23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Антон Чехов

Антон Павлович Чехов (1860 — 1904) — орыс жазушысы, әңгімелер, повестер, пьесалар авторы, драматург

Сүргінде






Заманында Толковый деп атанған Семен қарт пен атын ешкім де білмейтін жас татар жігіті жағада, оттың басында отыр, қалған үш қайықшы үй ішінде. Жасы алпыстарға келген, арық, тістері түскен, жауырынды, сырт қарағанда әлі де мығым Семен қарт мас ол үйге барып жатып ұйықтайтын еді, бірақ қалтасында жарты штофы бар, соны үйдегі жігіттер сұрап ішіп қоя ма деп қауіптенгендіктен ғана бармай отыр. Татар ауру. Қиналып, шоқпытына оранып, Симбир губерниясы жақсы екенін сонда, үйінде, сұлу, ақылды келіншегі қалғанын айтып отыр. Жасы жиырма бестен аспаған, бірақ қазір оның бозғылт, мұңды жүзі оттың жарығында жас баланың әлпеті сияқтанып көрінеді.

— Әрине, бұл жақ пейіш емес, - деп отыр Толковый. - Өзің де көріп жүрсің ғой өзен жағалауы жап-жалаңаш, төңірегінің бәрі саз балшық, басқа түк те жоқ...

Жарықтық пасха мейрамы өткелі қашан, сең әлі жүріп жатыр, мана ертеңгісін қар да жауды.

— Хал мүшкіл! Хал мүшкіл! - деп татар төңірекке үрейлене қарап қойды.

Бұлардан он қадамдай жерде ызғарлы өзен қарауытып ағып жатыр, суы гүрілдеп, жырмаланған жардың балшығына шолпылдай соғып, әлдеқайда алыстағы теңізге қарай асыға ағып барады. Тап жағада үлкен баржа қарауытып көрінеді, оны қайықшылар `қарбас` дейді. Арғы бетте, алыста, біресе өшіп, біресе шалқып, айдаһардай ирелеңдеген оттар көрінеді, олар - қау шөпке салынған өрт. Сол айдаһар оттардың арғы жағы тағы да меңіреу қараңғылық. Ұсақ сеңдердің баржаға дүңкілдеп соғылғаны естіліп қалады. Ауа дымқыл, суық...

Татар аспанға қарап еді. Мұнда да, тап өз еліңдегідей, быжырлаған жұлдыздар, төңірек те тап сол өз еліңдегідей қап-қараңғы, бірақ дегенмен бірдеңе жетпей тұр. Өз елінде, Симбир губерниясында, жұлдыздар да, аспан да тап мынадай емес сияқты еді.

— Хал мүшкіл! Хал мүшкіл! — деді ол тағы. Толковый оған — Көндігесің! — деді күліп — Әлі жассың, баласың, ана сүті аузыңнан кепкен де жоқ, саған өзіңнен асқан сорлы жан жоқ сияқты көрінеді ғой, ал кейінірек, құдай әркімге де осындай-ақ бақ берсін дейтін боласың әлі. Сен мына маған қара. Бір жетіден кейін тасқын қайтады, осы жағаға паром қоямыз, сендердің бәрің де Сібірді шарлап кетесіңдер, ал мен осы екі жағаның арасында жүрем де қоям. Міне, жиырма екі жылдан бері көрген күнім осы. Күндіз де, түнде де. Шортан мен шорағай - су астында, мен - су үстінде. Сонда да құдайға шүкір. Ештеңеге де мұқтаж емеспін. Құдай әркімге де осындай-ақ бақ берсін.

Татар отқа тал тастап, жақынырақ жылжып жатты.

— Әкемнің сырқаты бар еді. Ол қайтыс болса, шешем мен әйелім осы жаққа көшіп келеді. Солай деген өздері.

— Шеше мен қатынның не керегі бар? — дейді Толковый. — Оның жай ақымақтық, бауырым. Сені әлгі, құдай атқан сайтан азғырайын деген екен. Ол қарғыс атқанның азғырғанына құлақ аспа, ырқына көнбе. Саған қатын туралы сыбырласа, ерегісіп, керегі жоқ де! Ол саған бостандық туралы айта бастаса, керегі жоқ деп тұрып ал Ештеңенің де керегі жоқ де! Ештеңеңнің де керегі жоқ құрып кетсін бәрі де.

Толковый бөтелкенің аузынан ұрттап алып тағы сөйледі:

— Мен, бауырым, қарапайым мұжық емеспін, көргенсіз жерден шыққам жоқ, дьяконның баласымын. Курскіде еркін өмір сүрген кезімде, сүртүк киіп жүретінмін, ал, міне, енді қара жерді төсек етіп, көк шөпті қорек етіп жүре беремін. Құдай әркімге де осындай-ақ бақ берсін. Маған ештеңеңнің де керегі жоқ, ешкімнен де қорықпаймын, маған салсаң өзімнен бай, еркін жан жоқ деп білем. Россиядан осы жаққа айдап жібергенде, алғашқы күннен бастап-ақ: еш нәрсенің де керегі жоқ деп тұрып алдым. Әзәзіл маған әйелің қайда, туысқандарың қайда, бостандығың қайда деп азғырып көріп еді, мен оған: еш нәрсенің де керегі жоқ деп шолағынан бір-ақ қайырдым. Сөйтіп өз дегенімде тұрып алып едім, енді көріп отырсың ғой, жақсы тұрып жатырмын, ешқандай уайым-қайғым жоқ. Ал әзәзілдің айтқанына құлақ асып, сөзіне ерсең болғаны, онда құрыдым дей бер, ондай адам қайтып қатарға қосылмайды, батпаққа белшесінен батып, сонда қалады. Сендер сияқты мисыз мұжықтар былай тұрсын, тегі жақсы, оқыған азаматтардың өзі де мерт болады. Осыдан он бес жылдай бұрын Россиядан бір барин айдалып келді. Аға-інілерімен еншіге таласып, өсиетнаманы өтірік жазған ба, қалай. Жұрт өзін князь екен, барон екен деп жүрген, әлде жай чиновник пе, кім білсін! Сол барин келген бойда, Мухортинскіден үй мен жер сатып алды. `Ендігі жерде терімді төгіп, өз еңбегіммен күнелтем, енді бұрынғыдай мырза емеспін ғой, айдалып келген адаммын` деді. Жас кезі, тынымсыз, пысық болатын, шөпті өзі шапты, балықты да өзі аулады, алпыс шақырым жерге салт өзі барып-келіп жүрді. Тек бір жаманы, келген жылынан бастап Гыриноға, пошта конторасына бара беруші еді. Пароммен алып өткенімде күрсініп: `Еһ, Семен, үйден біраздан бері ақша келмей қалды!` дейді. Мен оған келмегені де жақсы, Василий Сергеич. Ақшаның керегі не деймін. Сіз өткеннің бәрін былай жиып қойыңыз, ұмытыңыз, еш нәрсе де болмаған сияқты көріңіз, көрініп өткен түс деп біліңіз де, жаңа өмір бастаңыз. Әзәзілдің тіліне ермеңіз деймін, ол жақсылыққа бастамайды, тұзағына түсіріп алады. Қазір міне, ақша керек деп тұрсыз, кейін тағы бірдеңені, одан әрі тағы бірдеңелерді керек ете бастайсыз. Егер деймін бақытты болғыңыз келсе, онда ең біріншіден ештеңені де керек қылмаңыз. Иә... мінеки, тағдыр екеумізге теріс айналған екен, енді оған аяғына жығыла жалынып - жалбарынбауымыз керек, қайта өзін менсінбей мазақ етіп күлуіміз керек деймін мен оған. Әйтпесе ол сені мазақ етеді деймін. Тап солай дедім... Арада жыл өткен соң бір күні өзін осы бетке алып өткенімде, алақандарын уқалап, күледі маған. `Әйелімді қарсы алуға Гыриноға бара жатырмын` дейді. `Мені аяп, іздеп келіпті. Әйелім таза жанды, жақсы адам` дейді. Қуанышы қойнына сыймай, аптығып тұр. Келесі күні әйелін алып қайта оралды. Жап-жас, сұлу келіншек екен, басында қалпағы бар; қолына нәресте қыз бала көтерген, нәрсе-қарасы көп-ақ. Ал Василий Сергеичім әйелін айналшықтап, қарап тоймай, мақтауын жеткізе алмай жүр. `Иә, бауырым Семен, Сібірде де ел бар ғой!` дейді. Иә, дедім ішімнен, онша мәз бола қоймассың дедім. Әне содан бастап, Россиядан ақша келмеді ме екен деп Гыриноға жеті сайын шауып барды да тұрды. Шығыны басынан асып жатты. `Әйелім маған бола мына Сібірде жас, сұлу өмірін зая қылып, бейнетті менімен бірдей көріп отыр, сондықтан оның көңілін ашып, керек дегенін әзір етуге тиіспін ғой` дейді... Келіншегіне көңілдірек болсын деп чиновниктермен және сол сияқты бір құдай атқандармен таныс болып алды. Ол ортаны, әрине, ішкізу, жегізу керек, фортепьяно болуы керек, диванның үстінде барақ жүнді ит жатуы керек, арам қатқыры... Қысқасын айтқанда, сән - салтанат құрып, ойына келгенді істеу керек. Келіншегі онымен көп тұрған жоқ. Қайдан тұрсын? Төңіректің бәрі батпақ, су, суық, көкөніс, жеміс дегендерің атымен жоқ, адамдарының бәрі сыпайыгершіліктен мақұрым надандар мен маскүнемдер, ал өзі астананың еркетотайы... Әрине, іші пысады. Күйеуі де енді бұрынғыдай барин емес, сүргінде жүрген адам, баяғы қошемет - құрметтің бірі де жоқ. Арада үш жылдай уақыт өткен соң әлі есімде. Успенье күні қарсаңында түнде, арғы бетте біреулер айғайлайды. Паромымды алып барсам, әлгі келіншек қымтанып, оранып алған, қасында, чиновник болса керек, бір жас мырза. Тройка... Бергі бетке өткіздім, сонсоң күймелеріне мініп алып, айдай жөнелді. Көрген -білгенім сол-ақ. Таң алдында, пар атпен Василий Сергеич те жетті. `Көзілдірікті бір мырза мен менің әйелім өткен жоқ па, Семен?` дейді. Өтті, енді құйын қуалаған адамдай, қайдан іздейсің оларды дедім. Соңынан қуа жөнелді, бес күн іздеді. Кейін арғы бетке алып өткенімде паромда, басын тақтайға соғып еңіреп жатып алды. - Солай боларын біліп ем ғой, - дедім. - Күліп: `Сібірде де ел бар ғой!` деп, өз айтқанын айттым. Одан бетер басын соғып жылай бастады... Содан кейін ол бостандық алу әрекетіне кірісті. Әйелі Россияға қашқан соң өзі де сонда барғысы, әйелін көріп, ашынасынан айырып алғысы келді. Сонымен, бауырым, күн сайын дерлік біресе поштаға шапты, біресе қаладағы чиновниктерге шапты. Кешірім болуын, еліне қайтарылуын сұранып, арыз дегендеріңді бірінен соң бірін айдады да жатты, тек жеделхаттың өзіне ғана екі жүз сомым шықты дейтін. Жерін сатты, үйін жәйттерге несиеге салды. Сақал-шашы ағарып, бүкірейіп, көкірек ауруы бар адамдай түсі сарғайып кетті. Кісімен сөйлескенде ылғи кхе-кхе... деп жөтеліп, көзі жасқа толып кететін болды. Сөйтіп сегіз жылдай әуре болып, азап шегіп жүрді, енді осы күні қайта жадырап, көңілі орнына түсті, өйткені енді оған жаңа ермек табылды, қызы өсіп қалды. Со қызына қарап тоя алмайды. Қызы шынында да тәп-тәуір, әп-әдемі, қасы, көзі қап-қара, өзі пысық - ақ. Жексенбі сайын қызы мен екеуі Гыриноға шіркеуге барады. Екеуі паромда қатарласып тұрады, қызы мәз болып күледі, ал әкесі одан көзін айырмайды. `Иә, Семен, Сібірде де ел бар. Сібірдегілер де бақытты болады. Мына менің қызыма қарашы өзің! Мұндай қызды мың шақырым жер кезсең де кездестіре алмайсың!`дейді. Қызың жақсы, оның рас, деймін... Ал өзім ішімнен: `Тұра тұр әлі. Қызың жас, бой жетіп, өмірге талпына бастар, ал бұ жерде не өмір бар?` деймін. Қызы содан кейін іші пысып жүдей бастады... Әбден жүдеп бітіп, ауруға шалдығып, ақырында жүруден қалды. Құрт ауруға шалдығыпты. Әне, Сібірден тапқан бақыты сол, нәлеті, Сібірде де ел бар деп жүріп еді-ау. Содан әкесі айнала шапқылап, дәрігер біткеннің бәрін әкеліп, қызын көрсетті. Екі-үш жүз шақырым жерде бір дәрігер немесе балгер бар деп есітсе болды, дереу шабады. Ол дәрігерлерге шыққан ақшаның есебі жоқ, одан да сол ақшаны ішіп тауысқан жақсы еді.. Қыз бәрібір өледі. Өлетіні анық, одан кейін әкесі де құрып бітеді. Не қайғысынан асылып өледі, не Россияға қашып барады, - ол айдан анық. Қашқан соң бәрібір ұсталады, ұсталған соң белгілі ғой, тағы сот, каторга, қамшының да дәмін татады...

— Жақсы екен, жақсы екен. —Татар күбірлеп, қалтырап бүрсие түсті.

— Несі жақсы? — деп сұрады Толковый.

— Әйелі, қызы... каторгада қайғы басып жүргенде әйелі мен қызын көрді... Сен ештеңенің де керегі жоқ дейсің. Ештеңең болмаған жаман! Әйелі өзімен үш жылдай тұрған екен - ол құдайдың берген бағы. Ештеңең жоғы — жаман, ал үш жыл бірге өмір сүрген — жақсы. Соны да ұқпайсың ба?

Татар өзі білген азғантай орысшасын қинала теріп, тұтыға сөйлеп құдай жат жерде ауырып өліп, мына мұздай сары балшыққа көмілуге жазбасын деп, ал енді әйелі бір күнге, тіпті бір сағатқа келсе де, құдайдың сол берген бақытына шүкірлік етіп, қандай азабына да көнуге ырза боларын айта келіп: жоқ жаман, ал бір күнді болса да бақытты өткізгенге не жетсін деді.

Содан соң ол үйінде сұлу, ақылды келіншегі қалғанын тағы да бір айтып, басын екі қолымен ұстай жылап, Семенге өзінің ешқандай айыбы жоқ екенін, босқа күйіп жүргенін айтты. Мұның екі ағасы мен әкесінің інісі бір мұжықтың атын ұрлап, шалды өлімші етіп сабапты, ал қауым, әділетсіздік етіп, бұлардың ағайынды үшеуін де Сібірге айдауға үкім шығарыпты да, әкесінің інісі бай адам екен, оны арашалап елде алып қалыпты.

— Көндігесің! — деді Семен.

Татар әңгімесін қойып, екі көзі жасқа тола, отқа қарап отыр, жүзінен аңтарылып, үрейленгені байқалады. Симбир губерниясында емес, мына, қараңғы, дымқыл суыққа, жат адамдарға қалай тап болғанына әлі де түсінбейтін сияқты. Толковый от басына жатып, әлденеге мырс етіп күліп, ыңылдап өлең айта бастады.

— Әкесімен бірге тұрып не қызық табады? — деді ол аздан соң. — Әкесі, әрине, қызын жақсы көреді, жұбанышы, ол рас; бірақ әкесі де оңай адам емес: қатал, томырық қарт. Жас қыздар қаталдығыңды ұнатпайды... Еркелеткенді сүйеді, сонсоң, оларға ха-ха-ха мен хи-хи-хи керек, опа мен далап керек. Иә... Еһ, дүние, дүние — Семен күрсініп, орнынан көтерілді. — Арақ таусылды, енді ұйықтауға да болады. Солай ма? Кеттім, бауырым...

Татар жалғыз қалған соң отқа тал тастап жіберді, енді соған қарап жатып туған ауылын, әйелін ойлай бастады, ең болмаса бір айға, тіпті бір күнге болса да келсе екен, сонсоң тілесе, елге қайта берсін! Бір ай, тіпті бір күн қасымда болғанының өзі қандай. Ал енді, әйелі уәдесіне жетіп келе қалса, оны қалай асырамақ? Қайда апарады?

— Жеуге тамақ болмаса, қалай күн көрмекпіз? — деді татар дауысын шығара.

Өзінің күні-түні бірдей ескек ескенде алатыны тәулігіне он тиын; жолаушылар шайға, араққа деп ақша тастап кетеді, бірақ оның бәрін ана жігіттер өздері бөліп алып, бұған келеке қылып түк те бермейді. Азып, тозып, аш, жалаңаш жүргені мынау, үрей жоқ... Қазір міне, денесінің бәрі сыздап ауырып, тоңып, қалтырап отырғанда, үйге барып жатайын десе, жамылатын ештеңесі де жоқ, сондықтан үйдің іші бұған даладан суық, бұл жерде жамылатыны жоқ болғанымен, әйтеуір отқа жылынасың ғой...

Бір жетіден кейін су мүлде тартылған соң бұл жерде паром орнатылып, Семеннен басқа қайықшылар керек болмай қалады, содан кейін татар қайыр сұрап, жұмыс іздеп, деревняларды қаңғырып кетеді. Әйелі он жетіде ғана; өзі сұлу, ерке өскен, ұялшақ - сонда ол да бетін жұртқа көрсетіп, деревня аралап, қайыр сұрап жүрмек пе? Қой, ондайды ойлаудың өзінен жаның шошиды...

Таң атып келеді; баржа, су ішіндегі тал, су бетінің кілегейленген толқыны анық көрінеді, ал кейінгі жақ - топырақ, жар, ылдиында - төбесін қарайған сабанмен жапқан үйшік қыр жағында - жерге жабыса қалған деревня үйлері. Деревняда қораздар шақыра бастады.

Мына сары балшық жар, баржа, өзен, жат, мейірімсіз адамдар, аштық, суық, ауру -осының бәрі бәлкім шынында жоқ шығар. Мұның бәрі сірә түс пе екен, әлде, — дейді татар ойланып. Өзінің ұйықтап, қорылдағанын сезеді...

Әрине, өз үйінде, Симбир губерниясында жатыр ғой, әйелі, тек атын айтып шақырсаң болғаны, - ә дегелі тұр, шешесі қатардағы бөлмеде... Япыр-ай, осындай да қорқынышты түс болады екен-ау! Осындай түстер адамның зәресін алып неге кіреді екен? Татар күлімсіреп көзін ашып алды. Мынау қай өзен? Еділ ме? Қар жауып тұр. Арғы бетте біреу.

— Әке-ел! Қарба-а-ас! — деп айғайлайды. Татардың ұйқысы ашылып кетті, ол арғы бетке бару үшін жолдастарын оятуға үйге қарай жүгірді. Жырымдалған тондарын жүре киіп, ұйқыдан тұрғандағы қырылдаған дауыстарымен сөгіне сөйлеп, суыққа бүрсиген қайықшылар өзен жағасына келді. Мына ызғары сүйегіңе дейін жеткен өзен ұйқыдан тұрған сорлылардың құтын қашырып, үрейін ұшырып жіберді. Бәрі де жаймен қарабастарына секіріп мініп жатыр. Татар мен үш қайықшы, қараңғыда су шаяндарының қысқаштары сияқтанған жалпақ қалақ ұзын ескектерді қолдарына алды да, Семен паромның ұзын құйрығына етпеттей жабысты. Арғы беттегілер әлі айғайлап жатыр, сірә қайықшыларды ұйықтап қалған немесе деревнядағы кабакқа кеткен ғой деп ойласа керек, тіпті алты атардан екі рет оқ та атты.

— Жарайды, асықпа! — Толковый бұл сөзін дүниеде асығудың керегі жоқ екендігін, қанша асыққаныңмен де бәрібір ештеңе өнбейтінін анық білетін адамша айтты.

Қолапайсыз ауыр баржа іргесін жағадан ашып, су ішіндегі тал бұталарының ара -арасымен жылжи бастады, оның бір орында тұрмай ілгерілей қозғалғанын, тек талдардың ақырын кейін қалып бара жатқанынан ғана байқауға болатын еді. Қайықшылар ескектерін бірдей сілтеп, бір қалыппен есіп келеді. Толковый құйрық ескекті еңсесін сала итермелеп, қайықтың бір ернеуінен екінші ернеуіне қарай алып ұшады. Түннің қара көлеңкесінде осының бәрі - мына адамдар, баяғы топан суынан бұрынғы замандағы, аяқтары тарбиған мақұлыққа мініп алып, шатасып ұйықтағанда ғана түске кіретін көңілсіздік бір суық жаққа асып бара жатқандай сезіледі.

Паром талдың арасынан айдынға қарай шықты. Арғы беттегілер ескектердің дүрсілі мен суға шолпылдап соғылғаның естіп: `тез! тез!` деп айғайлап асықтырып жатыр. Тағы да он минуттай уақыт өткен соң баржа пристаньға келіп салмағымен соғылды.

— Әлі жауып тұр, әлі жауып тұр! Осының бәрі қайдан шығып жатқанын құдай білсін, — деді Семен бетіне жабысқан қарды сүртіп жатып.

Арғы бетте бұларды, үстінде шолақ түлкі ішігі, басында ақ елтірі бөркі бар, арықтау келген, шағын бойлы бір шал күтіп тұр екен. Аттарынан шетірек бір орында қозғалмай қалған тұнжырап, бірдеңені ойына түсіре алмай, өзінің ұмытшақтығына ызаланған адам тәрізді. Семен қасына барып, ыржия күліп басынан бөркін алғанда ол:

— Анастасьевкеге асығыс жүріп барам, қызым тағы да нашарлап қалды, Анастасьевкеге жақында бір дәрігер келіпті, - деді.

Тарантасты баржаға салып алып, бұлар енді кейін жүзді. Семеннің әлгі Василий Сергеич деген адамы бұлар жүзіп өткенше бір орыннан қозғалмай, ернін тістеп, көзін бір жерден аудармай, мелшиіп тұрды да қойды. Лаушысы оның алдында темекі тартуына рұқсат сұрап еді, карт, естімеген адамдай, үндеген жоқ. Ал Семен қайықтың құйрығына етпеттей жатып оған сықақтай қарап:

— Сібірде де ел бар. Ба - ар! — деп қойды. Түріне қарағанда Толковый әлденеге масаттана айтқаны келгеніне қуанған адамдай мәз. Шолақ түлкі ішіктінің сорлаған үмітсіз түріне қарап қуанып келе жатқан сияқты еді.

Жағаға шығып, аттар жегілген соң Семен оған:

— Жер батпақ қой, Василий Сергеич, тобарсығанға дейін бір-екі жеті күте тұруыңыз керек еді. Әйтпесе, тіпті бармай - ақ қойсаңыз қайтеді... Барғанда бірдеңе өнсе екен-ау, өзіңіз де білесіз, жұрт деген күні-түні ағылады да жатады, сонда да бітірген ештеңелері жоқ. Шыным! - деді.

Василий Сергеич үндемеді, арақ алып ішулеріне ақша берді де, тарантасына мініп жүріп кетті.

— Әне, тағы да дәрігер іздеп бара жатыр! - Семен тоңып бүрсие сөйлеп тұр — Иә, табарсың дұрыс дәрігерді, құйын қуалап, сайтанды құйрығынан ұстаймын деп жай таппай шапқылай бер! Мұндай да есерлер болады екен-ау, иә құдай, өзің кешіре гөр күнәкар пендеңді!

Татар жігіт Толковыйды көзімен ата, жирене қарап, бұрмаланған орыс сөздеріне татар сөздерін қоса, қалшылдай сөйледі:

— Ол жақсы... жақсы, мына сен жаман! Сен жаман! Бариндікі жақсы, өте жақсы, ал сен -айуан, сен жаман! Баринде жан бар, сенде жан жоқ, өлексе... Құдай адамды тірі болсын деп, қуансын да, мұңайсын да, қайғырсын да деп жаратқан, ал сен ештеңе де керек емес дейсің, сен өлген, сен мына тассың балшық! Тасқа ештеңенің де керегі жоқ, сен де солай... Сен тассың, сондықтан да құдай сені қарғаған, ал баринді жақсы көреді.

Басқалар бұған күліп жатыр, татар жігіт жиіркене тыжырынды да, қолын бір сілтеп, шоқпытына оранып - қымтанып, от басына қарай кетті. Қайықшылар мен Семен үйшікке қарай бет алды.

Қайықшылардың бірі, үйдің дымқыл жер еденіне төселген сабанның үстіне созыла жатып, қырылдай сөйледі:

— Суық!

— Иә, жылы емес! Каторгадағы өмір деген осы ғой! — деді оған екінші біреуі.

Бәрі де жатты. Есік желмен ашылып, үйге суық ұйытқи кіре бастады, бірақ ешқайсысының да тұрып, есікті жапқысы келмеді: әрі суық, әрі еріншектігі жібермеді.

— Өзіме осының өзі жақсы! Құдай әркімге де осындай - ақ өмір берсін,— деді Семен көзі ұйқыға кетіп бара жатып.

— Сен деген өткелектен өткен каторжниксың ғой. Сені сайтан да алмайды.

Сырттан иттің ұлығанындай бір дыбыс естілді.

— Ол не? Кім екен?

— Татар ғой, жылап отырған.

— Көрдің бе.... ессіз немені!

— Көндіге - еді! - деді де, Семен бірден ұйқыға шомды.

Көп ұзамай басқалар да ұйықтап кетті. Бірақ есік сол күйі ашық қалды.

Аударған Ғ.Ахмедов