23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Антон Чехов

Антон Павлович Чехов (1860 — 1904) — орыс жазушысы, әңгімелер, повестер, пьесалар авторы, драматург

Қаскүнем






Сот тергеушісінің алдында үстінде шұбар көйлегі, бұтында қырық құрау дамбалы бар бір телтиген, ересен арық мұжық тұр. Өзінің түк қаптап, шешек шұқырайтқан бұп-бұйра беті мен салбыраған қап-қалың қасының астынан әрең көрінген көздерінде бір тұнжыраған сұсты сипат бар. Талайдан таралмай, ұйысып қалған шашы бөріктей болып, түріне бұрынғыдан да бетер, өрмекші сықылды сұстылық бере түскендей. Жалаң аяқ тұр өзі.

— Денис Григорьев! - деп бастады тергеуші - Берігірек кел де, менің сұрауларыма жауап бер. Шілденің жетісі күні таңертең теміржол қарауылшысы Иван Семенов Акинфов

141-шақырымда жолмен келе жатып, рельсті шпалға бекітетін гайканы суырып алып жатқан жеріңде сенің үстіңнен түскен. Сол гайка мынау, мінеки!.. Өзіңді ұстағанда әлгі гайка бойыңнан табылған. Осылай болып па еді?

— Немене?

— Акинфовтың айтқанындай, бәрі осылай болып па еді?

— Білемін, болған.

— Жақсы, ал енді гайканы не үшін суырдың?

— Немене?

— Сен өзің `неменеңді` қоя тұр да, сұраққа жауап бер: гайканы не үшін суырдың?

— Егер зәру болмасам, суырмас та едім, - дейді Денис қырылдап, төбеге көзінің қиығымен қарап қойып.

— Бұл гайканың саған не керегі болып еді?

— Гайка ма? Гайкадан біз салдауыр жасаймыз...

— Бізің кім?

— Біз өзіміз, халық... яғни Климов мұжықтары.

— Бері қара, інішек, сен өзің өп-өтірік есуас болғансығаныңды қойып, жөн сөйле. Бұл арада салдауыр деп жалған айтатын түгі де жоқ!

— Өмірі жалған айтпаған басым, осы жерде айтпақпын ба... - деп міңгірлейді Денис, көзін жыпылықтатып. Салдауырсыз бола қоя ма, асыл тектім - ау? Шанышқыны немесе құртты қармаққа түйрейтін болсаң, онда ол, су түбіне салдауырсыз бата қоя ма? Өтірік айтпақпын... - деп Денис мырс етіп қояды - Егер су бетінде қалқып жүретін болса, шанышқыңнан шайтан да шықпайды! Алабұға, шортан, нәлімдер ылғи су түбіне кетеді, ал енді жазатайым су бетіне шыға қалғаны болса ғана ұстаса керек, бірақ онда да некен-саяқ ғана...

— Сен өзің шилишперді маған несіне айтып тұрсың?

— Немене? Ойбай-ау, өзіңіз сұрап отырған жоқсыз ба? Біздің мырзалар да осылай аулайды. Баланың ең қорының өзі салдауырсыз балық ауламайды. Әрине, қайсыбір білмейтін адам болса, ол енді балық аулауға салдауырсыз да шыға береді. Ақымаққа заң жазылмаған.

— Сөйтіп сен мына гайканы салдауыр жасау үшін ағытып алдым дейсің ғой?

— Енді қайтпекші ғой дейсіз? Асық қып атып ойнау үшін емес қой!

— Дегенмен, салдауырға қорғасын, оқ... шеге - мегені ала салуыңа да болатын еді ғой...

— Қорғасынды жолдан тауып ала алмайсың, сатып алу керек, ал шеге жарамайды. Гайкадан абзалы жоқ... Әрі ауыр, әрі тесігі де бар.

— Өп-өтірік ақымақ бола қалуын! Тап бір күні кеше ғана туып немесе аспаннан түсе қалған адам сықылды. Осы ағытып алғаныңның неге апарып ұрындыратынын сен өзің шынымен-ақ түсінбей тұрмысың, мәңгі - ау! Жазатайым қарауылшы көрмей қалса, пойыз рельстен тайып, жұрт қырылатын еді ғой! Жұртты қыратын едің ғой!

— Құдай сақтасын, асыл тектім! Неге қырайын? Соншалықты бізді шоқындырылмаған немесе жауыз деймісіз? Құдайға шүкір, жасарымызды жасадық, аяулы мырзам, кісі өлтірмек былай тұрсын, басыма ондай ой, тіпті, келіп көрген емес... Әулие - әмбиелер жар болып, кешіре гөр өздерін... О не дегеніңіз!

— Ал енді, сеніңше пойыз неліктен құлайды деп ойлайсың? Екі-үш гайкасын ағытып ала қойшы, құлады деген сол әнеки!

— Е, қойыңызшы! Гайканы күллі қыстағымызбен неше жылдан бері суырып келсек те, құдай сақтаған еді, ал енді аяқ астынан құлап... жұртты қыру... Алда-жалда рельсті суырып әкетіп немесе сол жолға көлденең бір бөрене қоя қойсаң, онда пойызды, бәлки, аударып тастаған болар еді, ал енді... тфу! гайка!

— Ойбай-ау, рельстің шпалға гайкамен бекітілетінін түсінсеңізші!

— Оны біз түсінеміз... Өйткені, бәрін бірдей суырмаймыз ғой... қалдырамыз... Ақылға салмай істемейміз... түсінеміз...

Денис есінейді де, аузын шоқындырып қояды.

— Осы арада былтыр пойыз рельстен тайып кеткен еді, - дейді тергеуші. - Түсінікті болды енді, неліктен...

— Не дейсіз?

— Былтыр пойыздың рельстен неліктен тайғандығы енді түсінікті болды, деймін... Түсініп отырмын!

— Түсінерліктей білімді де адамдарсыз ғой сіздер, мархабатымыз... Кімге ұғым бергенін тәңірім өзі білген ғой... Ненің қалай болғанын сіз мінеки, ақ - қарасын айырып отырсыз, ал енді, қарауылшы деген баяғы сол бір миғүла мұжық емес пе, жағадан алды да, дырылдатып сүйрей жөнелді... Ақ - қарасын айырып, содан соң сүйресеші! Мұжық болған соң, ақылы да мұжықтікі болады - дағы... Сол сықылды, асыл тектім, мені өзі ауыз бен көкірекке екі дүркін қонжитқанын да жазып қойыңыз.

— Сенің үйіңді тінткен кезде тағы да бір гайка табылған болатын... Оны қай жерде, қашан ағытып алып жүрсің?

— Сіз әлгі қызыл сандықтың астында жатқан гайканы айтамысыз?

— Қай жерде жатқанын қайдам, әйтеуір тауып алдық. Оны қашан ағытып алып жүрсің?

— Оны мен ағытқаным жоқ, оны маған қыли Семеннің баласы Игнашқа берген болатын. Мен әлгі сандықтың астындағыны айтып тұрмын, ал енді ана, ауладағы шанада жатқанды Митрофан екеуміз ағытып алған болатынбыз.

— Қай Митрофан екеуің?

— Петров Митрофан екеуміз... Естімеп пе едіңіз? Ау жасап, мырзаларға сатып жүреді өзі. Қыруар гайка керек оған. Ay бас сайын он-оннан санай беріңіз...

— Бері қара. Жазалау жайындағы заңдар жинағының 1081 тармағы былай дейді: теміржолға қасақана келтірген әрбір зияны үшін, егер де ол сол жолмен келе жатқан көлікті қауіп-қатерге ұрындырарлықтай болып әрі соның салдарынан бәле-қаза туатынын айыпты адам білген болса... түсініп тұрмысың? Білдің ғой! Бұл ағытудың неге апарып ұрындыратынын сенің білмеуің мүмкін емес... онда оған азапты - ауыр жұмысқа жер аудару жазасы кесіледі.

— Сіз, әрине, жетігірек білесіз... Біз болсақ, қараңғы жұртпыз ғой... біз не ұға қоямыз?

— Бәрін де ұғасың сен! Сен әншейін қасақана істеп, өтірік айтып тұрсың!

— Неге өтірік айтайын! Нанбасаңыз, қыстақтағы жұрттан сұраңыз өзіңіз... Салдауырсыз, шабақ балықтың садақасына тұрмайтын, тек уклейканы ғана ұстайды, тіпті оның өзі де салдауырсыз қолыңа түсе қоймайды.

— Шилишпер туралы тағы да айта түсші!- деп тергеуші жымиып қояды.

— Бізде шилишпер өспейді... Қармақтың бауын су бетіне салдауырсыз қалқымамен қоя береміз, сүген келгенмен, бірақ ол да некен-саяқ қана...

— Қой, үніңді өшір...

Тым-тырыс бола қалады. Денис салмағын бір аяғынан бір аяғына ауыстырып қойып, жасыл шұға жабылған үстелге қарайды да, қарсы алдынан шұға емес, бейнебір күнді көріп тұрғандай, көзін қатты жыпылықтата береді. Тергеуші сумаңдатып жазып отыр.

— Жүре берейін бе? - деп сұрайды Денис, біраз үнсіздіктен кейін.

— Жоқ. Мен сені тұтқынға алып, түрмеге жөнелтуге тиіспін.

Денис көзін жыпылықтатқанын қоя қойды да, қалың қастарын керіңкіреп, чиновникке сыр тарта қарайды.

— Яғни, қалайша түрмеге? Асыл тектім? Менің мұршам жоқ, жәрмеңкеге баруым керек еді, майыма Егордан үш сом алмақшы едім...

— Өшір үніңді, бөгеме.

— Түрмеге... Жазған жазығым болса, барар едім-ау, ал енді бүйтіп... мәссаған... Не жазығым үшін. Ұрлық та қылған жоқ сықылдымын, төбелескем де жоқ... Ал енді, алда-жалда салық борышына дүдәмалдансаңыз, асыл тектім, онда старостаның айтқаны өтірік екендігін, мұны, тіпті, ант ішіп... Біз өзіміз үш ағайындымыз: Кузьма Григорьев, Егор Григорьев және өзім, Денис Григорьев...

— Сен мені бөгей бердің... Әй, Семен! - дейді тергеуші дауыстап. - Әкетіңдерші мынаны!

— Біз өзіміз үш ағайындымыз, - деп міңгірлейді Денис, өзін сойдауылдай екі солдат ортаға алып, камерадан әкетіп бара жатқан кезде. - Інісі ағасы үшін жауапты емес... Кузьма төлемесе, Денис, сен келіп жауап бере ғой... Судьялар! Әттең иманды болғыр, байбатша -генерал марқұм өліп кетті ғой, әйтпегенде, сен сықылды судьяларға көрсетер еді, бәлем... Соттасаң бекерге емес, біліп сотта... Тіпті, дүре соқсаң да, ар-ұятқа қарап адалына жығып соқ...

1885

Аударған Ж. Ысмағұлов