29 Қараша, Жұма

Әдебиет

Асқар Тоқмағамбетов
Асқар Тоқмағамбетов(19.9.1905, Қызылорда облысы — 21.8. 1983, Қызылорда қ.) — ақын, жазушы.

Көкек бас






Гурьевке жаңадан келгем. Мұнай техникасымен таныстығым аз еді. Сондықтан мұнай шығару жұмысымен, оның техникасымен тез танысуға арман болдым. `Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан` дегендей, бір жолдасым тап бола кетті. Екеуіміз шұрқырастық та қалдық. Амандық айтылып, жай-жағдай қазылып жатыр. Мен сөздің бетін мұнай жайына кенет бұра қойдым. Мұнай шығару жөніндегі азды-көпті естігенімді пысықтап алғым келеді.

— Сіз көптен істейсіз ғой? — дедім жолдасыма.

— Енді бір он-он бес күнде он жыл толады, — деді ол.

— Онда сіз мұнай жайын жақсы білетін болдыңыз ғой? — дедім мен, қуанып кетіп.

— Е, азды-көпті білеміз ғой...

Мұнай жайында білетінім шамалы болғандықтан қазбалап сұрағам жоқ, тек қана:

— Сіз маған скважина дегеннің нендей нәрсе екенін түсіндіріңізші, — дедім жолдасыма.

— Скважин дегеніміз скважин - дағы! — деді ол ойланып тұрып: — чесный слово, соның қазақшасын білмеймін.

— Жоқ, оның аты емес маған керегі скважинаның қандай жұмыс атқаратыны.

Ол иығымен қоса миығын көтерді де:

— Скважинаның жұмысы дейсің бе?.. Ой, ол басқасына қарағанда онша елеулі емес... — деді, тыжырынып. Соңына түсіп қазбалай беруге жолдасымның сырын білмеуші ем де, скважинаны жылы жауып қойып, эксцентрик жөнінде сұрауға көштім. Ол мұнымды ұнатпай тыжырынып қалды. Дегенмен:

— Чесный слово, есітпеген затым. `Көкек бас` бір темір бар. Аты жадымда жоқ. Әлгің сол емес пе екен? Өзі жазы-қысы жоғарылы-төменді ырғатылып тұрғаны... Жем шоқыған тауық секілді.

— Сіздің айтқалы тұрғаныңыз качалкасы болар?

— Кім білсін, качалка ма, мачалка ма? Әйтеуір өзім оны `көкек бас` деймін...

Осыдан әрі мен одан түңілгендей болдым.

— Еһе, сөйтіп мұнай өз бетімен, біз өз бетімізбен жүріп жатырмыз десеңізші, — деп едім, ол мұныма шамданып қалды. Дегенмен:

— Қалайша, біз болмасақ, мұнай өздігінен шығар ма еді? Мысалы айталық, көлік жеткізу, азық жеткізу, тағы тағылары бар емес пе оның? Кеңседе отырсақ та, міне, соның бәріне тікелей көмектесеміз, — деді. Осыны айтты да ол кетуге айналды. Мен оны жолынан қалдырғаным жоқ.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар емес пе? Ол жолдасымның аты-жөнін айтуға қазір аузым бармайды. Өндірістің ортасында он жыл отырса да, оның жайынан он ауыз мағлұматы жоқ боп шықты. Тек кеңседе отыра - отыра орындықты жауыр қылған сол жолдасымның өзі `Көкек бас` емес пе тегі? `Көкек өз атын өзі шақырады` деген бар еді ғой.