29 Қараша, Жұма

Әдебиет

Асқар Тоқмағамбетов
Асқар Тоқмағамбетов(19.9.1905, Қызылорда облысы — 21.8. 1983, Қызылорда қ.) — ақын, жазушы.

Сен салар да мен салар






Қ. қаласындағы кейбір кеңсе бастықтарының аузынан бұлаң құйрық бір `түлкі` шығып қашатын болып жүр. Шынында бұл ғажап нәрсе, түлкі деуге ол түлкі емес. Өйткені түлкі сияқты құйрығы мен құлағы, сойсаң қаны, соқсаң жаны жоқ, көзіңе де көрінбейді, көрінбей де қалмайды, үмітіңді де үздірмейді, сағымдай елестеп `енді ұстатам, енді жеткізем` дейді де, бұлаң құйрыққа салып қаша береді. Бұл мақлұқтың аты да тамаша, `түлкі` деген атты біз қойып отырмыз. Шын аты — `болады`.

Кімде-кім осы `болады` көргісі, болмаса қуғысы келсе етігінің табанына екі елі темір қақтырып, екі жеңін сыбанып, қалалық электр станциясының начальнигі Юекеңе, болмаса облыстық яки қалалық мекемесінің бастығы Науекеңе барса да кездесе қалады.

Әрине, сіз барғанда оларға жұмыссыз бармайсыз. Я жарық, я телефон сұрайсыз. Ол кісілер өте кішіпейіл, етегі елпі, жеңі желпі адамдар. Барғаныңыздан - ақ ұшып тұрып қолыңызды алып, жүгіріп орындық қояды, жұмысыңызды сұрайды, сіз айта бересіз. Шала-шарпы тыңдай салып:

— Болады, әбден жақсы! — деп күлімсірей қарайды.

Міне сіздің алдыңыздан сол минутта құйрығы бұлаң қағып `болады` дейтін бір мақұлық елес бере жөнейді. Енді оның соңынан түспеуің сіздің лажыңыз жоқ. Өйткені алдыңызда `болмайды` емес, `болады` тұр. `Болады` қыр соңына түсіп кеп бересіз, ол есіктен есік қағып қашып береді. Сәл көз жаза қалсаңыз жүгіріп Юекеңе, болмаса Науекеңе барасыз. Сопаң етіп олардың аузынан тағы да шығып қаша жөнейді, тағы да дәмеленіп қуа жөнейсіз. Темір етік теңгедей болғанда барып, болары жоқ `боладыдан` тоқырап тоқтайсыз.

Дәл осы оқиға бір жолдастың басынан өтті. Осы `боладыны` қуып 365 күн сандалды. Бірақ болдыра алмады, өзі болдырды. Үйінде жарық та, телефон да болмады.

...Күндерден күн өткенде, ай емес жыл еткенде қалалық электростанциясының инженері оның үйіне кіріп келді. Сәлемдесіп бола беріп:

— Сіз ұстай алмаған `боладыны` мен ұстап келіп тұрмын, — деді. Оның қуанғаны сонша, жүгіріп барып 400 грамм `тентек суды` тамағына құйып кеп жіберді. Тұтқиылдан құйылған `тентек судың` тепкісінен қызарған жұтқыншақ бүлк-бүлк етіпті де:

— Міне, мен ұстаған `болады` мынау, депті де бір жігіттің қолынан ұстатыпты. `Түлкі` дегені жігіт болып шыққанына қуанып кетіпті де 400 грамды оған да құйып жіберіпті. Аузын ашып, көзін жұмып, бір түйір нанды айналдыра иіскеп, әлгі жігіт:

— `Болады` менің қалтамда... құны мың сөлкебай, сіз санап болғанша, мен үйдің ішіне электр мен телефонды қондырып боламын: шнуры да, шруппа - мруппасы да, қағатын шегесі де, қондыратын кнопкасы да, желімдейтін гипсі де, ашатыны да, басатыны да, өлшеуіш - контроль де — бәрі де... өзімнен табылады. Сіз отырасыз да шайыңызды іше бересіз. Тек ымырт жабыла бергенде анау кнопканы басып қаласыз, жарқ ете түскенін бір-ақ білесіз, — депті. Ол қуанғанынан тағы бір 100 грамды жұтып жіберіпті. Сөйтіп, бір жыл бойы қыр соңына түскен бұлаң құйрық `боладынының` болғанына істеген тойы болыпты да шығыпты.

Шынында да солай болды. Ол мың селкебайды санап болғанша, үйдің ішіне қондырып та болды. Ымырт жабылды, бір кнопкасын сарт еткізді де жарқ еткізді. Екеуі отырып әңгімеге кірісті.

— Бір жыл бойы сергелдең болып таппап ем, қайдан шықты бұл заттар? — дегенде, ол:

— Оның құпиясы мынау... — деді күлімсіреп отырып, — бұл кеңсе бастықтарының аузында тек `болады` ғана бар да, болдыратын заттың бәрі біздің қалтамызда жүр... Кімде-кім болдырамыз дейтін болса, 10 тиынның орнына 10 сом төлесін де бізбен сөйлессін! — деді де көзді бір қысты, үйден шығып жүре берді.

Сонымен, бір мың сомның күшімен үйге жарық кірді, бірақ, түнгі 12-ге дейін `соқыр теке` ойнатып, таң алдында ғана жарық болатынды шығарды. Әйтеуір үмітіңді үздірмей, болар-болмас `болады, енді болады мен` күттіріп, қалғытып төсегіне апарып жатқызып салады.

Ал, телефонды болудың да жолы осы екенін ішің, сезеді, бірақ, қалта көтеретін емес. Міне, бұлаң құйрық `боладының` тарихы осылай!

...Осы сияқты `бас аурудан` сау кісілер, бұл қалада бірен-саран. `Боладының` бұлаң құйрығында жүргендер екінің бірінен табылады. Сондықтан да қала бастықтарының:

Деп тұрмыз құлағына алтын сырға,
(Тізбейік кем-кетіктің бәрін қылға).
Болдыртпай `боладымен ` құр жүгірткен
Бір соққы болса дейміз өңкей сұмға!