29 Қараша, Жұма

Әдебиет

Асқар Тоқмағамбетов
Асқар Тоқмағамбетов(19.9.1905, Қызылорда облысы — 21.8. 1983, Қызылорда қ.) — ақын, жазушы.

Қашанғы соқыртеке ойнаймыз






`Соқыртеке` ойынында бірінің көзін бірі таңып, бірін-бірі қуып ойнайды ғой. Алайда, біздің қалалық электр станциямыз кейде күн ара, кейде күн сайын осы `ойынды` көзді таңбай-ақ бақырайтып қойып ойнайтынды шығарды.

Бұлардың бұл `ойынды` бастауының өзі қызық. Кейде алдыңа ас ала бергенде, кейде қолыңа кітап ұстағанда - ақ `ойнай` салады. Күтпеген жерден `соқыртеке` ойынын бастап жіберіп, электр станциясындағы:

`Соқыртеке`, соқ - соқ,
Қараңғыда көзім жоқ,
Тиіп кетсе сөзім жоқ!
Шекелерге шекелер,
Кеселерге кеселер,
Шақыр-шұқыр соқ - соқ!` —
деп тұрғандай болады.

Әсіресе, бұл сияқты `соқыртеке` ойындары клубтарда, жиналыстар үстінде жиі-жиі болып тұратынды шығарды. Тіпті электр станциясындағы бір айдың үштен бірін ғана жарықпен алдаусыратып, қалған уақытын `соқыртекемен` шығарып салуды әдетке айналдырды.

Кейде электр станциясы лампочкалардың ішіне ирек-ирек `қызыл инелер` салып қойып, кейде сөнуге айналған шоқтың болмашы сәулесі секілді жылтырақпен іліндіріп қоятынды да тауып алды. Бұл сияқты `қызыл инелер` мен, `шоқ сәулесі` тұрғанда `жанбады` деп айтып көр... түк те дәлел жоқ сияқты. Сондықтан да үйренген үйіңнің есігі мен төрін сипалап тауып, түрткілеп жүретін болып аласың.

`Соқыртекенің` кесірінен іскен шекелер, сынған бұйымдар, тоқылмай қалған өрнектер, тоқтап қалған еңбектер, тұрып қалған өндіріс орындары, олардан келген жүз мыңдаған сомдық зияндар есеп емес. Тек айдың басында бір рет, ортасы мен аяғында бір рет жылтыраса болды, олар `ойының ойнап` отыра беретін болып алды.

— Бұларың қалай? — дегендерге:

— Жанып кетті, тайып кетті, сым үзілді, моторы бұзылды, мырт болды, шырт болды... — деген дәлелдерді қардай боратады да, іскен шекенің, тоқтаған сабақтың, сүрінген аяқтың `қызығына` қарап, `тамашасына` батып отырғаны.

Басқасын қойып, бір-ақ фактіге тоқтайық. Осы өткен түнде қалалық мәдениет үйінде село көркемөнершілерінің облыстық байқауына жиналғандардың қорытынды концерті болып жатты. Электр станциясындағы осы концерттің үстінде де `соқыртекесін` ұмытпады, жарқырап тұрған жарықты лып еткізді де, сөндіре салды. Салып тұрған ән де, тартылған гармон да тоқтады, қапелімде `соқыртеке` басталды.

Әсіресе, осындай `ойынды` жаны сүйетін тентектер қабылдай түсті. Біреуі ысқырып, біреуі қышқырып, біреуі тұмсығын соқтырып алып, пысқырып жатыр... қанша көрген тамаша, қызық пен сауықтың арты айқай-шу, тәртіпсіздікке айналды да кетті.

Осындай боларын алдын ала ескермеген клубтың жайбарақат бастықтары `соқыртеке, соқ - соқтың` ортасында сеңдей қағысты. Олай жүгірді, былай жүгірді, ең арғысы керосинді жылтырақ та табылмады. Жылт еткен шырпының жарығына жалт еткен көздер жабыла таласты. Ақырында қызу басталған көңілді концерт, соқтығысу - қақтығысумен, есікке таласқандардың айқайымен тарады.

`Соқыртеке` тек осы концерттің айналасында болса да оқасы болмас еді, жоқ, олай емес, қаланың барлық оқу орындарында, мыңдаған оқушылардың жатақханаларында, баспаханаларда, өндіріс орындарында да болып жатыр.

Зырылдаған станоктардың тоқтауы, ашылған кітаптардың жабылуын, жүріп тұрған машиналардың кілт тоқтауы, көшелердің қараңғылануы — осының бәрі зиян. Бірақ осы зиянды есептеп, оған саналылықпен қарап отырған электр станциясының қызметкерлері жоқ. Олай дейтініміз қолдағы бар мүмкіндікті толық пайдаға асыра алмай, көптің өскелең тілегіне сай қызмет ете алмай, еңкейген кәрі, еңбектеген балаға дейін `соқыртеке` ойнатумен отыр. Біздіңше мұнан былай:

Соқыртеке болмасын,
Аяқ-табақ сынбасын.
Шекелер мен шекелер
Бір-біріне ұрмасын.
`Қараңғыда көзім жоқ,
Тиіп кетсе сөзім жоқ `, —
Болып ешкім тұрмасын!

Бұл болатын, әрі орынды тілек. Оған сенім мол. Қ. қаласының басшылары осыны да ойласын.