Әдебиет
Асқар Тоқмағамбетов
Асқар Тоқмағамбетов(19.9.1905, Қызылорда облысы — 21.8. 1983, Қызылорда қ.) — ақын, жазушы.
Асқар Тоқмағамбетов(19.9.1905, Қызылорда облысы — 21.8. 1983, Қызылорда қ.) — ақын, жазушы.
Дәндіқара салған әнді қара
Қар борасындап есігі жоқ қора мен тесігі көп үйді шыр айналып жүр. Үйіріп те соғады, қайырып та соғады, `аузы-мұрны` бітелгенше тыным таппайды. Түкірген түкірік жерге түспейтін суық.
Әсіресе, бұл сұрапылдың молырақ жері Жалағаш ауданының Мәдениет участогінде сияқты. Өйткені қай жердің ықтасыны аз болса, сол жердегі борасынның қабынуы қаттырақ болатыны заңды. Анығырақ білгіңіз келіп, толығырақ көргіңіз келсе, Дәндіқара басқарған ферманың баспақ қорасына бара қойыңыз. Бірақ, бұл қора дейтін қора емес. Ай далада `аузы-мұрны жоқ` жол шетінде үш бөлмелі бұзылған үй тұр. Есік орнында шеңгел, терезе орнында сабаннан тыққан тығын бар. Шығысынан соққан борасын батысынан шығып, уілдейді де гуілдейді.
Дәндіқара басын қасып тұрып: `Боран салған әнді қара` деп жымың-жымың етеді. Оның көзіне қар басып қатып қалған қызыл өгізше түспейді. Түсе қалса: `Ажалы жеткен өледі` деп тоқтау салады. Ферма бастығы тұжыра - тұжыра тұқылы қалған қара мұртын сылап тұрып: `Әрине, ажалға ара тұруға бола ма?` дегенді қосып қояды. Сөз сонымен бітеді. `Қалай өлді, қашан өлді?` деген сұрақтар аузынан шықпайды.
Баспақшы қарттардың:
— Қорада шөп жоқ, қолда жем жоқ, үйдің есігі мынау, тесігі анау!.. — дегеніне құлақ аспайды. Қайта жекіріп:
— Арқалап тасы, алақаныңмен біте, онда біздің жұмысымыз жоқ! — дегенді айтады да жөніне кетеді.
Осы үш бөлмелі қар сыбаған `аузы-мұрны жоқ` үйдің ішінде 127 баспақ бар. Оларды үйден сүйреп шығармасаң, өздігінен шығар қалы жоқ, бірі біріне жабысып қалған сияқты, әрең қимылдап тұр.
— Бұларың не? — десең қарттар ашулы пішінмен бастықты сықақтайды.
Жалағаштың баспақтары жатпайды,
Суыққа да қатпайды,
Үйде тұрып оттайды.
Бірақ бастыққа бұл сықақ та батпайды.
Қайта көнін сүйретіп,
Өлгелі тұрған баспақтарын мақтайды.
— Тығыз тұрса жылы тұрады, жылы тұрса тоңбайды, бірінің үстіне бірін кимелетіп, бастыра түс! — депті оларға Дәндіқара.
Қызыл өгізшенің өлгеніне ай толды, әлі аяқ астында баспақтардың ортасында жатыр. Оны алып тастауға ешкімнің батылы жетпей жүр. Өйткені мал дәрігері жоқ. Мал дәрігері болмаса акті де болмайды, акті болмаса өлген өгізше де тұрмайды.
Әрі өкіріп, бері өкіріп `өлікті` көрген баспақтар да басылды. Үйрене келе басына басын қойып жататынды шығарды. Оның үстіне үркуге де әл керек. Өйткені, барлық баспақтың жалайтыны үш-ақ шелек жем. Сондықтан ық етуге шамасы жоқ. Тіске тиер шөп болмағанына ай толды. Далаға шықса қар жалап, үйге кірсе кесек жалап жатқан жағдайы бар.
Баспақтардың бұл жағдайын басқа басшылары білмей отырған жоқ. Тіпті Өмекеңнің өзі көріп те, ферма басшыларына қатты-қатты кейіп те кетті. Бірақ түк өзгеріс болған жоқ. Дәндіқараға қарасаң: `Біз қайтеміз, боран салған әнді қара` деп даланы сілтейді. Дала боранды, боран қораны сілтейді. Қора тесігін қармен бүркейді, онан туған қылмысты ферма бастықтары бүркейді. Сонымен уақыт өтіп жатыр. Әр түскен қар, әр соққан жел, баспақтардың шыңына жетіп жатыр.
Дәндіқара, `Боран салған әнді қара` деп отыра бергенше, суықта тұрған малды да қара.