23 Қараша, Сенбі

Әдебиет

Антон Чехов

Антон Павлович Чехов (1860 — 1904) — орыс жазушысы, әңгімелер, повестер, пьесалар авторы, драматург

Залым бала






Сырт пішіні сүп-сүйкімді ғана Иван Иванович Лапкин дейтін жас жігіт пен Анна Семеновна Замблицкая деген қайқыш мұрын жас қыз тік кемерден түсті де, кішкене отырғышқа келіп отыра кетті. Отырғыш судың тап жағасында, жас талдың қалың бұтақтарының арасында еді. Өте жайлы орын! Бұл жерде бүкіл әлемнен таса боласыз, сізді судағы балықтар мен су бетінде зырғып жүрген су өрмекшілерінен басқа бір жан көрмейді. Екі жас қармақ, қол сүзекі, құрт салған құты және басқа да балық аулау жабдықтарын ала келген. Екеуі де отырған бойда қармақтарын суға лақтырды.

— Сәті түсіп оңаша кеткенімізге қуанып отырмын, - деп бастады сөзін Лапкин, жан -жағына қаранып алып. - Сізге айтарым коп, Анна Семеновна... Тіпті көп... Мен сізді алғаш көргенімде... Қармағыңызды тартып жатыр... Не үшін өмір сүруім керегін, адал еңбекпен күнелтетін өмірімді арнайтын қағбамның қайда екенін сонда ұқтым... Сірә, үлкен балық па деймін шертіп жүрген... Сізді көргенде - ақ алғашқы ыстық махаббатым пайда болды! Алмай тұра тұрыңыз... жақсылап тартсын... Құдай ақыңа айтыңызшы, қымбаттым, менің дәмем - дәме дегенде, сізді де менше сүйеді дегенім емес, жоқ! Оған мен арзымаймын да, олай ойлауға тіпті батылым да бармайды, менің дәмем... Тартыңыз!

Анна Семеновна қармақ ұстаған қолын жоғары серпіп қалды да, айғайлап жіберді. Сол кезде көгілдір - күміс балық та ауада жарқ ете қалған еді.

— Құдайым - ау, алабұға ғой! Ах, ах... Тезірек! Түсіп кетті!

Қармақтан босанған алабұға шөптің бетінде шорши тулап, атамекеніне қарай жақындай берді де, суға шолп етті!

Балықты ұстаймын деп жүріп Лапкин балық орнына қапылыста Анна Семеновнаның қолын ұстай алып, аңдаусызда ерніне баса қойды... Анна Семеновна әрі-бері бұлқынғанымен ештеңе шығара алмады, тіпті қарбаласта еріндері де жабысып сүйісе қалды. Бұл өзі, тіпті байқаусызда болған еді. Дегенмен сүйіс артынан сүйіс кетті, серт, уәде айтылып жатты... Не деген бақытты мезеттер десеңізші! Бірақ та бұл жалғанда шын бақыт жоқ қой. Тегінде бақ дегеннің өзінің бойында уы болады немесе ол сырт бір жағдайдан уланады. Міне, бұл жолы да тап солай болды да шықты. Екі жас сүйісіп жатқан кезде кенет бір сыңғырлаған күлкі естілді. Екеуі өзен жаққа жалт бұрылып, сілейіп тұрып қалды; белуарынан су кешкен жалаңаш бала бұларға қарап тұр екен. Ол - Анна Семеновнаның інісі гимназист Коля болатын. Судың ішінде екі жасқа кезек қарап, әжуалай жымияды.

— А-а-а... сүйісіп жатырсыңдар ма? - деді ол,- Жақсы! Мамама айтайын.

Сізді ақ ниетті адам ғой деп үміттеніп...- деп міңгірледі Лапкин қызара бөртіп - Аңдып жүру - залымдық болады, ал жұртқа жаю - пасықтық, зұлымдық, зымияндық... Сізді адал жүректі, текті адам ғой деп...

— Бір сом беріңдер, айтпаймын! - деді текті адам.- Бермесеңдер айтамын.

Лапкин қалтасынан бір сом алып берді. Коля ақшаны сулы уысына қысып алып, бір ысқырды да, жүзіп кете берді. Екі жас осыдан кейін сүйіскен жоқ.

Келесі күні Лапкин қаладан Коляға әртүрлі бояулар мен доп әкеліп берді, ал апасы дәріден босаған сауыттарды сыйға тартты. Кейін ит тұмсықты түймелерін де беруге тура келді. Осылары залым балаға тіпті ұнап қалса керек, енді ол тағы да көбірек сыйлық алу үшін бұларды аңди түсті. Ылғи Лапкин мен Анна Семеновнаның ізін бақты. Екеуін бір минут та оңаша қалдырмады.

— Залым екен! - дейді Лапкин тістене сөйлеп, — Қаршадай басынан не деген жауыз еді! Өсе келе қандай болар екен?

Коля маусым айының басынан аяғына дейін осы сорлы екі ғашыққа күн көрсетпей-ақ қойды. Іздеріне түсіп алып, айтамын деп қорқытып, ауызбастырық алып жүрді; алғандарына қанағат етпей, ақырында тіпті қалта сағат әпер дегенді шығарды. Амал не. Сағат әперем деп те уәде етуге тура келді.

Бір жолы түскі ас үстінде, дастарқанға вафли әкелінген кезде, Коля кенет қарқылдап күліп, Лапкинге қарап көзін қысып:

— Айтайын ба осы? А? - деді.

Лапкин өрттей қызарып, сасқанынан вафлидің орнына сулық орамалды аузына салып шайнай берді. Ал Анна Семеновна орнынан атып тұрып, басқа бөлмеге қаша жөнелді.

Сөйтіп, тамыздың аяғында Лапкин Анна Семеновнаны айттырған күнге дейін екі жас осындай халде болды. Сол күн не деген бақытты күн болды десеңізші! Қыздың әке-шешесімен сөйлесіп, олардың ризашылығын алғаннан кейін Лапкин ең алдымен баққа қарай жүгірді. Коляны іздеп, оны тапқан бетте қуанғанынан жылап жібере жаздап, залым баланың құлағынан шап беріп ұстай алды. Сол арада Анна Семеновна да Коляны іздеп жүр екен, ол да жүгіріп келіп Коляның екінші құлағына жабысты. Коля:

— Айналайындар, садағаң кетейіндер, бауырларым, қояйын! Әй, әй, кешіре көріңдер! - деп жылап безек қағып жалынған кездегі екі ғашықтың сүйсінген түрлерін көрсеңіздер!

Кейін екеуі де бірі-біріне ғашық болып жүрген кездерінде тап әлгі залым баланың құлағын тартқан сәттегідей бақытты, бой билеген ләззатты ешқашан да көре алмағандарын айтып жүрді.