Әдебиет
Артур Конан Дойл
Артур Игнатиус Конан Дойль (Дойл) (1859 – 1930 жыл ) – шотланд және ағылшын жазушысы.
Интернатта болған жағдаят
Бейкер-стриттегі қарапайым сахнамыздан не қилы шиеленісті эпизодтар көрініс берген еді, алайда онда өнер магистрі, философия докторы, т.б. және т.т. атақ иегері Торникрофт Хакстейбл алғаш пайда болған кездегідей мүлдем тосын әрі таңғаларлық нәрсені әлі ешқашан жолықтырған емен.
Ғылыми дәрежелердің осындай ұзақ тізбесі үшін тым - тым бәлекей көрінетін визит кәртішкесі одан бірнеше секунд бұрын ғана кірді; кәртішкенің ізін ала оның өзі де, бұл ұстамдылық пен табандылықтың айғақ нышанындай ұзын бойлы, денелі, маңғаз адам еді, - бой көрсетті. Сөйтіп, ішке кірген бойда - ақ екі қолымен үстелге тіренді де, ақырын-ақырын еденге шөге бастады, сосын есінен танып құлап, каминіміздің алдына жайылған аю терісінің үстіне еңгезердей денесімен ұзынынан түсіп сұлап жатты.
Орнымыздан атып тұрып, өзімізге әлдебір алыс қиырда, шетсіз де шексіз өмір теңізінде тұрған сұрапыл күшті дауыл жеткізіп берген, күйреу мен қираудың осынау қомақты кесегіне бір минуттай үнсіз таңырқай қарап қалдық. Одан соң Холмс жедел қимылдап басының астына көпшік салды, ал мен аузына бір рөмке коньяк тостым. Бейтаныстың қуқыл тартқан толық бетін терең әжім торлапты; ісініп кеткен көздерінің астына көкшілтім түсті кіреуке қоныпты; жартылай ашық қалған аузының езулері ерепейсіз салыңқы тартып кеткен; бұғағынан қылшықтар қылаңдайды. Шамасы, ол жырақтан келсе керек, себебі жағалығы мен көйлегі кірлеп кетіпті, көптен таралмаған шашы жазық та әсем маңдайына тұтам - тұтам боп қонақтаған. Біздің алдымызда әлденендей бір үлкен қасіретке душар болған адам жатыр еді.
— Бұған не болған, Ватсон? - деп сұрады Холмс.
— Әл-дәрменнен айрылған... сірә, аштық пен арып - талудың салдарынан болар, - деп жауап қаттым, тамырынан өмір ағымы әзер-әзер сезілетін білегіне саусағымды басып тұрған мен.
— Мэклтонға қайтатын билет. Ол Англияның солтүстігінде ғой, - деді оның сағат қалтасынан темір жол билетін суырып алған Холмс. - Қазір әлі он екі болған жоқ. Тым ерте шығуына тура келген екен!
Қонағымыздың ісіңкі қабағы дір етті де, қоңырқай көзі бізге меңірейе қарап қалды. Ұяттан қып-қызыл боп кеткен ол сәлден соң орнынан тұрды.
— Айыпқа бұйырмаңыз, мистер Холмс. Жүйкем әбден ширыққандықтан талып кеттім. Жоқ, рақмет сізге. Бір үзім кептірілген нан мен бір стақан сүт жетеді - бәрі ойдағыдай болады. Мистер Холмс, мұнда сізді өзіммен бірге ала кетейін деп келдім. Бүл істі кейінге қалдыруға болмайтынын ешқандай телеграмма сізге түсіндіріп бере алмайтындай көрінді маған.
— Өзіңіз біржола сауығып кетіңіз, сосын...
— Қазір толық қалпыма келдім. Не болғанын білмей тұрмын өзіме. Мистер Холмс, ең алғашқы пойызбен Мэклтонға аттануыңызды өтінем сізден.
Холмс басын шайқады:
— Шаруа көп, қолымыз бос емес, бұған әріптесім дәрігер Ватсон да куәлік ете алады. Ферьер құжаттарының жоғалуына байланысты тергеу жүргізу үшін аванс алып қойғам, оған қоса жақында Абергавеннидегі кісі өлімі жайындағы іс тыңдалмақшы. Айрықша маңызды бір нәрсе болмаса Лондонды тастап шыға алмаймын.
— Маңызды болғанда қандай! - Қонағымыз қолын көкке жайды. - Апырай, герцог Холдернестің жалғыз ұлын ұрлап кеткендері жайында қалайша ештеңе естімегенсіз?
— Герцог Холдернестің дейсіз бе? Бұрынғы министрдің бе?
— Иә, иә, тап соның! Бүл турасында газеттерде ештеңе жарияланбауы үшін барымызды салғанбыз, бірақ кешегі `Глобуста` әрқилы өсек-аяң жарық көріп те үлгеріпті. Бұдан өзіңіз де хабардар боп қалған шығарсыз деген болжамым дұрысқа шықты.
Холмс ұзын да тарамыстау қолын созып, сөреден энциклопедиялық анықтамалықтың `X` әрпіне арналған томын алды.
— `Холдернесс, алтыншы герцог, Байлауыш орденінің иегері, Құпия кеңестің мүшесі...` және тағы басқа, осылай жалғасып кете барады. `Боверли бароны, Карлтон графы...` Апырай, неғылған көп атақ десеңші! `Хэллемшир графтығындағы соттың төрағасы (1900 жылдан). Сэр Чарльз Эпплдордың қызы Эдитке үйленген (1888). Жалғыз ұлы және мұрагері - лорд Солтайр. Екі жүз елу мың акр жердің қожайыны. Ланкашир мен Уэльсте кеніштері бар. Адресі: Карлтон-хаустеррас; Холдернес-холл, Хэллемшир; Карлтон қамал-сарайы, Бангор, Уэльс. Адмиралтейство лорды, министр...` Бір сөзбен айтқанда белгілі адам, бәлкім, тіпті еліміздегі ең белгілі адамдардың бірі шығар.
— Ең белгілі, оған қоса, ең бай адамдардың бірі болуы мүмкін. Білуімше, мистер Холмс, өз салаңызда сіз қаражаяу біреу емессіз және қашанда қандай іске болсын сол істің жұмбағын шешу мақсатында кірісесіз. Алайда, айыпқа бұйырмасаңыз айтайын, баласын тауып берген адамға мәртебелі мырза бес мың фунтқа чек беруге, сондай-ақ, қарақшының немесе қарақшылардың кім екенін айтса, әлгіге қосымша тағы да мың фунт беруге уәде етті.
— Айтары жоқ, мол сыйлық! - деді Холмс. - Ватсон, абзалы, екеуміздің доктор Хакстейблмен бірге Англияның солтүстігіне аттанғанымыз жөн шығар. Ал сіз, доктор, сүт ішіп алыңыз, сосын бізге не болғанын, қашан болғанын, қай жерде болғанын, сондай-ақ, Мэклтон маңындағы интернаттың директоры доктор Торникрофт Хакстейблдің бүл іске қандай қатысы барын және неліктен оның оқиға өткеннен кейін үш күннен соң ғана, -мұны сақалы қырылмаған иегіңізге қарап айтып отырмын, - азын-аулақ қабілетіме сенім білдіріп маған келіп тұрғанын айтып беріңіз.
Қонағымыз кептірілген нанмен бір стақан сүт ішіп алды да, қызбалана сөйлеп, болған жайды ештеңесін қалыс қалдырмай егжей-тегжейлі түрде баяндай бастады. Көз жанары жанданып, жүзі шырайланып сала берді.
— Сіздерге айтып қойғаным артық болмас, джентльмендер, мен Мэкльтон маңындағы мектеп-интернаттың негізін қалаушы әрі директоры боп табылам. Хакстейблдің `Горацийге түсініктемесі`, бәлкім, кім екенімді естеріңізге салар. Ер балаларға арналған интернатымның Англиядағы ең тәуір және ең жоғары дәрежелі оқу орны екенінде дау жоқ. Лорд Леверстоук, граф Блэкуотер, сэр Кэткарт Сомс - міне, осындай адамдар маған ұлдарын сеніп тапсырып отыр. Алайда атақ-даңқының шырқау шегіне мектебім бұдан үш апта бұрын жетті - сол күні лорд Холдернесс өз хатшысы Джеймс Уайлдер арқылы он жасар лорд Солтайрдың, жалғыз ұлы әрі мұрагерінің, менің мектебімде оқитынын хабарлаған еді. Басы осылай жақсы басталған іс ұзамай-ақ өмірімдегі ең үлкен бақытсыздыққа айналады деп сол кезде ойлап па едім!
Лорд Солтайр бірінші мамырда, жазғы семестрдің басында келді. Осынау сүйкімді бала күнделікті өмір тәртібімізге тез көндігіп кетті. Ескертіп қойғаным жөн шығар, - бұл үшін мені ешкім әдепсізсің деп айыптай қоймас, өйткені бүл жөнінде айтпай кетудің еш қисыны жоқ, - бала өз үйінде жарым көңіл жүрген болатын. Герцогтың отбасылық өмірі аса көңіл толарлықтай еместігі жұрттың бәріне мәлім жай-тұғын, сөйтіп өзара келісім бойынша ерлі-зайыптылар ажырасып, герцогиня Францияның оңтүстігіне барып орын тепкен-ді. Мұның бәріне көп уақыт өте қоймаған, ал баланың перзенттік сезімі, кейін білгеніміздей, толығымен анасының жағында болған. Ол Холдернесс-холлдан аттанып кеткен соң бала анасын сағына бастаған, осыны көрген герцог оны менің интернатыма жіберуді ұйғарыпты. Екі аптадан кейін кішкентай лорд Солтайр бізге әбден бауыр басып кетті, өзін өте жақсы сезініп жүрді.
Соңғы рет жұрт оны он үшінші мамыр күні кешкісін, яғни дүйсенбі күні көріпті. Оған бөлінген бөлме екінші қабатта болатын, ал онымен бір есіктен кіретін үлкен іргелес бөлмеде екі бала жататын. Бұл балалар түнде ештеңе көрмеген, ештеңе естімеген, ендеше лорд Солтайр өз бөлмесінен есік арқылы шықпаған. Терезесі ашық қалыпты, ал бұл жердегі қабырғаны қалың боп өскен, бұтақшалары әжептәуір жуан шырмауық басып кеткен-ді. Жерден ешқандай із таппадық, өйтсе де оның терезе арқылы шыққанына еш күмән жоқ.
Қашқынның мектепте жоқтығын сейсенбі күні, таңғы сағат жетіде білдік. Кереуетіндегі төсек жиналмапты. Кетерінің алдында мектеп формасын - қара түсті итондық күртешесі мен сүр шалбарын киіпті. Түнде оның бөлмесіне ешкім кірмеген, егер ол жақтан айқай-ұйқай немесе алыс - жұлыстың дыбысы шықса оны, Контер, іргелес бөлмедегі балалардың үлкені, әрине, естіген болар еді, өйткені ұйқысы өте сергек.
Лорд Солтайрдың жоғалғаны анықталған бойда - ақ бүкіл интернатты - балаларды, мұғалімдерді, малайларды түгел жинап алдым. Сол арада біз лорд Солтайрдың жалғыз қашпағанына көз жеткіздік. Неміс тілінің мұғалімі Хайдеггер де жоқ боп шықты. Хайдеггердің бөлмесі екінші қабаттың қарама-қарсы қанатында болатын, оның да терезесі көгалға қарайтын. Мұғалімнің де кереуеті жинаусыз қалыпты, алайда оған дұрыстап киінудің, шамасы, реті келмегенге ұқсайды, себебі көйлегі мен үйықтары еденде жатыр екен.
Ол терезеден шыққан, сосын шырмауыққа жармасып темен түскен, мұны жердегі ізі айғақтап түр. Көгал шетінде орналасқан шағын сарайға қойып жүретін велосипеді де орнында жоқ боп шықты.
Хайдеггер мектебіме бұдан екі жыл бұрын келген, қолында жүрекке жылы кепілдемелері болған, бірақ ол көп сөйлемейтін, қабағы ашылмайтын тұйық адам еді, оқушылар да, мұғалімдер де оны онша жақтырмайтын.
Бүгін күн бейсенбі, қашқын жайында сейсенбіден бері ешқандай жаңа дерек ала алмай отырмыз. Әрине, мен салған жерден Холдернесс-холлмен хабарластым. Герцогтың мекен-жайы мектептен бар-жоғы бірнеше миль ғана жерде, үйін сағынған лорд Солтайр әкесіне қайтып оралған шығар деп үміттенгенбіз, бірақ ол онда жоқ боп шықты. Герцог алабөтен абыржып отыр, ал маған келсеңіз, мазасыздық пен шәкірт тағдырына деген жауапкершілік сезімі адамды қандай күйге душар ететініне өздеріңіз куә болдыңыздар. Мистер Холмс, өтінем сізден, аянып қалмаңызшы! Бұл өзі бар ынты - шынтыңызбен кірісуге тұрарлық іс.
Шерлок Холмс сормаңдай директордың әңгімесін мұқият тыңдап алды. Түйіліп кеткен қабақ пен қос қабақтың ортасына жиналған қыртыс - оның бүл іске ешкімді жалындырмай-ақ кірісетінін, оқиғаны тергеп-тексеруге бар күшін аямай жұмсайтынын көрсетіп тұрған, өйткені бүл аса жауапты болуымен қатар, шетін де шытырман жайлардың шешуін табуға деген байырғы ынтызарлығына қозғау салған іс еді. Ол қалтасынан блокнотын алып, есте сақтау мақсатында әлденені жазып қойды.
— Маған сол бойда келмей үлкен қателік жасағансыз, - деп салды досым қатулы жүзбен. -Бүл тергеуді кереметтей қиындатып жібергелі түр. Мәселен, көгал да, қабырғадағы шырмауық та тәжірибелі адамды коп нәрседен хабардар ететініне кәміл сенімдімін.
— Мұнда менің кінәм жоқ, мистер Холмс. Мәртебелі мырза мұның жұртшылыққа жария боп кетпеуіне барын салды. Отбасындағы ырың-жырыңы өсек-аяңға жел бере ме деп қауіптенді. Мұндайды оның суқаны сүймейді.
— Лорд Солтайрдың қашып кету оқиғасына жергілікті өкімет орындары тергеу жүргізді ме?
— Иә, сэр, бірақ, - әттеген-ай десеңші! - бұдан ештеңе өнбеді. Әу баста қашқындардың ізіне түскендей болғанбыз - әлдебір жігіттің таңертеңгі пойызға отырып кеткені, қасында бір бала болғаны жөнінде стансамыздан хабар келген. Алайда кеше кешкісін олар Ливерпульде қолға түсті - мұның қателік екені сол бойда белгілі болды. Міне, осыдан кейін тіптен қатты торығып кеттім, сосын түнімен кірпік ілмей шықтым да, ең алғашқы пойызбен өзіңізге аттандым.
— Полиция бұрыс жолға түскен бойда - ақ, шамасы, оқиға болған жердегі тергеу жұмысы шабандап қалған шығар, солай ма?
— Шынтуайтында, тергеуді тоқтатып тастады.
— Демек, үш күн босқа өткен. Сөйтуге бола ма!
— Иә, айып менен. Дұрыс айтасыз.
— Жалпы, бұл шешуін табуға болатын жұмбақ. Бүл іске қуана-қуана кірісем. Айтыңызшы, ғайып болған бала мен неміс тілі мұғалімінің арасын жақындататын әлденендей бір дәнекер бар ма еді, соны анықтай алдыңыз ба?
— Олардың арасында ондай ештеңе болған емес.
— Мұғалім оның сыныбына сабақ беретін бе еді?
— Жоқ, және, білуімше, ол тіпті баламен бір ауыз тілдесіп те көрмеген.
— Ғажап, ғажап, айтары жоқ! Балада велосипед бар ма еді?
— Жоқ.
— Ал басқа велосипедтер орнында ма?
— Орнында.
— Кәміл сенімдімісіз бұған?
— Зәредей күмәнім жоқ.
— Неміс баланы көтеріп алып тас қараңғы түнде велосипедке отырып кетіп қалды деген ойдан аулақ шығарсыз?
— Әлбетте.
— Ендеше, мұны қалай түсіндірер едіңіз?
— Бәлкім, олар велосипедті көз алдау үшін алған болар, сосын оны бір жерге тығып тастап, өздері жаяу кеткен шығар.
— Мүмкін. Бірақ мұның көз алдаудың қолайсыздау тәсілі екеніне өзіңіз де келісетін шығарсыз. Өйткені, сарайда басқа да велосипедтер тұрды емес пе?
— Иә.
— Егер сізді жаяу кетпей, велосипедпен кеткендері туралы ойға жетелегісі келсе, оған екеуін тығып тастаған тәуір емес пе?
— Солайы солай.
— Міне, көрдіңіз бе. Жоқ, бүл түкке алғысыз теория. Әйтсе де, велосипедтің жоғалып кетуінің өзі тергеуді одан әрі жүргізуге жасалатын алғашқы қадам бола алады. Түптеп келгенде, ол өзі оп-оңай жасырып қоятын немесе жойып жіберетін нәрсе емес. Тағы бір сұрақ: қашып кетерінің алдында балаға біреулер келген жоқ па?
— Жоқ.
— Бәлкім, оның атына хаттар келген шығар?
— Иә, бір хат болған.
— Кімнен?
— Әкесінен.
— Оқушыларыңыз алатын поштаны ашып қарайсыз ба?
— Жоқ.
— Ендеше, хаттың әкесінен келгенін қайдан білдіңіз?
Конверттің сыртында герб бейнеленген болатын, адресі де герцогтың ойқы-шойқы қолтаңбасымен жазылған еді. Оған қоса, баласына хат жазғанын герцогтың өзі де еске алды.
Оған дейін бала басқа хатты қашан алып еді?
Соңғы күндерде оның атына ештеңе келген жоқ.
Ал Франциядан хат болған жоқ па?
— Ешқашан.
— Нені діттеп отырғанымды сіз, әрине, түсінетін шығарсыз деп ойлаймын. Лорд Солтайрды не күш қолдану арқылы алып кеткен, не ол өз еркімен қайтып кеткен. Соңғы жорамалға орай: егер сырттан біреу түртпектемесе, баланың мұндай іске өз бетімен тәуекел ете алмайтыны жайында тұжырым жасауға болады. Оған ешкім келмеген, демек оған хат арқылы түртпек жасалған. Балаға хат жазып хабарласатындардың кім екенін білгім келгенінің мәні, міне, осында.
— Бұл тұрғыда сізге көмек көрсете алмаймын - ау деймін. Бізге белгілісі - оған хат жазған тек әкесі ғана.
— Және әкесінің бүл хаты тап сол бала қашатын күні келіпті. Әкесі мен баласының арақатынасы қандай - олар тату-тәтті, достық қатынаста ма?
— Мәртебелі мырза ешкіммен достық қатынас орнатып әуре болмайды: маңызды мемлекеттік істерден басқаға бұрылуға мұршасы жоқ. Әдеттегі адамгершілік сезімдер одан аулақ жүретін секілді көрінеді. Әйткенмен, оз тұрғысында ұлына жаман қарамайды.
— Сөйтсе де, бала анасын жан-тәнімен жақсы көреді деп ойлайсыз ба?
— Иә.
— Өзі айтты ма мұны?
— Жоқ.
— Кім айтқан? Герцог па?
— О не дегеніңіз! Әрине, ол емес!
— Сонда мұны қайдан білдіңіз?
— Мәртебелі мырзаның хатшысы мистер Джеймс Уайлдермен бір-екі рет тілдескенім бар. Лорд Солтайрдың көңіл күйі турасында маған құпиялап хабар берген сол.
— Түсінікті. Айтпақшы, герцогтың сол хаты баланың бөлмесінен табылды ма?
— Жоқ, хатты өзімен бірге алып кетіпті... Мистер Холмс, бізге вокзалға баратын уақыт болған жоқ па?
— Қазір кэб шақыртам. Ширек сағаттан кейін сіздің құзырыңызда боламыз. Үйіңізге жеделхат салмақ ниетіңіз болса, мистер Хакстейбл, ондағылар іздестіру жұмысы әліге дейін Ливерпульда жүргізіліп жатыр деп ойлай берсін. Жалған жорамал полицияны сол жаққа жетелеп кетті емес пе? Ал бүл кезде мен мектебіңіз есігінің қақ алдында біреу -міреудің бөгетінсіз жұмыс істейтін болам, бәлкім, мына тұрған құлдығыңыз бен Ватсон секілді тіс қаққан екі тыңшыны түйсігі алдай қоймас, оқиға өткен орында бірдеңенің құйрығынан ұстар.
Кешкісін біз Дерби графтығының бой сергітер салқын ауасын жұтып тұрдық, доктор Хакстейблдің атышулы мектебі осы графтықта болатын. Оған келген кезімізде күн қараңғы тартып кеткен. Ауызғы бөлмедегі үстелде визит кәртішкесі жатыр екен. Малай директорға әлдене деп сыбыр етті де, абыржып қалған анау бізге қарай жүзін бұрды.
— Герцог осында, - деді ол - Герцог пен мистер Уайлдер мені кабинетте тосып отыр. Жүріңіздер, джентльмендер, сіздерді оған таныстырайын.
Осынау есімі дүйім елге мәшһүр мемлекеттік қайраткерді мен, әрине, фотосуреттерінен жақсы білетінмін, алайда ол портреттегі кейпіне мүлдем дерлік ұқсамайтын боп шықты. Қарсы алдымызда, камин жанындағы кілемде, жүдеулеу қушық бетті, ерепейсіздеу көрінетін имектеу ұзын мұрынды, керемет сәнді киінген, маңғаз да өркөкірек адам тұр еді. Жүзі ақ қағаздай қуарып кетіпті, өңінің осынша қуқылдығын жалындай жайнаған ұзын жирен сақалы айшықтай түсетіндей; сақалының тұсынан, ақшылтым жилеттен, сағаттың алтын шынжыр бауы жылт - жылт етеді. Бұрынғы министр бізге ызбарлана қарап тұрды. Жанындағы аласа бойлы, қағылез, көгілдір көзді жас жігіт - өзім жобалағандай, оның жеке хатшысы Уайлдер болатын. Алдымен сол сөйледі және бірден барынша екпіндеп әрі тіпті кәрлене сөйледі.
— Доктор Хакстейбл, бүгін таңертең осында болғам, бірақ, өкінішке қарай, кешігіп қалдым, Лондонға сапарыңызды тоқтата алмадым. Айтушылар маған сізді онда мистер Шерлок Холмсты шақырып келу үшін кетті деді, мына істі тергеуді соған тапсырмақ көрінесіз. Өзімен алдын-ала ақылдасып алмай осындай қадамға барғаныңызға мәртебелі мырза қатты таңырқап түр, доктор Хакстейбл.
— Полицияның іздестіруі ешқандай нәтиже бермегенін білген соң...
— Мәртебелі мырзаның бұған көзі әлі жете қойған жоқ.
— Дей тұрғанмен, мистер Уайлдер...
— Доктор Хакстейбл, өзіңізге мәлім, мәртебелі мырза бүл істің көпшілікке жария боп кетпегенін қалайды. Осы себепті бұған басы артық адамды араластыра бермегенді жөн көреді.
— Мұны жөндеу оп-оңай, - деп міңгірледі үрейі ұшқан доктор. - Мистер Шерлок Холмс таңертеңгі пойызбен Лондонға жүріп кете алады.
— Ондай ойдан аулақпын, доктор, ондай ойдан аулақпын, - деді Холмс сыпайы езу тартып. - Солтүстіктің ауасы сондай ұнамды, денсаулыққа сондай пайдалы, сол себепті бірнеше күн осында, жазықтықта, бола тұрайын деп ұйғардым және бұл күндерді барынша қызықты өткізуге тырыспақпын. Сіздің шаңырақтан ба әлде деревнялық мейманханадан ба - қайсысынан маған орын табылатыны, әлбетте, тек өзіңізге ғана байланысты.
Доктор байғұс дал боп тұрып қалды, бірақ сол арада оған жирен сақал герцогтың бейне бір жұртты дүрліктіріп түскі асқа шақырған гонг дыбысындай боп естілген гүрілдеген жуан дауысы жәрдемге келді.
— Мистер Уайлдер дұрыс айтып түр, доктор Хакстейбл, менімен ақылдасып алуыңыз керек еді. Алайда бұл істің жай - жапсарын мистер Холмсқа мәлім етіп қоюыңыз себепті оның көмегінен бас тартқанымыз жөн болмас. Деревня мейманханасына барудың қажеті жоқ, мистер Холмс, сізді өз үйімде, Холдернесс-холлда, қуана-қуана қабылдаймын.
— Шын жүректен ризамын, мәртебелі мырза. Алайда айналыспақ ісіміздің пайдасы үшін, абзалы, менің осында, оқиға орын алған жерде қалғаным дұрыс болар.
— Сізді мәжбүрлей алмаймын, мистер Холмс. Әйткенмен, өзімнен немесе мистер Уайлдерден әлденендей деректер қажет бола қалса, сіздің құзырыңыздамыз.
— Бәлкім, Холдернесс-холлға барып қайтуыма тура келетін де шығар, - деді Холмс. - Ал қазір, сэр, білгім кеп тұрғаны жалғыз-ақ нәрсе - ұлыңыздың жұмбақ жағдайда жоғалып кетуін өзіңіз қалай түсіндіре аласыз?
— Бұл сұрағыңызға қандай жауап қайтарарды білмей тұрмын, сэр.
— Жағымсыздау тақырыпты сөз етпегім үшін кешірім сұраймын, бірақ онсыз болмайды. Қалай ойлайсыз, бүл іске герцогиняның араласы бар ма?
Министр бірден жауап қата қоймады.
— Араласы жоқ, - деді ол ақыры.
Яғни, оқиғаның өзінен-өзі сұранып тұрған тағы бір түсіндірмесі бар: бәлкім, баланы құн төлету үшін ұрлап о кеткен шығар? Ондай талап болған жоқ па?
Жоқ, сэр.
Тағы бір сұрақ, мәртебелі мырза. Жоғалып кететін күні ұлыңызға хат жазғаныңыз мәлім.
— Жоға, хат оның алдында жазылды.
— Дұрыс айтасыз. Бірақ балаңыз хатты тап сол күні алды емес пе?
— Иә.
— Бұл хатта оны алабөтен абыржытатындай немесе қашып кету жайындағы ойға итермелейтіндей бірдеңе болған жоқ па?
— О не дегеніңіз, сэр!..
— Хатты өзіңіз салып жібердіңіз бе?
Герцог үшін хатшысы кіділене жауап қатты:
— Мәртебелі мырзаның хат-хабарды өзі жіберетін әдеті жоқ. Бүл хат басқаларымен бірге кабинеттегі үстелде қалдырылған болатын, кейін мен бәрін поштаға арналған сөмкеге салдым.
— Басқа хаттардың арасында бүл хаттың да болғанына көзіңіз анық жете ме?
— Иә, мен көргем оны.
— Сол күні қанша хат жаздыңыз, мәртебелі мырза?
— Жиырма ма, отыз ба, білмеймін. Хат алысатын адамдарым өте көп. Меніңше, негізгі мәселеден азды-кем ауытқып кеттік пе деймін.
— Жоға, әсте олай емес! - деді Холмс.
— Іздестіру жұмысын Францияның оңтүстігіне қарай бағыттау жөнінде полицияға өзім кеңес бергем, - деп сөзін жалғай түсті герцог. - Қайталап айтам: баласын осындай сөлекет іске итермелеу герцогиняның қолынан келеді деп ойламаймын, бірақ шешесіне өжет баланың өзі қашып кетуі әбден мүмкін, оның үстіне, әлгі неміс азғырып, көмек көрсеткен болса. Ал, енді, доктор Хакстейбл, қоштасуға рұқсат етіңіз.
Холмстың әлі талай сұрағы бар екенін сезіп тұрдым, бірақ герцог әңгімені шорт кесті. Шонжардың ақсүйектік намысы отбасылық істерді бөтен адаммен бірге талқылауға дес бермеген еді; ол, шамасы, әрбір жаңа сұрақ өмірінің мұқият түрде көлеңкелеп қойған бұрыш-бұрышына жарық түсіре ме деп қорықса керек.
Герцог пен мистер Уайлдер кеткеннен кейін досым дағдылы құштарлықпен іске кірісті.
Баланың бөлмесі ықтиятпен тексерілді, бірақ бүл оның терезе арқылы ғана қашып кетуі мүмкін деген жорамалға біржола тоқтауға көмектескені болмаса, басқа ешқандай нәтиже бермеді. Неміс мұғалімнің бөлмесіндегі заттар арасынан да жаңа айғақ табылмады. Терезе астындағы шырмауық оның салмағын көтере алмапты, көгалға қол шамның жарығын түсіргенімізде аяқ киім өкшесінен қалған терең ізді көрдік. Жапырылған шөп қана осынау түсініксіз түнгі оқиғаға куәлік етіп түр еді.
Шерлок Холмс мені жалғыз қалдырып кетіп қалды да, содан тек түнгі сағат он екіге таман келді. Әлдебір жерден осы араның үлкен картасын тауып алыпты, оны менің бөлмемдегі кереуетке әкеп жайып, қақ ортасына шамды орналастырды. Сосын темекісін тұтатып, өзі айрықша назар аударған пункттерді қорқорының түтіндеп тұрған янтарь мүштігімен маған әредік - әредік көрсетіп қойып, қолға түсірген қадірлі дүниесіне зейін сала үңіле бастады.
— Бұл оқиға мені барған сайын баурап барады, Ватсон, - деді досым. - Қызғылықты оқиға, өте қызғылықты... Бірақ қазір, бүл істі енді-енді ғана қолға алған шағымда, жекелеген географиялық детальдарға назарыңызды аударғым келіп түр, өйткені тергеу барысында бұлардың үлкен көмегі тиюі мүмкін. Картаға көз салыңыз. Мына штрихталған шаршы -мектеп. Бұған түйреуіш шаншып қоялық. Мынау тас жол Ол мектептің жанымен шығыстан батысқа қарай тартылып жатыр және бір мильдей жердің ұзына бойында одан оңға қарай да, солға қарай да басқа жол тарамайды. Егер қашқындар осы бағытты таңдаса, онда олар тас жолға соқпай өте алмайды.
— Дұрыс.
— Түрлі жағдайлардың сәтті түрде тоғысуы арқасында біз сол күні түнде жол бойында не болғанын біліп отырмыз. Мына арада, қазір қорқорым тұрған жерде, түнгі сағат он екіден таңғы алтыға дейін полисмен кезекшілік еткен. Көріп тұрғаныңыздай, бүл тас жолдың шығыс бөлігіндегі алғашқы жол айырығы. Полисмен өз постынан бір минут былай жырақтамаған, егер сол маңайдан өтсе ересек адам мен баланы міндетті түрде байқаған болар едім, дегенді айтады. Бүгін кешкісін онымен сөйлестім, меніңше, оның сөзіне сенуге әбден болады. Демек, олар тас жолдың бүл бөлігіне аяқ баспаған. Енді оның батыс бөлігіндегі жағдайды қарастырайық. Онда `Қызыл бұқа` аталатын мейманхана бар, қожайыны әйел екен, сырқаттанып жатыр екен. Мэклтоннан дәрігер шақыруға адам жіберіпті, бірақ анау басқа бір науқаста болыпты да, бұған таң алагөбеңде ғана келіпті. Оның келуін күткен мейманхана адамдары түні бойы көз ілмепті, келе жатыр ма деп тас жолға қарағыштаумен жүріпті. Олардың айтуынша, мейманхананың қасынан ешкім өтпеген көрінеді. Айтқандарына сенсек, тас жолдың батыс бөлігіне де ешқандай күмән келтіруімізге болмайды. Ендеше, қашқындардың басқа бір жолды таңдағаны анық.
— Ал велосипед ше? - деп сұрадым.
— Иә, велосипед бар. Қазір соның жайын қарастырамыз. Сөйтіп, әңгімемізді әрмен жалғайық. Егер қашқындар тас жолға шықпаса, онда олар мектептен не солтүстікке қарай, не болмаса оңтүстікке қарай бағыт алған, бұған дау жоқ. Қане, осы екі жорамалдың екеуін де талқыға салып көрейік. Мектептің оңтүстік бетінде ұсақ телімдерге бөлінген ауқымды егістік жатыр; әр телім тас дуалмен қоршалған. Ол жерден велосипедпен өту мүмкін емес. Олай болса, бүл жорамалды да былай қою керек. Енді солтүстікке назар салайық. Ол жақтан Қисық қарағай аталатын тоғайды көріп тұрмыз, ал оның сыртында, солтүстікке қарай ұзаған сайын жота - төбелері көбейе түсетін, ұзындығы он мильдей батпақты жазықтық көсіліп жатыр. Оның сол жақ бетінде Холдернесс-холл орналасқан, оған дейін тас жолмен жүрсең он мильдей, тура тартсаң алты мильдей болады. Бүл - адам коп тұрмайтын, сұрқай жазықтық. Әр жеріне мал бағатын бірнеше шағын ферма қоныс тепкен. Қой, сиыр және батпақтағы құстар - міне, бұл өңірді мекен ететін осылар ғана. Көріп тұрғаныңыздай, әрмен қарай Честер-фильд тас жолы өтіп жатыр. Жолдың бойында екі-үш коттедж, шіркеу мен мейманхана бар. Арт жақта - биік те жарлауытты жоталар. Іздестіру жұмысын осы жаққа, солтүстікке қарай бағыттауымыз керек, бұған кәміл сенімдімін.
— Ал велосипед ше? - деп қайталадым мен.
— Велосипедтің бұған қатысы қанша! - деді Холмс дегбірсізденіп. - Мықты велосипедшілер тас жолмен ғана жүре бермейді. Жазықтықта не көп — сүрлеу соқпақ көп, оның үстіне сол түні ай сүттей жарық болған... Тұра тұрыңыз! Бұл немене?
Есік тарс-тұрс қағылды да, сол бойда бөлмемізге доктор Хакстейбл кіріп келді. Қолында күнқағары ақ жіппен зерленген көгілдір түсті кепкі бар.
Олжа! - деп дауыстап жіберді о л - Құдай сәтін салды! Баламыздың ізіне түстік - ау ақыры! Мынау соның кепкісі!
— Оны қайдан таптыңыздар?
— Жазықтықта қонып жатқан сығандардың фургонынан таптық. Олар сейсенбі күні көшіп кеткен еді. Бүгін полиция қуып жетіп, фургонға тінту жүргізді. Табылған нәрсе - осы.
— Бұл олардың қолына қалай түскен? Не дейді олар?
— Жөн сөйлемейді, жалтарады. Кепкіні жазықтықтан сейсенбі күні таңертең тауып алдық деп ант-су ішеді. Жоға, ол оңбағандар біледі, баланың қайда екенін! Бір жақсысы, бәрін торға тығып тастады. Заңнан зәресі ұшып, әлі-ақ сайрап берер олар. Бәлкім, тек қорқыныш қана емес, герцогтың әмияны да көмектесіп қалар.
— Несі бар, бұл жақсы хабар, - деді Холмс, доктор бөлмеден шығып кеткен соң. - Қалай болғанда да, бүл жазықтықтан іздестіру ғана белгілі бір нәтижеге жеткізеді деген теориямның дұрыстығын дәлелдеп түр. Полиция мұнда сығандарды тұтқындағаннан басқа түк бітірген жоқ. Картаға қараңызшы, Ватсон. Жазықтықта жылға бар. Мектеп пен Холдернесс-холлдың аралығындағы кей тұсы батпаққа айналған. Құрғақшылық боп тұрғаны сонша, басқа жерлерден із кесу бос әурешілік боп шығады, ал батпақта, бәлкім, бірдеңе қалған да шығар. Ертең сізге ертерек соғармын, сосын екеуіміз осынау құпиясы мол хикаяның сырын ашуға талаптанып көрерміз.
Ертеңіне таң елең-алаңда оянғанымда, кереуетімнің тап қасында тұрған ұзын бойлы, жұқалтаң Холмстың тұлғасын бірден көзім шалды. Киініп алыпты, тіпті серуендеп қайтқаны да байқалады.
— Көгал мен велосипедтер тұрған сарайды тексеріп шықтым, - деді досым, - сосын Қисық қарағайда қыдырдым. Тұрыңыз, Ватсон, көрші бөлмеде какао дайын тұр. Тездетуіңізді өтінем, өйткені бүгін бізге көп шаруа тындыруға тура келеді.
Досымның жүзі алабұртып, көзі жайнап түр еді - сүйікті ісіне кіріскісі келіп шыдамсызданып тұрғанында дау жоқ - ты. Бүл басқа Холмс болатын - көңілі шат, жігерлі, Бейкер - стриттің өңі қуқыл тартып, өз ойымен өзі боп тұнжырап отыратын арманшыл адамына мүлдем ұқсамайтын Холмс еді. Күш-қайраты тасыған, сергек те ширақ кейпін көріп бүгін тыным таба алмайтынымызды түсіндім.
Бірақ бүл күн өте үлкен өкінішпен басталды. Жайылған малдың сансыз көп сүрлеу-соқпағы кесіп өтіп жатқан, қоңырқай шымтезек жапқан жазықтықпен зор үміттің жетегінде жолға шығып, көп ұзамай өзіміз келген жер мен Холдернесс-холл аралығындағы батпағы басым жасыл шабындыққа да жеттік. Егер бала үйіне қарай зытқан болса, онда осы маңайға соқпай өте алмас еді, сондықтан бүл арада оның немесе неміс мұғалімнің ізі қалар еді. Бірақ біз ондай ештеңе таба алмадық. Шабындықтың жиегімен жүріп келе жатқан, қабағын қарс түйіп алған досым оның мүк басқан үстіңгі қабатындағы қарауытқан дақ атаулының бәріне қадала қараумен болды. Қой тұяғының ізі мұнда көптеп кездесетін, ал тағы да бірнеше мильді артқа тастағаннан кейін сиыр тұяғының таңбаларын көрдік. Бар тапқанымыз осы ғана еді.
— Қателік кетті, - деді Холмс алдымызда көсіліп жатқан жазықтықты жабырқау көзбен шолып. - Ана жерлер де - батпақ, аралығында өтуге болатын енсіздеу құрғақ жер бар. Қараңызшы! Анаған қараңызшы! Не мынау?
Біз қара лента секілді ирелеңдеген соқпаққа түстік. Оның қақ ортасынан, ылғалды топырақтан велосипед шиналарының ізі ап-анық көрініп жатыр еді.
Ура! - деп айқайлап жібердім мен. - Міне, велосипед те табылды!
Бірақ Холмс басын шайқады, әлпетінен қуаныштан гөрі таңырқаушылық пен әлденеге алаңдаушылық аңғарылып тұр еді.
— Велосипед екені велосипед, бірақ ол емес, басқа, - деді ол. - Мен велосипед шинасы қалдыратын қырық екі түрлі таңбаны білем. Мынау, көріп тұрғаныңыздай, `Данлоп` фирмасының шинасы, оған қоса, жамауы бар. Хайдеггердің шинасы `Палмер` фирмасынан болатын, ұзына бойы созылатын жолағы бар-тын. Демек, бұл арадан Хайдеггер емес, басқа біреу жүріп өткен.
— Ендеше, ана бала шығар?
— Шіркін, оның велосипеді болғанын дәлелдей алғанымызда ғой! Онда велосипед болған жоқ деп сендіріп түр і ой бізді. Мына із мектептен бермен қарай шыққан із, оған өзіңіз де көз жеткізе аласыз.
— Бұл мектепке қарай бағыт алған із болуы да мүмкін.
— Жоға, қымбатты Ватсон. Артқы дөңгелек қалдыратын таңба әманда тереңірек болады, себебі оған салмақ көбірек түседі. Көріп тұрсыз ба? Бірнеше жерде ол алдыңғы дөңгелек қалдырған болмашы ізді басып өтіп жойып жіберген. Жоға, велосипедшінің мектеп жақтан келе жатқанына күмән келтіруге болмайды. Бәлкім, мұның іздестіруімізге ешқандай қатысы жоқ та шығар, әйткенмен, із кесуді әрмен жалғастыру үшін, қанеки, осыны бойлап кері қарай жүріп көрейік.
Біз тап солай істедік, сөйтіп екі жүз үш жүз ярдтай жүрген соң, соқпақ батпақты жерден бұрылып кеткен кезде, шина таңбасы да ғайып болды. Сәл әрменіректе соқпақты жіңішкелеу жылға кесіп өтетін, оның арғы бетінен із қайтадан пайда бола кетті, басым бөлегін сиырлар таптап тастапты. Одан соң соқпақ Қисық қарағайға - мектеп ғимаратынан қол созым жерде тұрған тоғайға енді. Велосипедші, шамасы, осы тоғайдан шықса керек. Холмс қойтасқа тізе бүкті де, қолымен жағын таянып отырып қалды. Ол осылай қыбыр етпей ойланып отырған кезде мен екі сигарет тартып үлгердім.
— Несі бар, - деді досым ақырында, - алды-артын байқауға машық адамның із жасыру үшін, әлбетте, велосипед шинасын ауыстыруы да мүмкін ғой. Ондай керемет көрегендігі бар қылмыскермен ұстасуды өзім үшін зор бақыт санаған болар ем. Бүл сұрақты жауабы табылмаған күйінде қалдырып батпаққа қайтып оралайық, өйткені ондағы жердің бәрін түгел қарап шыққан жоқпыз.
Жазықтықтың батпақты бөлігін қайтадан мұқият тексере бастадық, сөйтіп көп ұзамай еңбегіміз де ақталды: Холмс ылғалы мол тағы бір соқпақты көріп, оған жақындай бере шаттана дауыстап жіберді. Соқпақтың қақ ортасымен телеграф сымындай жіңішке жолақтар созылып жатыр еді. Бұл палмерлік велосипед шинасынан қалған таңба болатын.
— Міне, герр Хайдегтер өткен жер! - деді Холмс дебдіреп. – Ой тұжырымым оншалықты осал емес екен-ау, Ватсон!
— Құттықтаймын сізді.
— Бірақ жұмбақтың шешуі әлі табылған жоқ. Өтінем сізден, соқпақпен жүрмеңізші. Енді мына ізді бойлап ілгерілейік. Мұның ұзамай үзіліп қалары анық.
Алайда жазықтықтың бүл бөлігінде ылғалды жерлер деміл - деміл жолығып жатты, велосипед ізі жиі-жиі жоғала бергенімен біз оны жылдам тауып алып тұрдық.
— Мына арада велосипедшінің педальды барынша қатты басқанын байқадыңыз ба? - деді Холмс. - Бұл айдан анық нәрсе. Алдыңғы дөңгелектің де, артқы дөңгелектің де іздері сақталған мына жерге қараңызшы. Екеуі де ап-айқын. Ал мұны велосипедшінің веложарысқа қатысушылар секілді рөлге салмақ салғанымен ғана түсіндіруге болады. Мәссаған, ол құлап қалыпты!
Балшықты соқпақтан ұзын да жалпақ ойық бедер байқалды. Одан әрі шәркейдің ізі, содан соң қайтадан велосипед ізі көрінді.
— Дөңгелектері тайып кетті ме екен? - деп сұрадым мен.
Холмс жерден бекіштің сынған бұтасын алды. Жүрегім зырқ ете қалды: сарғыш гүлдердің бетінде қызғылтым дақтар бар екен. Соқпақтан да, бекіш бұталарынан да қатқан қанның қоңырқай дақтары қарауыта көрініп түр еді.
— Іс насырға шауыпты! - деді Холмс. - Жақсылықтың белгісі емес бүл! Мына жерді басып кетпеңіз, Ватсон, әрменірек тұрыңыз. Сонымен, бұдан не аңғаруға болады? Ол жараланып құлаған... орнынан тұрған... қайтадан велосипедке отырған... әрмен кеткен. Соқпақпен табын жүріп өткен. Оны бұқа сүзіп құлатпағаны анық! Бірақ мұнда басқа із жоқ. Алға, алға, Ватсон! Қан дақтары, велосипед шинасының таңбалары - осы іздермен - ақ оны тауып аларымыз кәміл!
Іздестіруіміз ұзаққа созылған жоқ. Велосипед ізі ылғалды соқпақпен олай да бұлай бұлталақтай бастады. Сол арада алға қарай көз жібергем, кенет көз алдымда бірдеңе темірдің жалтылындай боп жарқ ете қалды. Біз бекіш бұталары арасынан палмерлік шинасы