді ауданды қойып, облыстың басшыларына өлеңмен арыз жазып отыр:
Ардақты облыстың басшылары,
Жұмыстың көп қой рас, жақсы жағы...
Торабы тоғыз жолдың Арысыңда,
Жоқ екен жолаушының бас сұғары!
Кәкең көп жазды, ауыр-ауыр сөз жазды. Оған бәріміз де қосылдық. Бірақ қонақ үйдің `қорқақтары` ол өтінішті өздерінен басқаға көрсетер ме екен? Ай, көрсетпес!
Олар көрсетпесе, біз көрсеттік!